Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік (2010.18.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 18 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысуы ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы алғаш рет ресми жариялаған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 26 қарашадағы № 1132 қаулысымен бекітілген
Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысуы ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысуы ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібін белгілейді. 2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры - мақта өңдеу ұйымдарының өздері берген мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан мақта қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі - қор немесе қорлар); қатысу шарты - қор мен мақта өңдеу ұйымының арасында жасалатын шарт, соның негізінде соңғысы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысады; кепілдік берілген мақта көлемі - қайтару жөніндегі жауапкершілікке қор кепілдік беретін, қор әрбір қатысушы бойынша белгілейтін мақта көлемі; мақта өңдеу ұйымының паспорттық қуаттылығы - шитті мақтаны қайта өңдеудің тәуліктік және жылдық көлемін сипаттайтын техникалық құжаттар; қатысушы - қормен жасалған және қолданылып жүрген қатысу шарты бар шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар мақта өңдеу ұйымы.
2. Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібі
3. Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар мақта өңдеу ұйымы қорға (қорларға) қатысу үшін қорға (қорларға) жазбаша өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді: 1) мақта өңдеу ұйымының мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі; 2) мақта өңдеу ұйымы жарғысының нотариалды куәландырылған көшірмесі; 3) құрылтайшылардың құрамы туралы құрылтай шартынан үзіндінің нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе қорға өтініш беретін күнге дейін кемінде он күн бұрын тіркеуші берген бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзіндінің түпнұсқасы; 4) ҚР Үкіметінің 2010.18.06. № 613 қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 5) шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі; 6) мақта өңдеу ұйымының біліктілік талаптарына сәйкестігі және шитті мақтаның жаңа өнімін қабылдауға әзірлігі мәніне жыл сайынғы тексеріс туралы жергілікті атқарушы орган актісінің нотариалды куәландырылған көшірмесі; 7) мақта тазалау зауытына меншік құқығын және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша оған түскен ауыртпалықтың жоқ екенін растайтын жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерге құқықты тіркеу органының заңнамада белгіленген нысан бойынша анықтамасының түпнұсқасы; 8) өткен жылғы және соңғы есепті күнге бухгалтерлік теңгерімнің және қаржы-шаруашылық қызмет туралы есептің мақта өңдеу ұйымының мөрімен куәландырылған көшірмелері; 9) мақта өңдеу ұйымының өткен есепті жылғы жылдық қаржылық есептілігінің дұрыстығын растайтын аудиторлық қорытындының нотариалды куәландырылған көшірмесі; 10) мақта өңдеу ұйымы өтініш берген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімге банк алдында мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы банк мөрі басылған бірінші басшының немесе қол қою құқығы бар тұлғаның және бас бухгалтердің қолы қойылған банк анықтамасының түпнұсқасы. Егер мақта өңдеу ұйымы екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болған жағдайда бұл анықтама осы банктердің әрқайсысынан ұсынылады; 11) өтініш берілген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімде мақта өңдеу ұйымының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар бойынша берешегінің жоқтығы туралы бірінші басшының немесе қол қою құқығы бар тұлғаның қолы қойылған, тиісті салық органының мөрімен расталған, осы салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы; 12) қатысу шартының көшірмесі және кепілдік берілген мақтаның көлемі туралы мәліметтер (егер мақта өңдеу ұйымы басқа мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беретін қорлардың қатысушысы болса); 13) кепілдік берілген мақта көлемін анықтау үшін қорға қажетті өзге де құжаттар. 4. Қор (қорлар) өтінішті және осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін осы қорға қатысушылардың құрамына енгізу және кепілдік берілген мақтаның көлемін анықтау мәніне мақта өңдеу ұйымының өтінішін қарайды. Мақта өңдеу ұйымының өтінішін қордың қарау мерзімі жиырма күнтізбелік күннен аспауы керек. 5. Мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысуы мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың қатарына қосу туралы қордың шешімдеріне сәйкес жасалған қатысу шарттарының негізінде жүзеге асырылады. Қордың қатысушымен қатысу шартын жасасу мерзімі мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың қатарына қосу туралы қордың шешімі қабылданғаннан кейін жеті күнтізбелік күннен аспайды. 6. Мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың қатарына қосқан кезде қор мақта өңдеу ұйымының паспорттық қуаттылығын, нақты толтырылған көлемін, басқа қор (қорлар) кепілдік берген мақтаның көлемі туралы мәліметтерді ескере отырып (мақта өңдеу ұйымы басқа да қорларға қатысқан жағдайда) анықталатын кепілдік берілген мақтаның көлемін белгілейді. 7. Мақта өңдеу ұйымының қорға қатысуы қатысушының қор беретін куәлігімен расталады. Қатысушының атауы өзгерген жағдайда қатысушыдан лицензияның қайта тіркелуін және қайта ресімделуін растайтын құжаттарды алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу туралы куәлікті ауыстыру жүргізіледі. Мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың құрамынан шығарған жағдайда мақта өңдеу ұйымы өзіне берілген куәлікті үш жұмыс күні ішінде қорға қайтарады. 8. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу үшін қатысушы қорға (қорларға) қатысу шартымен белгіленетін жыл сайынғы міндетті жарналарды төлейді. 9. Қор өзінің қатысушыларының тізілімін жүргізеді және кепілдік берілген мақтаның көлемін көрсете отырып, қатысушылар туралы ақпараттың республикалық мерзімді баспа басылымында мемлекеттік және орыс тілдерінде жыл сайынғы жариялануын қамтамасыз етеді. 10. Қатысушының қорға (қорларға) қатысуы төменде санамаланған жағдайлардың біреуі болғанда тоқтатылады: қормен жасалған қатысу шарты бұзылғанда; соттың шешімі бойынша; қатысу шартының тараптарының бірі жойылғанда. Мақта өңдеу ұйымының қорға қатысуы тоқтатылған күннен бастап 30 күн ішінде қор тиісті ақпараттың республикалық мерзімді баспа басылымында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануын қамтамасыз етеді.
|