|
|
|
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 сәуірдегі № 498 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 22 мамырдағы № 620 қаулысымен Бекiтiлген
Қазақстан Республикасында азаматтық хал актілерін тiркеу тәртібі туралы Ережелер (2011.30.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) 1-Бөлім 1-Тарау. Жалпы ережелер 2-Бөлім. Тууды тіркеу. 2-Тарау. Тууды тіркеу тәртібі мен мерзімдері 3-Бөлім. Әке болуды анықтауды тіркеу 3-Тарау. Жалпы ережелер 4-Тарау. Баланың әкесі мен анасының бірлесіп берген арызының негізінде әке болуды анықтауды тіркеу 5-Тарау. Бала әкесінің арызы негізінде әке болуды анықтауды тіркеу 6-Тарау. Сот шешімінің негізінде әке болуды анықтауды тіркеу 7-Тарау. Қазақстан Республикасында әке болуды анықтау, Қазақстан Республикасынан тыс жерде анықталған әке болуды мойындау 4-Бөлім. Некені тіркеу 8-Тарау. Жалпы ережелер 9-Тарау. Еңбекпен түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталған адамдармен некені тіркеу 10-Тарау. Қазақстан Республикасы азаматтарының шетел азаматтарымен және азаматтығы жоқ адамдармен некелерін тіркеу тәртібі туралы 5-Бөлім. Некенің бұзылуын тіркеу 11-Тарау. Кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некесін өзара келісім бойынша АХАЖ органдарында бұзу 12-Тарау. Жұбайлардың бірінің арызы бойынша некені бұзу 13-тарау. Некені бұзу кезіндегі оның тоқтатылу сәті 6-Бөлім. Бала асырап алуды тіркеу 15-тарау. Жалпы ережелер 7-Бөлім. Тегін, атын және әкесінің атын өзгертуді тіркеу 16-тарау. Жалпы ережелер 8-Бөлім. Қайтыс болуды тіркеу 17-Тарау. Жалпы ережелер 9-Бөлім. Акт кітаптарын сақтау тәртібі және мерзімдері 1-Бөлім 1-Тарау. Жалпы ережелер 1. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының 163-бабына сәйкес, туу, қайтыс болу, неке қию, некенi бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесiнiң атын және тегiн өзгерту азаматтық хал актілерін жазатын мемлекеттік органдарда (бұдан әрi - АХАЖ органдары) тiркеуге жатады. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының 164-бабына сәйкес, азаматтық хал актілерін тiркеудi АХАЖ бөлiмдерi, ал мұндай бөлiмдер жоқ жерлерде - жергiлiктi атқарушы органдар жүргiзедi. 2. АХАЖ бөлiмдерi мынадай iс - әрекеттердi жүргiзедi: 1) тууды, қайтыс болуды, неке қиюды, некенi бұзуды, бала (қыз) асырап алуды, әке (ана) болуды анықтауды, атын, әкесiнiң аты мен тегiн анықтауды тiркеудi; 2) азаматтық хал актілерінiң жазуын заңмен белгiленген тәртiппен түзетедi, өзгертедi, толықтырады және жояды; 3) жойылған жазбаларды қалпына келтiредi, атын, тегiн, әкесiнiң атын өзгертудi ресiмдейдi; 4) бастапқы және қайтадан куәлiктер, анықтамалар, азаматтық хал актілерінiң көшiрмелерiн бередi; 5) азаматтық хал актілерін тіркеу кітаптарын сақтауды қамтамасыз етеді. 3. Кенттiк, ауылдық (селолық) округтердiң лауазымды адамдары тууды, қайтыс болуды, неке қию мен әке болуды тiркеудi жүргiзедi. 4. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін тiркеу Қазақстан Республикасының консулдық және елшiлiк мекемелерiнде жүргiзiледi. Қазақстан Республикасының аумағында тұратын шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық хал актілерін тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының АХАЖ органдарында жүргiзiледi. 5. Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының консулдық немесе елшiлiк мекемелерiнде тiркеу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады. Егер Қазақстан Республикасының елшiлiк және консулдық мекемелерінде азаматтық хал актілерiн тiркеу кезiнде мүдделi адамның бiрi басқа мемлекеттiң азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болса, онда Қазақстан Республикасының Заңы қолданылады. 6. Азаматтық хал актілерін тiркеу үшiн арыз берушiнiң жеке басын куәландыратын мынадай құжаттар ұсынылуға тиiс: 1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке бас куәлiгi не ұлттық паспорты; 2) мерзiмдi әскери қызметшiлер үшiн - әскери билет; 3) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұратын шетел азаматтары үшiн - шетел азаматтарының тұруына арналған ықтиярхат; Қазақстан Республикасына уақытша келген адамдарға - уақытша тұруы туралы тұруға рұқсаты бар құжат; 4) азаматтығы жоқ адамдар үшiн - азаматтығы жоқ адамның тұруына арналған ықтиярхат. 7. Азаматтық хал актілерін тiркеу кiтабына енгiзiлетiн әрбiр жазба арыз берушiге оқылып беруге, олардың және жазуды жүргiзетiн лауазымды адамның қолдары қойылуға әрi азаматтық хал актiсiн тiркейтiн органның мөрiмен бекітілуге тиiс. Өтiнiш берушiлерге азаматтық хал актiсiнiң жазбасы жүргiзiлгенi туралы тиiстi куәлiк берiледi. ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 8-тармақ өзгертілді 8. Тууды тiркеу, әке болуды анықтау, бала (қыз) асырап алу, неке қию, некенi бұзу, атын, әкесiнiң атын және тегiн, ұлтын және жынысын өзгерту үшiн, сондай-ақ туу, неке қию, некенi бұзу, қайтыс болу туралы актiлердiң жазбаларын өзгертуге, толықтыруға, түзетуге және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер және азаматтық хал актілерін тiркеу туралы қайталап берiлетiн куәлiктер үшiн «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) белгiленген мөлшерде мемлекеттік баж алынады. Қайтыс болуды тiркеу, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тiркеу кезiнде жiберiлген қателерге байланысты куәлiктер беру «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiне (Салық кодексi) сәйкес мемлекеттік баж алусыз жүргiзiледi. 9. Тууды және қайтыс болудың уақытында әрi дұрыс тiркелуiн қамтамасыз ету үшiн жауапкершiлiк (халықты тiркеу мерзiмдерi мен тәртібі туралы хабардар ету тiркелуден жалтару жағдайларын анықтау, актілік кiтаптарды дұрыс жүргiзу және тағы басқалар) АХАЖ органдары бастықтарының жеке өздерiне; ал селолық елдi мекендерде - жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдарына; шекарадан тысқары жерлерде консулдық лауазымды адамдарға жүктеледi. 10. Халықтың табиғи қозғалысын тiркеудiң толықтығы мен уақытылылығын қамтамасыз ету мақсатында медициналық мекемелер келесi айдың үшiншi күнiнен кешiктiрмей ай сайын АХАЖ органдарына туғандар мен қайтыс болғандардың тiзiмдерiн жiберiп тұруға мiндеттi. Азаматтық хал актілерін тiркеуге уәкiлеттi лауазымды адамдар осы тiзiмдердi жүйелi түрде актiлер жазуларымен салыстырып тұруға және тiркелмеген адамдар анықталған жағдайда оларды тiркеуге шаралар қолдануға тиiс. 11. Азаматтық хал актілерін тiркеуден негiзсiз бас тартқаны, халықтың табиғи қозғалысына есеп жүргiзу жөніндегі мәлiметтердi белгiленген мерзiмде бермегенi, бала (қыз) асырап алудың құпиясын ашқаны үшiн лауазымды адамдар заңмен белгiленген тәртiпте (Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының 91-бабына сәйкес) әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылады. 2-Бөлім. Тууды тіркеу. 2-Тарау. Тууды тіркеу тәртібі мен мерзімдері 12. Балалардың тууын тiркеудi АХАЖ органдары баланың туған жерiнде немесе ата-аналарының не олардың бiреуiнiң тұрғылықты жерiнде жүргiзедi (№ 1 қосымшаға сәйкес). 13. Ата-аналардың қалауы бойынша АХАЖ органы баланың тууын салтанатты түрде, АХАЖ органының үй-жайында не АХАЖ органдары мен жаңа туған баланың ата-аналарының келісімі бойынша әйелдер босанатын үйде және кез келген үй-жайда тiркеудi қамтамасыз етедi. 14. Егер ата-анасы өзара некеде тұрмаса, тууды тiркеу өзiн баланың әкесiмiн деп танитын адамның тұратын жерiнде тiркелуi мүмкiн, онда тууды тiркеу туралы өтiнiшпен қоса әке болуды анықтау туралы өтiнiш берiледi. 15. Егер баланың тууы оның нақты туған жерiнде емес, ата-анасының немесе олардың бiреуiнiң тұратын жерi бойынша тiркелетiн болса, туу туралы актi жазуында «Туған жерi» деген 6-бағанада баланың тууын тiркелген жер көрсетiледi. 16. Экспедицияларда және АХАЖ органдары жоқ шалғай жерлерде, сондай-ақ анасының теңiз, өзен, әуе кемесiнде немесе поезда болған кезiнде туған балалардың тууын тiркеу ата-анасы тұратын жерiне қайтып келгеннен кейiн ата-аналарының немесе олардың бiрінің тұрғылықты жеріндегі АХАЖ органдарында жүргiзiледi. 17. Баланың тууын тiркеу туралы арызды ата-анасы немесе олардың бiреуi, ал ата-анасы науқас немесе қайтыс болған кезде немесе өзге себептермен олар үшiн мұндай өтiнiш беру мүмкiн болмаған жағдайда - мүдделi адамдар көршiлерiнiң, бала туған кезде анасы жатқан медициналық мекеменiң әкiмшiлiгi жазбаша немесе ауызша түрде бередi. ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 857 қаулысымен 18-тармақ өзгертілді 18. Баланың тууын тiркеу туралы АХАЖ органына өтiнiш оның туған күнiнен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жасалуға тиiс. Екі айлық мерзім өткеннен кейін тууын тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша, аумақтық әділет органының АХАЖ бөлімі жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі. 19. Медициналық мекеменiң баланың тууы туралы анықтамасында баланың анасы туралы барлық қажеттi мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты), сондай-ақ баланың туған күнi мен жынысы, анықтаманың берiлген күнi болуға тиiс. Анықтама лауазымды адамның қолымен және емдеу мекемесiнiң мөрiмен куәландырылуға тиiс. Егер баланың тууы туралы медициналық анықтамада анасының некеге дейiнгi тегi (әрi қарай - некеге дейiнгi тек) көрсетiлсе, ал тууды тiркеу сәтiнде ол паспортын, жеке бас куәлiгiн (жеке басын куәландыратын басқа құжатын) некенiң тiркелуi кезiнде берiлген тек бойынша алса, арыз берушi мiндеттi түрде емдеу мекемесi берген анықтаманың (осы паспортын (жеке басын куәландыратын басқа құжатын) АХАЖ органына ұсынған анаға берiлгенiн растайтын неке қию туралы куәлiктi тапсыруға тиiс. Егер некенi тiркеу кезiнде әйелге жұбайының тегi берiлсе, алайда ол паспортын жаңа текке ауыстырмаған және баланың тууы туралы медициналық анықтамада да анасының некеге дейiнгi тегi көрсетiлген болса, арыз берушi мiндеттi түрде неке қию туралы куәлiктi тапсыруға тиiс. Ата-ананың некесiн қию туралы жазба осы АХАЖ органында болған жағдайда неке қию туралы куәлiктi тапсыру мiндеттi емес. Осы тармақтың екiншi абзацында көзделген жағдайларда баланың тууы туралы актiнiң жазуында анасының тегi неке қию туралы куәлiк (неке қию туралы актiнiң жазуы) бойынша көрсетiледi, бұл ретте «Белгiлерге арналған» 24-бағанада «Ұсынылған медициналық анықтамада анасының некеге дейiнгi тегi көрсетiлген» немесе «Ұсынылған медициналық анықтама мен анасының паспортында оның некеге дейiнгi тегi көрсетiлген» деген тиiстi жазу жазылады және анасының некеге дейiнгi тегi көрсетiледi. Баланы үйде туған жағдайда туу емдеу мекемесi дәрiгерiнiң, басқа медициналық қызметкердiң анықтамаларының негiзiнде, олар болмаған жағдайда, кемiнде екi куәнiң арызының негiзiнде тiркеледi. Туу туралы актiнi жазудың «Баланың туу фактiсiн растайтын құжаттар» атты 10-бағанасында туу фактiсi куәлардың тегiн, атын, әкесiнiң аты мен тұратын жерi көрсетiле отырып расталады. Бұл мәлiметтер куәлардың жеке бастарын куәландыратын құжаттардың негiзiнде көрсетiледi. 20. Куәнiң (куәлардың) келуі мүмкiн болмаған жағдайда баланың осы әйелден туу фактiсiн жазбаша растаудың астына қойған қолдардың нақтылығы нотариаттық тәртiппен куәландырылуға тиiс. Бұған қоса, куәнiң қолын АХАЖ органының бастығы немесе тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi атқарушы органның лауазымды адамы; шетелде жүрген (ұзаққа созылған iссапар және тағы басқа) Қазақстан Республикасы азаматтарының қолдарын - Қазақстан Республикасының консулдық мекемелерiнiң лауазымды адамы; әскери қызметшiлердiң қолдарын - тиiстi әскери бөлiмнiң командирi; Қазақстан Республикасының жалауымен жүзiп жүрген теңiз кемелерiнде немесе iшкi сулар кемелеріндегі Қазақстан Республикасы азаматтарының қолдарын - осы кемелердiң капитандары; барлау және сол сияқты басқа да экспедицияларда жүрген азаматтардың қолдарын - осы экспедициялардың бастықтары; стационарлық емдеу-сауықтыру мекемелерiнде емделуде жатқан азаматтардың қолдарын - осы мекемелердiң әкiмшiлiгi куәландыра алады. 21. Ата-анасының бiреуiнiң немесе екеуiнiң де жеке басын куәландыратын құжатты тапсыруы мүмкін емес ерекше жағдайларда (оның жүрген жерi белгiсiз, ұзақ iссапар және тағы басқа) АХАЖ органы тууды тiркеуден бас тартуға тиiс емес. Егер ата-анасының жеке басын куәландыратын құжат тапсырылмаса, ол жайлы мәлiметтер неке қию туралы куәлiктiң немесе осы АХАЖ органында ата-анасының неке қию туралы акт жазуы болған кезде осы актілік жазудың негiзiнде жазылады. Егер ата-аналары туралы мәлiметтер неке қию туралы куәлiктiң негiзiнде жазылған жағдайда, «Ұлты» атты 15-бағана толтырылмайды. Бұл ретте берушiге келмей қалған ата-анасы жеке басын куәландыратын құжатты тапсырған кезде жазу белгiленген тәртiпте әкесiнiң (анасының) ұлты туралы мәлiметтермен толықтырылуы мүмкiн екендiгi түсiндiрiледi. Ата-анасының тұрақты тұратын жерi туралы, олардың қайда және кiм болып жұмыс iстейтiндiгi, сондай-ақ білімi туралы мәлiметтер арыз берушiнiң айтуымен жазылады. Мұндай жағдайларда туу туралы актiнiң жазбасындағы «Белгiлерге арналған» 24-бағанада: «Әкесiнiң (анасының) жеке басын куәландыратын құжат тапсырылған жоқ, әкесi (анасы) туралы мәлiметтер неке қию туралы куәлiктiң (неке қию туралы актілік жазудың) негiзiнде енгiзiлдi» деп көрсетiледi. 22. Өзара некеде тұратын әкесi мен анасы олардың бiреуiнiң өтiнiшi бойынша тууды тiркеу кiтабында баланың ата-анасы болып жазылады. Неке қию туралы куәлiк мұндай жазуға негiз болып табылады. Жасанды түрде ұрықтандыру тәсiлiн қолдануға немесе эмбрионды имплантациялауға өздерiнiң жазбаша келісімдерiн берген некеде тұратын адамдар осы тәсiлдердi қолданудың нәтижесiнде оларда бала туған жағдайда тууды жазу кiтабында оның ата-аналары болып жазылады. Некеде тұратын және бала көтерту мақсатында басқа әйелге эмбрионды имплантациялауға жазбаша түрде өз келісімдерiн берген адамдар тек баланы туған әйелдiң (суррогат ананың) келісімiмен ғана баланың ата-анасы болып жазыла алады. Егер ата-анасының арасындағы неке бұзылған, сотпен жарамсыз деп танылған немесе жұбайы қайтыс болса, бiрақ некенiң бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе жұбайының қайтыс болуы сәтiнен бастап екi жүз жетпiс күннен аспайтын уақыт өтсе, ата-анасы туралы мәлiметтер тура осындай тәртiпте жазылады. Арыз берушi осыған сәйкес некенi бұзу туралы куәлiктi немесе сот шешiмiн, некенi жарамсыз деп тану туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнен үзiндіні (көшiрменi) немесе жұбайының қайтыс болуы туралы куәлiктi тапсыруға тиiс. Тууы туралы актiнiң «Белгiлерге арналған» 24-бағанасында некенiң бұзылуы немесе қайтыс болу күнi мен орны және актілік жазудың нөмiрi не соттың атауы және некені жарамсыз деп тану туралы шешiмнiң заңды күшiне енген күнi көрсетiледi. Егер бала некенiң бұзылу немесе оның жарамсыз деп танылу күнiнен бастап екi жүз жетпiс күн өткеннен кейiн туса, бұрынғы жұбай тек әке болуды анықтау туралы актілік жазудың негiзiнде ғана баланың әкесi болып жазылуы мүмкiн. 23. Егер баланың тууын тiркеудi ата-анасы емес, басқа адам жүргiзсе, онда арыз берушiнiң жеке басын куәландыратын құжат тапсырылуға тиiс. Бұл жағдайда «Белгiлерге арналған» 24-бағанада арыз берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi, күнi және кiмнiң бергенi көрсетiледi. 24. Егер тiркелген некеде тұратын баланың анасы тууды тiркеу кезiнде оның жұбайы бұрынғы жұбайы баланың әкесi болып табылмайды деп мәлiмдесе және баланың тууы әкесi болу мынадай тәртiппен анықталады: баланың анасымен некеде тұрмайтын адамның әке болуы баланың әкесi мен анасының АХАЖ органына бiрлесiп арыз беру жолымен анықталады; анасы қайтыс болған, ол әрекет қабiлетi жоқ деп танылған, ананың тұрған жерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайларда немесе ол ата-аналық құқығынан айырылған жағдайда - қамқоршы және қорғаншы органдардың келісімiмен баланың әкесiнiң арызы бойынша, осындай келісім болмаған жағдайда - сот шешiмiмен анықталады; бала туғаннан кейiн әке болуды анықтау туралы бiрлесе арыз беру мүмкiн болмайды немесе қиын болады деп тұспалдауға негiз болатын мән-жайлар болған жағдайда, болашақ баланың өзара некеде тұрмайтын ата-анасы осындай арызды ананың жүктi кезiнде АХАЖ органына бере алады. Баланың ата-анасы туралы жазба бала туғаннан кейiн жасалады. 25. Егер ата-анасы өзара некеде тұрмаса, баланың анасы туралы жазба анасының өтiнiшi бойынша, ал әкесi туралы жазу - әке болуды баланың әкесi мен анасының бiрлесiп берген арызы бойынша немесе баланың әкесiнiң арызы бойынша жасалады немесе әкесi соттың шешiмi бойынша жазылады. Бала некеде тұрмайтын анадан туған кезде, ата-ананың бiрлесiп берген арызы болмаған кезде соттың әке болуды анықтау туралы шешiм болмаған жағдайда, тууды жазу кiтабында баланың әкесi туралы жазба анасының тегi бойынша, баланың әкесiнiң өз аты мен оның әкесiнiң ата-анасының айтуы бойынша жазылады. Баланың тууы анасының емес, басқа адамның өтiнiшi бойынша тiркеген жағдайда әкесi туралы мәлiметтер осы тармақтың екiншi абзацымен көзделген тәртiпте осы адамның айтуы бойынша жазылады. Мұнда туу туралы актiнiң жазуындағы «Белгiлерге арналған» 24-бағанада: «Әкесi туралы мәлiметтер арыз берушiнiң айтуы бойынша енгiзiлдi» деген жазба жасалады да арыз берушi осы бағанаға қол қояды. Кейiннен баланың анасы туу туралы актiнiң жазуына енгiзiлген баланың әкесi туралы мәлiметтермен келiспеген жағдайда түзетулер белгiленген тәртiпте жасалады. 26. Егер ата-анасы (немесе олардың бiреуi) он сегiз жасқа толмаған болса, баланың тууы әдеттегiдей тәртiпте тiркеледi. Кәмелетке толмаған әкесiнiң немесе анасының ата-аналарының (қамқоршыларының) баланың тууын тiркеуге келісімi мұнда талап етiлмейдi. Некеде тұрмайтын және он алты жасқа немесе кәмелетке толмаған ата-анадан туған баланы тiркеу заңды өкiлдiң қатысуымен жүргiзiледi. Мұнда «Белгiлерге арналған» 24-бағанада: «Туудың тiркелуi заңды өкiлдiң қатысуымен жүргiзiлдi» деген жазу жазылады, оның тегi, аты, әкесiнiң аты, жеке куәлiгiнiң нөмiрi көрсетiледi, содан кейiн өкiл осы бағанаға қол қояды. Кейiннен кәмелетке толмаған ата-аналар он алты жасқа толғанға дейiн кәмелетке толмаған ата-анасымен қатар тәрбиелеудi жүзеге асыратын қамқоршы тағайындалады. Жасанды түрде ұрықтандыру тәсiлiмен немесе эмбрионды имплантациялау жолымен туған балалардың тууын тiркеу жалпы белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 27. Тууды тiркеу кезiнде баланың тегi ата-анасының тегiмен белгiленедi. Ата-анасының тектерi әртүрлi болған жағдайда балаға ата-анасының келісімi бойынша әкесiнiң немесе анасының тегi берiледi. Ата-анасының қалауы бойынша баланың тегiн ұлттық дәстүрлердi ескерiле отырып, әкесiнiң немесе атасының атына жазылуы мүмкiн. Баланың тегiне қатысты ата-анасының арасындағы келiспеушiлiктер сот тәртібімен шешiледi. 28. Тууды тiркеу кезiнде ұлты қазақ адамдардың аттарын, әкелерiнiң аттарын және тектерiн мына төмендегі үш мүшелiк антропонимдiк белгiлеу жүйесi: аты, әкесiнiң аты, тегi бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтардың тектерi мен әкелерiнiң аттарын жазу кезiнде қазақ тіліне жат -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -и -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич жұрнақтары алып тасталып, олардың орнына «ұлы», «қызы» жалғаулары бiрге қосып жазылады. Мысалы Байкенов Оспан Омарович Байкен Оспан Омарұлы»; Кадырова Рысты Мадиевна <Қадыр Рысты Мәдиқызы>. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 15-бабына сәйкес ұлты қазақ адамдардың аты-жөнiн былайша жазуға болады; Қадырова Рысты Мадиевна - Мадиқызы Рысты; Байкенов Оспан Омарович - Омарұлы Оспан. Әкесiнiң аты шын мәнiсiнде тегiн ауыстыратын болса және тегi мiндеттi түрде бiрiншi орында, одан кейiн аты тұрса, онда әкесiнiң аты жазылмайды. Тегiнiң айтылуы қолайсыз естiлетiн жағдайларда сондай-ақ қазақтардың тұрмысында кездесетiн шығыс антропонимi дәстүрлерiн құрметтей отырып, тегiн белгiлеу кезiнде өз еркi бойынша «и» әрпiн қосып жазуға жол берiледi. Мысалы: Кошкарова Сара Акимовна - Қошқари Сара Әкiмқызы. Ұлты қазақ адамдардың тектерiн, өз аттары мен әкелерiнiң аттарын жазу кезiнде атындағы сөздiң мөлшерiне қарамастан бөлек жазуға жол берiлмейдi. Мысалы: Әбiлқасым (Әбiл - Қасым емес), Гүлсара (Гүл - Сара емес), Сейдахмет (Сейд - Ахмет емес). Атын, тегiн, әкесiнiң атын өзгертудi тiркеу кезiнде де осындай принциптер қолданылады. Текке «тегi», «ұрпағы», «немересi», «шөбересi» сөздерiн және тағы басқа сөздердi қосып жазуға жол берiлмейдi. 29. Балаға қосарланған тек беруге рұқсат етiлмейдi. Алайда, егер ата-анасының (немесе олардың бiреуiнiң) қосарланған тегi болса, АХАЖ органы балаға осы тектi беруден бас тартуға құқылы емес. Балаға ұлттық-тарихи дәстүрлерге сәйкес әкесiнiң немесе атасының атына жазылған тек берiлуi мүмкiн. 30. Баланың аты ата-анасының келісімi бойынша қойылады, ата-анасының арасында келісім болмаған жағдайда баланың атын қою мәселесi сот арқылы шешiледi. АХАЖ органы берiлген аттың жеке аттар анықтамасында көрсетiлмеуi немесе қысқартылған, еркелететiн ат болып табылуы негiзiнде балаға ата-анасы таңдаған атты қоюдан бас тартуға құқылы емес. 31. Балаға әкесiнiң аты әкесiнiң атымен не әкесi ретiнде жазылған адамның атымен берiледi. Егер жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес әкесінің бiрнеше аты болса, баланың әкесiнiң аты ата-анасының таңдауымен солардың бiреуi бойынша жазылады. Басқа ұлт адамдарының тектерi, аттары және әкесiнiң аттары өздерiнiң қалауы бойынша олардың ұлттық ерекшеліктерiне сәйкес жазылуы мүмкiн. 32. Тууды тiркеу туралы жазылған жазудың негiзiнде тууы туралы куәлiк жазылып, ол тууды тiркеу туралы өтiнiш берген адамға берiледi. Тууы туралы куәлiкпен бiрге мiндеттi түрде жұмыс орнына тапсыру үшiн баланың туу жағдайы бойынша тиiстi жәрдемақы алуға анықтама берiледi. 33. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың балаларының тууын тiркеу кезiнде ата-анасының екеуiнiң де жеке бастарын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ олардың мемлекеттік және орыс тiліндегі мәтiннiң нотариалдық куәландырылған аудармасын тапсыру талап етiледi. 34. Екi және одан да көп бала туған кезде олардың әрқайсысына туу туралы медициналық анықтама тапсырылуға тиiс, соның негiзiнде бiрiнен кейiн бiрi жазылатын тууы туралы жеке жазбалар жазылады және балаларға туу туралы жеке куәлiктер берiледi. 35. Тауып алған баланың тууын тiркеу, егер ол бұрын тiркелмеген болса, оны тауып алған адамның, балалар мекемесi әкiмшiлiгiнiң немесе iшкi iстер органының арызы бойынша тауып алу күнiнен бастап үш күннен кешiктiрiлмей жүргiзiледi. Тауып алған баланың тууын тiркеу кезiнде АХАЖ органы бұл жайлы дереу қамқоршылық және қорғаншылық органына хабарлауға тиiс. Тууды тiркеу кезiнде арызға барлық жағдайларда, баланың табылған уақытын, орнын және тауып алу жағдайларын көрсетiп iшкі iстер органы немесе жергiлiктi атқарушы орган әзiрлеген хаттама, сондай-ақ баланың жасы туралы медициналық мекеме берген анықтама қоса тапсырылады. Тауып алынған, ата-анасы белгiсiз баланың тегi, аты, әкесінің аты, сондай-ақ оның ата-анасының тегi, аты, әкесiнiң аты мен ұлты қамқоршылық және қорғаншылық органының, бала тапсырылған балалар мекемесi әкiмшiлiгiнiң, баланы тауып алған iшкi iстер органының немесе баланы тауып алған адамның айтуы бойынша жазылады (баланың ата-анасы туралы басқа мағлұматтар жазылмайды). «Белгiлерге арналған» 24-бағанада: «Бала табылған» деген жазу жазылады, сондай-ақ ата-анасы туралы мәлiметтердiң кiмнiң айтуы бойынша енгiзiлгендiгi жазылады. 36. Өлi туған балалар мен өмiрiнiң бiрiншi аптасында өлген балалар баланы тудырған немесе бала өлген емдеу мекемесiнiң арызы бойынша туу сәтiнен бастап бес тәулiктен кешiктiрiлмей АХАЖ органдарында тiркелуге тиiс. Алайда, егер мұндай арызбен ата-анасы немесе қажеттi құжаттарды ұсынған басқа адам жүгiнсе, АХАЖ органы тiркеуден бас тартуға тиiс емес. Өлi баланың тууын тiркеу өлi туу туралы медициналық куәлiктiң (перинаталдық өлiм туралы куәлiктiң) негiзiнде тек тууы туралы актiлердi тiркеу кiтабында ғана тiркеледi. Егер бала туғаннан кейiн өлсе (егер ол бiрнеше минут қана өмiр сүрсе де), екi актілік жазу: тууы туралы - тууы туралы медициналық анықтаманың негiзiнде және қайтыс болу туралы - перинаталдық өлiм туралы куәлiктiң негiзiнде жазылуға тиiс. Мұнда туу туралы актiнiң жазуында актілік жазудың нысанымен көзделген ата-анасы туралы барлық мәлiметтер көрсетiлуге тиiс, ал осы тармақтың үшiншi абзацымен көзделген жағдайларда - баланың қайтыс болуы туралы да белгi қойылуға тиiс («Белгiлерге арналған» 24-бағанада). Егер бала өмiрiнiң бiрiншi аптасында қайтыс болса, өтiнiш берушiге тек қайтыс болу туралы куәлiк берiледi. Кейiннен тек қайтыс болу туралы қайтадан куәлiк берiледi. Егер ата-анасына баланың (өлi немесе тiрi, бiрақ өмiрiнiң бiрiншi аптасында қайтыс болған) тууын растайтын құжат алу қажет болса, АХАЖ органы өлi туу туралы немесе баланың қайтыс болуы туралы көрсетiп, тууы туралы анықтама бередi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |