Тұтыну кооперативі туралы Қазақстан Республикасының (2006.05.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 ж. 15 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 8 баптар) 2-тарау. Тұтыну кооперативін құру (9 - 12 баптар) 3-тарау. Тұтыну кооперативіне мүшелік (13 - 16 баптар) 4-тарау. Тұтыну кооперативін басқару (17 - 24 баптар) 5-тарау. Тұтыну кооперативінің мүлкі (25 - 34 баптар) 6-тарау. Тұтыну кооперативін қайта (35 - 40 баптар) ұйымдастыру және тарату Осы Заң тұтыну кооперативтерiнiң құқықтық жағдайын, олардың құрылуының, қызметiнің, оларды қайта ұйымдастыру мен таратудың ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайларын, мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, басқару және бақылау органдарының өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн белгiлейдi. 1-бап. Негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: мүлiктiк (пайлық) жарна - тұтыну кооперативiнiң мүлiктiк (пайлық) қорына тұтыну кооперативi мүшелерiнiң ақшалай, мүлiкпен немесе ақшалай бағасы бар мүлiк құқығымен қосатын жарнасы; мүлiктiк (пайлық) қор - тұтыну кооперативiн құру немесе оған кіру кезiнде мүшелерi енгiзетiн мүлiктiк (пайлық) жарналардан тұратын және тұтыну кооперативiнiң мүлкiн қалыптастыру көздерiнiң бiрi болып табылатын қор; тұтыну кооперативі - қатысушылардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру арқылы жүзеге асырылатын мүшелiк негiздегi ерiктi бiрлестiгi; резервтiк қор - төтенше жағдайлардың салдарынан келтiрілген залалдарды жабуға арналған қор, оны қалыптастыру мен пайдалану тәртібі тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi; тұтыну кооперативiнiң мүшесi - осы Заңның талаптарын қанағаттандыратын, кооперативтiң жарғысында белгiленген мөлшерде мүлiктiк (пайлық) жарна енгiзген және кооперативке дауыс беру құқығымен қабылданған азамат және (немесе) заңды тұлға. 2-бап. Тұтыну кооперативi туралы заңдар 1. Қазақстан Республикасының тұтыну кооперативi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодекске негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 2. Селолық тұтыну кооперациясының ерекшелiктерi жеке заңдармен белгiленедi. ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 3-тармақпен толықтырылды 3. Өзара сақтандыруды жүзеге асыратын тұтыну кооперативтері қызметінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен айқындалады. 3-бап. Тұтыну кооперативiнiң құрылуы мен қызметiнiң негiзгі принциптерi Тұтыну кооперативтерi: кіру және шығу ерiктiлiгi; мүлiктiк (пайлық) жарна төлеудiң мiндеттiлiгi; басқарудың демократияшылдығы; өзара көмек және өз мүшелерiнiң мүдделерiн қорғау; тұтыну кооперативiнiң қызметi туралы ақпаратты оның барлық мүшелерiнiң пайдалана алуы принциптерi негiзiнде жұмыс iстейдi. 1. Тұтыну кооперативi коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiндей дәрежеде ғана айналыса алады. 2. Тұтыну кооперативi мүлiктiк (пайлық) жарналар есебiнен, өз мүшелерiнiң мүдделерiн қанағаттандыруға байланысты жекелеген мiндеттердi орындау үшiн құрылады. 3. Егер құрылтай құжаттарында тұтыну кооперативi белгiлi бiр мерзiмге немесе белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiсiз мерзiмге құрылған болып есептеледi. 4. Тұтыну кооперативіндегі еңбек қатынастары осы Заңмен, еңбек заңдарымен және жарғымен реттеледi. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң оның қызметiне жеке еңбегiмен қатысқаны үшiн сыйақы мөлшерлерi, сондай-ақ жеке еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдардың еңбегiне төленетiн ақы мөлшерлерi жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленедi. 5. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң оның қызметiне жеке еңбегiмен қатысуы мiндеттi болып табылмайды. 6. Қызмет нәтижелерiнiң (дайындалған не сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) негiзгi тұтынушылары тұтыну кооперативiнiң мүшелерi болып табылады. 5-бап. Тұтыну кооперативiнiң атауы және орналасқан жерi 1. Тұтыну кооперативiнiң атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн. 2. Тұтыну кооперативiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн органының орналасқан жерi оның орналасқан жерi болып танылады. 3. Тұтыну кооперативi өзiнiң орналасқан жерiн өзгерткен жағдайда бұл жайында заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiне қажеттi өзгерістер енгізу үшiн кооперативтiң жаңадан орналасқан жерiнде заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлауға мiндеттi. 6-бап. Тұтыну кооперативiнiң құқық қабiлетi 1. Тұтыну кооперативi заңды тұлға болып табылады және оның мыналарға: 1) өз мүшелерiнiң қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған қызметпен айналысуға; 2) жарғылық мақсаттарға қол жеткізуге қызмет етуiне қарай, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға; 3) Қазақстан Республикасының заңдарында және кооперативтің жарғысында белгiленген тәртiппен өзiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi болуына; 4) тұтыну кооперативiнiң құқықтарын бұзатын мемлекеттік органдардың актілеріне, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актілеріне, олардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерiне сот тәртібімен шағым жасауға; 5) заңды тұлғаның тұтыну кооперативінiң жарғысында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшiн қажеттi өзге де құқықтарын жүзеге асыруға құқығы бар. 2. Тұтыну кооперативі тізбесі заң актілерімен анықталатын қызметтің жекелеген түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады. 3. Тұтыну кооперативi қызметiнiң мәнi мен мақсаттары оның құрылтай құжаттарымен белгiленедi. 7-бап. Тұтыну кооперативiнiң филиалдары мен өкiлдiктерi 1. Тұтыну кооперативi өзiнiң орналасқан жерiнен тыс жерде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдарын құруға және өкiлдiктерiн ашуға құқылы. 2. Тұтыну кооперативiнiң филиалдарын құру және өкілдiктерiн ашу туралы шешiмдердi, егер жарғыда осындай шешiмдердi жалпы жиналыс қабылдайтыны көзделмесе, тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы қабылдайды. 8-бап. Мемлекет және тұтыну кооперативi 1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының тұтыну кооперативiнiң қызметiне араласуға құқығы жоқ. 2. Тұтыну кооперативiнің құқықтарын бұзатын мемлекеттік органдардың актілері немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының актілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылуы мүмкiн. 3. Мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының не олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеті не әрекетсіздігі салдарынан тұтыну кооперативiне келтiрiлген залал, соның iшiнде алынбай қалған пайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеледi. 2-тарау. Тұтыну кооперативін құру 9-бап. Тұтыну кооперативiн құру тәртібі 1. Тұтыну кооперативiн құру құрылтай жиналысын өткізуден басталып, заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеумен аяқталады. 2. Азаматтар тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысын өткізудi және оның қарауына енгiзiлетiн құжаттардың жобаларын әзiрлеу жөнiнде бастамашыл топтар құра алады. 10-бап. Тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы 1. Тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысы мынадай мәселелердi шешедi: 1) тұтыну кооперативiн құру, оның атауы және орналасқан жерi туралы шешiм қабылдайды; 2) тұтыну кооперативi мүшелерiнiң арыздары негiзiнде азаматтар үшін олардың аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi және заңды тұлғалар үшiн атауы, орналасқан жерi және банктiк реквизиттерi көрсетiлген тiзiмiн бекiтедi; 3) қызметтiң мәнi мен мақсаттарын белгiлейдi; 4) мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамын, мөлшерiн және оларды енгізу мерзiмдерiн белгiлейдi; 5) жарғысын және құрылтай шартын бекiтедi; 6) атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарды сайлайды; 7) мемлекеттік тiркеу мерзiмiн және оған жауапты адамдарды белгiлейдi; 8) тұтыну кооперативiн құруға байланысты өзге де мәселелердi шешедi. 2. Құрылтай жиналысының шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Құрылтай жиналысының хаттамасына құрылтай жиналысының төрағасы мен хатшысы қол қояды. Құрылтай жиналысының төрағасы оған қатысушылардың көпшiлiк даусымен сайланады. 11-бап. Тұтыну кооперативiнiң жарғысы 1. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында: 1) атауы мен орналасқан жерi; 2) қызметiнiң мәнi мен мақсаттары; 3) тұтыну кооперативiне кіру мен одан шығу, оның iшiнде тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiн бөлiп алу тәртібі; 4) мүлiктiк (пайлық) жарналардың құрамы, мөлшерi және оларды енгізу тәртібі, мүлiктiк (пайлық) жарналарды енгізу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк; 5) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарын құру, сайлау (қайта сайлау) тәртібі мен өкiлеттiгi, олардың шешiм қабылдау тәртібі; 6) тұтыну кооперативi басқару органдарының құрамы мен құзыретi; 7) басқару органдарының шешiм, оның iшiнде шешiмдер бiрауыздан немесе біліктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер туралы шешiм қабылдау тәртібі; 8) тұтыну кооперативi мүшелерiнiң кооперативке келтiрiлген залалдарды жабу тәртібі; 9) кооперативтi қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату жағдайлары; 10) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтер; 11) тұтыну кооперативi мүшелерiнiң оның қызметiне жеке еңбек қосып қатысуының сипаты мен тәртібі; 12) тұтыну кооперативi мен оның мүшелерi, тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы мен жалдамалы қызметкерлер арасындағы өзара қатынастар болуға тиiс. 2. Тұтыну кооперативiнiң жарғысына тұтыну кооперативi мүшелерiнiң аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi көрсетiлген тiзiмi қоса тiркеледi. 3. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкін. 4. Тұтыну кооперативiнiң жарғысына енгізiлген өзгерістер мен толықтыруларды заңда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi мемлекеттік органдар тіркейді. 5. Yшiншi тұлғалар жөнiнде тұтыну кооперативi мен оның мүшелерi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган осы баптың 4-тармағында көзделген хабарламаны алған кезден бастап не сот шешiмiнiң негiзiнде өзгерістер мен толықтырулар заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзiлген кезден бастап он бес күн өткен соң жарғыдағы өзгерістер мен толықтыруларға сiлтеме жасауға құқылы. Алайда үшiншi тұлғалар аталған мән-жайлар болғанға және мерзiмдер басталғанға дейiн де бұл өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып iс-әрекет жасауға құқылы. 12-бап. Тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеу 1. Тұтыну кооперативi ол мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледi. 2. Тұтыну кооперативiн мемлекеттік тiркеудi заңды тұлғаларды тiркеу туралы заңдарда белгiленетiн тәртiппен әдiлет органдары жүзеге асырады. 3-тарау. Тұтыну кооперативіне мүшелік 13-бап. Тұтыну кооперативiне мүшелiк 1. Он сегiз жасқа толған азаматтар және заңды тұлғалар тұтыну кооперативiнiң мүшелерi бола алады. 2. Азаматтар мен заңды тұлғалардың бiрнеше тұтыну кооперативтерiнiң мүшесi бола алады. 3. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң саны екi азаматтан кем болмауға тиiс. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң ең көп санына шек қойылмайды. 4. Тұтыну кооперативiне осы Заңның және тұтыну кооперативi жарғысының ережелерiн сақтай отырып жүргiзiлген жаңа мүшелер қабылдау жалпы жиналыстың шешiмiмен ресiмделедi. 5. Тұтыну кооперативiне мүше болғысы келетiн азамат немесе заңды тұлға атқарушы органға тұтыну кооперативiне қабылдау туралы жазбаша нысанда арыз бередi. Арызда азаматтың аты-жөнi, тұрғылықты жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi немесе заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi және банк реквизиттерi көрсетiлуге тиiс. 6. Тұтыну кооперативіне қабылдау туралы арызды тұтыну кооперативінің атқарушы органы он күн ішінде қарауға тиіс. 7. Тұтыну кооперативiнiң мүлкiнде ол құрылғаннан кейiн үлес құқығын алған үшiншi тұлғалардың тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар. 8. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерiнiң тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне бiрiншi кезекте қабылдануға құқығы бар. Жарғыда өзгеше көзделген жағдайда мұрагерлерiне кооператив тұтыну кооперативiнің мүлкіндегі оның мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар үлесiн төлейдi. 14-бап. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң құқықтары Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi: 1) тұтыну кооперативiнен белгiленген тәртiппен ерiктi түрде шығуға; 2) тұтыну кооперативiнiң қызметiне қатысуға, басқару органдары мен бақылау органдарын сайлауға және оларға сайлануға, тұтыну кооперативiнiң қызметiн жақсарту, оның органдарының жұмысындағы кемшiлiктердi жою туралы ұсыныстар енгізуге; 3) тұтыну кооперативiнiң тауарларын (қызмет көрсетуiн) басқа азаматтар мен заңды тұлғалардың алдында артықшылықпен сатып алуға (алуға), өз өндiрiсiнiң, өзiндiк қосалқы шаруашылығының және кәсiпшiлiгiнің бұйымдары мен өнiмдерiн тұтыну кооперативiнiң ұйымдары арқылы шарттар негiзiнде өткізуге, қызмет көрсетудi жүзеге асыруға; 4) тұтыну кооперативi жалпы жиналысының тұтыну кооперативiнiң мүшелерi үшiн көзделген жеңілдiктерiн пайдалануға; 5) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарынан олардың қызметi туралы ақпарат алуға, соның iшiнде бухгалтерлiк есептiң, есеп берудiң мәлiметтерiмен және басқа да құжаттамалармен жарғыда белгiленген тәртiппен танысуға; 6) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының заңсыз әрекеттерiне тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына шағым жасауға; 7) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының өз мүдделерiн қозғайтын шешіміне сот тәртібімен шағым жасауға; 8) тұтыну кооперативi таратылған жағдайда кредиторлармен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құнын немесе тұтыну кооперативi мүшелерiнiң келісімi бойынша мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар заттай түрде осы мүлiктiң бiр бөлiгiн алуға; 9) тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі өз үлесiн бөлуге және кооперативтен шыққан жағдайда оның құнын немесе тұтыну кооперативi мүшесiнiң келісімi бойынша мүлiктi өзiнiң мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар заттай түрде алуға; 10) тұтыну кооперативіндегі өз еңбегi үшiн жалақы нысанында немесе жарғыда белгiленген өзге де нысанда сыйақы алуға құқылы. Тұтыну кооперативiнiң жарғысымен мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтары белгiленуi мүмкін. 15-бап. Тұтыну кооперативi мүшелерiнiң мiндеттерi Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi: 1) жарғыны бұзбауға; 2) жалпы жиналыстың, атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының шешiмдерiн орындауға; 3) тұтыну кооперативi алдындағы оның қызметiне қатысу жөнiнде жарғыда белгiленген өз мiндеттемелерiн орындауға; 4) жарғыда белгiленген мөлшерде, тәртiп пен мерзiмде мүлiктiк (пайлық) жарна төлеуге мiндеттi. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi тұтыну кооперативiнiң жарғысында көзделген, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн. 16-бап. Тұтыну кооперативiне мүшелiктiң тоқтатылуы 1. Тұтыну кооперативiне мүшелiк: 1) өз еркiмен шыққан; 2) шығарылған; 3) мүліктегі үлесі құқығынан айрылған; 4) тұтыну кооперативінің мүшесi болып табылатын азамат қайтыс болған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ол өлдi деп жарияланған, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған; 5) тұтыну кооперативiнiң мүшесi болып табылатын заңды тұлға таратылған; 6) тұтыну кооперативi таратылған жағдайларда тоқтатылады. 2. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi өз еркiмен шыққан жағдайда тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі енгiзген мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар өз үлесiн осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп алуға құқығы бар. 3. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi өзiнiң жарғыда белгiленген мiндеттерiн дәлелсiз себептермен орындамаған не тұтыну кооперативiне залал келтiретiн қасақана әрекеттер жасаған жағдайда жалпы жиналыстың шешімімен тұтыну кооперативінен шығарылуы мүмкін. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы кооперативтiң мүшесiне оны тұтыну кооперативiнен шығару жөніндегі мәселенiң жалпы жиналысқа енгiзiлу себептерi туралы кем дегенде он күн бұрын жазбаша түрде хабарлауға және оны аталған жалпы жиналысқа шақырып, онда оған өз пiкiрiн айтуға құқық берiлуге тиiс. Тұтыну кооперативiнiң шығарылатын мүшесi тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысына дәлелдi себептерсiз қатыспаған жағдайда жиналыс оны шығару туралы шешiмдi өзiнiң қатысуынсыз қабылдауға құқылы. Егер жиналысқа қатысушылардың үштен екiсi жақтап дауыс берсе, шешiм қабылданған болып есептеледi. Тұтыну кооперативiнен шығарылған мүшеге тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлесi енгiзген мүлiктiк (пайлық) жарнасына бара-бар, осы Заңда белгiленген тәртiппен бөлiп берiледi. Жалпы жиналыстың тұтыну кооперативi мүшесiн кооперативтен шығару туралы шешiмiне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн. 4. Тұтыну кооперативiнiң мүлкіндегі үлеске құқығынан айрылған тұтыну кооперативiнiң мүшесi өзiнiң тұтыну кооперативiне мүшелiгiн тоқтатады. Үлестен: 1) сату; 2) сыйға тарту; 3) өзге де түрде иелiк ету; 4) сот шешiмi негiздерiнде айрылады. Мүлiктегi үлес құқығынан айрылған тұтыну кооперативiнiң мүшесi бұл туралы тұтыну кооперативінің атқарушы органына хабарлайды. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына мұндай ақпаратты мүлiктегi үлеске құқық алған адамдар табыс ете алады. Мүше мүлiктегi үлес құқығынан айрылған жағдайда тұтыну кооперативiне мүшелiктi тоқтату тұтыну кооперативi атқарушы органының шешiмiмен ресiмделедi. 5. Тұтыну кооперативiнiң мүшесi болып табылатын азамат қайтыс болған, ол белгiленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеттi деп танылған немесе өлдi деп жарияланған жағдайда оның тұтыну кооперативіне мүшелiгі тоқтатылады. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы тұтыну кооперативiнiң қайтыс болған мүшесiнiң ол қайтыс болған, ол белгiленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеттi деп танылған немесе өлдi деп жарияланған күнгi мүлiктегi үлесiн мұрагерлерiне төлеу үшiн осы Заңда белгiленген тәртiппен оның үлесiне бара-бар бөлiп бередi. 6. Атқарушы орган тұтыну кооперативiне мүшелiк тоқтатылған барлық жағдайлар туралы тұтыну кооперативiнiң мүшелерiне хабарлайды. 4-тарау. Тұтыну кооперативін басқару 17-бап. Тұтыну кооперативiнiң басқару органдары 1. Тұтыну кооперативiнiң органдары мыналар болып табылады: 1) жоғары орган - жалпы жиналыс; 2) атқарушы орган - басқарма (төраға); 3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы (ревизор). 2. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында тұтыну кооперативiнiң өзге де органдарын құру көзделуi мүмкiн. 18-бап. Тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы 1. Тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы оның жоғары органы болып табылады және оның қызметiне қатысты барлық мәселелердi шешуге құқылы. Осы ретте кезектi немесе кезектен тыс жалпы жиналыстар шақырылуы мүмкiн, бұл жиналыстар, егер оларға тұтыну кооперативi барлық мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысса, заңды деп танылады. Егер жалпы жиналыстың шешiмiн жиналысқа қатысушы мүшелердiң жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, ол қабылданған болып есептеледi. Бұл орайда тұтыну кооперативiнiң әрбiр мүшесi, оның тұтыну кооперативi мүлкіндегі үлесiнiң мөлшерiне қарамастан, жалпы жиналыстың шешiмдерiн қабылдаған кезде бiр дауысқа ие болады. 2. Тұтыну кооперативiнiң кезектi жалпы жиналысын жарғыда белгiленген мерзiмдерде атқарушы орган жылына кемiнде бiр рет шақырады. Тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржылық есебiн бекітуге арналған жалпы жиналыс есептi қаржы жылы аяқталғаннан кейiн үш айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс. 3. Тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысы осы Заңда, жарғыда көзделген жағдайларда, сондай-ақ тұтыну кооперативiнiң мүдделерi осындай жиналыс шақыруды керек еткен өзге де кез келген жағдайларда шақырылады. Тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын атқарушы орган өз бастамасы бойынша, сондай-ақ тексеру комиссиясының (ревизордың) талап етуi бойынша не тұтыну кооперативi мүшелерi жалпы санының кемiнде оннан бiр бөлiгiнiң талап етуi бойынша шақырады. Егер тексеру комиссиясының немесе тұтыну кооперативi мүшелерiнiң талап еткенiне қарамастан, атқарушы орган кезектен тыс жалпы жиналыс шақырмаса, оны тексеру комиссиясы (ревизор) немесе тұтыну кооператив мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде оннан бiр бөлiгi дербес шақыруы мүмкін. Таратылу процесi жүрiп жатқан тұтыну кооперативiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы да шақыра алады. 4. Жалпы жиналысты өткізу мен осы Заңда, жарғыда және тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттейтiн өзге де құжаттарда қабылданған шешiмдер жүргiзу тәртібін бұза отырып қабылданған тұтыну кооперативі жалпы жиналысының шешiмiн, сол сияқты жалпы жиналыстың осы Заңға не жарғыға қайшы келетiн шешiмiн, оның iшiнде тұтыну кооператив мүшелерiнiң құқығын бұзатын шешiмiн тұтыну кооперативi мүшелерiнiң арызы бойынша сот толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн. Ондай арызды жалпы жиналыс өткiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде беруге болады. 5. Шақыру мен өткізу, шешiм қабылдау тәртібі тұтыну кооперативiнiң жарғысымен белгiленедi. 19-бап. Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының құзыретi 1. Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының құзыретi осы Заңға және тұтыну кооперативiнiң жарғысына сәйкес белгiленедi. 2. Жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне мыналар жатады: 1) тұтыну кооперативiнiң жарғысына өзгерістер мен толықтырулар, оның iшiнде мүлiктiк (пайлық) жарнаның мөлшерi туралы, орналасқан жерi мен атауы туралы өзгерiс енгізу немесе жарғыны жаңа редакциясында бекіту; 2) тұтыну кооперативi қызметiнiң негiзгi бағыттарын белгiлеу; 3) тұтыну кооперативiнiң атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының басшысы мен мүшелерiн сайлау, олардың өкiлеттiгiн доғару, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, оларды ұстауға арналған қаражаттың мөлшерiн анықтау; 4) тұтыну кооперативiнiң мүшелерiн кооперативтен шығару; 5) тұтыну кооперативiнiң iшкi қызметiн реттеп отыратын iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмiн және басқа құжаттарды бекіту; 6) тұтыну кооперативтерiнiң қауымдастығын (одағын) құру, қауымдастыққа (одаққа) кіру және одан шығу туралы мәселелердi шешу; 7) тұтыну кооперативiнiң жылдық қаржы есептерін, тексеру комиссиясының (ревизордың) есебiн бекіту; 8) тұтыну кооперативi шеккен зиянды жабу тәртібі; 9) тұтыну кооперативi қорларының түрлерi мен құрылу және жұмсалу тәртібін белгiлеу; 10) тұтыну кооперативiнiң жарғыда белгiленген құннан құны асып түсетiн жылжымайтын мүлкiн иелiктен айыру; 11) тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдау; 12) тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiн сайлау және тарату балансын бекіту. 3. Осы Заңда жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелермен қатар, тұтыну кооперативiнiң жарғысымен оның айрықша құзыретiне басқа да мәселелер жатқызылуы мүмкiн. 4. Егер тұтыну кооперативiнiң жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыс өзiнiң айрықша құзыретiне жатпайтын өкiлеттiктi тұтыну кооперативiнiң атқарушы органына беруге құқылы. 5. Тұтыну кооперативi жалпы жиналысының атқарушы, бақылаушы және өзге де органдардың шешiмдерiн қуаттау немесе олардың күшiн жою жөніндегі мәселелердi өз қарауына алуға құқығы бар. 6. Тұтыну кооперативiнiң жалпы жиналысы тұтыну кооперативiнiң қызметiне байланысты кез келген мәселенi қарау үшiн қабылдауға құқылы. 20-бап. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы 1. Тұтыну кооперативiнiң атқарушы органы тұтыну кооперативiнiң қызметiне ағымдағы басшылық жасау мен оның iстерiн жүргiзудi жүзеге асырады және оның жалпы жиналысына есеп бередi. |