|
|
|
Адвокаттық қызмет туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195-1 Заңы (ҚР 11.07.01 ж. N 235-II Заңымен енгізілген өзгерістерімен) I-тарау. Жалпы ережелер (1 - 6 баптар) 2-тарау. Адвокаттың мәртебесі (7 - 18 баптар) 3-тарау. Адвокаттық қызметті ұйымдастыру (19 - 33 баптар) 4-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер (34 - бап) Осы редакция ҚР 2003 ж. 03 маусымдағы N 425-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды I-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Адвокатураның мақсаты 1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге арналған. 2. Адвокатура қылмыстық iстер бойынша қорғау, азаматтық, әкiмшiлiк, қылмыстық және басқа да iстер бойынша өкiлдiк ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мен iске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегiнiң өзге де түрлерiн көрсету жөнiндегi адвокаттардың қызметiн ұйымдастырады. Адвокаттық қызмет шеңберiнде адвокаттар көрсететiн заң көмегi кәсiпкерлiк қызмет болып табылмайды. 2-бап. Адвокаттық қызмет туралы заңдар 1. Адвокаттық қызмет туралы заңдар осы Заңнан және адвокаттық қызметтi реттейтiн өзге де заңдардан тұрады. 2. Жеке және заңды тұлғалардың iстерi бойынша қорғау мен өкiлдiк етудi жүзеге асырған кездегi адвокаттардың iс жүргiзу құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi. 3-бап. Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметiнiң принциптерi Адвокатура ұйымдастырылуы мен қызметi: 1) адвокаттардың өз қызметiн жүзеге асыру кезiндегi тәуелсiздiгi; 2) адвокаттық қызметтi заңдарда тыйым салынбаған әдiстерiн және құралдармен жүзеге асыру; 3) заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, прокуратура, соттар, анықтау және алдын ала тергеу органдары, басқа мемлекеттiк органдар, өзге ұйымдар мен лауазымды адамдар тарапынан адвокаттардың қызметiне араласуға жол бермеу; 4) кәсiби мiнез-құлық нормаларын ұстану және адвокаттық құпияны сақтау принциптерiне негiзделедi. 4-бап. Адвокаттар көрсететiн заң көмегiнiң түрлерi 1. Заң көмегiн көрсете отырып, адвокаттар: 1) шешiлуi кәсiби заң бiлiмдерiн қажет ететiн мәселелер бойынша консультациялар, түсiндiрмелер, кеңестер мен жазбаша қорытындылар бередi; 2) талап қою арыздарын, шағымдар мен құқықтық сипаттағы басқа құжаттарды жасайды; 3) анықтау, алдын ала тергеу органдарында, соттарда, мемлекеттiк және өзге де органдарда, ұйымдарда және азаматтармен қарым-қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың өкiлдiгi мен оларды қорғауды жүзеге асырады. 2. Адвокаттар заңдарда тыйым салынбаған өзге де заң көмегiн көрсетедi. 3. Көмек сұрап келген адам адвокатты таңдап алуға ерiктi, бұған адвокат оған тегiн заң көмегiн көрсету үшiн /осы Заңның 6-бабы/ сондай-ақ, егер қорғалушы өзiне адвокат таңдап алмаса немесе таңдалмаса, оның қатысуы мiндеттi болатын қылмыстық iстер бойынша қорғаушы ретiнде тағайындалатын жағдайлар қосылмайды. 4. Қылмыстық iстер жөнiндегi кәсiби қорғауды тек адвокаттар ғана жүзеге асырады. 5-бап. Адвокаттар көрсеткен көмекке ақы төлеу, қорғау және өкiлдiк етумен байланысты шығындарды өтеу 1. Адвокаттар көрсеткен заң көмегiне ақы төлеу мөлшерi, қорғаумен және өкiлдiк етумен байланысты шығындарды өтеу көмек сұрап келген адаммен адвокат жасасатын келiсiмде белгiленедi. 2. Заңдарда көзделген жағдайларда, адвокат көрсеткен заң көмегiне ақы төлеу, iссапар, көлiк және оның басқа да шығындарын төлеу, анықтау, алдын ала тергеу органдарының қаулылары және сот ұйғарымдары бойынша республикалық бюджет қаражатынан жүргiзiледi. 3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша адвокат көрсеткен заң көмегi үшiн ақы төлеу мөлшерi оның соңғы 2 айдағы орташа жалақысынан төмен болмауға тиiс. Адвокат көрсеткен заң көмегiн ақы төлеу мен қорғауға және өкiлдiк етуге байланысты шығындарды өтеу тәртiбiн, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 6-бап. Заң көмегiне ақы төлеуден босату 1. Адвокаттар сенiм бiлдiрушiлердiң өтiнiштерi бойынша: 1) алимент өндiрiп алу туралы, асыраушысының қайтыс болуына, жұмыспен байланысты мертiгуiне немесе денсаулығының өзгедей бұзылуы арқылы келтiрiлген зиянды өтеу туралы iстердi жүргiзу кезiнде бiрiншi сатыдағы соттарда талап қоюшыларға; 2) Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестiрiлген адамдарға, мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге, I және II топтағы мүгедектерге, жасы жөнiнен зейнеткерлерге, егер бұл кәсiпкерлiк қызмет мәселелерiне байланысты болмаса, консультациялар беру кезiнде; 3) зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындау туралы өтiнiштердi дайындау кезiнде азаматтарға; 4) ақтау мәселелерi жөнiнде кеңестер беру кезiнде адамдарға заң көмегiн тегiн көрсетедi. 2. Адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртiбi адвокаттар алқасының жарғысында белгiленедi. 3. Азаматтарды олардың материалдық жағдайы ескерiле отырып, адвокаттар алқасының төралқасы, заң консультациясының меңгерушiсi, адвокат кеңесiнiң иесi (иелерi) және өз қызметiн заңды тұлғаны тiркемей жеке дара жүзеге асыратын адвокат заң көмегiне ақы төлеуден босата алады. 4. Осы бапта көзделген жағдайларда адвокаттың көрсеткен заң көмегiне төлеу тиiсiнше адвокаттар алқасының, адвокат кеңесiнiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi. 2-тарау. Адвокаттың мәртебесі 7-бап. Қазақстан Республикасындағы адвокат 1. Адвокат - мiндеттi түрде адвокаттар алқасының мүшесi болып табылатын және осы Заңмен реттелетiн адвокаттық қызмет шеңберiнде кәсiптiк негiзде заң көмегiн көрсететiн Қазақстан Республикасының азаматы. Жоғары заң бiлiмi бар, заңгер мамандығы бойынша жұмыс стажы екi жылдан кем емес және адвокаттық қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алған адам адвокат бола алады. 2. Қасақана қылмыс жасағаны үшiн сотталған, белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған, адвокаттар алқасынан шығарылған, сондай-ақ босатылған күнiнен бастап бiр жыл бойы - тәртiптiк жағымсыз әрекет жасағаны үшiн құқық қорғау органынан босатылған адам адвокат бола алмайды. 8-бап. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағлымдамадан өтушiлерi 1. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағлымдамадан өтушiлерi болуы мүмкiн. 2. Адвокаттың көмекшiлерi еңбек шартының (келiсiм-шартының) негiзiнде заң консультациясында, адвокат кеңсесiнде немесе адвокаттық қызметпен жеке-дара айналысатын адвокаттың жанында жұмыс iстей алады. Адвокаттың көмекшiлерi адвокаттың нұсқаулары бойынша және соның жауапкершiлiгiмен адвокаттың тапсырмаларын орындауға құқылы. 3. Жоғары заң бiлiмi бар азаматтар адвокаттың тағлымдамадан өтушiлерi бола алады. Тағлымдамадан өтушiлер тағлымдама туралы шарттардың негiзiнде адвокатта тағлымдамадан өтедi. Тағлымдамадан өтушi ретiндегi жұмыс кезеңi заңгер мамандығы бойынша жұмыс стажына есептеледi. 4. Тағлымдаманың тәртiбiн, мерзiмi мен шарттарын адвокаттар алқасы белгiлейдi. ҚР 11.07.01 ж. N 235-II Заңымен 9-бап өзгертілді 9-бап. Адвокаттың лицензиясы 1. Адвокаттың Әдiлет аттестаттау комиссиясының шешімі негiзiнде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi берген адвокат лицензиясы лицензияда көрсетiлген адамның адвокаттық қызметпен айналысуына рұқсатнама болып табылады. 2. Лицензия аттестаттаудан өткен жағдайда беріледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдардың аттестаттаудан өту ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi Адвокаттар лицензиясының мемлекеттiк тiзiлiмiн ол туралы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiткен ережеге сәйкес жүргiзедi. 2-1. Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар аттестаттаудан өтпестен адвокаттық қызметпен айналысу үшін лицензия алуға құқылы. 3. Бiлiктiлiк емтиханын тапсыруға жiберу туралы өтiнiш сонымен бiрге лицензия беру туралы өтiнiш те болып табылады. 4. Лицензия негiзгi, тұрақты болып табылады және оның күшi Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады. 10-бап. Лицензия беруден бас тарту Лицензиялау туралы заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша лицензия беруден бас тартылуы мүмкiн. 11-бап. Лицензияның күшiн тоқтата тұру Лицензияның күшi адвокаттың мемлекеттiк қызметке тұруы, оның Парламент депутаты болып сайлануы (тағайындалуы), мiндеттi мерзiмдi әскери қызметте болуы, осы Заңның 31-бабы 1-тармағының 4), 7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ лицензиялау туралы заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша адвокаттар алқасының мүшелiгiнен шығарылуы кезеңiнде тоқтатыла тұрады. 12-бап. Лицензияны керi қайтарып алу және оның күшiн жою 1. Лицензия туралы заң актiлерiнде көзделген жалпы негiздерден басқа лицензияны керi қайтарып алу Қазақстан Республикасы Әдiлет органдарының талап қоюы бойынша сот шешiмi бойынша сот тәртiбiмен мына жағдайларда: 1) адвокат адвокатураны ұйымдастыру және оның қызметi принциптерiн өрескел бұзған және өз мiндеттерiн бiрнеше мәрте орындамаған; 2) бiлiктiлiгi жеткiлiксiздiгi салдарынан адвокаттың өз кәсiби мiндеттерiн орындауы мүмкiн болмаған жағдайларда жүзеге асырылады. 2. Тиiстi сот шешiмiнiң негiзiнде лицензияның күшi: 1) белгiленген тәртiппен адвокат әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған; 2) адвокат қасақана қылмысы үшiн сотталған жағдайларда тоқтатылады. Адвокат лицензиясының күшi адвокат Қазақстан Республикасы азаматтығынан шыққан жағдайда да тоқтатылады. 3. Адвокат лицензиясын осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негiздер бойынша керi қайтарып алу жөнiнде қуынымдық iс жүргiзу Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен тек тиiстi адвокаттар алқасының ұсынысы бойынша қозғалады. 13-бап. Адвокаттың өкiлеттiктерiн куәландыру 1. Адвокаттың нақты iстi жүргiзуге өкiлеттiктерi заң консультациясы немесе адвокат кеңсесi беретiн ордермен, ал ол өз қызметiн жеке дара жүзеге асырғанда - адвокаттың көмек сұраған адаммен жасасқан шартымен куәландырылады. Ордер мен шартта адвокат лицензиясының нөмiрi мен оның берiлген күнi көрсетiлуге тиiс. 2. Адвокат Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында, сондай-ақ, егер бұл қабылдаған тапсырманы орындау үшiн қажет болса және тиiстi мемлекеттердiң заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қайшы келмесе, оның аумағынан тыс жерлерде адвокаттық қызметпен айналысуға құқылы. 14-бап. Адвокаттың құқықтары 1. Адвокат көмек сұрап келген адамға ол мұқтаж болған кез келген заң көмегiн көрсетуге құқылы. 2. Адвокат өзiне өтiнiш жасаған адаммен заң көмегiн көрсету туралы өз атынан келiсiм жасасады. 3. Адвокат, қорғаушы немесе өкiл ретiнде әрекет жасай отырып, iс жүргiзу заңына сәйкес: 1) барлық соттарда, құзыретiне тиiстi мәселелердi шешу кiретiн мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға және бiлдiруге; 2) барлық мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк емес ұйымдардан адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтердi сұратуға; 3) заң көмегiн көрсету үшiн қажет нақты мәлiметтердi дербес жинауға және дәлелдер табыс етуге; 4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамға қатысты материалдармен, соның iшiнде iс жүргiзу құжаттарымен, тергеу және сот iстерiмен танысуға және олардағы ақпаратты заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен белгiлеп алуға; 5) iске қатысуға жiберiлген сәттен бастап жолығулар санын, олардың ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялығын қамтамасыз ететiн жағдайларда өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға; 6) заң көмегiн көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер мен басқа да қызмет салаларында арнайы бiлiмдi қажет ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн шарттық негiзде мамандардың қорытындыларын сұратуға; 7) өтiнiштер, мәлiмдеуге, әдiлет, прокуратура, анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттың лауазымды адамдарының, сондай-ақ көмек сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтарына және заңдармен қорғалатын мүдделерiне қысым жасайтын өзге де лауазымды адамдардың әрекеттерiне белгiленген тәртiппен шағым жасауға; 8) мемлекеттiк құпияларды құрайтын ақпаратпен, сондай-ақ әскери, коммерциялық, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратпен, егер бұл анықтау, алдын ала тергеу кезiнде және сотта қорғау немесе өкiлдiк ету үшiн қажет болса, заң актiлерiнде көзделген тәртiппен танысуға; 9) заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың заңдарда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға; 10) заңдарға қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жасауға құқылы. 4. Мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам адвокаттың заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамның мүддесiн бiлдiру құқығын танудан бас тарта алмайды. 5. Адвокаттың мемлекеттiк органдардың, соттардың, прокуратураның, анықтау және алдын ала тергеу органдарының әкiмшiлiк үйлерiне кiруi осы органдар мен соттар белгiлеген тәртiппен өзiнiң адвокаттық куәлiгiн көрсетуi бойынша жүзеге асырылады. Адвокаттың ұсталғандар, тұтқынға алынғандар және жазасын өтеп жатқандар отырған орындарға кiруi белгiленген рұқсаттық режимге сәйкес жүзеге асырылады. 6. Адвокат мiндеттi сақтандыру қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын мемлекет кепiлдiк берген әлеуметтiк қорғалуға құқықты. Әлеуметтiк сақтандыруға арналған жарналарды адвокаттар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес төлейдi. 15-бап. Адвокаттың мiндеттерi 1. Адвокат заң талаптарын сақтауға, адвокатураны ұйымдастыру мен оның қызметiнiң принциптерiн басшылыққа алуға, кәсiптiк мiнез-құлық нормаларының талаптары мен адвокаттық құпияны сақтауға мiндеттi. 2. Егер адвокат осы iс бойынша мүдделерi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның (тараптардың өзара келiсiмi бойынша ара ағайын болған жағдайларды қоспағанда) мүдделерiне қайшы келетiн адамдарға заң көмегiн көрсетiп жүрсе немесе бұдан бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, анықтауды жүргiзушi адам, тергеушi, сарапшы, маман, аудармашы, куә, жәбiрленушi немесе куәгер, азаматтық талап қоюшы немесе азаматтық жауапкер ретiнде iске қатысқан жағдайларда, сондай-ақ егер iстi тергеуге немесе қарауға адвокатпен жақын туыстық қатынастағы лауазымды адам қатысса, ол заң көмегiн көрсету туралы тапсырмадан бас тартуға мiндеттi. 3. Адвокат заң көмегiн көрсетуге байланысты өзiне мәлiм болған мәлiметтердi құпия сақтауға мiндеттi және көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз оларды жария етуге құқығы жоқ. 4. Iс бойынша адвокаттың көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық позиция ұстануына тыйым салынады. 5. Адвокаттың қылмыстық iс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ және ол қорғалатын адамның немесе адвокаттың өзiнiң көзқарасы бойынша әдiлетсiз үкiм шығарылған жағдайда алған белгiленген тәртiппен шағым жасауға мiндеттi. 6. Адвокатқа мемлекеттiк қызметте болуға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысуға тыйым салынады. 16-бап. Адвокаттың кәсiби мiнез-құлық нормалары Адвокат заң көмегiн көрсету кезiнде мынадай кәсiптiк ережелердi сақтауға тиiс: 1) көп күш-жiгер не уақыт жұмсауды талап ететiн қажеттi әрекеттер жасаудан жасқанбай ыждағаттылық пен құлшыныс бiлдiру; 2) заң мәселелерiн қарап жатқан органдар мен лауазымды адамдарға қатысты өзiн әдептi ұстау; 3) өз кәсiби мiнез-құлқын көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне сәйкес қалыптастыра және тежей отырып, iстi негiзсiз сөзбұйдаға салуға, заң көмегiн көрсетудiң заңсыз әдiстерiне, алдауға жол бермеу; 4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның мүдделерiне адал болу және оның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасамау. 17-бап. Адвокаттық қызметтiң кепiлдiктерi 1. Мемлекеттiк органдардың, саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және өзге де ұйымдардың лауазымды адамдарының адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға тiкелей немесе жанама түрде кедергi жасауға құқығы жоқ. 2. Адвокатты ол заң көмегiн көрсетiп отырған адаммен теңдестiруге тыйым салынады. 3. Адвокаттан өз кәсiби мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты оған мәлiм болған мән-жайлар туралы куәгер ретiнде жауап алуға тыйым салынады. 4. Адвокаттардан, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультацияларының, адвокаттық кеңселердiң басшылары мен қызметкерлерiнен, заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, белгiлi бiр адамға заң көмегiн көрсетуге байланысты қандай да болмасын мәлiметтер берудi талап етуге тыйым салынады. 5. Адвокаттық iс жүргiзу және адвокаттың соған байланысты өзге де материалдары мен құжаттары, заң актiлерiнде тiкелей көзделгеннен басқа жағдайларда, тексеруге, қарауға, алуға, алып қоюға және тексерiске жатпайды. 6. Адвокатқа өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығуға рұқсат беруден бас тартуға тыйым салынады. 7. Анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттар адвокатты iске қатысуға жiберген сәттен бастап оған өзi қорғайтын адам қамауда болатын бүкiл кезеңге iске қатысуға жiберiлген туралы дереу жазбаша растау беруге мiндеттi. 8. Анықтау және алдын ала тергеу органдары, iс жүргiзу заңында көзделген жағдайларда, адвокатпен келiсiлген мерзiмде тергеу және өзге iс жүргiзу әрекеттерiне оның қатысуы қажеттiгi туралы адвокатқа хабарлауға мiндеттi. 9. Мемлекеттiк қызметшiлер мен мемлекеттiк емес ұйымдардың басшылары адвокаттың нақты iс бойынша заң көмегiн көрсетуiне байланысты өтiнiшiне заңда белгiленген мерзiмнен кешiктiрмей жазбаша жауап беруге мiндеттi. 10. Адвокаттардың қызметiне заңсыз араласуға жол берген немесе осындай қызметтi жүзеге асыруға кедергi келтiретiн адамдар заңға сәйкес жауапқа тартылады. 18-бап. Адвокат құпиясы 1. Адвокат құпиясын адвокатқа жүгiну фактiсi, көмек сұрап өтiнiш жасаған адаммен және басқа да адамдармен жасалған ауызша және жазбаша келiссөздердiң мазмұны туралы, көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның мүдделерiнде жасалатын әрекеттердiң сипаты мен нәтижелерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ заң көмегiн көрсетуге қатысты өзге ақпарат құрайды. 2. Адвокаттардың, адвокаттар алқасы төралқасы, заң консультациясы, адвокат кеңсесi қызметкерлерiнiң заң көмегiн көрсетуге байланысты алынған мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ өз мүдделерi немесе үшiншi бiр адамдардың мүдделерi үшiн пайдалануға құқығы жоқ. 3. Адвокат құпиясына жататын мәлiметтердi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз жария еткен адвокат заңға сәйкес жауапты болады. 3-тарау. Адвокаттық қызметті ұйымдастыру 19-бап. Адвокаттық қызметтi ұйымдастыру нысандары Адвокат өз қызметiн заң консультациясы арқылы жүзеге асыруға не дербес немесе басқа адвокаттармен бiрлесiп, сондай-ақ заңды тұлғаны тiркемей-ақ жеке дара адвокаттық кеңес құруға құқылы. 20-бап. Адвокаттар алқасы 1. Адвокаттар алқасын адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар адамдар құрады. 2. Адвокаттар алқасы жеке және заңды тұлғаларға бiлiктi заң көмегiн көрсету үшiн, адвокаттардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, осы Заңда белгiленген өзге де мiндеттердi орындау үшiн құрылатын адвокаттардың коммерциялық емес, кәсiби, өзiн-өзi басқаратын және өзiн-өзi қаржыландыратын ұйымы болып табылады. 3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттардың бiр ғана алқасы құрылып, жұмыс iстеуi мүмкiн. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттар алқасы болмаған жағдайда, ол осы Заңның 7-бабының талаптарына сәйкес келетiн кемiнде он құрылтайшының бастамашылығымен құрылады. Адвокаттар алқасын құруға мемлекеттiк органдардың арнайы рұқсаты талап етiлмейдi. Адвокаттар алқасының атауы аумағында өзi құрылған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң атауын қамтуға тиiс. 4. Адвокаттар алқасының негiзгi мiндеттерi: 1) адвокаттық қызметтi жүзеге асыру кезiнде алқа мүшелерiне жәрдемдесу, кәсiби көмек көрсету және оларды қорғау; 2) алқа мүшелерiнiң қызметiн материалдық-техникалық және анықтамалық-ақпараттық қамтамасыз ету; 3) адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға кәсiптiк бақылауды ұйымдастыру; 4) алдынала тергеу және сот органдарының белгiлеуi бойынша тегiн заң көмегiн көрсету (осы Заңның 6-бабы) мен қорғауды ұйымдастыру болып табылады. 5. Адвокаттар алқасы заң консультацияларын құрады. 21-бап. Адвокаттар алқасының жарғысы 1. Адвокаттар алқасының жарғысы: 1) адвокаттар алқасының атауын, қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын; 2) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн; 3) адвокаттар алқасына мүшелiкке қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру мен тоқтату тәртiбiн; 4) адвокаттар алқасының құрылымын, оның органдарының қалыптасу тәртiбi мен құзыретiн; 5) заң консультацияларын құру мен олардың жұмыс iстеу тәртiбiн; 6) мүлiк жинау көздерi мен оған иелiк ету тәртiбiн; 7) мүшелiк жарнаны төлеу тәртiбiн; 8) адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртiбiн және адвокаттар арасында сот, анықтау және алдын ала тергеу органдарының тағайындауы бойынша заң көмегiн бөлу тәртiбiн; 9) адвокаттарды аттестациялауды өткiзу тәртiбiн; 10) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң және адвокаттардың тағлымдамадан өтушiлердiң тәртiптiк жауапкершiлiгi мен оған тарту тәртiбiн; 11) адвокат лицензиясын керi қайтарып алу туралы өтiнiш жасау тәртiбiн; 12) адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбiн; 13) адвокаттар алқасы таратылған жағдайда мүлiктiң тағдырын көздеуге тиiс. 2. Адвокаттар алқасының жарғысы заңдарға қайшы келмейтiн өзге ережелердi де қамтуы мүмкiн. 22-бап. Адвокаттар алқасының органдары 1. Адвокаттар алқасының жоғары органы алқа мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы), оның атқарушы органы - төралқа, бақылаушы органы - тексеру комиссиясы болып табылады. 2. Жоғарыда көзделген реттерде адвокаттар алқасында адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы) қабылдайтын ережелер негiзiнде жұмыс iстейтiн басқа органдар құрылуы мүмкiн. 23-бап. Адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы) 1. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы қызметiнiң кез келген мәселелерiн шешуге құқылы. 2. Жалпы жиналыстың (конференцияның) ерекше құзыретiне мыналар жатады: 1) адвокаттар алқасының Жарғысын және Жарғыға өзгерiстер енгiзу туралы шешiмдер қабылдау; 2) төралқаны, төралқа төрағасын, тексеру комиссиясын, тексеру комиссиясының төрағасын сайлау; 3) Жарғыда көзделген басқа органдарды және олардың басшыларын сайлау, осы органдар туралы ережелердi бекiту; 4) адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерiнiң қызметi туралы есептердi тыңдау мен бекiту; 5) адвокаттар алқасының мүлкiне иелiк жасау тәртiбiн белгiлеу; 6) есептi көрсеткiшке еселенетiн мөлшердегi мүшелiк жарна ставкаларын белгiлеу; 7) органдардың және адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерiнiң шешiмдерiне адвокаттардың шағымдарын қарау; 8) адвокаттар алқасының басшылары мен қызметкерлерiн мерзiмiнен бұрын керi шақыру. 3. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi немесе, тиiсінше, конференция сайлаған делегаттар құрамы болған жағдайда шешiмдер қабылдауға құқылы. 4. Жалпы жиналысты (конференцияны) жылына кемiнде бiр рет адвокаттар алқасының төралқасы шақырады. Тексеру комиссиясының немесе алқа мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде төрттен бiрiнiң талап етуi бойынша алқасы төрағасы отыз күн iшiнде жалпы жиналысты (конференцияны) шақыруға мiндеттi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |