|
|
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына: 1) 89-бапта: 3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын: «Кандидаттар – мүгедектігі бар адамдар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарға халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтамаларды қосымша ұсынады.»; 4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын: «Партиялық тізімде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.»; 2) 97-1-бапта: 5-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын: «Депутаттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың саны партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.»; 6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын: «Бұл ретте осы баптың 5-тармағы үшінші бөлігінің талаптары сақталуға тиіс.». 2. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына: бесінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «2) Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдында, Республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.»; алтыншы бөлік алып тасталсын. 2-бап. Осы Конституциялық заңның 1-бабы 1-тармағының күші осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілгенге дейін тағайындалған сайлауды өткізуге байланысты туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайды. 3-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 7 ақпан № 105-VII
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |