|
|
|
Қазақстан Республикасының (2011.05.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
2011 жылғы 21 шілдедегі № 469-ІV ҚР Заңымен күші жойылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтар құрудың, олардың жұмыс істеуінің және таратылуының тәртібі мен шарттарын айқындайды
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) арнайы экономикалық аймақ - қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалатын дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасының шектеулі аумағы; 2) арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі - арнайы экономикалық аймақтың аумағында жұмыс істейтін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі; 3) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және қызмет жүргізу туралы келісім жасасқан заңды тұлға; 4) инфрақұрылымдық ресурстар - арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының жылу және электр энергиясына, сумен жабдықтауға, кәріздер жүргізуге, көлік коммуникацияларына, байланыс қызметін көрсетуге және қызмет көрсетудің өзге де түрлеріне қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ғимараттар кешені; 5) қызметтің басым түрлері - арнайы экономикалық аймақтың құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері; 6) қызметті жүргізу туралы келісім - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы мен арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі арасында жасалатын, тараптардың арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру мәселелері жөніндегі құқықтары мен міндеттерін белгілейтін шарт; 7) оператор компания - арнайы экономикалық аймақ қатысушыларын тарту, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін оларды инфрақұрылымдық ресурстармен және өзге де жағдайлармен тиімді қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға; 8) сарапшылық кеңес — арнайы экономикалық аймақтар құрудың немесе оларды таратудың мақсатқа сай екендігі туралы қорытынды беру үшін уәкілетті органның жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші орган; 9) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтар құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Арнайы экономикалық аймақтар құрудың мақсаттары Арнайы экономикалық аймақтар экономиканың салаларын дамыту және қолдау, өңірлерді жедел дамыту және әлеуметтік проблемаларды шешу, кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыру, инвестицияларды, технологияларды және қазіргі заманғы менеджментті тарту, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру мақсатында құрылады.
4-бап. Арнайы экономикалық аймақ құрудың тәртібі 1. Арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілетін арнайы экономикалық аймақ туралы ережеде оның қызметінің басым түрлерінің тізбесі айқындалады. 2. Арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты жергілікті және (немесе) орталық атқарушы органдар, кәсіпкерлер қауымдастықтары мен одақтары арнайы экономикалық аймақ құрудың қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, өтінімді, арнайы экономикалық аймақ құрудың тұжырымдамасын, экономикалық негіздемесін және арнайы экономикалық аймақ туралы ереженің жобасын ұсыну арқылы уәкілетті органға енгізеді. 3. Уәкілетті орган: 1) сарапшылық кеңестің қорытындысы негізінде арнайы экономикалық аймақ құру мақсатқа сай болмаған; 2) арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген; 3) ұсынылған материалдар толық болмаған немесе дәйексіз болған; 4) ұсыныстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қабылдамайды. 4. Арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қарау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне уәкілетті орган өтінімді, қоршаған ортаға әсерді бағалаумен қоса арнайы экономикалық аймақ құрудың тұжырымдамасын, экономикалық негіздемесін және сарапшылық кеңестің ол бойынша оң қорытындысы бар арнайы экономикалық аймақ туралы ереженің жобасын енгізеді.
5-бап. Арнайы экономикалық аймақтар құрудың және олардың жұмыс істеуінің шарттары 1. Арнайы экономикалық аймақтар жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады. 2. Арнайы экономикалық аймақтар мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың иелігінен мәжбүрлеп шығарылған жер учаскелерінде құрылады. Бұл үшін қажет жер учаскелері мемлекет меншігінде болмаған жағдайда арнайы экономикалық аймақтар құру осылай иеліктен мәжбүрлеп шығаруға негіз болып табылады. 3. Арнайы экономикалық аймақ құрылған жер учаскесіне қатысты арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі кезеңінде жерге меншік иесі ретінде мемлекеттің құқығын жүзеге асырады. Арнайы экономикалық аймақ құрылған жер учаскесін арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі осы заңның 10-бабының 5) тармақшасы негізінде арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың аумағында тіркелген заңды тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместерге уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) береді. 4. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі кезеңінде сатуға және өзге де иеліктен шығаруға тыйым салынады. 5. Жер учаскелері жеткілікті түрде инфрақұрылымдық ресурстармен қамтамасыз етілуге тиіс, олардың құрылысы бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қаражат көздері есебінен жүзеге асырылады. Бюджет қаражаты есебінен толық немесе ішінара тұрғызылған объектілердің бәрі арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің балансына беріледі. 6. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан, қызмет жүргізу туралы келісім шеңберінде тұрғызылған жылжымайтын мүлік объектісінің иесі арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша тиісті жер учаскесін басымдықпен сатып алу құқығына ие болады. 7. Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде жеке меншікке сатып алынбаған жер учаскелерін, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің балансындағы инфрақұрылымдық ресурстарды арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына береді.
6-бап. Арнайы экономикалық аймақты тарату 1. Арнайы экономикалық аймақ ол құрылған мерзім аяқталған соң таратылады. Тарату мерзімдері мен тәртібі арнайы экономикалық аймақ туралы ережеде айқындалады. 2. Арнайы экономикалық аймақ құру мақсатына қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мерзімінен бұрын таратылуы мүмкін. Арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын тарату туралы ұсынысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне сарапшылық кеңес қорытындысының негізінде енгізеді. Арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі арнайы экономикалық аймақты тарату рәсімдерін аяқтау үшін бір жыл бойы жұмыс істейді.
7-бап. Арнайы экономикалық аймақтың құқықтық режимі 1. Арнайы экономикалық аймақтың құқықтық режимі арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына қолданылады және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді. 2. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында тауарларды еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне орналастырудың шарттары мен тәртібі кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленеді.
2-тарау. Арнайы экономикалық аймақты басқару
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне: 1) арнайы экономикалық аймақтар құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу; 2) уәкілетті органды айқындау; 3) сарапшылық кеңес туралы ережені және оның құрамын бекіту; 4) Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақ құру немесе оны мерзімінен бұрын тарату туралы ұсыныс енгізу; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5) оператор компанияны айқындау ережелерін бекіту; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) 6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
9-бап. Уәкілетті органның құзыреті Уәкілетті органның құзыретіне: 1) арнайы экономикалық аймақтар құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру; 2) мемлекеттік органдардың арнайы экономикалық аймақтар құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы қызметін үйлестіруді жүзеге асыру; 3) оператор компанияны айқындау ережесін әзірлеу; 4) жеке және заңды тұлғаларды арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға жіберу ережесін әзірлеу және бекіту; 5) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін құжаттарды: арнайы экономикалық аймақтар құруға арналған өтінімнің нысанын; уәкілетті орган мен оператор компания арасындағы, сондай-ақ оператор компания мен арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары арасындағы арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін жүзеге асыру тәртібін реттейтін үлгілік шарттарды бекіту; 6) арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төленетін ақының сомасын келісу; 7) арнайы экономикалық аймақ туралы тұжырымдаманы, экономикалық негіздемені және ереженің жобасын жасау жөніндегі талаптарды белгілеу; 8) Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын тарату туралы ұсыныс енгізу; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9) оператор компанияны айқындау; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) 10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
10-бап. Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің құзыреті Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің құзыретіне: 1) мемлекеттік органдармен арнайы экономикалық аймақтар қызметінің мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасу; 2) арнайы экономикалық аймақтар құрылатын жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың аумағында тіркелген заңды тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместерге уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беру; 3) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төленетін ақы сомасының есеп-қисабын жасау; 4) жеке және заңды тұлғаларды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға жіберу туралы шешім қабылдау; 5) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларымен қызмет жүргізу туралы келісім жасасу; 6) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызмет жүргізу туралы келісімді орындауы бойынша тексерулер жүргізу; 7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтардың қызметі туралы мемлекеттік органдарға ақпарат беру; 8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық ресурстарды салуды және кейіннен оларға пайдалану қызметін көрсетуді ұйымдастыру жатады.
11-бап. Оператор компанияның құзыреті Оператор компанияның құзыретіне: 1) арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қатысу үшін арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын тарту; 2) жеке және заңды тұлғаларды арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызмет жүргізуге жіберу жөнінде арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігіне ұсыныстар енгізу; 3) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу рәсімдерін жедел жүргізу, арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін қажетті рұқсат беретін құжаттарды алу мақсатында мемлекеттік органдармен қатынастарда арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының мүдделерін білдіру; 4) инфрақұрылымдық ресурстарды салу және кейіннен оларға пайдалану қызметін көрсету, арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына қызмет көрсету; 5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларымен, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға жіберілген өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалармен шарттарды жасасу және оларды бұзу; 6) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына қайшы келмейтін өзге де шаруашылық қызметті жүргізу жатады.
3-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
12-бап. Арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының құқықтарына кепілдіктер беру Арнайы экономикалық аймақтың шекарасын өзгертуді қоса алғанда, ол мерзімінен бұрын таратылған немесе құқықтық режимі өзгертілген жағдайда арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына осындай қызметті жалғастыруға қызмет жүргізу туралы келісімде көзделген шарттармен арнайы экономикалық аймақ құрылатын мерзім аяқталғанға дейін, бірақ он жылдан аспайтын мерзімге кепілдік беріледі. Мерзім арнайы экономикалық аймақтың құқықтық режимінің күші жойылған немесе өзгертілген күннен бастап есептеледі.
13-бап. Осы Заң күшінің бұрын құрылған арнайы экономикалық аймақтарға қолданылуы Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар оларды тарату туралы шешім қабылданғанға дейін өз мәртебесін сақтайды.
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. 2. «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 1996 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., №1, 179-құжат; № 14, 274-құжат; 1998 ж., № 24, 443-құжат; 1999 ж., № 6, 191-құжат; 2001ж., № 15-16, 224-құжат; 2003 ж., № 23, 169-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 6-сы. № 274-ІІІ ҚРЗ
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |