|
|
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1) мазмұны алып тасталсын; 2) 1-баптың 1-тармағында: мынадай мазмұндағы 55-1) және 55-2) тармақшалармен толықтырылсын: «55-1) қашықтан аралас жұмыс істеу - еңбек міндеттерін орындау кезеңдерін жұмыс беруші, қабылдаушы тарап және олардың объектілері тұрған жерде де, қашықтан жұмыс істеу арқылы да кезектестіру жолымен еңбек процесін жүзеге асыру; 55-2) қашықтан жұмыс істеу -жұмыс беруші, қабылдаушы тарап және олардың объектілері тұрған жерден тыс жерде еңбек қызметі процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып еңбек процесін жүзеге асыру;»; 81) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: «81) хабарлама - жұмыскердің немесе жұмыс берушінің жазбаша нысандағы (қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанындағы) қолма-қол не курьерлік пошта байланысы, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы немесе жұмыскердің немесе жұмыс берушінің авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, электрондық түрде берілген өтініші;»; 3) 10-баптың 3-тармағындағы «Келісімдердің» деген сөз «Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, келісімдердің» деген сөздермен ауыстырылсын; 4) 20-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын: «Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдері ұйым жұмыскерлерінің жалпы жиналысында (конференциясында) оған ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде қатысушылардың көпшілік даусымен сайланады және оларға уәкілеттік беріледі. Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдерін сайлау бойынша ұйым жұмыскерлерінің жалпы жиналысын (конференциясын) қашықтан дауыс беру арқылы өткізуге жол беріледі. Жұмыскердің жалпы жиналысқа (конференцияға) қатысуы электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе жұмыскердің авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, өзге де электрондық тәсілмен расталады.»; 5) 23-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «6) жұмыскерді ұжымдық шартпен, еңбек тәртіптемесі қағидаларымен, жұмыс берушінің жұмыскердің жұмысына (еңбек функциясына) тікелей қатысы бар өзге де актілерімен және осы Кодексте көзделген жағдайларда жұмыс берушінің басқа да актілерімен жеке-дара немесе оларды курьерлік пошта байланысы, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жіберу жолымен таныстыруға;»; 6) 28-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «3) жұмыстың орындалатын орны болуға тиіс. Қашықтан жұмыс істеу кезінде, қашықтан аралас жұмыс істеуді қоспағанда, жұмыстың орындалатын орны көрсетілмейді;»; 7) 30-баптың 1-тармағы 2) тармақшасының үшінші бөлігіндегі «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 8) 33-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіндегі «Еңбек» деген сөз «Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, еңбек» деген сөздермен ауыстырылсын; 9) 37-баптың 1-тармағындағы «оны жазбаша нысанда хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзу үшін негіз болған себептерді көрсетіп» деген сөздер «оған еңбек шартын бұзуға негіз болған себептер көрсетілген хабарлама беріп» деген сөздермен ауыстырылсын; 10) 39-баптың 1-тармағындағы «жұмыскерге кемінде бір ай бұрын жазбаша» деген сөздер «жұмыскерді кемінде бір ай бұрын» деген сөздермен ауыстырылсын; 11) 46-баптың 2-тармағындағы «жазбаша түрде» деген сөздер алып тасталсын; 12) 53-бапта: 1-тармақтың бірінші бөлігіндегі «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 2-тармақта: бірінші бөліктегі «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; екінші бөліктің 3) тармақшасындағы «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 13) 56-бапта: 1-тармақтағы «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 3-тармақтағы «жазбаша» деген сөздер алып тасталсын; 14) 65-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: «2. Жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жұмыскерден жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында) не жұмыскердің авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, электрондық түрде түсініктеме талап етуге міндетті. Жасалған тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында) ресімделеді және жұмыс берушінің талабын алғаны растала отырып, жұмыскерге жеке өзіне немесе курьерлік пошта байланысы, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы тапсырылады. Жұмыскер талапты алудан жалтарған немесе бас тартқан жағдайда жұмыс берушінің өкілі тиісті акт жасайды. Егер жұмыскер талапты алған немесе талапты алудан жалтару немесе бас тарту туралы акт жасалған күннен бастап екі жұмыс күні өткеннен кейін түсініктеме бермесе, онда жұмыс берушінің өкілі тиісті акт жасайды. Жұмыскердің түсініктеме бермеуі тәртіптік жаза қолдану үшін кедергі бола алмайды.»; 15) 74-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: «1. Жұмыскерлер, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін олардың әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.»; 16) 111-баптың 4-тармағының бірінші бөлігіндегі «жазбаша нысанда» деген сөздер алып тасталсын; 17) 115-баптың 2-тармағының бірінші абзацындағы «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 18) 123-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: «6. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерлерге, жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қалыпты жұмыс істеу және оларға сеніп тапсырылған мүліктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті. Осы тармақтың ережесі, қашықтан аралас жұмыс істеуді қоспағанда, қашықтан жұмыс істеуге қолданылмайды.»; 19) 127-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын: «Қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерді іссапарға жіберу, егер еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде өзгеше көзделмесе, еңбек міндеттерін нақты орындаған жерден жүзеге асырылады.»; 20) 134-баптың 5 және 6-тармақтарындағы «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 21) 136-баптың 3-тармағындағы «жазбаша» деген сөз алып тасталсын; 22) 138-бап мынадай редакцияда жазылсын: «138-бап. Қашықтан жұмыс істеу 1. Қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді. Қызметтік (лауазымдық) міндеттерін еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын, еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттелетін, оның ішінде әскери қызметте тұрған жұмыскерлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдері, еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету, шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады. 2. Жұмыскердің немесе жұмыс берушінің бастамасымен тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істеу немесе қашықтан аралас жұмыс істеу белгіленуі мүмкін. 3. Төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезеңде, сондай-ақ жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда жұмыс беруші жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін қашықтан жұмыс істеуді немесе қашықтан аралас жұмыс істеуді себептерін көрсете отырып, жұмыс берушінің актісімен уақытша белгілеуге құқылы. Бұл ретте жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Жұмыс берушінің актісінде міндетті түрде: 1) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеу негізі; 2) өздеріне қатысты қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу уақытша белгіленген жұмыскерлердің тізімі; 3) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеуге негіз болған жағдай жойылатын күннен аспайтын, қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу мерзімі қамтылуға тиіс. 4. Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді. Жұмыс беруші оларды орнату мен оларға қызмет көрсету шығыстарын көтереді. Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау процесінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап қамтамасыз еткен жабдықты, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерін, көрсетілетін байланыс қызметтерін және өзге де құралдарды пайдалануға міндетті. Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау үшін өз жабдығын, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерін және өзге де құралдарды пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеу шығыстарын көтерген жағдайда, жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі жұмыскермен келісу бойынша белгіленеді. Тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші, қабылдаушы тарап үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де негізделген шығыстар да, оның ішінде электр энергиясының құны өтелуі мүмкін. 5. Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Жұмыскер жұмыс уақытының шегінде жұмыс берушімен, қабылдаушы тараппен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс. Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап, осы Кодекстің 77-бабының 2-тармағында және 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің жұмыс уақытынан тыс кезде қолжетімділік режимінде болуын талап етуге құқылы емес. Қашықтан жұмысты белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығынан тыс орындау қажет болған жағдайда, жұмыскерді жұмысқа тартуға осы Кодекстің 108, 109 және 110-баптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде ақы төлене отырып, оның жазбаша келісуімен ғана жол беріледі. Қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап жұмыстың орындалуын нақты уақытпен тіркей алмаса, жұмыс уақытын есепке алу жөніндегі құжатта жұмыс уақыты еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде белгіленген жұмыс көлемінің орындалуы ретінде белгіленеді. Еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін осы Кодекстің 74-бабына сәйкес икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін. 6. Қашықтан жұмыс істеген кезде жалақы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде негізделген жұмыс көлемін орындаған кезде толық мөлшерде төленеді. 7. Жұмыскерлер жұмысты қашықтан орындаған кезеңде олардың еңбек қауіпсіздігін және еңбегін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс беруші осы Кодекстің 182-бабы 2-тармағының 2), 3), 8), 10), 11), 14), 16) және 17) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындайды, қабылдаушы тарап осы Кодекстің 182-1-бабы 2-тармағының 3), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындайды, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен және өзге де құралдармен жұмыс істеген кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар бар жұмыс берушінің актісін, қабылдаушы тараптың актісін әзірлейді және шығарады. Жұмыс берушінің, қабылдаушы тараптың осы Кодексте белгіленген еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі басқа да міндеттері, егер еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актісінде, қабылдаушы тараптың актісінде өзгеше көзделмесе, жұмысты қашықтан орындау кезеңінде жұмыскерлерге қолданылмайды. 8. Қашықтан жұмыс істеу процесінде жұмыскерге белгілі болған қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мақсатында еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде, қабылдаушы тараптың актісінде жұмыс берушінің осы ақпаратын, қабылдаушы тараптың ақпаратын сақтау және жария етпеу туралы шарт көзделеді. 9. Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек қатынастары осы бапта, еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.»; 23) 163-баптың 1-тармағындағы «жазбаша» деген сөз алып тасталсын. 2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 1 шілде № 61-VII
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |