|
|
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы (2007.28.02. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2010 жылғы 15 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту және олардың қолданылуын тоқтату тәртібін айқындайды. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларына, халықаралық шарттың өзінiң ережелерiне, Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясына, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерiне сәйкес жасалады, орындалады, өзгертiледi және тоқтатылады.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) халықаралық шарттың тең түпнұсқа мәтiнi - келiссөздерге қатысушы тараптар немесе уағдаласушы тараптар түпнұсқа (түпкiлiктi нұсқа) ретiнде қарайтын халықаралық шарт мәтiнi; 2) мемлекетiшілік рәсiмдер - халықаралық шартты Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ратификациялауы, Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Үкіметінiң бекітуi немесе қабылдауы; 3) күшін жою - Қазақстан Республикасының өзi жасасқан халықаралық шарттан тиiсiнше ресiмдеп бас тартуы және Қазақстан Республикасы халықаралық шартының қолданылуын тоқтату тәсiлінің бiрi; 4) депозитарий - халықаралық шарттың түпнұсқасы сақтауға тапсырылатын және осы халықаралық шартқа қатысты халықаралық құқық нормаларында көзделген функцияларды орындайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе оның басты атқарушы лауазымды адамы; 5) уағдаласушы тарап - халықаралық шарттың күшiне енгенiне немесе енбегенiне қарамастан халықаралық шарттың өздерi үшiн мiндеттi екендігіне келiскен мемлекет немесе халықаралық ұйым; 6) халықаралық шарт жасасу - Қазақстан Республикасының өзi үшiн халықаралық шарттың мiндетті екендiгiне келісім бiлдiруi; 7) халықаралық ұйым - мемлекетаралық немесе үкiметаралық ұйым; 8) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты - Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бiр құжатта немесе өзара байланысты бiрнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқық реттейтiн халықаралық келісім; 9) ескертпе - көпжақты халықаралық шартқа қол қою, ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оған қосылу кезiнде мемлекет немесе халықаралық ұйым кез келген тұжырыммен және кез келген атаумен бiр жақты жасаған мәлiмдеме, осы мәлiмдеме арқылы осы мемлекет немесе осы халықаралық ұйым халықаралық шарттың белгілі бiр ережелерiнің заңдық күшiн олардың аталған мемлекетке немесе аталған халықаралық ұйымға қолданылуына қатысты жоюды немесе өзгертудi қалайды; 10) дәйектеу - келіссөздерге қатысушы әрбiр тараптың өкiлетті өкілдерінің халықаралық шарт мәтiнiмен келiсу белгісi ретінде келiсілген халықаралық шарттың жобасына немесе оның жекелеген баптарының нормаларына инициалдарымен алдын ала қол қоюы, не халықаралық шарт мәтiнiнiң тең түпнұсқалығын анықтау тәсiлдерiнің бiрi; 11) қол қою - халықаралық шартты жасасу сатысы немесе егер халықаралық шартта қол қоюдың осындай күші бар екендiгi көзделген немесе Қазақстан Республикасы мен келiссөздерге қатысушы басқа да тараптардың қол қоюдың осындай күшке ие болуға тиiс екендігі туралы уағдаластығы өзге де жолмен белгіленген, немесе Қазақстан Республикасының қол қоюға осындай күш беру ниеті оның өкілінің өкілеттігінен туындаған және (немесе) келіссөздер кезінде білдірілген жағдайда халықаралық шарттың өзі үшiн мiндеттілігіне Қазақстан Республикасының келісім бiлдiру тәсiлi; 12) өкiлеттік - халықаралық шарттың мәтiнiн қабылдау немесе оның тең түпнұсқалығын белгілеу; халықаралық шартқа қол қою; Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың мiндеттілігіне келiсімін бiлдiру; шартқа қатысты өзге де әрекет жасау мақсатында Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының немесе құзыретті органының шешiмi негiзінде жүзеге асырылатын және келiссөздерге қатысушы тарапқа не депозитарийге тапсырылатын, өкiлеттілік сертификатымен тиiсiнше ресiмделген бiр адамның немесе бiрнеше адамның Қазақстан Республикасы атынан өкiлдiк ету құқығы; 13) ратификациялау, бекіту, қабылдау және қосылу - жағдайға байланысты осындай атауы бар, тиiстi нормативтiк құқықтық акті негізiнде жасалатын халықаралық акт, ол арқылы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттың өзi үшiн міндеттілiгiне халықаралық тұрғыдан өзiнің келісімiн бiлдiредi; 14) келiссөздерге қатысушы тарап - халықаралық шарт мәтiнiн жасауға немесе қабылдауға қатысқан мемлекет немесе халықаралық ұйым.
2-бап. Халықаралық шарттардың түрлері Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары: 1) Қазақстан Республикасының; 2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің; 3) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының (бұдан әрi - Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары) атынан шет мемлекеттермен және (немесе) халықаралық ұйымдармен жасасылады.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫН ЖАСАСУ
3-бап. Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниетi бар халықаралық шарттардың, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларының сараптамасы 1. Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларына өз құзыретiне қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мүдделi орталық мемлекеттік органдарымен келісілгеннен кейін міндетті түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңдық сараптама жасалуға тиiс. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі заңдық сараптама жүргiзген кезде: 1) Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниетi бар халықаралық шарттар ережелерінің, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестілігі туралы қорытынды бередi; 2) Қазақстан Республикасының өзi үшін халықаралық шарттардың міндетті екендігіне келісім бiлдiру тәсiлдерiн айқындайды. 2. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінiң сараптамасынан өткен Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде келісілуге тиiс. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі: 1) халықаралық шарттарды жасасудың сыртқы саясат тұрғысынан қисындылығы туралы қорытынды бередi; 2) Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар ережелерінің, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзгe де міндеттемелеріне сәйкестігі туралы және олардың күшіне енуі мен орындалуына байланысты басқа да мәселелері бойынша қорытынды береді; 3) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттардың түрлерін айқындайды.
4-бап. Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобаларына ғылыми сараптама 1. Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниеті бар халықаралық шарттар, сондай-ақ бекітілуге жататын халықаралық шарттардың жобалары бойынша қажет болған кезде Үкіметтің немесе Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының бастамасы бойынша тиісті ғылыми сараптама жүргізіледі. Міндетті ғылыми сараптама Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жүргізіледі. 2. Ғылыми сараптаманы, Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниетi бар халықаралық шарттың жобасын әзiрлеуге қатысқан немесе жасасылуына бастамашы болған адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми ұйымдар және (немесе) тиiстi бейiндегі жоғары оқу орындары, ғалымдар мен мамандар арасынан тартылған, соның iшiнде шетелдерден тартылатын сарапшылар жүргізедi. 3. Ғылыми сараптама: 1) жобаның сапасын, негiздiлігін, уақытылылығын және заңдылығын, сондай-ақ жобада адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бағалау; 2) Қазақстан Республикасының қатысушы болу ниетi бар халықаралық шарттың, сондай-ақ халықаралық шарт жобасының ықтимал тиiмдiлігiн айқындау; 3) халықаралық шарт жасасудың ықтимал теріс салдарын анықтау мақсатында жүргiзiледi.
5-бап. Халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстар 1. Қазақстан Республикасының Президентіне тiкелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша: 1) Қазақстан Республикасының Президентiне - Қазақстан Республикасының атынан халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстар; 2) Қазақстан Республикасының Үкiметіне Қазақстан Республикасының Үкiметі атынан халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстар бередi. 2. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстар бередi. 3. Қазақстан Республикасының Yкіметі осы баптың 2-тармағында көрсетiлген ұсыныстарды қарайды және қаулы қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының атынан халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстар енгiзедi. 4. Халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға Қазақстан Республикасының қосылуы туралы ұсыныстар оларды Қазақстан Республикасының Президентiне немесе Қазақстан Республикасының Үкiметіне бергенге дейін өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының мүдделі орталық мемлекеттік органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен келiсіледi. 5. Халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстар осы Заңның 8, 13-17-баптарында көзделген тәртiппен iске асырылады. 6. Халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы ұсыныстарда: 1) жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тиісті актілерінің жобалары; 2) халықаралық шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарына сәйкестігiн анықтауды қоса алғанда, оларға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау және оларға қосылу қисындылығының негіздемесі; 3) халықаралық шарттарды жасасудың ықтимал саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарына берілген баға; 4) халықаралық шарттарды орындауға уәкілеттi тиiстi органдардың атауы; 5) қажет болған жағдайда, халықаралық шарттар жасасу жоспарланған келiссөздерге қатысушы тараптардың халықаралық құқық субъектiлігі туралы ақпарат; 6) шартты жасасу тәсiлiне қарай - халықаралық шарттардың мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі жобалары не көпжақты халықаралық шарттардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасымен бiрге ресми куәландырылған көшiрмелерi; 7) көпжақты халықаралық шарттарға қатысушы мемлекеттердің тiзбесi; 8) көпжақты халықаралық шарттарға Қазақстан Республикасының ықтимал ескертпелерiнің жобалары мен негіздемелерi; 9) көпжақты халықаралық шарттарға басқа мемлекеттер жасаған ескертпелердiң мәтiндерi, сондай-ақ басқа уағдаласушы тараптардың ескертпелерiне қарсы Қазақстан Республикасының ықтимал қарсылықтарының жобалары мен негiздемелерi қамтылуға тиiс.
6-бап. Халықаралық шарттарды жасасу мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар Халықаралық шарттарды жасасу мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы жүзеге асырылады.
7-бап. Халықаралық шарттардың тілі 1. Екіжақты халықаралық шарттар, әдетте, келiссөздерге қатысушы тараптардың мемлекеттік тілінде жасалады. Тараптардың келiсуi бойынша халықаралық шарттардың тілі ретiнде өзге тiл таңдап алынуы мүмкiн. 2. Көпжақты халықаралық шарттар келіссөздерге қатысушы тараптардың келiсуi бойынша белгiленетiн тiлдерде жасалады.
8-бап. Халықаралық шарттарды дәйектеу, олардың мәтінін қабылдау және қол қою туралы, сондай-ақ осы актілердi жасасуға өкілеттiк беру туралы шешімдер Халықаралық шарттарды дәйектеу, олардың мәтiнiн қабылдау, сондай-ақ қол қою туралы және осы актілердi жасасуға өкілеттiк беру туралы шешiмдердi тиiстi актi түрiнде: 1) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды. Халықаралық шартқа қол қою туралы тиiстi актi, егер мұндай халықаралық шартқа Қазақстан Республикасының Президентi қол қоятын немесе бұл халықаралық шартқа қол қою құқығын Қазақстан Республикасының Президентi шартқа тiкелей қол қояр алдында, басқа лауазымды адамға табыстаған, соның iшiнде ауызша табыстаған жағдайда, қабылданбайды; 2) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан жасалатын халықаралық шарттарға қатысты, соның iшінде өз атынан осы актiлердi жасасу өкiлеттігін Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың басшыларына немесе олардың орынбасарларына беру туралы шешiмдердi - Қазақстан Республикасының Үкіметі; 3) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасалатын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының бiрiншi басшылары немесе оларды алмастыратын адамдар қабылдайды.
9-бап. Халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актiлердi жасасуға өкілеттiктер 1. Осы Заңның 8-бабына сәйкес қабылданған шешiмдердiң негiзiнде халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актiлердi жасасуға өкiлеттiктердi өкілеттiк сертификатын ресiмдеу арқылы Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі растайды. 2. Егер осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес халықаралық шартқа қол қою құқығын Қазақстан Республикасының Президенті оған тiкелей қол қояр алдында басқа лауазымды адамға табыстаса, мұндай лауазымды адамның өкілеттігін осы Заңның 8-бабында көзделген шешімді қабылдамастан, өкілеттік сертификатын ресімдеу арқылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі растайды.
10-бап. Халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актілерді өкілеттіктерсіз жасасу 1. Қазақстан Республикасының Президенті халықаралық шарттарды жасасуға қатысты барлық актілерді өкілеттіктерсіз жасасуға құқылы. 2. Осы Заңның 8-бабына сәйкес қабылданған шешімдердің негізінде мыналар: 1) халықаралық шарттарды жасасуға қатысты барлық актілерді жасасу мақсатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі; 2) Қазақстан Республикасы мен өздерi тiркелген мемлекет арасындағы халықаралық шарттардың мәтiндерiн қабылдау мақсатында шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдiктерiнiң басшылары; 3) халықаралық конференцияда немесе халықаралық ұйымда немесе оның органдарының бiрiнде халықаралық шарттың мәтінiн қабылдау мақсатында осындай конференцияда, осындай ұйымда немесе осындай органда Қазақстан Республикасы өз атынан өкілдiк етуге уәкілдiк берген өкілдер, Қазақстан Республикасының атынан өкiлеттіктерсiз өкілдiк етедi деп саналады.
11-бап. Ратификациялауға жататын халықаралық шарттар Мынадай: 1) нысанасы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары болып табылатын; 2) орындалуы қолданыстағы заңдарды өзгертудi немесе жаңа заңдарды қабылдауды талап ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелердi белгілейтiн; 3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының өтуi туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше экономикалық аймағын және құрлықтық қайраңын межелеп бөлу туралы халықаралық шарттарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен аумақтық межелеп бөлiнуi туралы; 4) мемлекетаралық қатынастардың негіздерi туралы, қарусыздану немесе қару-жараққа халықаралық бақылау жасау, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер бойынша, сондай-ақ бiтiмгершiлiк халықаралық шарттар мен ұжымдық қауiпсiздiк туралы халықаралық шарттар; 5) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық бiрлестiктер мен халықаралық ұйымдарға қатысуы туралы, егер мұндай халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарының бiр бөлігін жүзеге асыруды оларға берудi көздейтiн болса немесе олардың органдары шешiмдерiнің Қазақстан Республикасы үшiн заңдық тұрғыдан мiндеттілігін белгiлесе; 6) мемлекеттік қарыздар туралы; 7) гуманитарлық көмектi қоспағанда, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмектер көрсетуi туралы; 8) қол қою кезiнде келiссөздерге қатысушы тараптардың кейiннен оларды ратификациялау туралы келiскен; 9) егер халықаралық шарттарда мұндай келісім ратификациялау арқылы бiлдiрiлетiнi көзделсе, халықаралық шарттар ратификациялауға жатады.
12-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейiн олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау 1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжілiс Төрағасының, Парламент депутаттарының жалпы санының кем дегенде бестен бiр бөлiгінiң, Премьер-Министрдің өтініштерi бойынша халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейiн олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігiн қарайды. 2. Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасалған жағдайда халықаралық шарттарды ратификациялау мерзiмiнің өту уақыты тоқтатыла тұрады. 3. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп танылған халықаралық шарттарды ратификациялауға болмайды.
13-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстар енгізу тәртібі 1. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары осы Заңның 5-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне өз құзыретіндегi мәселелер бойынша халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстар жасайды. 2. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізеді.
14-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау туралы заңдарды Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентi қабылдайды.
15-бaп. Ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарды бекіту, қабылдау Мемлекетiшілік рәсiмдердi жүргiзудi көздейтiн ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарды: 1) Қазақстан Республикасының атынан қол қойылғандарын - Қазақстан Республикасының Президентi; 2) Қазақстан Республикасының Үкiметі атынан қол қойылғандарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітуге, қабылдауға тиiс.
16-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы туралы ұсыныстар 1. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары осы Заңның 5-бабында көзделген тәртiппен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша: 1) Қазақстан Республикасының Президентiне - Қазақстан Республикасының атынан халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар; 2) Қазақстан Республикасының Yкіметіне Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар бередi. 2. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары осы Заңның 5-бабында көзделген тәртiппен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар бередi. 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында және 2-тармағында көрсетілген ұсыныстарды қарайды және: 1) Қазақстан Республикасының Президентiне - Қазақстан Республикасының атынан жасасылатын, ратификациялауға жатпайтын; 2) Қазақстан Республикасының Президентiмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Парламентiне - Қазақстан Республикасының атынан жасасылатын, ратификациялауға жататын; 3) Қазақстан Республикасының Парламентiне Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан жасасылатын, ратификациялауға жататын халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар енгiзедi.
17-бап. Халықаралық шарттарға қосылу туралы шешімдер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы туралы шешiмдердi: ҚР 2007.28.02. № 236-III Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара) 1) қосылу Қазақстан Республикасының атынан немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан жүзеге асырылатын, ратификациялауға жататын халықаралық шарттарға қатысты, ратификациялау туралы заң қабылдау арқылы - Қазақстан Республикасының Парламентi; 2) қосылу Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылатын, ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарға қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi; 3) қосылу Қазақстан Республикасы Yкіметінiң атынан жүзеге асырылатын, ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
18-бап. Халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының уақытша қолдануы 1. Халықаралық шарттар немесе олардың жекелеген ережелерi олардың күшiне енуiне дейiн, егер бұл халықаралық шарттардың өзiнде көзделген болса немесе келiссөздерге қатысушы тараптар уағдаластыққа қол жеткiзген болса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады. 2. Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе немесе бұл туралы халықаралық шарттарға қол қойған шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қатысушы болғысы келмейтін ниеті туралы халықаралық шарттар өздеріне қатысты уақытша қолданылатын шет мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға осы баптың 3-тармағында көзделген шешімдердің негізінде хабарлама жолданған күннен бастап Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарды немесе олардың жекелеген ережелерін уақытша қолдануы тоқтатылады. 3. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардың немесе олардың жекелеген ережелерінің қатысушысы болғысы келмейтін ниеті туралы шешiмдердi осы Заңның 8-бабында көзделген тәртiппен халықаралық шартқа қол қою туралы шешiм шығарған Қазақстан Республикасының Президентi немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
19-бап. Көпжақты халықаралық шарттарға ескертпелер 1. Көпжақты халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оларға қосылу кезiнде халықаралық шарттардың талаптарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес оларға ескертпелер жасалуы мүмкiн. 2. Егер көпжақты халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, олар қалай жасалған болса, тап сондай тәртіппен ескертпелер кез келген уақытта алып тасталуы мүмкін. 3. Көпжақты халықаралық шартқа екiншi бiр уағдаласушы тарап жасаған ескертпенi қабылдау немесе оған қарсылық бiлдiру көпжақты халықаралық шарттың талаптарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес ескертпенi реттеу нысаны құзыретiне жататын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органының қорытындысы негiзiнде жүзеге асырылады. Бұл қорытынды осы Заңның 3-бабында көзделген тәртіппен келісілуге жатады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |