Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өрт сөндіру мекемелері құрылмаған елді мекендердегі өртті сөндіру ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2008 жылғы 18 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өрт сөндіру мекемелері құрылмаған елді мекендердегі өртті сөндіру ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы № 542 қаулысымен бекітілген
Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өрт сөндіру мекемелері құрылмаған елді мекендердегі өртті сөндіру ережесі
1. Осы Ереже дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өрт сөндіру мекемелері құрылмаған елді мекендердегі өртті сөндіру тәртібін және дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өрт сөндіру мекемелері құрылмаған елді мекендердегі өрттің (бұдан әрі - өрттер) алдын алу және жою жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі негізгі іс-шараларды анықтайды. 2. Өрттерді немесе жану белгілерін байқаған кезде жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік өрт сөндіру мекемесінің жақын орналасқан бөлімшесіне шыққан өрттер туралы уақтылы хабарлауды қамтамасыз етеді және халықты, өрт пен өрттерді сөндіруге бейімделген техниканы және шаруашылық субъектілері қызметкерлерін өрттерді жоюға жедел тартуды ұйымдастырады. 3. Өрттерді сөндіруді мемлекеттік өрт сөндіру мекемелері құрылмаған елді мекендердегі азаматтар қатарынан құрылатын халықтың ерікті өрт сөндіру құрамалары жүзеге асырады. 4. Мемлекеттік өрт сөндіру мекемесі бөлімшелерінің күштері мен құралдары келгенге дейін жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақта: шыққан өрттер, олардың таралу мүмкіндігі туралы халықты уақтылы хабардар етуді, сондай-ақ олардың салдарын шектеу жөнінде қажетті шаралар қабылдауды жүзеге асырады; өрт болған жердегі жағдайдың барлық өзгерістері туралы мемлекеттік өрт сөндіру мекемесінің жақын орналасқан бөлімшелерін уақтылы жедел хабардар етуді қамтамасыз етеді; өрттерді сөндіру бойынша жалпы басшылықты жүзеге асырады. 5. Өрт сөндіру кезінде жергілікті атқарушы органдар өрттерді жоюға тартылатын күштер мен құралдарды меншік нысанына қарамастан, жанар-жағармай материалдарымен, тамақ өнімдерімен, медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. 6. Өрттердің алдын алу және жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы заңнамада анықталған өз құзыреті шегінде аумақтық өртке қарсы қызмет органдарымен бірлесіп, дала өрттерін, шалғай елді мекендердегі өрттерді сөндіру және олардың алдын алу жөніндегі алдын алу шаралары кешенін орындау бойынша жыл сайынғы іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ жер пайдаланушылармен дала өрттерінің туындау жағдайына және оларды тиімді түрде жоюға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарларын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспарлары) бекітеді және іске асырады. 7. Іс-шаралар жоспарларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар: өртке қарсы сумен жабдықтаудың табиғи және жасанды көздерін жабдықтау және жарамды күйде ұстау; өрттерді жоюға тартылатын күштермен және құралдармен жедел түрде қамтамасыз ету үшін тиісті аумақта жанар-жағармай материалдарының, тамақ өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің және басқа да шығыс материалдарының қорларын құру; дала алқаптарына іргелес автомобиль, темір жолдар мен елді мекендердің бойын уақтылы жырту; шаруа қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының тиісті аумақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдық және шабындық жерлерде сабантүбін, аңыздарды және өзге де өсімдік қалдықтарын өртеу, қау шөбін өртеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен орындауды қамтамасыз етеді. 8. Жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақта орналасқан шаруашылық жүргізуші субъектілердің, халықтың мемлекеттік өрт бақылау ұйғарымдарын және өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманың талаптарын орындауын жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз етуде өртке қарсы қызметке жәрдем көрсетеді. 9. Жергілікті атқарушы органдар аумақтық өртке қарсы қызмет органдарына өрт және оның салдары туралы оны жойғаннан кейін бір тәулік ішінде есеп береді.
|