Мемлекеттік органдар мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық
Осы редакция 2010 жылғы 20 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Мемлекеттік органдар мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының арасында мұнай операцияларындағы өкiлеттiктердi ажырату мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса берiлiп отырған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының мұнай операцияларындағы өкiлеттiктерiнiң тiзбесi бекітілсiн. 2. Жер қойнауын пайдалану мәселелерi жөніндегі құзыреттi орган, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегі, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегі, өнеркәсiптегi жұмыстардың қауiпсiз жүргізілуін қадағалау жөнiндегі мемлекеттік органдар және өзге де мемлекеттік органдар заңнамаға және әрбiр мемлекеттік орган туралы ережелерге сәйкес мұнай операциялары саласындағы оларға жүктелген функцияларды жүзеге асырады. 3. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі (бұдан әрi - Министрлiк) бiр ай мерзiмде көрсетiлген қоғам: 1) мұнай операциялары саласындағы Министрлiктiң жұмыс органы ретiнде мұнай-газ саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясатты iске асыру, республиканың мұнай-газ ресурстарын тиiмдi және ұтымды игерудi қамтамасыз ету мақсатында Министрлiк шешiмдер қабылдау үшiн құжаттар дайындауға, сондай-ақ мұнай мен газ ресурстарын пайдалану, ұдайы өндiру және одан әрi ұлғайту стратегиясын әзiрлеуге қатысады; 2) Министрліктiң тапсырмасы бойынша жүргiзiлетiн мұнай операцияларына байланысты Министрлiкке ұсынылатын құжаттардың сараптамасын жүзеге асырады және олар бойынша ұсынымдық сипаттағы қорытындылар бередi; 3) теңiздегi мұнай операциялары және басқа да мұнай операциялары бойынша келісім-шарттарда келісім-шарттарға үлестiк қатысу арқылы мемлекеттік коммерциялық мүдделердi білдiредi, өнiмдi бөлу туралы келісімдерде өкiлеттi органның функцияларын жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруын қоспағанда, мұнай операцияларын жүргiзуге арналған осы келісім-шарттар талаптарының сақталуына мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға қатысады; 4) Министрлiктен жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру, құжаттарға сараптама жүргiзу және Министрлiктiң тапсырмаларын орындау үшiн қажеттi барлық мәселелер бойынша ақпарат алуға құқылы деп белгiлей отырып, мұнай операцияларындағы өкiлеттiктердi жүзеге асыру кезiнде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамымен өзара iс-қимыл шартын әзiрлесiн және бекiтсiн. 4. Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгi және өзге де мүдделi мемлекеттік органдар осы қаулыдан туындайтын барлық қажеттi шараларды қабылдасын. 5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 маусымдағы № 707 қаулысымен бекітілген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының мұнай операцияларындағы өкiлеттiктерінің тiзбесi 1. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрi - Ұлттық компания): 1) мұнай мен газ ресурстарын пайдалану, ұдайы өндiру және одан әрi ұлғайту стратегиясын әзiрлеуге; 2) мұнай-газ саласында бiрыңғай мемлекеттік саясатты iске асыруға; 3) Каспий және Арал теңiздерi секторларын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында мұнай операцияларына арналған конкурстар ұйымдастыруға; 4) заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мұнай-газ операцияларын жүзеге асыру жөніндегі халықаралық және ішкі жобаларына; 5) белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының көмiрсутегi шикiзатын тасымалдау жөніндегі барлық iшкi және халықаралық жобаларына; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне келісім-шарттардың орындалу барысы туралы жыл сайынғы есептердi дайындауға қатысады. 2. Мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгерлермен келісім-шарттарда Ұлттық компания келісім-шарттарға мiндеттi үлестiк қатысуы арқылы мемлекеттік мүдделердi білдiредi, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруды қоспағанда, көрсетiлген келісім-шарттарда мұнай операцияларын бақылауды, байқау мен реттеудi жүзеге асырады. 3. Ұлттық компания мұнай операцияларымен байланысты жаңа жобаларды дайындайды және iске асырады. 4. Ұлттық компания мұнай мен газ кен орындарын iздестiру мен барлау, мұнай өндiру саласында қолданбалы ғылыми зерттеулердi жүзеге асырады. 5. Ұлттық компания республика мұнай-газ ресурстарының тиiмдi және ұтымды игерiлуiн қамтамасыз етедi және (немесе) жүзеге асырады. 6. Құзыреттi орган жер қойнауын қорғау жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша Үкiметтiң бекiтуi үшiн инвестициялық бағдарламалардың конкурсына шығаруға осы тiзбеде оған тiкелей келiссөздердің негiзiнде Құзыреттi орган құрлықта да, теңiзде де қандай блоктар мен телiмдер ұсынуы тиiс екенiн көрсетiп, Ұлттық компанияның ұсыныстарын ескере отырып, блоктар мен жер қойнауы телiмдерiнiң тiзбесiн және Ұлттық компанияның мiндеттi үлестiк қатысуымен әзiрленетін блоктар мен телімдердiң тiзбесiн қалыптастырады. 7. Құзыретті орган Ұлттық компанияның ұсыныстарын ескере отырып, инвестициялық бағдарламалардың конкурсына шығаруға жататын жер қойнауы телімдерінің (блоктарының) тiзбесiн қалыптастырады. 8. Ұлттық компания өзiнiң өкілдерi арқылы: 1) инвестициялық бағдарламалардың конкурстарын өткізу жөніндегi комиссиялардың; 2) Мұнай мен газ кен орындарын әзiрлеу жөніндегі орталық комиссияның; 3) жер қойнауын мемлекеттік сараптау жөніндегі арнайы уәкiлеттi органның жұмысына қатысады. 9. Ұлттық компания Үкiмет бекiткен оның мiндеттi үлестiк қатысуы бар блоктар бойынша конкурстың негiзгi талаптарын қалыптастыруға қатысады. 10. Ұлттық компания болашақтағы келiсім-шарт бойынша өзара міндеттемелерді белгілеу мақсатында Құзыретті органмен теңiздегi барлық iрi жобалар бойынша келісім-шарттардың жобаларын дайындауға қатысады. 11. Ұлттық компания көмiрсутегілердi барлау, әзiрлеу, өндiру, қайта өңдеу, сату, тасымалдау, мұнай-газ құбырларын және мұнай-газ кәсіпшiлiгi инфрақұрылымын жобалау, салу, пайдалану мәселелерi бойынша корпоративтiк басқару мен мониторингті жүзеге асырады. 12. Ұлттық компания көмiрсутегi шикiзатын сату, тасымалдау және мұнай-газ құбырларын пайдалану мәселелерi бойынша маркетингтi жүзеге асырады. 13. Құзыретті орган Ұлттық компанияны жұмыс органы ретiнде: 1) мұнай операцияларымен байланысты жобалардың сараптамасына; 2) Өнiмдi бөлу туралы келісімдер мен үлестiк қатысуы бар келісім-шарттар бойынша кен орындарын барлау мен әзiрлеу, оларды жайластыру және пайдалану нормативтерi мен технологияларын сақтауға; 3) Өнiмдi бөлу туралы келісімдер мен үлестік қатысуы бар келісім-шарттар бойынша жұмыс кестелерiн сақтауға; 4) келісім-шарттар мерзімдерінің аяқталуы бойынша не пайдаланудан шығарылуына қарай не келісім-шартта көзделген басқа себептер бойынша мердігерден Қазақстан Республикасына беруге жататын мүліктi қабылдап алуға-тапсыруға; 5) халықтың қауiпсiздігiн және қоршаған табиғи ортаның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кен орындары мен жекелеген ұңғымаларды консервациялауға; 6) келісім-шарттардың салық режимiнiң моделiн таңдауды белгiлеуге; 7) көмірсутегі шикiзатын өндiрудің, тасымалдау мен қайта өңдеудiң мониторингiне; 8) мұнай операцияларын жүргізуге арналған келісім-шарттардың, оның ішінде Өнiмдi бөлу туралы келісімдер талаптарын орындауға; 9) магистральды мұнай-газ құбырлары бойынша тасымалдауға, мұнай мен газды кейiннен сақтауға және көліктің басқа түрлерiне ауыстыруға байланысты, сондай-ақ мұнай-газ көлiгi инфрақұрылымының қазiргi бар объектілерiн пайдалану мәселелерi бойынша мұнай-газ көлігі инфрақұрылымының объектiлерiн жоспарлауды, жобалауды, салуды реттеуге; 10) төтенше жағдайларды қоса алғанда, техникалық шешiмдердi таңдауға; 11) кен орындарының жабдықтарын, құрылыстары мен өзге де жайластыру объектілерiн монтаждан бөлшектеуге, жоюға немесе консервациялауға, сондай-ақ жерлердi қайта өңдеуге; 12) Келісімдердің талаптары бойынша мемлекеттiң үлесi болып табылатын шикiзаттың бiр бөлiгiн, оның iшінде роялтидi мемлекеттің билiгiне беруге байланысты операцияларды жүзеге асыруға; 13) келісім-шарттардың, оның iшінде Өнiмдi бөлу туралы келісімнiң талаптары бойынша уәкiлеттi мемлекеттік органға (ұйымға) iлеспе заттарды қоса алғанда, мемлекетке тиесiлi шикiзатты беру жөніндегi есепке алу мен есептілiктi бақылауға; 14) келісім-шарттардан, оның ішінде Өнiмдi бөлу туралы келiсімдерден немесе оларға байланысты туындайтын дауларды шешу кезінде мемлекеттің мүдделерін қорғауға; 15) Құзыреттi органның тиiстi тапсырмаларының негізiнде өзге де мәселелер бойынша тарта алады. 14. Ұлттық компания үлестiк қатысуы бар келісім-шарттарда мердiгерлерге рұқсат беру құжаттарын алу үшiн материалдарды ресімдеуге жәрдем көрсетедi. |