|
|
|
Заң күші бар Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1996 жылғы 27 қаңтар N 2828 Осы редакция 2003 ж. 16 мамырдағы N 416-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес осы Жарлықты шығарамын. 1-Тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар Осы Жарлықта қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi: 1) Жер қойнауын пайдаланудың қауiпсiздiгi - жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзгенде техникалық, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету; 1-1) Жағалау сызығы - су қоймасының ең көп мөлшерде көтерілуі (судың толығуы) нәтижесінде пайда болған жағалау сызығы. Жағалау сызығының нақты орналасу орнын белгілеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды; 2) Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеу - Жер қойнауы жай-күйiнiң мониторингiне, учаскелердiң, сондай-ақ республика және бөлiктерiнiң және тұтастай аумағының геологиялық құрылымын зерделеуге, оларда Пайдалы қазбалардың болуы жөнiндегi перспективаларды анықтауға, жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негiзiн құрайтын мемлекеттiк геологиялық карталар жасауға байланысты жұмыстар (операциялар); 2-1) Геологиялық бөлу - Жер қойнауын пайдаланушы Барлау жүргізуге құқылы жер қойнауының Учаскесін схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын Контрактінің ажырамас бөлігі болып табылатын Барлауға, бірлескен Барлау мен Өндіруге жасалатын Контрактіге қосымша; 2-2) Тау-кендік бөлу - Жер қойнауын пайдаланушы Барлаумен және (немесе) Өндірумен не Сервитутты жүзеге асырумен байланысты емес Өндіру жүргізуге, жер асты құрылыстарын Салуға құқығы бар жер қойнауының Учаскесін схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын Сервитут ресімделген жағдайда, Өндіруге арналған Контрактіге, бірлескен Барлаумен Өндіруге арналған Контрактіге, Барлаумен және (немесе) Өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға жасалатын Контрактіге, коммерциялық мақсатта Контрактінің ажырамас бөлігі не дербес құжат болып табылатын кең таралған пайдалы қазбаларды Өндіруге жасалатын Контрактіге қосымша; 3) Өндіру - Минералды шикізатты уақытша сақтауды қоса алғанда, Жер қойнауынан жер бетіне, сондай-ақ мемлекеттің меншігіндегі Техногенді минералдық түзілімдерден Пайдалы қазбаларды алуға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені және технологиялық циклы; 3-1) Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз мұқтаждары үшін өндіру - өндірілген кең тараған пайдалы қазбаларға не жерасты суларына қатысты кейiн мәмiлелер жасау ниетiнсiз, жеке меншiктегi не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығындағы жер учаскесiнде жүзеге асырылатын Өндiру; 3-2) Кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсаттарда өндiру - кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждары үшiн Өндiруге қатысы жоқ кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндiру; 3-3) Теңiздi ластау - теңiз аясына материалдардың, заттардың, энергияның, шудың, тербелiстiң келiп түсуi, сондай-ақ адамдардың денсаулығына, теңіздiң тірі ресурстарына және теңiздiң экожүйесiне зиян келтiретiн не зиян келтiруге қабiлеттi, не теңiзде не оның жағалауында заңды қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға кедергiлер жасайтын немесе залал келтiретiн не залал келтiруге қабiлеттi сәулелер мен өрiстердiң алуан үлгiлерiнiң пайда болуы; 4) Коммерциялық табу - Контракт аумағында өндiру үшiн экономикалық жарамды бiр немесе бiрнеше Кен орындарын табу; 5) Құзыреттi орган - Контрактылар жасаумен және орындаумен тiкелей байланысты құқықтар берiлетiн атқарушы орган; 6) Контракт - Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) мен жеке немесе заңды тұлғаның (тұлғалардың) арасында Барлау, Өндiру, бiрлескен Барлау мен Өндiру жүргiзуге не Барлауға және (немесе) Өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға жасалатын шарт; 7) Контрактiнiң аумағы - Жер қойнауын пайдаланушы Контрактiге сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операциялар жүргiзуге құқылы Геологиялық не Тау-кендiк бөлумен айқындалатын аумақ; 11) Кен орны - Пайдалы қазба (Пайдалы қазбалар) табиғи шоғырланған Жер қойнауының бөлiгi; 12) Минералдық шикiзат - жер үстiнде шығарылған, құрамында Пайдалы қазба (Пайдалы қазбалар) бар жер қойнауының бөлiгi (тау жынысы, кен шикiзаты және басқалар); 13) Модельдiк контракт - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн үлгi контракт, онда Контрактылардың кейбiр түрлерiнiң ерекшелiктерi немесе жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жекелеген Операцияларды жүргiзудiң ерекшелiктерi көрсетiлiп, Контрактылар жасалғанда үлгi ретiнде пайдаланылады; 14) Жер қойнауын пайдаланушы - осы Жарлыққа сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі Операцияларды жүргізу құқығын иеленуші жеке немесе заңды тұлға; 15) Жер қойнауы - топырақ қабатынан, ол жоқ болса - жер бетiнен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су қоймаларының түбiнен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогрестi ескере отырып жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзуге болатын тереңдiкке созылған жер қыртысының бөлiгi; 16) Кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйiнде немесе сәл өңделiп, тазартылғаннан кейiн негiзiнен жергiлiктi шаруашылық мұқтаждарын қамтамасыз етуге жұмсалатын пайдалы қазбалар (құм, саз, қиыршық тас және басқалар); 17) Жер қойнауын пайдалану операциялары - жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеуге, Барлауға және Өндiруге, сонымен бiрге жер асты суларын, шипалы балшықты Барлау және Өндiруге, Жер қойнауын қалдық суларды ағызу үшiн барлауға байланысты жұмыстар, сондай-ақ Өндiруге байланысты емес, жер асты құрылыстарын Салу және пайдалану жөнiндегi жұмыстар; 18) минералдық шикiзатты өңдеу - Минералдық шикiзаттан Пайдалы қазбаны (Пайдалы қазбаларды) ажыратып алумен байланысты жұмыстар; 18-1) Мердігер - Құзыретті органмен (уәкілетті мемлекеттік орган) жер қойнауын пайдалану жөніндегі Операцияларды жүргізуге Контракт жасаған жеке немесе заңды тұлға; 19) пайдалы қазба - жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ күйiнде кездесетiн материалдық өндiрiсте қолдануға жарамды табиғи минералдық зат (соның iшiнде жерасты сулары мен шипалы балшық); 20) Кен орындарын игерудiң оң тәжiрибесi - әдетте әлем елдерiнiң Жер қойнауын пайдаланушылары қолданатын Барлаудың және Өндiрудiң оңтайлы, қауiпсiз, тиiмдi және жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзуге қажет тәжiрибе; 21) Жер қойнауын пайдалану құқығы - осы жарлықта белгiленген тәртiпке сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға берiлген Контракт аумағы шегiндегi жер қойнауына иелiк ету және оны пайдалану құқығы; 21-1) Сақтық аймағы - Теңіздің жағалау сызығынан Қазақстан Республикасының аумағында құрлық жағына қарай 5 километрге созылып жатқан аймақ; 23) Жұмыс бағдарламасы - Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу, Барлау және Өндiру жөнiндегi жоспарларды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзуге дайындалған жоспарлардың барлық түрлерi; 24) Барлау - Пайдалы қазбалар Кен орындарын iздеумен және оларды бағалаумен байланысты жұмыстар (операциялар); 25) Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және оларды пайдалану - жалпы шаруашылық мақсаттар үшiн жерасты құрылыстарын салу және пайдалану, сондай-ақ радиоактивтi қалдықтарды, зиянды заттарды және қалдық суларды көму жұмыстары (операциялары); 25-1) Сервитут - жеке және заңды тұлғалардың басқа тұлғаларға осы Жарлықта көзделген жағдайларда Барлаумен және (немесе) Өндірумен байланысты емес Барлау, Өндіру, бірлескен Барлау жүргізу және Өндіру, не жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшін берілген жер қойнауы Учаскесінің бөлігін шектеулі нысаналы пайдалану құқығы; 26) Техногендiк минералды түзiлiмдер - пайдалы қазбасы (Пайдалы қазбалары) бар тау-кен, байыту, металлургиялық және басқа түрлi өндiрiс қалдықтары (шлактар, үйiндiлер, соңғы қалдықтар және басқалар); 27) Жер қойнауы учаскелiк (блок) - жер қойнауын пайдалану үшiн тұйықталған шекаралықта берiлетiн Жер қойнауының геометрияланған бөлiгi. 27-1) Ұлттық компания - Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану операцияларын тiкелей, сондай-ақ Контрактiлерге үлестiк қатысу арқылы жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен құрылған, акцияларының жүз процентi мемлекетке тиесiлi жабық акционерлiк қоғам. Ескерту. 1-бап өзгерді және толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 2-бап. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың мiндеттерi Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жайындағы заңдардың мiндеттерi - Қазақстан Республикасының мүдделерiн және оның табиғи ресурстарын қорғау, Қазақстан Республикасының Жер қойнауын тиiмдi пайдалану және қорғау, Жер қойнауын пайдаланушылар мүдделерiн қорғау, шаруашылық жүргiзудiң барлық нысандарының бiрдей дамуына жағдай жасау, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастар саласында заңдылықты күшейту мақсатында жүргiзудi реттеу болып табылады. 3-бап. Жер қойнауын және жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың принциптерi Жер қойнауымен және жер қойнауын пайдаланумен байланысты құқықтық қатынастар мынадай принциптерге негiзделедi: 1) Жер қойнауын ұтымды, кешендi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету; 2) Жер қойнауын және қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз ету; 3) республикалық және аймақтық мүдделердiң үйлесуiн қамтамасыз ету; 4) минералдық шикiзат базасын толықтыруды қамтамасыз ету; 5) Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жариялы түрде жүргiзу; 6) Жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы; 7) Жер қойнауын пайдалану жөнiнде операцияларды жүргiзуге инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар туғызу. 4-бап. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңдар 1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзгенде пайда болатын қатынастар осы Жарлықпен және соған сәйкес қабылданған басқа нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi. Пайдалы қазбалар мен Техногендiк минералды түзiлiмдердiң кейбiр түрлерiне қатысты жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзуге байланысты ерекшелiктер, Пайдалы қазбалардың осы түрлерi туралы және Техногендiк минералды түзiлiмдер туралы заң актiлерiмен айқындалады. 2. Жер, су (жерасты және шипалы балшықтан басқа), орман, өсiмдiк және жануарлар әлемiн, атмосфералық ауаны пайдалану және қорғау жөнiндегi қатынастар арнайы заңдармен реттеледi. 3. Жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты азаматтық құқықтық қатынастар осы Жарлық нормаларымен реттелмеген болса, азаматтық заңдар нормаларымен реттеледi. 4. Егер осы Жарлықта немесе басқа заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, шетелдiк азаматтар және заңды тұлғалар; сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар жер қойнауын пайдалану жөнiнде Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бiрдей құқықтармен пайдаланады және мiндеттер атқарады. 5. Осы Жарлық белгiленген азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары Үкiметтiң, орталық әрi жергiлiктi атқарушы органдардың және мәслихаттардың актiлерiмен шектелмейдi. Мұндай актiлердiң заң күшi болмайды және орындалуға жатпайды. 5-бап. Жер қойнауына, Пайдалы қазбаларға және Минералды шикiзатқа меншiк құқығы 1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Жер қойнауы, соның iшiнде Пайдалы қазбалар, мемлекет меншiгiнде болады. 2. Егер Контрактiде өзгеше көзделмеген болса, Минералды шикiзат меншiк құқығымен Жер қойнауын пайдаланушының меншiгiне жатады (Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кәсiпорнына - шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығымен). 3. Егер Контрактыда өзгеше көзделмеген болса, Техногендiк минералды түзiлiмдер мемлекет меншiгi болып табылады. 4. Мемлекет меншiгiндегi Техногендiк минералды түзiлiмдерден алынған Пайдалы қазбаларға иелiк ету құқығы (шаруашылық жүргiзу, жедел басқару) Контрактыда айқындалады; 5. Минералды шикiзат, Техногендiк минералдық түзiлiмдер немесе Пайдалы қазбалар меншiк құқығымен Жер қойнауын пайдаланушының иелiгiнде (шаруашылық жүргiзу, жедел басқару) болса, ол Минералды шикiзатқа, Техногендiк минералдық түзiлiмдерге немесе Пайдалы қазбаларға иелiк етуге, олар жөнiнде заңды тыйым салынбаған кез келген азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауға хақылы. 6-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзудiң жариялылығы 1. Барлық мүдделi тұлғалар Құзыреттi органда (уәкiлеттi мемлекеттiк орган): 1) инвестициялық бағдарламалардың конкурсын өткiзудiң шарттарымен және оның нәтижелерi туралы шешiмнiң мазмұнымен; 2) жасалған Контрактiлер бойынша бағдарламалар конкурсы ережелерiнiң орындалуымен танысуға құқылы. Бұл ретте Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының арасында тараптар құпия деп таныған ақпаратты беру құпиялылық режимiн бұзу болып табылмайды. Құпияға жататын ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 2. Мақсаты қоршаған табиғи ортаны қорғау болып табылатын барлық мүдделi отандық және халықаралық қоғамдық ұйымдардың қоршаған ортаға жүргізілген не жоспарланған жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операциялардың әсер етуіне қатысты толық және дұрыс ақпаратты алуға құқығы бар. 3. Мұндай ақпаратты берудiң тәртiбi қолданылып жүрген заңдармен белгiленедi. Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 2-Тарау. Атқарушы органдардың жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыретi 7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi Қазақстан Республикасының Үкiметi: 1) мемлекеттiк меншiк объектiсi ретiнде Жер қойнауының мемлекеттiк қорын басқаруды ұйымдастырады; 2) Жер қойнауын пайдалану және оны қорғау ережелерiн белгiлейдi; 3) Минералды шикiзаттың стратегиялық және тапшы түрлерiне деген мемлекеттiң қажеттiлiгiн қанағаттандыруға арналған Жер қойнауы Учаскелерiн анықтайды, ұлттық қауiпсiздiктi, қоршаған табиғи ортаның сақталуын, халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Жер қойнауын пайдалануға шек қояды, болашақ ұрпақ мүддесiне орай Минералды шикiзат қорларын сақтау үшiн Жер қойнауы Учаскелерiн консервациялайды; 4) кең тараған пайдалы қазбалардың тiзбесiн анықтайды; 5) өндiрушi өнеркәсiптiң әртүрлi салаларында қызметтi жүзеге асыратын Жер қойнауын пайдаланушылар үшiн арнайы төлемдер мен салықтардың төлеу тәртiбiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi; 6) Контрактылар жасасу тәртiбiн белгiлейдi; 7) Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) конкурсқа шығаруға жататын жер қойнауы Учаскелерiнiң (блоктарының) тiзбесiн бекiтедi; 8) Модельдiк контрактылар әзiрлейдi және бекiтедi; 9) Жер қойнауын пайдалану саласында осы Жарлықпен және Қазақстан Республикасының өзге заң актiлерiмен өзiне берiлген басқа өкiлеттiктердi жүзеге асырады; 10) Кең таралған пайдалы қазбалардан басқа жер қойнауын пайдалануға Контрактылар жасайтын және орындайтын құзыреттi органды айқындайды; 11) республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiнiң тiзбесiн бекiтедi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда оларды шаруашылыққа шектеп пайдаланудың тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi. Ескерту. 7-бап 11-тармақшамен толықтырылды - ҚР 11.05.1999 N 381 Заңымен; 7-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 8-бап. Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк органның) атқаратын қызметтерi 1. Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) атқаратын қызметтерiне мыналар кiредi: 1) Барлау, Өндiру және бiрлескен Барлау мен Өндiру жүргiзуге жер қойнауын пайдалану Құқығын беру үшiн инвестициялық бағдарламалардың конкурсын дайындау және ұйымдастыру; 2) Контрактiнiң шарттары туралы Жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер жүргiзу, Жер қойнауын пайдаланушымен бiрлесiп Контрактiнiң жобасын дайындау; 3) контрактiлiк құжаттардың жобаларын келiсудi жүргiзудi ұйымдастыру; 4) кең тараған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсатта өндiруге арналған Контрактiнi қоспағанда, Контрактiнi жасасу және тiркеу; 5) жер қойнауын пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк органмен бiрлесiп, Контрактiлердi орындау шарттарын сақталудың мониторингi және оны бақылау; 6) Осы Жарлықтың 14-бабына сәйкес Жер қойнауын пайдалану құқығын өзгеге беруге рұқсат беру, сондай-ақ осы Жарлықтың 15-бабына сәйкес Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi мәмiлелердi тiркеу; 7) Контрактiнi заңдарда көзделген тәртiппен және негiздер бойынша атқаруды және бұзуды қамтамасыз ету; 8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне Контрактiнiң орындалу барысы туралы жыл сайынғы есептi табыс ету. 2. Құзыреттi орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган): 1) Контрактiнi жасау және атқару жөнiндегi өзiнiң қызметiнiң барысында Қазақстан Республикасы мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге; 2) Кен орындарының қорларына мемлекеттiк сараптамадан кейiн ғана Өндiруге Контракт жасасуға мiндеттi. Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 9-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi Облыстық атқарушы органдар: 1) жер туралы заңдарға сәйкес, Контрактыда белгiленген мөлшерде Жер қойнауын пайдаланушыға жер пайдалану құқығына жер учаскесiн бередi; қажет болған жағдайда көрсетiлген мақсаттар үшiн жер туралы заңдарда анықталған тәртiппен жеке меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қояды; 2) өздерiне заң актiлерi берген құзырет шегiнде жер қойнауын пайдалану Операцияларын жүргiзу үшiн берiлген жер және су учаскелерiнiң қорғалуына, Жер қойнауын пайдаланушының экологиялық қауiпсiздiк ережелерiн бұзбауына, археологиялық ескерткiштер және басқа тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады; 3) Контракт жасалған кезде аймақ тұрғындарының әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық мүдделерiн сақтаумен байланысты мәселелердi шешу үшiн Жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер жүргiзуге қатысады; 5) Кең таралған пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсаттарда өндiруге Контракт жасасады, тiркейдi және оны атқарады; 5-1) жер қойнауын пайдалануға байланысты ғылыми, тарихи-мәдени және эстетикалық мәнi бар объектiлердi құру мен сақтауға жәрдемдеседi. 6) құзыреттi орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерi мен экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды, жергiлiктi маңызы бар ерекше - қорғалатын табиғи аумақтардың санатына жатқызылған жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi. Ескерту. 9-бап 6-тармақшамен толықтырылды - ҚР 11.05.1999 N 381 Заңымен; 9-бап өзгерді және толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 3-Тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығы 10-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының түрлерi 1. Жер қойнауын пайдалану Құқығы мынадай Операцияларды жүргiзу үшiн берiледi: 1) Жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеу; 2) Барлау; 3) Өндiру; 4) Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және пайдалану. 2. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен алынатын немесе алынбайтын, өтемдi және өтемсiз болуы мүмкiн. 3. Жер қойнауын пайдаланушыға жеке меншiк немесе тұрақты жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiндегi кең тараған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшiн өндiру жер қойнауын пайдаланудың тұрақты және өтемсiз құқығы бойынша жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайдалану Операцияларының басқа түрлерiнiң бәрi уақытша және өтемдi жер қойнауын пайдалану негiзiнде жүзеге асырылады. 4. Осы Жарлықта және басқа заң актiлерiнде негiздерден өзге, ешкiм жер қойнауын пайдалану Құқығынан ажыратылмайды. Ескерту. 10-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 11-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығының субъектiлерi 1. Жер қойнауын пайдалану Құқығының субъектiлерi қазақстандық және шетелдік жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкiн. 3. Жер қойнауын тұрақты пайдаланушылар - олардың жер қойнауын пайдалану Құқығының мерзiмсiз сипаты бар тұлғалар. Жер қойнауын уақытша пайдаланушылар - жер қойнауын пайдалану Құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген тұлғалар. Ескерту. 11-бап өзгерді - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 11-1-бап. Жер қойнауын пайдалануды шектеу 1. Жер қойнауының жекелеген Учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша елдің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында шектелуі немесе тыйым салынуы мүмкін. 2. Елді мекендердің аумақтарында, қала маңы аймақтарында өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінде жер қойнауларын пайдалануға, егер мұндай пайдалану адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі, шаруашылық объектілеріне немесе қоршаған ортаға залал келтіруі мүмкін болатын жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін. 3. Ерекше қорғалатын аумақтардың шектеріндегі жер қойнауларын пайдалану Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын аумақтары туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Ескерту. Жаңа 11-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 11-2-бап. Сервитуттар 1. Сервитут мүдделі тұлғаға, егер мұндай тұлғаның қызметті заңды жүзеге асыруы мұндай Сервитут берілмей мүмкін болмайтын не мұндай тұлғаны шамадан тыс шығынға ұрындыратын жағдайда ғана берілуі мүмкін. 2. Сервитутты беруге, егер мұндай беру адамдардың өмiрi мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға қатер төндiретiн, сондай-ақ жер қойнауы Учаскесiнде Барлау және (немесе) Өндiру жүргiзу мүмкiн еместiгiне не оның тиiмсiздiлiгiне әкеп соғатын жағдайда тыйым салынады. 3. Бұрын жер қойнауын пайдалану жөнiндегi Операцияларды жүргiзу үшiн басқа тұлғаға берiлген жер қойнауы Учаскесiнiң бөлiгiн берудi осы тұлғамен және Құзыреттi органмен (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) келiсiм бойынша Тау-кендiк бөлуiн ресiмдеу жолымен жер қойнауын пайдалану және Қорғау жөніндегі мемлекеттiк орган жүзеге асырады. 4. Сервитут мәмiленiң, соның iшiнде сатып алу-сату мен кепiлдiң дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға тек мұндай сервитутты қамтамасыз ету үшiн берiлген құқықпен бiрге ғана ауысуы мүмкiн. 5. Сервитутты жер қойнауы Учаскесiнiң бөлiгiне беру осындай Сервитутты алу қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес жер учаскесiне Сервитут беру үшiн негiз болады. Ескерту. Жаңа 11-2-баппен толықтырылды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 12-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығының пайда болуы 1. Жер қойнауын пайдалану Құқығы: 1) Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру; 2) Жер қойнауын пайдалану Құқығын өзгеге беру; 3) Жер қойнауын пайдалану Құқығы әмбебап құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен ауысу жолымен пайда болады. 2. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру тұлғаға жер қойнауын пайдалану Құқығын мемлекеттiң тiкелей беруiн бiлдiредi. 3. Жер қойнауын пайдалану Құқығын өзгеге беру жер қойнауын пайдалану Құқығын тұлғаға басқа Жер қойнауын пайдаланушының беруiн көрсетедi. 4. Жер қойнауын пайдалану Құқығының әмбебап құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен көшуi заңды тұлғаның қайта құрылуы кезеңiнде құқықтық мұрагерде жер қойнауын пайдалану Құқығының пайда болғанын бiлдiредi. Ескерту. 12-баптың 5-тармағы алып тасталды - ҚР 11.08.1999 N 467-I Заңымен. 13-бап. Жер қойнауын пайдалану Құқығын беру 1. Барлауға, Өндiруге, бiрлескен Барлау мен Өндiруге, сондай-ақ Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын Салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану Құқығын беру Контракт жасасу арқылы жүргiзiледi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |