Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы туралы (2007.07.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 жылғы 29 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы мақұлдансын (бұдан әрі - Тұжырымдама). 2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктері, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, «Қазына орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын. 3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 483 қаулысымен мақұлданған
Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы Астана қаласы - 2006 жыл
2. ӘКК-ге ұқсас бизнес-құрылымдарды құру мен оларды жұмыс істеуінің халықаралық тәжірибесін талдау және Қазақстанда оларды құруға арналған алғышарттар 3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың миссиясы, міндеттері мен функциялары 4. Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру тұжырымдамасын іске асырудың негізі бағыттары мен тетігi § 2. Өңірлік кластерлерді құру § 3. ӘКК-нің рентабельді емес активтердi оңалтудағы қызметi § 4. Жеке секторды ӘКК-ге қатысуға тарту үшін уәждеме 5. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан әрі - ӘКК) құру тұжырымдамасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесіне сәйкес дайындалды. ӘКК-ні құру идеясы өңірлік дамуға назар аудара отырып, Қазақстанда қалыптасқан жағдайларға барынша бейімделген шикізат емес секторларды дамытудың жаңа құралдарын іздеу нәтижесінде пайда болды. Халықаралық тәжірибеде кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің әр түрлі нысандары мен бағыттары кездеседі, сондықтан ұйымдастырушылық нысандар, бағыттар мен әдістемелердің аясында ӘКК-нің бірыңғай анықтамасы жоқ. Алайда, ӘКК-нің қызметін зерделеуші сарапшылар мынадай жалпылама анықтама береді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар - бұл тауарлар мен қызметтерді өндіру және сату жолымен пайда алу мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын экономикалық орнықты бизнес-құрылымдар. Бұл ретте алынған пайданың бір бөлігі мүддесі үшін ӘКК құрылған өңір халқының әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттарын іске асыру үшін қайта инвестицияланады. ӘКК құру кластерлік даму тетіктерін енгізу, өзін-өзі ұйымдастыру және ішкі ресурстарды жұмылдыру жолымен өңірлердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға ықпал ететін болады. Мемлекет қатысатын орнықты бизнес-құрылымдарды біріктіру бәсекеге қабілетті өндірістерді қалыптастырудың катализаторлары ретінде әрекет етуге қабілетті өңірдің экономикалық белсенділігін шоғырландыратын ірі өңірлік орталықтарды құруға мүмкіндік береді.
2. ӘКК-ге ұқсас бизнес-құрылымдарды құру мен оларды жұмыс істеуінің халықаралық тәжірибесін талдау және Қазақстанда оларды құруға арналған алғышарттар
Әлемдік тәжірибеде жеке және мемлекеттік секторлардың өзара іс-қимылының әр түрлі схемалары бар. АҚШ-та бұл - экономикалық дамудың өңірлік корпорациялары (EDS - Өңірлік экономикалық даму корпорациясы, CRDC - Сертификатталған өңірлік даму корпорациясы, LVEDC Экономикалық даму жөніндегі корпорация), Данияда - әлеуметтік кәсіпорындар (social enterprises). АҚШ-та жұмыс істеп тұрған өңірлік экономикалық даму корпорациялары - бұл жеке сектордың ресурстарын жұмылдыру мақсатында мемлекеттің болмашы қатысу үлесімен бизнес-көшбасшылар тобының бастамасымен құрылған және өңір қоғамының мұқтаждарын қанағаттандыратын өңірлік корпорациялар. Корпорацияның миссиясы - өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу, халықтың әл-ауқатына жәрдемдесу. Корпорацияның қызметін қаржыландыру көздері - бұл қатысушы компаниялар, мемлекеттік қордан болмашы үлес, демеушілік қолдау, тартылған инвестициялар, гранттар, оның ішінде мемлекеттік гранттар. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарын кооперациялаудың халықаралық тәжірибесі кооперативтерді құру өнімділікті елеулі түрде арттыратынын әрі оның мүшелері - шағын және орта бизнес кәсіпорындарының орнықты дамуын қамтамасыз ететіндігін көрсетеді. Етті, сүттен жасалған өнімдерді, ірімшікті ең ірі әлемдік экспорттаушылардың бірі болып табылатын Данияның көрсеткіші үлгі бола алады. Данияда кооперативтер әлеуметтік кәсіпорындар (social enterprises) деп аталады. Кооперативтер шағын және орта бизнестің өнімін сататын тұтастай "брэндтер" құрады. Табысты кооперативтер ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде ғана емес, қызметтерді қоса алғанда, басқа да салаларда құрылады. Бұрыннан қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік жүйесі мен дамыған инфрақұрылымы бар әлемнің дамыған елдеріне қарағанда Қазақстанда аумақтық даму мәселелері тиімді үйлестіруді талап етеді. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар, оның ішінде өңірлерде және жергілікті мемлекеттік басқару органдарында компаниялардың басқару әлеуетінің жетіспеуі, жеке кәсіпкерлік субъектілерінде мемлекеттік даму институттарының инвестицияларына ауқымды қол жетімділіктің жоқтығы, сондай-ақ олардың тарапынан олар өз қызметін жүзеге асыратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі бастамалардың жоқтығына байланысты реформалардың өңірлік деңгейге жеткіліксіз ену проблемалары бар. Қазіргі жағдайларда кластерлік әдісті қолдана отырып, барлық желінің ресурстарын жұмылдыруға негізделген икемді мамандандырылған және инновацияларға қабілеттілігімен сипатталатын экономикалық ұйымның моделі Қазақстан үшін барынша перспективалылардың бірі болып табылады. Жекелеген немесе бірнеше өзара байланысқан өңірлерде жеке кәсіпкерлікті жандандыруға бағдарланған өңірлік ӘКК-ні қалыптастыру ресурстарды жұмылдыру тетіктерінің бірі болмақ. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдің экономикалық дамуы оның өңірлерін құрайтындардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Бұл ретте ӘКК өңірлік бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестицияларды тарту үшін ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірде инновациялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылады. Қазіргі уақытта жеке менеджментті және капиталды тарту мемлекеттік меншіктегі инфрақұрылымның көптеген объектілерінің созылмалы тиімсіздігін еңсеруге мүмкіндік беретін болғандықтан, мемлекеттік меншіктің бір бөлігін жеке сектордың басқаруына беру орынды болып табылады. Сондай-ақ бұл мемлекеттік бюджетке қысымды төмендетуге мүмкіндік береді. Бірнеше ірі өңірлік даму институттарын (ӘКК) құру осындай саясат бағыттарының бірі болып қаралады.
3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың миссиясы, міндеттері мен функциялары
ӘКК миссиясы - мемлекеттік және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлік тәсілдің негізінде бірыңғай экономикалық нарық құру жолымен өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. Жеке сектордың белсенді қатысуынсыз республиканың әлеуметтік және экономикалық дамуы мүмкін емес. Бүгінде жеке құрылымдар өз қызметін жүзеге асыратын өңірді дамыту проблемасынан сырт қала алмайды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігі деп әлеуметтік жобаларға пайданы инвестициялауды ғана емес, сондай-ақ бәсекеге қабілетті бизнесті құру мен жүргізуді, рентабельді емес кәсіпорындар базасында жаңа өндірістер құруды, мемлекеттік меншік объектілерін тиімді пайдалануды түсінген жөн. ӘКК-нің міндеттері: экономикалық процестерге экономикалық субъектілердің ауқымды топтарын тарту, инвестицияларды тарту; пайдалы ұзақ мерзімді негізде кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұраныс тудыру, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жылжыту; тиісті кластерлерге біріктіру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен ірі қаржылық-тұрақты кәсіпорындардың арасындағы байланысты күшейту; жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кластерге біріктіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін тиісті кластерлерді және қажетті жағдайларды жасау; өңірдің ішкі және сыртқы нарықтардағы экономикалық беделін жылжыту; кластерлік өндірісті дамыту және жаңа технологияларды енгізу жолымен шағын және орта кәсіпкерліктің өнімділігін арттыру; мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту, қайта құрылымдау, олардың негізінде жаңа өндірістер мен технологияларды дамыту; бизнес-жобалардың базасын қалыптастыру, қаржыландыру және оларды іске асыру үшін жағдай жасау; өңірді әлеуметтік дамытуға бағытталған жобаларды әзірлеу және қаржыландыру. ӘКК мынадай функцияларды атқарады: мемлекеттік меншік активтерінің бір бөлігін, жерді ӘКК-нің меншігіне беру бойынша билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау; берілген мемлекеттік және жеке меншік активтерін басқару; ақпараттық-тұсау кесер жұмыстарын жүргізу (көрме қызметі, бизнес-конференциялар, семинарлар, консалтинг); өнімді халықаралық нарықтарға жылжыту; кәсіпорындарда жаңа өндірістік және басқару технологияларын, оның ішінде халықаралық стандарттарды (ИСО, МСФО және т.б.) енгізу; әлеуметтік жобаларды құру мен іске асыруға қатысу; инвестициялар тарту мақсатында әлеуетті шетел инвесторларымен, даму институттарымен және басқа да қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау; инвестициялау үшін әлеуетті бизнес-жобалардың дерекқорын қалыптастыру; жеке отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен бірлескен жобалар жасау және іске асыру; мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту мен қайта құрылымдау немесе олардың негізінде жаңа өндірістер ұйымдастыру жөніндегі жобаларды әзірлеу және іске асыру. ӘКК алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізу жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік жобаларды іске асыру, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз ету және өңірді тұтастай алғанда экономикалық дамыту арқылы өңірлердің әлеуметтік жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.
4. Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру тұжырымдамасын іске асырудың негізі бағыттары мен тетігi
ҚР Үкіметінің 2007.07.05. № 363 Қаулысымен 1-параграф өзгертілді (бұр.ред.қара)
§ 1. ӘКК-ні құрудың тетігi
Қойылған мақсаттарды орындау және міндеттерді іске асыру үшін заңи құзыреті географиялық және экономикалық белгілері бойынша біріктірілген бірнеше облыстардан тұратын аумақта қолданылатын өңірлік ӘКК желісі құрылатын болады. Мынадай өңірлік экономикалық аймақтар - макроөңірлерде: орталығы Қостанай қаласындағы Солтүстік өңірде; орталығы Атырау қаласындағы Каспий өңірінде; орталығы Ақтөбе қаласындағы Орал өңірінде; орталығы Өскемен қаласындағы Ертіс өңірінде; орталығы Қарағанды қаласындағы Сарыарқа өңірінде; орталығы Шымкент қаласындағы Оңтүстік өңірде; орталығы Алматы қаласындағы Жетісу өңірінде жеті ӘКК құрылатын болады. Солтүстік макроөңірі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тұрады; Каспий макроөңірі Атырау, Маңғыстау облыстарынан тұрады; Орал макорөңірі Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан тұрады; Ертіс макроөңірі Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан тұрады; Сарыарқа макроөңірі Қарағанды облысынан тұрады; Оңтүстік макроөңірі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан тұрады; Жетісу макроөңірі Алматы облысынан және Алматы қаласынан тұрады. Осы макроөңірлер өңірлердің географиялық жағдайын, олардың экономикалық мамандануын, кластерлік тәсілдерін, сондай-ақ кооперациялау деңгейін ескере отырып айқындалған. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының (әкімдіктер, мәслихаттар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдында облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуының әзірленген және қабылданған жоспарына сәйкес осы өңірде ӘКК құру туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқығы бар. Әрбір ӘКК игерілмеген жер учаскелерін қоса алғанда, елдің тиісті өңірінде берілген мемлекеттік активтерді басқаратын өңірлік даму институтын білдіреді және оларды іске асыруға инвестицияларды тартатын әрі өңірдің экономикалық даму беделін нарыққа жылжытуды жүзеге асыратын жобалардың бастамашысы рөлін орындайды. ӘКК меншікті, шетелдік және отандық жеке капиталдың қатысуымен бірлескен жобаларды құруға және іске асыруға бастамашылық жасайтын болады. ӘКК-нің ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны акционерлік қоғам болып табылады. ӘКК "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылатын болады, оған сәйкес ӘКК-ні капиталдандыруға Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қаражат бөлінетін болады. ӘКК құрудың бірінші кезеңінде ӘКК-нің жарғылық капиталдары қалыптастырылатын болады. "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" акционерлік қоғамының құрылтайшылары мыналар болып табылады: Қазақстан Республикасының Үкіметі (қаржылай қаражат, республикалық меншік объектілері); облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері (қаржылай қаражат, коммуналдық меншік объектілері, жер); "Қазына орнықты даму қоры" АҚ (қаржылай қаражат). Екінші деңгейде ӘКК акцияларының қосымша эмиссияларын бағалы қағаздар нарығына орналастыру және ӘКК акцияларының мемлекеттік пакеттерін жеке шаруашылық жүргізуші субъектілерге сату жоспарлануда. Кейіннен ӘКК-де ӘКК акционерлерінің бірі ретінде меншіктің әртүрлі нысаны бар шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатысуы жоспарлануда. Алайда, жарғылық капиталды капиталдандыру және қаржы ресурстарын салу қажет бастапқы кезеңде Қазақстан Республикасының Yкіметі, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ӘКК-нің акционерлері болып табылады. Одан әрі ӘКК қалыптасып, оның орнықты даму жай-күйіне қол жеткізгеннен кейін олар қор нарығына шығуы мүмкін. ӘКК-нің меншігіне кейбір мемлекеттік республикалық және коммуналдық меншік объектілері, жер, жаңа өндірістерді құру үшін пайдалануға болатын рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындар берілетін болады. Бұл ретте өз қызметінде ӘКК пайдалануы мүмкін активтер ғана берілуінің тиістігі маңызды аспекті болып табылады. Мемлекеттік меншік объектілерін және жерді ӘКК-нің меншігіне беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болды. Мемлекеттік меншіктің активтерін ӘКК-нің меншігіне берудің мақсаты - бұл оларды ӘКК-нің коммерциялық қызметінде тиімді пайдалану. ӘКК-нің қызметі өндірістік байланыстарға қатысты және инвестицияларды тарту мен жаңа жобаларды іске асыруға бағыттауға тиіс. Осылайша, ӘКК өңірде жобаларды іске асыру үшін қаржылық, техникалық және басқарушылық ресурстарды шоғырландыратын болады. Бұдан басқа, ӘКК қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыру болады. Қазақстан Республикасының Yкіметі мен ӘКК арасындағы өзара қатынастар Қазақстан Республикасы Yкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган - Мамандандырылған кеңес арқылы жүзеге асырылатын болады, оны құру туралы шешімді және оның Қызметі туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және сауда, Қаржы министрліктерінің және басқа да орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларынан, мемлекеттік холдингтердің мамандандырылған кеңестерінің мүшелерінен тұратын мамандандырылған кеңес ӘКК-ні дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған жоспарын іске асырудың негіз қалаушы міндеттері мен тетіктері жөнінде ұсынымдар әзірлеумен және ӘКК-ні басқару органдарының (жалпы жиналыс, Директорлар кеңесі) құрамын айқындаумен айналысатын болады. ӘКК-ні басқару органдары Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес функцияларды, оның ішінде ӘКК қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарын және оның орындалуы туралы есепті бекітуді жүзеге асырады. ӘКК-нің алдына қойылған міндеттерді шешу үшін оның басқару органын басқарудың теориялық және практикалық тәжірибесі мен кең салалық білімі бар жоғары білікті, қазіргі заманғы менеджерлердің ішінен қалыптастыру қажет. ӘКК-ні басқаруды халықаралық іздестіру нәтижелері бойынша іріктілген қазақстандық және шетелдік басқарушы компаниялардың альянсы жолымен қалыптастырған орынды. ӘКК-ні басқару саясатының негізгі бағыттарының бірнешеуі: ӘКК-нің сыртқы экономикалық байланыстарын орнату, шетелдік инвестицияларды тарту Қазақстан өңірлерінің беделін шетелдерге жылжыту, жаңа технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізу, корпоративтік менеджменттің тиімділігін арттыру. ӘКК қызметін үйлестіруді Мамандандырылған кеңес жүзеге асыратын болады. Бұл ретте ӘКК республикалық және коммуналдық меншік объектілерін, жерді ӘКК-нің меншігіне беру бөлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайтын болады. Мемлекеттік орталық және жергілікті уәкілетті органдар өз кезегінде ӘКК-нің меншігіне берілуге тиіс республикалық және коммуналдық меншік объектілерінің тізбесін жасайтын болады. ӘКК-нің қызметін ынталандыру құралдарының бірі ӘКК арасында конкурстық негізде бизнес-жобаларды іске асыруға ұлттық даму институттары арқылы мемлекеттік гранттар бөлу болып табылады, бұл сондай-ақ олардың арасында бәсекені дамытуға ықпал ететін болады. Бұл ретте әрбір өңірдің ӘКК Директорлар кеңесі өкілдерінің және басқарушыларының арасынан өңіраралық консультативтік-кеңесші орган құрылуы мүмкін. Шағын бизнеске жәрдемдесу оны ӘКК жобаларына тарту жолымен, жаңа өндірістерді құру және экономиканы өңірде тұтастай дамыту арқылы жүргізілетін болады. ӘКК-нің шаруашылық қызметі іске асырылуы қандай да бір өңірдің жағдайларында экономикалық жағынан орынды болатын инновациялық жобалар туралы ақпарат жинауға да негізделетін болады. Қоғамдық ұйымдар ӘКК-нің инвестициялар бағытының басымдықтарын анықтаған кезде, сондай-ақ нақты жобаларды әзірлеген кезде тартылуы мүмкін. Қоғамдық ұйымдардың осы кезеңдерде қатысуының мақсаты - осы өңір халқының мүдделерін есепке алу. ӘКК-нің шеңберінде жасалатын өнімді өткізу үшін ӘКК-нің жеке сауда үйін, сондай-ақ көрме қызметін, консалтинг, оқыту және басқаларын өткізу үшін бизнес-орталығын құру мүмкіндігі көзделуде. ӘКК қызметі ӘКК-нің инфрақұрылымын дамытуға жіберілетін пайда алуды, коммерциялық жобаларды қаржыландыруды, өңірдің әлеуметтік даму процесінде маңызды фактор болатын әлеуметтік (білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт және басқалары) жобаларды жасауды және іске асыруды көздейді. Тұжырымдаманы практикалық іске асыру процесінде ӘКК-нің құрылған құрылымдарының тікелей жұмысы барысында туындайтын, ықтимал проблемалық мәселелерге талдау жүргізу және заңнаманы жетілдіру жөнінде (оның ішінде әкімшілік құрылыммен, жергілікті өзін-өзі басқарумен және бюджеттік қатынастармен байланысты мәселелер жөнінде) ұсыныстар енгізу болжанады.
§ 2. Өңірлік кластерлерді құру
Энергетикалық емес және өндірмейтін секторларда жаңа нарықтарды дамыту сауда маркалары қорғалған және зияткерлік меншік құқығы бар тауарларды өндіру үшін жағдай жасау, фермерлік шаруашылықты дамыту, ішкі және сыртқы нарықтарда кәсіпкерлік өнімдерін алға жылжыту сияқты міндеттерді іске асыру мақсатында ӘКК-нің басым міндеттерінің бірі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кластерге біріктіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін өңірде тиісті кластерлер құру және қажетті жағдай жасау болып табылады. Өңірлік кластер өндірістік және/немесе сервистік кәсіпорындарды (олардың жеткізушілерін қоса алғанда), құн белгілеудің бірыңғай тізбегі шеңберінде бір бірімен өзара іс-қимыл жасайтын нарықтық институттар (брокерлер, консультанттар) мен тұтынушыларды байланыстыратын технологиялар мен ноу-xay жасаушыларды аумақтық шоғырландыру базасында қалыптастырылған индустриялық кешенді білдіреді. Бұл ретте ӘКК мыналарды жүзеге асыра отырып, кәсіпкерлік өнімдерін сатып алушылар және сонымен бір уақытта менеджерлер рөлінде көрінеді: жаңа технологияларды өндіріске және қатарластыра енгізу кезінде шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының өнімін сатып алу, инновацияларды енгізуді басқару, ынталандыру; жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар базасында ауыл шаруашылығы өнімдерін тамақ тауарларына қайта өңдеу процесін ұйымдастыру және өнімді қайта өңдеу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарын енгізу; маркетинг және өнімді ішкі және сыртқы нарықта бірыңғай брэндпен жылжыту. ӘКК жеке сауда үйін құру кезінде осы сауда үйі арқылы ӘКК шеңберінде құрылатын өнімді сатуы мүмкін. ӘКК шаруашылық субъектілерін кластерлерге біріктіруге және кластердің өндірістік циклін ұйымдастыру жолымен жаңасын құруға, жер учаскелерін және инфрақұрылым объектілерін беруге, инновацияларды енгізуге, маркетингтік базаны құруға, кластердің барлық қатысушылары үшін шикізатты көтерме сатып алу есебінен өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, өнімдерді қайта өңдеу және түпкі өнімдерді сату қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарын енгізуге бастамашылық білдіреді. Бұл ретте құрылтайшысы ӘКК мен саланың өз кәсіпорындары - кластерге қатысушылар болатын акционерлік қоғам түрінде кластердің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын біріктіретін буын құру болжанып отыр. Кластерлерді құру кезінде басым салаларды айқындау оларда бәсекеге қабілетті кластерлерді құру үшін әлеуетті ретінде айқындалған экономика салаларының бағыттарын ескере отырып жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта елдегі жалпы экономикалық өсу аясында қала және ауыл халқының тұрмыс деңгейіндегі теңсіздік күшеюде, кірістердегі өңірлік айырмашылықтар да қомақты. Ауылдық жерлерде ел халқының 43 %-ы тұрады, ресми статистика деректері бойынша оның шамамен үштен бірінің кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Бұл жағдайды одан әрі консервациялау ел халқының тұрмыс деңгейі бойынша жіктелуін күшейтеді, қоғамдағы әлеуметтік-саяси ахуалға келеңсіз әсерін тигізеді, адами даму көрсеткіштеріне және елдің инвестициялық беделіне ықпал етеді. Осы проблемалар аясында ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласындағы кластерлерді дамыту ауылдық жерлердегі әлеуметтік және экономикалық жағдайды дамытуға ықпал ететін болады. Ауыл шаруашылығындағы ағымдағы төмен өнімділік пен ұйымдастыру кезінде тамақ өнеркәсібіндегі орта және шағын кәсіпорындар, шаруа қожалықтары техникалық артта қалушылықты өздігінен еңсере алмайтындығы әрі қазақстандық өнімді қомақты көлемде экспортқа өткізуді ұйымдастыра алмайтыны анық. Осыған байланысты шағын және орта кәсіпкерліктің экономикалық мүмкіндіктерін шоғырландыру технологиялық жаңғырудың локомотиві рөлінен көрінеді және белгілі бір өңірлік кластердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал етеді.
§ 3. ӘКК-нің рентабельді емес активтердi оңалтудағы қызметi
Кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілердің бірі өндірістік инфрақұрылымның қол жетімсіздігі, бірінші кезекте жер құны мен коммуникацияларға қосылудың қиындығы болып табылады. Осы проблемалар аясында мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын активтерін, жерді өндірістік мақсаттарда ӘКК-ге беру кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді шарасы болмақ. |