Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 желтоқсандағы № 1192 Қаулысы
Осы редакция 2007 ж. 19 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңына
сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. "Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 24 қаңтардағы № 100 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 5, 30-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкаларында:
"Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялар беру кезінде алынатын лицензиялық алым ставкалары" деген 1-тараудың 1-тармағында:
8) тармақшаның "Лицензияланатын қызмет түрлері" бағанында ", тотализаторлар, казинолар" деген сөздер алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
"8-1) Ойын бизнесі саласындағы қызмет 10".
3. "Тотализаторлар мен казиноларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 9 қарашадағы № 1432 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 39, 501-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдері бұрын қабылданған шешімдерді осы қаулыға сәйкес келтірсін.
5. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Д. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 1192 қаулысымен бекітілген
Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау
кезінде қойылатын біліктілік талаптары
1. Осы ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңына сәйкес әзірленді және ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына үміткер өтінім берушілерге қойылатын жалпы талаптарды қамтиды.
Ойын бизнесі қызметінің саласы мынадай объектілердің қызметті жүзеге асыруын қамтиды: казино, тотализаторлар, букмекер кеңселері және ақшалай ұтыс шығатын ойын автоматтары залдары.
2. Осы біліктілік талаптарында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
букмекер кеңсесі - нәтижесі алдын ала айқындалмаған оқиғаның аяқталуына барлық қатысушылар мен ойын мекемесі арасында бәс тігілетін жарыстар немесе өзге де оқиғалар өткізу орнынан тыс жерде орналасқан ойын мекемесі;
ақшалай ұтыс шығатын ойын автоматтары залы - құмар ойындарды өткізу үшін ақшалай ұтыс шығатын ойын автоматтары ғана пайдаланылатын жеке үй-жайда не бірнеше өзара байланысты үй-жайда орналасқан ойын мекемесі;
ойын мекемесі - құмар ойындар өткізілетін және (немесе) бәс тігу ставкалары қабылданатын орын: казино, тотализатор, букмекер кеңсесі, ақшалай ұтыс шығатын ойын автоматтары залы және өзге де ойын үйлері (орындары);
заңдастырылған белгілер - ойын мекемелеріндегі ойындарға қатысу үшін пайдаланылатын қолма-қол ақшаны алмастыратын белгілі бір номиналдағы фишкалар, жетондар;
тұрақты үй-жай - тиісті жабдығы, оның негізгі конструкциясына зиян келтірместен орнын ауыстыру мүмкін емес іргетасы бар күрделі ғимарат (құрылыс) немесе оның бір бөлігі;
тотализатор - нәтижесі алдын ала айқындалмаған, оқиғаның аяқталуына барлық қатысушылардың арасында өзара бәс тігілетін ойын мекемесі.
3. Лицензиат қызметтің осы түрімен де айналысатын филиалдар (өкілдіктер) ашқан жағдайда лицензиат филиалдың (өкілдіктің) есептік тіркелу орны бойынша орналасқан лицензиарға филиалдардың (өкілдіктердің) осы біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынады. Бұл ретте лицензиар оң шешім қабылданғаннан кейін филиалдардың (өкілдіктердің) орналасқан жерін көрсете отырып, лицензияға қосымшаны ресімдейді.
Лицензиаттың орналасқан жері бойынша лицензиат ойын бизнесінің қосымша объектілерін ашқан жағдайда лицензиарға ойын бизнесінің ашылатын объектілерінің осы біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды тапсырады. Бұл ретте лицензиар оң шешім қабылданғаннан кейін ойын бизнесінің ашылатын объектілерінің орналасқан жерін көрсете отырып, лицензияға қосымшаны ресімдейді.
4. Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мыналардың:
1) өтініш берушінің қаржылық жағдайы туралы аудиторлық қорытындының;
2) меншік немесе жалға алу құқығындағы материалдық-техникалық базаның, атап айтқанда, осы тектес үй-жайлар үшін белгіленген құрылыс, санитарлық және өртке қарсы талаптарға сәйкес келетін тұрақты үй-жайлардың;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен күзет қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны алған жеке және (немесе) заңды тұлғалармен шарттардың;
4) келушілерге қызмет көрсету аймақтары мен қызметтік үй-жайлар аймақтарының;
5) өрт сөндіру құралдарының және өртке қарсы дабылдың;
6) дабылмен жабдықталған ойын мекемесі кассаларының болуын қамтиды.
Для работы в системе необходимо произвести следующие настройки: