|
|
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 сәуірдегі № 410 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 412 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. «Республикалық бюджетте»»Шетелдік іссапарлар» бағдарламасы бойынша көзделген қаражатты пайдалану ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 сәуірдегі № 410 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық бюджетте «Шетелдік іссапарлар» бағдарламасы бойынша көзделген қаражатты пайдалану ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2008 жылғы 27 тамыздағы № 775 қаулысына Қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 сәуірдегі № 410 қаулысымен Бекітілген
Республикалық бюджетте «Шетелдік іссапарлар» бағдарламасы бойынша көзделген қаражатты пайдалану ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже республикалық бюджетте «Шетелдік іссапарлар» бағдарламасы бойынша көзделген қаражатты пайдалану тәртібін белгілейді. Ереженің күші «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 3) тармақшасымен реттелетін шетелдік те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебінен шетелдік қызмет бабындағы сапарларға қолданылмайды. 2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлігі) «Шетелдік іссапарлар» ағымдағы бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ретінде республикалық бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын (бұдан әрі - лауазымды адамдар) шетелге іссапарға жіберуге байланысты шығыстарды (бұдан әрі - іссапар шығыстары) төлеуге арналған қаражатты пайдалану туралы заңнамада белгіленген тәртіппен шешім қабылдайды.
2. Іссапар шығыстарын төлеуге бөлінетін республикалық бюджет қаражатын пайдалану тәртібі
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі республикалық бюджет бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес сомалар шегінде Сыртқы істер министрлігіне «Шетелдік іссапарлар» бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте көзделген шығыстарды қаржыландырудың лимиттерін ай сайын белгіленген тәртіппен тиісті айға бөледі. 4. Бөлінген қаражатты айырбастауды қамтамасыз ету үшін Сыртқы істер министрлігі Астана қаласының Қазынашылық департаментінде шетелдік валютада есепшот (қолма-қол есептесуге арналған) ашады. 5. Астана қаласының Қазынашылық департаменті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Астана қаласындағы Орталық филиалында бюджет ақшасын АҚШ долларына айырбастауды жүргізеді және оларды жоғарыда көрсетілген шетелдік валютадағы есепшотқа аударады. 6. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі тиісті айдың жоспарлы мақсаттарына баламалы сомада келесі күнтізбелік айға қолма-қол шетелдік валютаны алуға арналған өтінішті Астана қаласының Қазынашылық департаментіне әр айдың оныншы күніне дейін жолдайды. 7. Сыртқы істер министрлігі арнайы рейстерді орындау жөніндегі қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуді арнайы рейстерді орындайтын авиатасымалдаушы қол қойған, көрсетілген қызметтері туралы акті негізінде авиатасымалдаушының есеп шотына ақшалай қаражатты аудару жолымен жүргізеді.
3. Іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражатты бөлу тәртібі
8. Мемлекеттік орган іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражатты бөлу туралы жазбаша түрде тиісті іс-шараны өткізуге дейін кемінде он бес жұмыс күн бұрын не анағұрлым кеш мерзімде, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті мемлекеттік орган мен Сыртқы істер министрлігінің басшылары арасындағы келісім бойынша Сыртқы істер министрлігіне ұсынады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдардың басшылары іссапарға жіберілген кезде мемлекеттік орган аталған адамдардың іссапарға шығуы туралы мәселені Қазақстан Республикасының Президентімен немесе Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келіскеннен кейін Сыртқы істер министрлігін хабардар етеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы мемлекеттік органдар басшыларын, үкіметтік делегацияларды, оның ішінде Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясының жыл сайынғы сессиясына қатысатын Қазақстан Республикасы делегациясының мүшелерін іссапарға жіберген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері басқаратын Қазақстан Республикасының делегациясы шетелге жол жүрген кезде, арнайы рейстердің шығыстарын төлеу кезінде мемлекеттік орган аталған адамдардың іссапарға шығуы туралы мәселені Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен келіскеннен кейін Сыртқы істер министрлігін хабардар етеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін құрылатын делегация үкіметтік делегация болып табылады. 9. Мемлекеттік органның Сыртқы істер министрлігінің атына ұсынған өтінішінде шетелдік іссапардың мақсаты мен мерзімі туралы мәліметтер болуы тиіс. 10. Сыртқы істер министрлігі іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражатты бөлу туралы келіп түскен өтінішті мыналарды: 1) осы бюджеттік бағдарлама шеңберінде тиісті мемлекеттік орган қатысатын ағымдағы жылы жоспарланған іс-шараларды; 2) ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетте көзделген бюджет қаражатының көлемін; 3) мемлекеттік орган ұсынатын іс-шараға қатысудың сыртқы саяси орындылығын ескере отырып қарайды. Сыртқы істер министрлігі өтінішті қарау қорытындылары бойынша іссапар шығыстарын төлеуге қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды. 11. Жоспарланған іс-шара басталғанға дейін іссапар шығыстарын бөлу туралы шешім қабылданбаған жағдайда Сыртқы істер министрлігі іссапар шығыстарын өтеу туралы шешім қабылдайды. 12. Қаражат бөлу туралы қабылданған шешім негізінде Сыртқы істер министрлігі қолма-қол шетелдік валюта алуға арналған сенімхат беру үшін лауазымды адамдарды көрсете отырып, Астана қаласының Қазынашылық департаментіне хат жолдайды. Астана қаласының Қазынашылық департаменті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Астана қаласындағы Орталық филиалында қолма-қол шетелдік валютаны алу үшін Сыртқы істер министрлігінің хатында көрсетілген адамға сенімхат береді. 13. Сыртқы істер министрлігі іссапарлар шығыстарын төлеуге бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді. 14. Сыртқы істер министрлігінің шешіміне сәйкес шетелге іссапарға жіберілген лауазымды адамға мынадай іссапар шығыстарын төлеуге: іссапар мерзіміндегі тәуліктік шығыстарға; баратын орнына және кері жол жүру жөніндегі шығыстарға; тұрғын үй-жайды жалға алу үшін, оның ішінде баратын жерге кірер алдында болатын пункттерде жалға алу шығыстарына; билетті қайтару/айырбастау айыппұлына (іссапар кейінге қалдырылғанда немесе ауыстырылғанда, ауырғанда, басқа да фарс-мажорлық жағдайларда); валютаны айырбастағаны үшін комиссиялық алымдарға қаражат бөлінеді. Егер қабылдаушы тарап осы тармақта көрсетілген қандай да бір іссапар шығыстарын өзінің есебінен төлейтін болса, белгіленген нормалардың 30 (отыз) пайызы мөлшерінде бөлінетін тәуліктікті қоспағанда, тиісті іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражат бөлінбейді. 15. Осы Ереженің 14-тармағында көзделмеген іссапар шығыстарын Сыртқы істер министрлігі төлемейді. 16. Лауазымды адам шетелге іссапарға жол жүрген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн және Қазақстан Республикасына қайтқан кезде Қазақстан Республикасына келер алдында шет мемлекеттің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн іссапар мерзіміне қосылады. Іссапарға жіберілген лауазымды адамдардың мемлекеттік шекараларды кесіп өткен күндері уәкілетті органдардың паспорттағы белгілері бойынша айқындалады. Егер іссапарға жіберілген лауазымды адамның құжаттарына мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы уәкілетті мемлекеттік орган белгі қоймаған болса, мемлекеттік шекараны кесіп өткен күн іссапарлық куәлігіндегі белгілер бойынша айқындалады. 17. Егер лауазымды адамда іссапарлық куәлігі не шет мемлекеттердің немесе паспортта іссапарға жіберілген лауазымды адам транзиттік аймақта болған мемлекеттердің уәкілетті органдарының белгілері болмаса, іссапарға жіберілген лауазымды адамның әрбір елде болғандығын айғақтайтын жол жүру құжаттары есепті қабылдау үшін негіз бола алады. 18. Лауазымды адам бір тәуліктің ішінде екі шет мемлекеттің аумағында болған болса, іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражат белгіленген нормалардың 50 (елу) пайызы мөлшерінде осы елдердің әрқайсысы үшін бөлінеді. 19. Лауазымды адам бір тәуліктің ішінде екі шет мемлекеттен көп аумақта болатын болса, іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражат осы тәулік ішінде соңғы пункт болып табылатын ел үшін белгіленген нормалар бойынша бөлінеді. 20. Іссапар шығыстарын төлеуге бөлінген қаражатты үшінші адам алған жағдайда, заңнамада белгіленген тәртіппен расталған сенімхат ұсыну қажет. Іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражатты лауазымды адамға бөлу осы лауазымды адамның іссапар шығыстарын төлеуге бұрын бөлінген қаражатқа толық есеп берілген жағдайда ғана жүргізіледі. 21. Валюта есептеу үшін қолма-қол шетелдік валютаны айырбастағанын айғақтайтын құжатта көрсетілген айырбас бағамы қолданылады. Қолма-қол шетелдік валютаны айырбастағанын айғақтайтын құжаты болмаған жағдайда, шот-фактурада көрсетілген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі соңғы күні белгілеген бағам қолданылады.
4. Есеп беру
22. Іссапар мерзімі аяқталғаннан кейін үш жұмыс күнінің ішінде іссапарға жіберілген лауазымды адам Сыртқы істер министрлігіне іссапар шығыстарын төлеуге бөлінген қаражатты пайдаланғандығы туралы мынадай құжаттарды қамтитын аванстық есепті ұсынуға міндетті: 1) паспорттың көшірмесі (2-беттің және шекараны кесіп өткендегі туралы белгілері бар беттің (тердің) көшірмелері); шекараны кесіп өткендігі туралы белгілері паспортта болмаған жағдайда, іссапарға жіберілген адамның жұмыс орны бойынша және қабылдаушы ұйымның кадрлық қызметінің белгілері бар іссапар куәлігінің көшірмесі ұсынылады; 2) жол жүру құжаттары: шот-фактурасын (инвойсты) және фискалдық чекті (арнайы рейспен жол жүрген жағдайда талап етілмейді) міндетті түрде қоса тіркеп, баратын орнына және кері қарай жол жүру (такси қызметі төленбейді) билеттері; вокзалдан, әуежайдан, кемежайдан және кері қарай көпшілік пайдаланатын көлікпен түпкі баратын орнына жол жүру жөніндегі құжаттары; әуежайлар әкімшіліктері қарастырған жағдайда әкімшілік алымдарды төлеу жөніндегі түбіртектер; бар болған жағдайда, билетті қайтарғаны/алмастырғаны үшін айыппұл төлегенін айғақтайтын құжаттар; электрондық авиабилетті тапсырған жағдайда отырғызу талонын және авиабилеттің құнын төлегендігін айғақтайтын құжатты қоса тапсыру міндетті; жол жүру билеттерін немесе билетті қайтарғаны/алмастырғаны үшін айыппұл төлегендегін айғақтайтын құжаттарды жоғалтқан жағдайда, аталған құжаттарды берген ұйымның жазбаша айғақтамасын тапсыру қажет; 3) валюта айырбастау операциясы кезінде алынған валюта айырбастаудың бағамы мен күні көрсетілген құжаттар. 23. Іссапар қорытындылары бойынша тәуліктік және тұрғын үйді жалға алу жөніндегі шығыстар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нормаларға сәйкес өтеледі. Адамдардың тұру шығыстары нақты шығындар бойынша төленетін белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда өтеу растайтын құжаттарды ұсыну арқылы жүргізіледі. 24. Іссапар шығыстарын төлеуге арналып бөлінген пайдаланылмаған қаражаттың қалдығын есеп беруші адам іссапар мерзімі аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шетелдік валютадағы шотына қайтаруы тиіс. 25. Республикалық бюджеттің есебінен ұсталатын қандай да бір мемлекеттік органның лауазымды адамының дебиторлық берешегі болған жағдайда (қайтып оралған сәттен бастап 30 күнтізбелік күннен астам), Сыртқы істер министрлігінің қазіргі бар берешегін өтегенге дейін осы мемлекеттік органның лауазымды адамдарына іссапар шығыстарын төлеуге арналған қаражатты бөлуді жүзеге асыруға құқығы жоқ.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |