Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2008 жылғы 11 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2007.30.04. № 352 өзгерістер мен толықтырулар енгізілу туралы қаулысын қара (2010 жылғы 13 тамыздан бастап енгізіледі)
«Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесі бекітілсін. 2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегi № 326 қаулысымен Бекітілген
Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесi
Осы Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, басқа да нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес әзірленді және банкроттық рәсімдерінде сауда-саттыққа қатысуға тең қол жетімділік, сауда-саттыққа қатысушылардың бәсекелестігі қағидаттарында борышкердің талап ету құқықтарын қоса алғанда мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу тәртібін реттейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: сауда-саттықтың ағылшындық әдісі - бастапқы баға неғұрлым жоғары баға ұсынған бір қатысушы қалған сәтке дейін алдын ала жарияланған қадаммен өсетін сауда-саттық әдісі; сауда-саттықтың голландтық әдісі - бастапқы баға қатысушылардың бірі аукцион затын жарияланған баға бойынша сатып алуға келісім берген сәтке дейін жарияланған қадаммен төмендейтін сауда-саттық әдісі; лот - аукционда бір мезгілде сатылатын зат немесе бірнеше зат; лоттың ең төменгі бағасы - лот одан төмен сатылуы мүмкін емес баға; жеңімпаз - аукцион заты үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушы; сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушы; сатушы - конкурстық басқарушы; лоттың бастапқы бағасы - әрбір лот бойынша сауда-саттықтар басталатын баға; уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, оған берілген өкілеттіктер шегінде банкроттық рәсімдерін өткізуді бақылауды (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), сондай-ақ соттан тыс рәсімде дәрменсіз борышкерді таратуды жүзеге асыратын мемлекеттік орган; сауда-саттыққа қатысушы - осы Ережеде белгіленген тәртіппен сауда-саттыққа қатысу үшін тіркелген жеке немесе заңды тұлға; сату бағасы - сауда-саттықтар нәтижесінде белгіленген лоттың түпкілікті бағасы. 2. Табиғи монополия субъектілері немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайды иеленген не республиканың экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға ықпал етуге қабілетті, сондай-ақ мемлекеттің бастамасы бойынша банкрот деп танылған нарық субъектілері болып табылатын ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтардың және мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында конкурстық массаны сатудың ерекше шарттары мен тәртібін және конкурстық масса объектілерін сатып алушыларға қосымша талаптар белгілеуге құқылы. 3. Борышкердің мүлкін сатуды сатушы белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген борышкердің мүлкін (активтерін) сату жоспарына (бұдан әрі - сату жоспары) сәйкес сауда-саттық жүргізу жолымен жүзеге асырады.
2. Борышкердің мүлкін сатудың жоспарын жасау, келісу және бекіту тәртібi
4. Сату жоспарын сатушы түгендеу деректерінің және конкурстық массаны бағалау негізінде жасайды және ол лоттарға бөлінген мүліктің тізбесін, олардың қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықтарды өткізудің дәйектілігін, сауда-саттықтардың әдістерін, әрбір лот бойынша бастапқы және ең төменгі бағаны қамтиды. Сату жоспары, конкурстық басқарушыны (сатушыны) тағайындаған уәкілетті органға келісуге ұсынылады. Уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде ұсынылған сату жоспарына келісім береді не орындау үшін ескертпелерді жою туралы қорытынды жібереді. Уәкілетті органмен келісілген сату жоспарын борышкердің кредит берушілер комитеті бекітеді. Қарсылық болған кезде борышкердің кредит берушілер комитетінің ұсынылған сату жоспарын уәкілетті органға шағымдануына болады, ол бес жұмыс күні ішінде қарсылықтың негізділігі туралы қорытынды береді және конкурстық басқарушыға борышкердің кредит берушілер комитетінің қарсылығына сәйкес сату жоспарына өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді тапсырады не борышкердің кредит берушілер комитетінің қарсылығымен келіспейтіндігі туралы қорытынды береді. Уәкілетті органның борышкердің кредит берушілер комитетінің қарсылықтарымен келіспейтіндігі туралы қорытындысына сотқа шағым жасалуы мүмкін. 5. Мүлікті бағалауды жүргізу үшін сатушы бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушыны тартады, оның қызметіне ақы төлеу банкрот мүлкінің есебінен жүргізіледі. 6. Бағалаушыны тарту конкурстық негізде бағалау ұсыныстарына сұрау салу әдісімен, конкурс өткізу орны, күні және оның негізгі шарттары туралы ақпараттық хабарламалар нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми түрде жариялау құқығын белгіленген тәртіппен алған, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына немесе борышкер орналасқан жер бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікке таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялана отырып, жүргізіледі. 7. Бағалаушыны тарту үшін қаражат жеткіліксіз болған жағдайда конкурстық басқарушы кредит берушілер комитетінің келісімімен мүлікті сауда-саттыққа теңгерімдік құны бойынша шығаруға құқылы. 8. Сату жоспарын жасау кезінде сату объектілерді сауда-саттықтың ағылшындық және голландтық әдісі бойынша сатудың бастапқы бағалары бағалау құнынан төмен болмайтын мөлшерде, ал бағалау болмаған кезде - теңгерімдік құн бойынша белгіленеді. Дебиторлық берешек сауда-саттыққа голландтық әдіс бойынша оның номиналды мәні мөлшеріндегі бастапқы бағасымен шығарылады. 9. Сауда-саттық ұйымдастыру және жүргізу үшін сатушы сауда-саттықты ұйымдастырушыны шартты негізде тартуға құқылы. Сауда-саттықты ұйымдастыру туралы мәліметтер, оны тарту қажеттігі негіздемесімен қоса сату жоспарына енгізіледі. 10. Егер сату жоспарында көзделген сауда-саттық барлық немесе жекелеген лоттар бойынша өткізілмеді деп танылса, сатушы сату жоспарына осы Ереженің 4-тармағында белгіленген тәртіппен келісілуге және бекітілуге тиіс өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізеді.
3. Сауда-саттықты дайындау жөніндегі іс-шаралар
11. Сауда-саттық жүргізу туралы ақпараттық хабар нормативтік құқықтық кесімдерді ресми түрде жариялау құқығын белгіленген тәртіппен алған, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына немесе борышкер орналасқан жер бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікке таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында сауда-саттық жүргізілгенге дейін кемінде 10 күнтізбелік күн бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады. Сауда-саттық жүргізілмеді деп танылған немесе сауда саттық жүргізудің негізгі шарттары өзгерген жағдайда сауда-саттық жүргізу туралы ақпараттық хабар осы тармақта белгіленген тәртіппен жарияланады. Сауда-саттық жүргізудің негізгі шарттарына сауда-саттық өткізу күні, орны, уақыты және әдісі, қойылатын лоттардың мөлшері және олардың бастапқы және ең төменгі бағалары жатады. 12. Ақпараттық хабар мыналарды қамтуы тиіс: 1) сауда-саттық өткізу күні, орны және уақыты; 2) мүлкі сауда-саттыққа қойылатын борышкердің атауы, қызметінің негізгі бейіні және мекен-жайы; 3) шығарылатын лоттардың әрбір лотты құрайтын мүліктің қысқаша сипаттамасы бар тізбесі; 4) әрбір лот бойынша сауда-саттық өткізу әдісі; 5) сатуға шығарылатын лоттардың бастапқы және ең төменгі бағалары; 6) кепілдік жарнаның мөлшері және алушының есеп шоты; 7) мүлікті сатудың ерекше шарттары және Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген жағдайда сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптар; 8) өтінімдерді қабылдау орны және мерзімі; 9) қосымша ақпарат алуға болатын телефондар мен мекен-жайлар. 13. Ақпараттық хабар жарияланғаннан кейін сатушы барлық тілек білдірушілерге борышкердің сауда-саттыққа шығарылған мүлкі, сондай-ақ аукционды ұйымдастыру мен жүргізудің ережелері туралы ақпаратқа еркін қол жетімділікті қамтамасыз етеді. 14. Сауда-саттыққа қатысуға осы Ережеде белгіленген тәртіппен тіркеуден өткен жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік заңды тұлғалар жіберіледі. Сауда-саттыққа кіру билетін төлеген барлық тілек білдірушілердің қатысуға құқығы бар. Бұқаралық ақпарат құралдары сауда-саттықтар жүргізу кезінде, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамада көзделген тәртіппен өз журналистерін тіркей алады. 15. Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабар жарияланғаннан кейінгі келесі күннен бастап жүргізіледі және сауда-саттық басталғанға дейін бір сағат бұрын аяқталады. Сауда-саттық өткізуді бастау жергілікті уақыт бойынша сағат 11-ден ерте белгіленбейді. 16. Сауда-саттыққа қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды ұсыну қажет: 1) сауда-саттыққа қатысуға өтінім; 2) паспорт немесе жеке куәлік; 3) кепілдік жарна енгізгендігін растайтын төлем құжатының көшірмесі; 4) өкілдің өкілеттігін куәландыратын құжат; 5) Қазақстан Республикасының Үкіметі конкурстық массаны сатып алушыларға ерекше шарттар мен қосымша талаптар белгілеген жағдайда осы шарттарға сәйкестігін растайтын құжаттар. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары заңды тұлғаның жарғысының, статистикалық карточкасының және тіркеу туралы куәлігінің нотариалды расталған көшірмелерін қосымша ұсынады. Шетелдік заңды тұлғалар мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариалды расталған аудармасы бар құрылтай құжаттарын қосымша ұсынады. 17. Өтінімдер қабылдау және сауда-саттыққа қатысуға тілек білдіруші тұлғаларды тіркеу, талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы болған кезде жүргізіледі. 18. Кепілдік жарна мыналардың: 1) сауда-саттыққа қатысушының - сауда-саттықтың ағылшындық әдісі кезінде бастапқы бағаны жариялаған кезде немесе сауда-саттықтың голландтық әдісі кезінде ең төменгі бағаға жеткен кезде сауда-саттықта бәсекелесу, сондай-ақ сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға қол қою; 2) жеңімпаздың - сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға қол қою және сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес сатып алу-сату шартын жасасуы; 3) сатып алушының - сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді тиісті түрде орындау міндеттемелерін қамтамасыз ету болып табылады. Сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарна сауда-саттықтың ағылшындық және голландтық әдісі кезінде әрбір лот бойынша лоттың бастапқы бағасының 10%-ын құрайды. Кепілдік жарнаны қатысушы үшін кез келген басқа жеке немесе заңды тұлға енгізе алады. Кепілдік жарнаны алушы сатушы болып табылады. Сауда-саттықта жеңіп шыққан және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер шотына жатқызылады. 19. Сатушы кепілдік жарнаны мыналарға қайтармайды: 1) сауда-саттыққа қатысушыға - сауда-саттықтар өткізілгенге дейін үш күннен аз уақытта оған қатысудан бас тартқан жағдайда; сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда; сауда-саттықтың ағылшындық әдісі кезінде бастапқы баға жарияланған кезде немесе сауда-саттықтың голландтық әдісі кезінде ең төменгі бағаға қол жеткізілген кезде аукциондық нөмірді көтермеген жағдайда; 2) жеңімпазға - ол сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан не сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартқан жағдайда; 3) сатып алушыға - оның тарабынан сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда. Қалған жағдайларда кепілдік жарналар сауда-саттық аяқталған күннен бастап бес банктік күннен аспайтын мерзімде қайтарылады. 20. Сатушының мыналарға құқығы жоқ: 1) сауда-саттыққа қатысушыдан сауда-саттықтарға қойылғандардың қатарынан сол немесе өзге лотты сатып алуға ниеті туралы ақпарат беруін талап етуге; 2) сауда-саттыққа дайындаудың және оларды өткізудің бүкіл кезеңі ішінде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жария етуге; 3) қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Ереженің 16-тармағында санамаланғандардан басқа, қосымша құжаттарды ұсынуды талап етуге. 21. Тіркеуден өткен тұлға сауда-саттық жүргізілетін күні аукциондық нөмір алады. Сауда-саттық процесінде аукциондық нөмірді басқа тұлғаның пайдалануына тыйым салынады. 22. Сатушының айрықша функциялары мыналар болып табылады: 1) кепілдік жарналарды қабылдау; 2) сауда-саттықтың жүргізілу барысын бақылауды жүзеге асыру; 3) сауда-саттық жеңімпаздарымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және олардың орындалуын бақылау; 4) сауда-саттыққа қатысушылармен және сатып алушымен есеп айырысуларды жүзеге асыру.
23. Сауда-саттықты сауда-саттықты ұйымдастырушы өткізеді. Сауда-саттық оны жүргізу ережесін хабарлаудан басталады. Қатысып отырған адамдардың сауда-саттықтың барысына ықпал етуге немесе оны жүргізу ережесін бұзуға құқығы жоқ, олай болмаған жағдайда сауда-саттықты жүргізу залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Сатушы, сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттықтың бейнежазбасын жүргізе алады. 24. Әрбір лот бойынша сауда-саттық сауда-саттықты ұйымдастырушының аукцион затын, оның қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткізу әдісін, бастапқы бағаны және бағаның өзгеру қадамын жариялаудан басталады. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттық процесінде бұл туралы хабарлай отырып, бағаның өзгеру қадамын өзгертуге құқылы. Өзгеру қадамы лоттың ағымдағы бағасының 10%-ға дейінгі мөлшерінде белгіленеді. 25. Сауда-саттық төменде сипатталған екі әдістің бірі бойынша өткізіледі: 1) сауда-саттықтың ағылшындық әдісі - сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бастапқы бағасын және бағаның өсу қадамын жариялайды. Сауда-саттыққа қатысушылар нөмірді көтеру арқылы аукцион затын бастапқы баға бойынша сатып алуға дайындығын растайды. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылардың лот бойынша аукциондық нөмірлерін жариялайды, бағаны бекітіп береді және оны көтеруді, бірақ кемінде жарияланған қадамға көтеруді ұсынады. Лот бойынша сауда-саттық ең жоғары ұсынылған бағаға дейін жүреді. Сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың соңғы бағасын үш рет қайталайды және кемінде 10 секунд ішінде басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде балғаның соққысымен осы лоттың сатылғандығы туралы хабарлайды. Лот үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңімпаз деп жарияланады. Егер бағаны жоғарылатқан кезде сауда-саттыққа қатысушылардың ешқайсысы лотты сауда-саттықты ұйымдастырушы жариялаған баға бойынша сатып алуға тілек білдірмеген жағдайда сауда-саттықты ұйымдастырушы бағаның өзгеру қадамын азайту туралы хабарлайды және сауда-саттыққа қатысушыларға сауда-саттықты жалғастыруды ұсынады. Лот үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңімпаз деп жарияланады; 2) сауда-саттықтың голландтық әдісі - сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттық бастапқы бағасын хабарлайды және оны жаңа бағаны, бірақ лоттың ең төменгі бағасынан кем емес бағаны хабарлай отырып, мәлімделген қадаммен төмендетеді. Аукциондық нөмірді көтерген кезде сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бағасын үш рет қайталайды және жарияланған баға кезінде бірінші болып аукциондық нөмірді көтерген қатысушының нөмірін атайды және кемінде 10 секундтың ішінде басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде балғаның соққысымен оны осы лот бойынша жеңімпаз деп хабарлайды. Егер қатысушының нөмірін қайталаған кезеңде басқа қатысушы (қатысушылар) нөмір көтерген жағдайда осы лот бойынша сауда-саттықтың жалғасы ағылшындық әдіс бойынша жүзеге асырылады. Лоттың ең төменгі бағасына қол жеткізілген кезде көтерілген аукциондық нөмірлердің болмауы сауда-саттықты өткізу ережесінің бұзылуы деп танылады. 26. Лот бойынша сауда-саттық, егер сауда-саттыққа қатысушылардың саны кемінде екеу болған жағдайда ғана жүргізілді деп саналады. 27. Әрбір сатылған лот бойынша сауда-саттықтың нәтижелері әрбір лот бойынша аукцион аяқталғаннан кейін сатушы, сауда-саттықты ұйымдастырушы, жеңімпаз және барлық қатысушылар қол қоятын сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамамен ресімделеді. Сауда-саттыққа қатысушы өзінің сауда-саттық қорытындысымен келіспейтіндігін білдіруге құқылы. 28. Сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттама сауда-саттықтың нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының объектіні сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартын жасасу міндеттемесін тіркейтін құжат болып табылады. Жеңімпаз хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде сатып алу-сату шартын жасасуға міндетті. 29. Егер жарияланған сауда-саттықтарға өтінімдер келіп түспеген немесе тек бір қатысушы тіркелген не сауда-саттыққа қатысушылардың біреуі ғана келген жағдайда сауда-саттық өткізілмеді деп танылады, сауда-саттықты ұйымдастырушы сатушы қол қоятын тиісті хаттама жасайды. 30. Борышкердің айналымы шектелген мүлкін сату жабық сауда-саттықта жүзеге асырылады. Жабық сауда-саттықтың қатысушылары осы мүлікті сатып алуға құқығы бар адамдар болуы мүмкін.
5. Шарт жасасу және мүлікті беру тәртібi
31. Объектіні сатып алу-сату шарты сатушы мен сатып алушы арасында жазбаша нысанда жасалады және ол шарт жасасу негіздемесі ретінде сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға сілтемені қамтуға тиіс. Сатушы сатып алу-сату шартында, сатып алушыда объектіге меншік құқығы оны толық төлегеннен кейін пайда болатындығы туралы көрсетуге міндетті. 32. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысулар сатушы мен сатып алушы арасында жүргізіледі. Аванстық төлем мүлікті сату бағасының кемінде 30% мөлшерінде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап бес банктік күннен кешіктірілмейтін мерзімде енгізіледі. Кепілдік жарна тиесілі аванстық төлемнің шотына есептеледі. Қалған сома сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізілуі тиіс. Түпкілікті төлемнің мерзімі өткен жағдайда сатушы шартты бір жақты тәртіппен бұзуға және сатып алушыдан кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде нақты залалды өтеуді талап етуге құқылы. 33. Объектіні беру сатып алушы мүліктің сату бағасын толық төлегеннен кейін қабылдап алу-беру актісі бойынша жүргізіледі. 34. Сатып алу-сату шарты бұзылған жағдайда мүлік сауда-саттыққа қайта шығарылады.
35. Мүлікті сатудан алынған және де кіру билеттерін сатудан түскен қаражат конкурстық өндірістің әкімшілік шығыстарын және «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілікке сәйкес кредит берушілердің талаптарын өтеуге жіберіледі.
Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегi № 326 қаулысына Қосымша
Қазақстан Республикасы Yкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесi
1. «Банкрот деп танылған, таратылатын ұйымдардың мүлкін (активтерін) сатуға алдын ала дайындау мен сатудың тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1998 жылғы 11 тамыздағы № 759 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 27, 232-құжат). 2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 11 тамыздағы № 759 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 5 желтоқсандағы № 1244 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., № 45, 411-құжат). 3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 11 тамыздағы № 759 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 7 желтоқсандағы № 1251 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 45, 413-құжат). 4. «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің аумақтық органдары - мемлекеттік мекемелерін қайта атау, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 маусымдағы № 695 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 25, 328-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы. |