|
|
|
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Осы Заңды iске асыру жөнiндегi шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 8 тамыздағы № 122-ө өкімін қараңыз
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1. «Жол жүрісі туралы» 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына: 1) 1-бапта: 10) тармақша «велосипедті,» деген сөзден кейін «электр самокатты, шағын электр көлігі құралын,» деген сөздермен толықтырылсын; 38) тармақшадағы «мопедтер мен» деген сөздер «мопедтерді, электр самокаттарды, шағын электр көлігі құралдарын және» деген сөздермен ауыстырылсын; мынадай мазмұндағы 53-1) және 57) тармақшалармен толықтырылсын: «53-1) шағын электр көлігі құралы - электр қозғалтқышы бар электр самокаттар мен мопедтерді қоспағанда, электр қозғалтқышпен жарақталған, жеке жүріп-тұруға арналған, бір немесе бірнеше дөңгелегі бар көлік құралы;»; «57) электр самокат - екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышты (электр қозғалтқыштарды) пайдалану арқылы бір адамның жүріп-тұруына арналған, орындығы жоқ, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына жиырма бес километрден аспайтын жеке мобильді көлік құралы.»; 2) 52-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын: «9) басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген көлік құралының осы Заңның 65-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру.»; 3) 57-бап мынадай редакцияда жазылсын: «57-бап. Мопед, электр самокат, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың құқықтары мен міндеттері 1. Мопед, электр самокат, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың жол жүрісі қағидаларына сәйкес жолдарда жүруге құқығы бар. 2. Мопед, электр самокат, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілер, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылар уәкілетті орган бекіткен жол жүрісі қағидаларын білуге және сақтауға міндетті. 3. Мопед, электр самокат және велосипед жүргізушілердің: 1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуіне; 2) жолаушыларды тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен тасымалдаудан басқа, жолаушыларды тасымалдауына; 3) тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен жүкті, сондай-ақ габаритінен ұзындығы немесе ені елу сантиметрден артық шығып тұрмайтын жүкті тасымалдаудан басқа, жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауына; 4) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуына немесе кері бұрылуына; 5) мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтерді, электр самокаттарды және велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен, электр самокаттармен және велосипедтермен сүйретуіне; 6) көлік құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне; 7) жол жүрісі қағидаларында айқындалған талаптарға сәйкес келетін, басқа көлік құралын жүргізушілерге көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын затсыз жолдың жүру бөлігінде тәуліктің қараңғы уақытында жүріп-тұруына; 8) жолдың жүру бөлігінде басқаруы кезінде түймеленген шлемсіз болуына тыйым салынады. 4. Мопед жүргізушілердің велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. 5. Электр самокат жүргізушілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен жүреді. Электр самокат жүргізушілер велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болмаған кезде: осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес, жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда; жол жиегімен; жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей, сағатына алты километрден аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүреді. Он сегіз жасқа толмаған электр самокат жүргізушілердің өзімен бірге жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда, Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінсіз не көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәліксіз жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруіне жол берілмейді. 6. Велосипед жүргізушілер - велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда не жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей жүреді. 7. Шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің: 1) рульсіз шағын электр көлігі құралдарын қоспағанда, ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуіне; 2) жолаушыларды тасымалдауына; 3) жүкті тасымалдауына; 4) жолдың жүру бөлігімен жүруіне; 5) жанында велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болған кезде тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне; 6) шағын электр көлігі құралдарын, шағын электр көлігі құралдарымен сүйретуіне; 7) шағын электр көлігі құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне тыйым салынады.»; 1-тармақтың 4) тармақшасы 2023 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді 4) мынадай мазмұндағы 70-1-баппен толықтырылсын: «70-1-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін дайындау саласындағы мемлекеттік монополия 1. Осы Заңның 70-бабында және 73-бабының 7-тармағында көрсетілген құжаттарды дайындау, құжаттарды дайындау жүйесінің интеграцияланған деректер банкін жинақтау және жүргізу жөніндегі, процестерді есепке алу, ішкі істер органдарына арналған бағдарламалық-техникалық өнімдерді әзірлеу, ендіру және қолдап отыру жұмысын автоматтандыру жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады. 2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын көрсететін, осы Заңның 70-бабында және 73-бабының 7-тармағында көрсетілген құжаттарды жеделдетіп дайындау және беру жөніндегі қызметтерге бағалар прейскурантын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.»; 5) 73-бапта: мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын: «1-1. Осы Заңның 57-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін адамдар жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен электр самокаттарды басқаруға жіберіледі.»; 5-тармақтағы «көлік құралын басқару құқығына уақытша рұқсатпен» деген сөздер «көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлікпен» деген сөздермен ауыстырылсын; 6) 75-баптың 1-тармағында: бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын: «5) механикалық көлік құралын жүргізушілерді даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бұза отырып, жүргізуші куәлігін беру.»; екінші бөліктегі «және 3)» деген сөздер «, 3) және 5)» деген сөздермен ауыстырылсын. 2. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына: 3-қосымша мынадай мазмұндағы 43-1-тармақпен толықтырылсын: «43-1. Көлік құралын жүргізушілерді даярлау жөніндегі оқу ұйымдары қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама». 2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 29 маусым № 12-VІІІ ҚРЗ
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |