Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың ақылы қызмет көрсету және түскен қаржыны пайдалану ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 8 ақпандағы № 183 қаулысы
Осы редакция 2018 жылғы 19 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың ақылы қызмет көрсету және түскен қаржыны пайдалану ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Үкіметінің 2002 жылғы 8 ақпандағы № 183 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың
1. Осы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың (бұдан әрі - мұрағаттық мекемелер) ақылы қызмет көрсету және түскен қаржыны пайдалану ережесі мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың мұрағат құжаттарын жасаушылар мен және пайдаланушылармен қоғамдық қарым-қатынастарды реттейді. 2. Мұрағаттық мекемелер жеке және заңды тұлғаларға ақылы қызметті мына бағыттар бойынша көрсетеді: 1) мұрағат ісін және құжаттамалық қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі ғылыми зерттеулер жүргізу және әдістемелік әзірленімдер енгізу; 2) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу; 3) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтініштері) бойынша құжаттау мен құжаттамаларды басқарудың қазіргі заманғы негіздеріне оқыту жөніндегі курстар мен семинарлар өткізу; 4) мұрағат құжаттарын сақтаудың температуралық-ылғалдылығын және физика-химиялық өлшемдерін қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу, әдістемелік және практикалық көмек көрсету; 5) мұрағаттық істер мен құжаттарды қайта қалпына келтіру, түптеу, мұрағаттық қораптар дайындау; 6) мұрағат құжаттарының сақтық көшірмелерін дайындау, мәтіндерін қалпына келтіру; 7) мұрағат қорларына ғылыми-анықтамалық аппарат жасау мен жетілдіруде әдістемелік және практикалық көмек көрсету; 8) тапсырыстар (өтініштер) бойынша тектану және тақырыптық сипаттағы ақпаратты анықтауды жүргізу және мұрағаттық құжаттарын пайдалануды қоспағанда мұрағат құжаттарын көшірмелеу. 3. Мұрағаттық мекемелер жеке немесе заңды тұлғалармен жасасқан шарттардың негізінде ақылы қызмет көрсетеді. Бұл ретте ақылы қызмет көрсету жөніндегі келісім-шартта заңнамада белгіленген талаптардан басқа, қызмет түрлері, олардың көлемі, баға көрсеткіші бойынша құны, қызмет көрсету мерзімдері және келісуші тараптардың жауапкершілігі туралы мәліметтер болуы тиіс. 4. 2-тармақта көрсетілген ақылы қызметтің баға көрсеткішін мұрағат ісі саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті орталық атқарушы органы бекітеді. 5. Мұрағаттық мекемелерде ақылы қызметтен түсетін қаржы мемлекеттік мекеменің ағымдағы «Ақылы қызмет көрсетуден алынатын қаражат» шотына есептеледі және кірістер мен шығыстар сметасына сәйкес қатаң түрде мақсатты бағыты бойынша жұмсалады. Оларға бюджет қаражатына билік ету құқығы берілген мемлекеттік мекемелердің басшылары иелік етушілер болып табылады. 6. Мұрағаттық мекемелер ақылы қызмет көрсетуден түскен қаржыны мыналарға: 1) мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға; 2) ақылы қызмет көрсетуге қажетті жабдықтар мен керек-жарақтарды сатып алуға және оларды жөндеуге; 3) ақылы қызмет көрсетуге тартылған мамандардың еңбегіне ақы төлеуге; 4) шаруашылық шығыстарға (жылуға, электроэнергиясына, сумен жабдықтауға ақы төлеу және басқа да коммуналдық шығыстар, ағымдағы және шаруашылық мақсаттағы заттар мен материалдарды сатып алу, көліктік қызметке ақы төлеу); 5) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар тапсырыстары (өтініштері) бойынша құжаттау мен құжаттамаларды басқарудың қазіргі заманғы негіздеріне оқытуды жүргізу үшін және үй-жайды жалға алуға, оқу құралдарын, көрнекі материалдарды сатып алуға; 6) мұрағаттану, құжаттану, археография және қосалқы тарихи пәндер бойынша ғылыми және әдістемелік әдебиеттер шығаруға пайдаланылуы мүмкін. 7. Ақылы қызмет көрсетуден түскен қаржының кірістер мен шығыстар сметалары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жасалады және бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітеді. 8. Ақылы қызметтен түсетін қаржыны есепке алу, оның есептілігі және бақылау заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
|