|
|
|
1996 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасы туралы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 19 қыркүйектегі № 1411 Қаулысымен күші жойылды
Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру және жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi: 1. Ұсынылып отырған 1996 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасы (әрi қарай - Бағдарлама) бекітілсiн. 2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi мен өзге орталық және жергiлiктi атқарушы органдары, меншiктiң барлық нысандарындағы жұмыс берушiлер халықтың жұмыспен қамтылуын қолдау жөнiнде шаралар қабылдасын. 3. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі Бiлiм министрлігімен бiрлесiп аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып кәсiпкерлiктi, орта және шағын бизнестi дамыту үшiн жаңа кәсiптер мен мамандықтарға айрықша назар аударып, жұмыссыздарды кәсiби оқыту мен қайта оқытуды ұйымдастырсын. Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлігі біліктi кадрлар даярлау кезiнде еңбек нарығындағы өзгерістердi ескерсiн. 4. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі 1996 жылдың 1 қыркүйегiне дейiн Бағдарламада көзделген нормативтiк актiлердiң жобасын әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне қарауға енгiзсiн. 5. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі 1997 жылдың 15 ақпанынан кешiктiрмей Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Үкіметіне берсiн. 6. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерiмен, мемлекеттік комитеттерiмен өзге орталық және жергiлiктi атқарушы органдарымен бiрлесiп 1996 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметіне 1997 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасының жобасын енгiзсiн.
Үкіметінiң 1996 жылғы 12 сәуірдегі № 432 қаулысымен БЕКIТIЛГЕН
1996 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасы КIРIСПЕ 1996 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасын мүдделi министрлiктермен бiрлесе отырып, облыстық, қалалық және аудандық әкiмдердiң қатысуымен Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі әзiрледi. Бағдарламаның басымдықтары Үкiметтiң 1996-1998 жылдары реформаларды тереңдету жөніндегі iс-қимыл бағдарламасының (бұдан былай - Үкiмет Бағдарламасы) және атқарушы өкiмет органдарының деректерiн ескерiп Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі дайындаған еңбек нарығындағы жағдайды талдау мен болжаудың негiзiнде айқындалды.
I. 1995 жылғы еңбек нарығындағы жағдай және 1996 жылға арналған болжау 1995 жылы еңбек нарығындағы жағдай мынадай процестермен: белгiленген еңбек нарығында жұмыссыздықтың өсуiмен; жұмысқа қабылданған қызметкерлер санының жұмыстан шыққандар санынан едәуiр басым болуымен; экономика секторлары мен салаларының арасында жұмыс күшiнiң мемлекеттік емес секторлардың пайдасына қайта бөлiнуiмен; қолда бар бос жұмыс орны мен жұмыс күшiне деген ұсыныстың арасындағы алшақтықтың өсуiмен; «жасырын» жұмыссыздықтың жыл бойы сақталуымен; Қазақстанның облыстары, аудандары және қалалары бойынша жұмыссыздық деңгейiнiң одан әрi саралануымен; халықтың еңбек ынтасының төмендеуiмен, әсiресе экономиканың мемлекеттік секторларынан осыған байланысты жоғары біліктi мамандардың кетуiмен сипатталады. 1995 жылы жұмыстан босағандардың саны 136 мың адамға жеттi, мұндағы әр төртiншi адам өнеркәсiп орындарынан босаған, жұмыстан босау қарқынының өсуi ауыл шаруашылығында, саудада, қоғамдық тамақтандыру мен денсаулық сақтау мекемелерiнде байқалды, құрылыста, көлiк пен байланыс мекемелерiнде жұмыстан босау процесi бәсеңдедi. Мұнда экономиканың барлық саласында жұмыс iстейтiндер саны 6,3 млн. адамға жеттi. Жұмыс күшiне деген сұраныс жыл iшiнде ашық еңбек нарығында 70-74 мың адам, ал тiркелгендер 17-28 мың адам шегiнде болды. 1995 жылы жұмыспен қамту қызметiне 203 мың жұмыссыз тiркелдi, бұл 1994 жылға қарағанда 1,8 есе көп. Ресми жұмыссыздар ретiнде тiркелгендердiң саны жыл бойына 1,1-ден 3,2 процентке (жұмыссыздар санының экономика саласында жұмыс iстейтiндердiң санына қатынасы) дейiнгi аралықта болды. Жұмыссыздықтың ұзақтығы өстi: жұмыс iздеушiлердiң тек 30 процентi ғана алғашқы төрт ай iшiнде жұмыс тауып, 20 процентi 9-12 ай бойы жұмыссыз болды, жұмыссыздардың жалпы санының 8 процентi бiр жылдан астам уақыт бойы жұмыс таба алмай жүрдi. 1995 жылы республиканың жұмыспен қамту қызметiне 350 мың адам өтiнiш жасады, оның iшiнде 27 процентi жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздардың жалпы санының 69 процентi жұмыссыздығы жөнiнде жәрдем ақы алды, 3,4 процентi қоғамдық жұмыстарға қатысты, ал қалған 9,3 процентi - кәсiби оқыту мен қайта даярлаудан өттi. Еңбек нарқындағы шиеленiс дәрежесi бойынша Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Атырау және Семей облыстары ерекше көрiндi, бұларда республика бойынша жұмыссыздықтың жалпы санының 40 процентi шоғырланды, ал жұмыссыздықтың деңгейi орташа республикалық көрсеткiш деңгейiнен елеулi түрде асып түстi. Толық немесе iшiнара тоқтаған кәсiпорындарда ай сайын 650-750 мың адам жұмыс iстейтiндер болып шартты түрде есепте тұрды. «Жасырын» жұмыссыздықтың саны экономика саласындағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 10 процент асып түстi. Қалғандар химия, жеңiл өнеркәсiп, түрлi-түстi металлургия кәсiпорындары, мейлiнше қиын жағдайда қалды. ХЕҰ-ның әдiстемесiне сәйкес толық емес жұмыспен қамтылған, сондай-ақ жұмыспен қамтылмаған бiрақ белсендi түрде жұмыс iздеушiлер адамдардың жұмыссыздар санына есептелген республикадағы жұмыссыздардың жалпы әлеуетi 1,5 млн. адам болды. Еңбек нарқының жұмыспен қамту мен жұмыссыздықтың жай-күйiн айқындаушы әсер мен экономиканың тұрақтануына, Үкiмет Бағдарламасының орындалуына нақты мүмкiндiктер жасайды. 1996 жылы негiзгi макроэкономикалық өлшемдер жұмысқа қамтуға мейлiнше қолайлы болады деп күтіліп отыр. Дегенмен дағдарыс тенденциясын толық тоқтатудың сәтi түспейдi. Нарықтық реформаны тереңдету мен оны одан әрi дамыту жұмыссыздықтың әлеуметтiк зардаптарын жұмсартуға бағытталған шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыруды талап етедi. Болжамдар 1996 жылы еңбек нарқы мынадай факторлардың әсерiнен қалыптасатын болатындығын көрсетiп отыр: өндiрiстiң құрылымдық қайта құрылуы: жекешелендiру, банкроттық, қайта бейiмдеу; инвестициялық мүмкiншiлiктер, жұмыс орындарының экономикалық тиiмдiлiгiн сақтау және жаңаларын ашуға байланысты; кәсiпорындар мен ұйымдардан қызметкерлердiң босау ауқымы; республикаiшiлiк және сыртқы көшi-көн ауқымы. Қазақстан экономикасын сауықтыру мақсатында өндiрiстi құрылымдық қайта құруды, қайта жарақтауды, бәсекелес ортаны қалыптастыруды жеделдетудiң өзектілігi кәсiпорындарда басы артық жұмыс күшiн босатуды, рентабельсiз өндiрiстердi таратуды объективтi түрде талап етедi, бұл осыған орай жұмыссыздықтың өсуiне апарады. Кәсiпорындар тарапынан жұмысшы күшiне деген қосымша сұраныс төмендейдi. Барлық материалдық өндiрiс салаларында жұмыс iстеушiлердiң санының азаюы күтіліп отыр. Дәрменсiз кәсiпорындардың арасында құрылыс және ауыл шаруашылығы ұйымдарының көпшiлiгi болуы мүмкiн. Мұның бәрi еңбек нарығындағы жағдайды шиеленiстiруге апарады. Экономиканың аграрлы секторындағы халықты жұмыспен қамту еңбек нарығында айрықша өзектілікке ие болады. Болжамдық бағалаулар бойынша село халқының саны 1996 жылы 7278,5 мың адам, ал еңбек ресурстарының саны 3518,3 мың адам болады. Село халқын жұмыспен қамту деңгейi 68,7% дейiн одан әрi төмендейдi деп күтіліп отыр (1994 жылы - 69,6%). Бұл АОК-тi реформалаудың жалғасуына мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын жекешелендiрудiң аяқталуына, жаңа агрофирмалардың, шаруа (фермерлiк) қожалықтарының құрылуына, «жасырын» жұмыссыздықтың ашық орнығуына байланысты. Алайда ауыл шаруашылығында кiшi және орта бизнестi қолдау мен дамытуға республикалық бюджет есебiнен 3,5 млрд. теңге қаражат бөлу көзделiп отыр, бұл жұмыспен қамту жағдайын бiршама жұмсартуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң болжамы бойынша, экономика саласында iстейтiн азаматтар саны 1995 жылмен салыстырғанда 6,1 млн. адамға, яғни 3,2 процентке дейiн төмендейдi. Жұмыссыздықтың бiршама үлкен деңгейi Қызылорда, Семей, Солтүстiк Қазақстан, Атырау облыстарында сақталады, жұмыссыздықтың жоғары деңгейi - Қарағанды облысы мен Алматы қаласынан күтіліп отыр. Әйелдердi, жастарды, зейнет жасы алдындағы адамдарды, мүгедектердi және еңбек нарқында әлсiз қорғалған адамдарды жұмыспен қамту мәселесi өте шиеленiсе түседi. Ашық еңбек нарығында жұмыс күшiне деген сұраныс өсе түседi. Бұл факторлардың бiрi «село-қала» түріндегі көшi-қон процесiнiң жалғаса түсуi болып табылады. Селолық жерлерден қалаға білігi аз жастардың лекiлдеп келуi жұмыссыздардың қатарын толтыру мен қаланың нысансыз секторындағылардың санын өсiрудiң бiр себебi болады. Жұмыспен қамтылмаған халықтың едәуiр өсуi еңбек нарығында жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақының өсуiне байланысты толтырады. Мұнда халықтың икемсiздiгi мен сұраныс пен ұсыныстың арасында тепе-теңдiктiң болмауынан кәсiби біліктілігi және аумақтық тұрғыда ұзақ уақыт бойы жұмыссыздар жiгiн қалыптастыратын болады. Нәтижесiнде 1996 жылы жұмыспен қамту қызметiне 530 мыңға жуық адам өтiнiш жасайды, оның тек әрбiр 5-шiсi ғана жұмысқа орналаса алады, ал 420 мың адам немесе экономика саласында iстейтiндердiң жалпы санының 6,9 процентi жұмыссыздар деп танылады. Болжам 1993-1995 жылдары қалыптасқан жағдайлардың нақты деректерiн, кәсiпорындардың және жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтiк саланы конверсиялау саласындағы саясат туралы Меморандумның ережелерi мен шарттарына, Үкiмет бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң талдауы мен болжамына негiзделiп отыр. II. 1996 жылы жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатының негiзгi бағыттары мен басымдықтары Үкiмет бағдарламасына сәйкес нарықтық жағдайлардағы халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуде дәстүрлi, сондай-ақ дәстүрден тыс әдiстер жұмыс iстейтiн болады. 1996 жылы жұмыспен қамтуды қолдау мен дамытуға байланысты саясаттың негiзгi бағыттары мыналар болып белгiленедi: өндiрiс көлемiнiң төмендеуiне, инфляцияға және жұмыс орындары жүйесiнiң тұрақсыздығына байланысты қолайсыз макроэкономикалық тенденцияларды болдырмау; экономикалық балама, мемлекеттік емес секторларында жұмыспен қамтуды дамыту және кеңейту үшiн жағдайлар жасау; амалсыздан жұмысын жоғалтқан немесе жұмыстан босап қалу қаупiнде жүрген азаматтарды тиiмдi нысаналы қолдау мен қорғауды қамтамасыз ету; жұмысқа орналасуда қиыншылықты бастан кешiп жүрген еңбекке қабілеттi топтардың жұмыспен қамтылуына қосымшаға жәрдем беру; жұмыссыздықтың өсуiн ұстау; жаппай жұмыстан босаудың алдын алу мақсатында «жасырын» жұмыссыздық ахуалындағы, әсiресе қалалардағы кәсiпорындарды қайтарымды негiзде iрiктемелi қаржылық қолдау; ұзақ жұмыссыздықтың зардаптарын жұмсарту (қоғамдық жұмыстар мен жұмыссыздарды уақытында жұмыспен қамтуды дамыту, жұмыссыздарды әлеуметтiк қолдау, оқыту мен кәсiби даярлаудың негiзгi жүйесiн құру); жұмыссыздардың арасынан кәсiпкерлiк кадрларын оқыту мен қайта даярлауды ұйымдастыру негiзiнде шағын бизнестi және кәсiпкерлiктi дамытуға жәрдемдесу. Халықты экономикалық қолдауға бағытталған негiзгi шаралар жаппай жұмыссыздық қаупiн жою, экономикалық тиiмдi жұмыс орындары мен кадрларды сақтау, сондай-ақ перспективалы салалар мен өндiрiстерде жаңа жұмыс орындарын құру. Бұған мынадай жолдар арқылы жетуге болады: инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру; жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік қорынан (бұдан әрi - Жұмыспен қамту қоры) жұмыстан босау қаупiнде жүрген қызметкерлерге қайтарымды негiзде материалдық қолдау көрсету; қосымша жұмыс орындарын, әсiресе халықтың әлеуметтiк-әлсiз санаттары үшiн ашу; жұмыстан босау қаупiнде жүрген қызметкерлердi алдын ала кәсiптiк оқыту, оның негiзгi мiндетi жұмыстан босаған қызметкерлерге қосымша кәсiби дағдылар мен тезiрек жұмысқа орналасу үшiн білім алу мүмкiншiлiгiн беру болып табылады. Белсендi саясаттың шеңберіндегі басым бағыттар мыналар: жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; еңбек нарығында жұмысқа орналасуда шектеулi мүмкiндiктерi бар адамдарды, жұмыс орындарын квоталауды қоса алғанда, жұмыспен қамтуда қосымша жәрдем көрсету; қоғамдық жұмыстарды, халықты уақытша жұмыспен қамтуды (маусымдық) ұйымдастыру, кәсiпкерлiк пен өзiн-өзi қамтуды дамыту; кәсiби оқыту және консультация беру.
III. Азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздарды әлеуметтiк қолдау жөніндегі шаралар 3.1. Жұмыс берушiлердiң тапсырысы бойынша жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу Еңбек нарығында жұмыс күшiнiң сұранысы мен ұсынысын реттеу мақсатында еңбекпен қамту қызметi мынадай қызмет көрсетулердi жалғастырады: жұмысқа орналастыру мүмкiндiктерi туралы азаматтарды хабардар ету; жұмыс берушiлердiң тапсырысы бойынша қызметкерлердi iрiктеу; қолайлы жұмыс орындарын iрiктеу; бос орындар жәрмеңкесiн өткізу; жұмыссыздарды оқыту және қайта оқыту; жұмыс iздеуде қиындық көрген азаматтарға жұмыс iздеу дағдыларын үйрету және кеңес беру; жұмыспен қамту қызметiнiң қолдауымен 110 мың адамға жұмыс берiледi.
3.2. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру жұмыссыздар мен жұмыспен қамтылмаған азаматтарға уақытша жұмыс орнын табуға мүмкiндiк бередi. Қоғамдық жұмыстар мыналарды қамтиды: қалалық жерлерде: қалаларды экологиялық тазалау, тротуарларды төсеу, мектептер мен ауруханаларды жөндеу, күндiзгi балабақшаларындағы жұмыс, жас көшеттер, көкөнiстер, жемiстер, гүлдер және басқаларды өсiру; ауылдық жерлерде: шағын суландыру жұмыстары, жол салу, тұрғын үйлер мен мектептер салу, топырақ қорғау мен ағаш отырғызуды жүргiзу. Қалалық және ауылдық жерлерде қоғамдық жұмыстармен айналысатындар, бұдан басқа, қартайғандарға, мүгедектерге қызмет, ауруларды күту мен балаларды бағуға көмек көрсетедi. Төменгi біліктіліктi қызметкерлердiң iшiнен 44,9 мың жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстармен қамту және оқушылар мен студенттерге оқудан бос уақытында жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету, бұған арнап Жұмыспен қамту қорынан 342 млн. теңге жұмсау көзделуде.
3.3. Өз бетiнше жұмыс iстеудi, кәсiпкерлiктi, шағын бизнестi дамытуға жәрдемдесу Жұмыспен қамту қызметтерiнiң өз бетiмен жұмыс iстеу, шағын бизнес пен кәсiпкерлiктi дамыту жұмыстарының негiзгi бағыттары мыналар болады: жұмыссыздарға кәсiпкерлiк негiздерiнiң кәсiби оқуын ұйымдастыру; жұмыспен қамту қызметтерiнiң Қазақстанның өнеркәсiпшiлерi мен кәсiпкерлерi одағымен, Кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың қазақстандық орталығымен, Қазақстан фермерлерiнiң «Қазагро» ұлттық федерациясымен және басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес экономикалық құрылымдарымен әзiрлеген шарттары, келісімдерi, бiрлескен iс-қимыл жоспарлары мен шаралары негiзiнде өз iсiн ашуына жәрдемдесу. Шарттарда негiзiнен жұмыссыздарды және кәсiпорындар мен ұйымдардан республиканың жұмыспен қамту қызметтерiмен шарттық негiзде босатылған қызметкерлердi даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігiн көтерудi қамтамасыз ету көзделген; кәсiпкер ретiнде олардың тиiмдi қызметiнiң мүмкiндiктерiн айқындау мақсатында жұмыссыздарға кеңес және кәсiби бағдар беру. 1996 жылы өз iсiн ұйымдастыратын 3,3 мың жұмыссызға қолдау көрсетiлетiн болады.
3.4. Жұмыссыздарды кәсiби оқыту және қайта оқыту Жұмыссыздарды оқыту және қайта оқыту - жұмыспен қамту белсендi саясатының маңызды бағыты. Жұмыспен қамту мемлекеттік қызметiнiң органдары 1996 жылы 30 мың адамға кәсiби оқудан, қайта оқудан және біліктілігiн көтеруден өту мүмкiндiгiн берудi көздеп отыр, бұған арнап Жұмыспен қамту қорынан 1,3 млрд. теңге жұмсалады. Оқитын контингенттiң негiзгi санаттары әйелдер, 30 жасқа дейiнгi жастар, мүгедектер және басқалар болып табылады. Бұл мiндеттердi шешу үшiн мыналар көзделуде: мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың кадрларға мұқтаждығын, кәсiби оқуды және кәсiби бағдарды қажет ететiн жұмыссыздардың кәсiби-біліктілік құрамын зерттеу және талдау және осы негiзде кәсiптер мен мамандықтар тұрғысынан болжамдар жасау, оларды білім беру мекемелерi мен бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелi түрде жеткізу; жұмыссыздарға кәсiби даярлау мен кәсiби бағдар берудi үйлестiрудi қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтiк-әлсiз жiктерiнен шыққан жұмыссыздарға ерекше көңiл бөлу; жұмыспен қамту қызметiнiң клиенттерiне олардың мүдделерi мен еңбек нарығының қажетсiнуiн ескере отырып кәсiп немесе жұмыс орнын iрiктеу бойынша кәсiби бағдар кеңестерiн жүргiзу, осы мақсатқа арнап кәсiптер, оқу орындары туралы ақпараттық деректер банкiн құру; жұмыссыздардың оқуын әсiресе жастар мен әйелдердiң iшiнен, жеке меншiк кәсiпкерлiктi, шағын бизнестi, фермерлiк қожалықты жүргiзудi дамыту үшiн жаңа кәсiптер бойынша, мұнымен бiрге аймақтың ұлттық, географиялық, әлеуметтiк-экономикалық және демографиялық ерекшелiктерiне көңiл бөле отырып ұйымдастыру; Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлігімен бiрлесiп жұмыссыздардың iшiнен азаматтардың кәсiби даярлығын ұйымдастыру үшiн оқу орындарын iрiктеу кезiнде тендер мүмкiндiктерiн белсендi пайдалану, оларды мамандарға берiлетiн біліктілігi еңбек нарығын талаптарына жауап беретiн дамыған оқу базасы бар оқу мекемелерiне кәсiби оқуға жiберу; шетел мемлекеттерiнiң шағын бизнестi, кәсiпкерлiк пен жеке еңбек қызметiн дамыту бөлiгiнде МОТ тәжiрибесiн пайдалана отырып жұмыссыздарды оқытудың жаңа нысандары мен әдiстерiн енгізу мемлекеттік емес кәсiпкерлiк одақтармен, бiрлестiктермен, кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту орталықтарымен оқып шыққан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсету жөнiнде бiрлескен шараларды жүзеге асыру; олардың кейiннен босаған және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналасуы мақсатында босатылған қызметкерлердiң мерзiмiнен бұрын кәсiби оқуын жүргiзудi кәсiпорындар мен ұйымдарға жәрдемдесу; аймақтық экономикалық мұқтажы есебiмен жұмысшылар мен мамандар даярлаудың көлемi мен салаларына түзету енгізудi білім беру мекемелерiне ақпараттық және әдiстемелiк көмек көрсету; запасқа шыққан әскери қызметшiлер және жұмыссыздар үшiн, осы мақсатқа Жұмыспен қамту қорынан 75 млн. теңге бөлiп, Алматы облысының Түрген поселкесіндегі Республикалық оқу орталығының құрылысын аяқтау.
3.5. Еңбек нарығындағы бәсекелестiгi төмен санаттардың (жастар, әйелдер, мүгедектер) жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу 3.5.1. Әйелдердiң жұмыспен қамтылуы Республикада әйелдер саны 8,5 млн. адамды немесе барлық халықтың 51,3 процентiн құрайды, оның iшiнде 3,0 миллионнан көп адам экономика саласында жұмыс iстейдi. 1995 жылы жұмыссыз әйелдердiң саны жұмыссыздардың 57 процентiн құрап, өткендегi жылмен салыстырғанда 1,6 еседен артық өстi. Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан және Семей облыстарында олардың саны неғұрлым көп орын алды. Жұмыс күшiне сұраныстың төмендеуi жағдайында жоғары және арнаулы білімi бар әйелдерге жұмыс табудың iс жүзiнде келешегi болмай отыр. Әйелдердi жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында мыналар көзделуде: әйелдер жұмыссыздығының өсу тенденциясының мониторингi. Бағалы бағдарларды және еңбек нарығында жұмыссыз әйелдердiң бастамашылық қызметке психологиялық әзiрлiгiн айқындау жөніндегі әлеуметтiк зерттеулер ұйымдастыру; жаңа мамандықтарға, кәсiпкерлiк қызметке үйретудi кеңейту, жұмыс iстеп жүрген әйелдердiң біліктілік және еңбекақы төлеу дәрежесi бойынша кейiн қалуын жою, бала тууына немесе оны күтуiне байланысты жұмысында үзiлiс болған әйелдердi қайта даярлау мен біліктілігiн арттыру жолымен әйелдердiң бәсекелестiк қабiлетiн қамтамасыз ету; өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз ету бағдары бойынша әйелдердi кәсiптiк оқытуды қамтамасыз ету; өз iсiн тiркеуге (жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп) жәрдемдесу; «Iскер әйел» клубтарын ұйымдастыруға жәрдем көрсету; аймақтық деңгейде әйелдердiң жұмыспен қамтылуын реттеудiң сақтандыру бағдарламаларын әзiрлеу; халық тұтынатын тауарлар жасап шығару, тұрмыстық қызмет, көркемөнер кәсiпшiлiгi саласында әйелдер үшiн жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдем көрсету.
3.5.2. Жастарды жұмыспен қамту Қазiргi кезде Қазақстанда 16-29 жас арасындағы 4 миллионнан астам адам тұрады, бұл бар халықтың төрттен бiр бөлiгiн немесе еңбекке қабiлеттi жастағы халық санының 40 процентiн құрайды, олардың 1 миллионға жуығы жұмыс iстемейтiн және оқымайтын жастар болып табылады. 1995 жылы республикада орташа есеппен алғанда жұмыссыздардың әрбiр үшiншiсi 30 жасқа дейiнгi адам болды. Жұмыссыз жастар саны әсiресе ауылдық жерлерде тез өсiп отыр. 1995 жылы ол 1994 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен артып 42 мың адамға жеттi. Жұмыспен қамту қызметiнде тiркелген жұмыссыз жастардың үштен бiрiне жуығы оқу орындарының түлектерi болып табылады. Жастарды жұмыспен қамту проблемаларын шешу мақсатында жұмыспен қамту қызметiнiң iс-қимылы мыналарға: оқу орындарының түлектерiне жұмысқа тұруы үшiн қосымша кәсiп (мамандық) алу, үйрену мүмкiндiгiнiң бар екенi туралы хабарлауға; жастарды уақытша (маусымдық) жұмыспен қамтуды ұйымдастыруға; жастардың кәсiпкерлiгiн, өзiн жұмыспен қамтуын дамытудың, арнайы оқу курстарын ұйымдастырудың аймақтық жобаларын жүзеге асыруға жәрдем көрсетуге; оқу орындарын бiтiрушiлер үшiн жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары жүзеге асыратын жұмыс орындарын квоталау тетiгiн жетiлдiруге; екi-үш сабақтас кәсiпке үйрету арқылы жастардың жұмыспен қамтылмаған бөлiгiнiң кәсiптiк және аумақтық жылжымалылығын көтеруге; тербелмелi миграцияны, вахталық жұмыс әдiсiн дамыту, жастардың жұмыс қолы жетiмсiз аймақтарға көшiп, онда орнығуы мақсатында жастарды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетуге арналған вакансиялардың аймақаралық банкiн ашуға шоғырландырылады. 3.5.3. Мүгедектердi жұмыспен қамту Республикада мүгедектер саны 301,9 мың адам немесе халықтың жалпы санының 1,8 процентi, олардың iшiнде 31,2 мың адам қоғамдық өндiрiсте жұмыс iстейдi. Бұл ретте бiрiншi топтағы мүгедектердiң 2,5 процентi, екiншi топтағы мүгедектердiң 3,2 процентi, үшiншi топтағы мүгедектердiң 31,2 процентi жұмыс iстейдi. Нарықтық экономикаға көшу кезiнде мүгедектер еңбек нарығындағы ең дәрменсiз, тиiмдi әлеуметтiк қолдауға мұқтаж топтардың бiрiне ендi. Жұмыспен қамтудың мемлекеттік қызметi мынаны көздеп отыр: мүгедектердi арнайы құрылған немесе квоталанатын жұмыс орындарына қабылдауға жiберу арқылы олардың жұмысқа орналасуына көмектесудi; жабдықтарды сатып алу мен жұмыс орындарын бейiмдеуге кеткен шығындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорынан қайтару арқылы қосымша жұмыс орындарын құруға жәрдем көрсетудi, бұл үшiн 50 млн. теңге жұмсау көзделiп отыр. 3.5.4. Село халқын жұмыспен қамту Аграрлық сектордағы өндiрiстiң құлдырауы, жұмысшылардың босап қалуы iлесiп келе жатқан нарықтық өзгерістер село еңбек нарығындағы жағдайды қиындатты. Селолық жердегi еңбек нарығының ерекшелiктерi: дамымаған өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымы бар, қосымша жұмыс орындарын құруға арналған инвестициялардың шектеулi шалғай селолық аудандардың болуына; кейбір селолық аудандардың жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру өте қиын экологиялық апат аймақтарда орналасуына; еңбек миграциясына және оның селолық еңбек нарығына әсер етуiне, 90 проценттен астамы селолық жерлерде орнығып қалатын босқындардың, тарихи отандарына қайтқан репатриант-босқындардың, қоныстануына; селолық еңбек нарығында үштен бiрге жуығының мамандығы жоқ жұмыспен қамтылмаған ауылдардың басым болуына байланысты.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |