|
|
|
Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы Қазақстан Республикасының 1999 ж. 10 желтоқсандағы N 493-І Заңы (ҚР 06.12.01 ж. N 260-11;09.03 ж. N 484-11 Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2004 жылғы 23 желтоқсандағы N 20-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заңды қолданысқа енгізу туралы ҚР 10.12.99 ж. N 494-І Заңын қараңыз Осы Заң азаматтардың Қазақстан Республикасындағы еңбек бостандығына конституциялық құқығын iске асыру процесiнде туындайтын еңбек қатынастарын реттейдi. I-Тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: еңбек - адамдардың өмiрi үшiн қажеттi материалдық, рухани және басқа да құндылықтар жасауға бағытталған адам қызметi; еңбек қатынастары - тараптардың әдетте жеке еңбек және ұжымдық шарттар негiзiнде белгiлi бiр еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiнде туындайтын жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы қатынастар; жұмыс берушiнiң актiлерi - жұмыс берушiнiң (жұмыс берушiлер өкiлiнiң) шығаратын актiлерi (бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулықтар, iшкi еңбек тәртiбiнiң ережелерi); жеке еңбек шарты - қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасында жазбаша нысанда жасалатын екiжақты келiсiм, ол бойынша қызметкер жұмыс берушiнiң актiсiн атқара отырып, белгiлi бiр мамандық, бiлiктiлiк немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға мiндеттенедi, ал жұмыс берушi қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісiмiнде көзделген өзге де ақшалай төлемдердi уақытында және толық көлемiнде төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттенедi; зиянды (өте зиянды) еңбек жағдайлары - белгiлi бiр өндiрiс факторларының әсер етуi қызметкердiң жұмыс қабiлетi төмендеуiне немесе ауыруына, не оның ұрпақтарының денсаулығына терiс ықпал етуiне әкеп соғатын еңбек жағдайлары; қауiптi (өте қауiптi) еңбек жағдайлары - белгiлi бiр өндiрiс факторларының әсер етуi еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда қызметкер денсаулығының кенеттен күрт нашарлауына немесе жарақаттануына, не оның қайтыс болуына әкеп соғатын еңбек жағдайлары; ауыр дене жұмыстары - қызметкердiң ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызметтерiнiң түрлерi не 300 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсайтын басқа да жұмыстар; демалыс уақыты - қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындаудан бос және оны өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты; жалақы - еңбек үшiн оның күрделiлiгiне, саны мен сапасына сәйкес төленетiн сыйақы (табыс); бiлiктiлiк разряды - қызметкердiң өзi орындайтын жұмыстарының күрделiлiгiн көрсететiн бiлiктiлiк деңгейi; ұжымдық шарт - бiр немесе бiрнеше жұмыс берушiлер (олардың өкілдерi) және бiр немесе бiрнеше кәсiптiк одақтар, не кәсiптiк одақтарға мүше емес, келiссөздер жүргiзу үшiн өз ұйымын құрған қызметкерлер қол қойған жазбаша шарт түрiнде ресiмделген құқықтық акт; iссапар - жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге еңбек мiндеттерiн орындау үшiн жiберу; өтемақылар - жұмыс режимi мен еңбек жағдайларына, жұмысты орындаған кездегi қызметкерлердiң шеккен шығындарының орнын толтыруға байланысты ақшалай төлемдер; ең төмен жалақы мөлшерi - меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарда жалданып жұмыс iстейтiн адамдарға ақшалай төлемдердiң Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген ең төмен мөлшерi; жазбаша ескерту (хабарлама) - қызметкердiң немесе жұмыс берушiнiң қол қойылған және тiркелген өтiнiшi не өзге де әдiспен (хабарлама арқылы тапсырысты хатпен, факспен, электронды поштамен, жеделхатпен) берiлген өтiнiшi; жұмыс берушiлердiң өкiлдерi - құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс берушiнiң немесе жұмыс берушiлер тобының мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi жеке немесе заңды тұлғалар; қызметкерлердiң өкілдерi - кәсiптiк одақтардың және олардың бiрлестiктерiнің құрылтай құжаттарына, сенiмхатқа не жиналыста қабылданған шешiмге сәйкес өкiлдiк етуге уәкiлеттi органдары, сондай-ақ қызметкерлер уәкiлдiк берген өзге де тұлғалар мен ұйымдар; қызметкер - жұмыс берушiмен еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек шарты бойынша жұмысты тiкелей орындайтын жеке тұлға; жұмыс беруші - қызметкер еңбек қатынастарында тұратын заңды немесе жеке тұлға; жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушiнiң актiлерi мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек мiндеттерiн орындайтын уақыт; еңбек мiндеттерi - қызметкер мен жұмыс берушiнiң жеке еңбек шартымен байланысты мiндеттемелерi; еңбек стажы - қызметкердiң заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк және өзге де қызметпен айналысушы қызметкер немесе жеке адам ретiнде еңбек мiндеттерiн жүзеге асыруға жұмсаған күнтiзбемен есептелген уақыты; еңбек дауы - еңбек туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша бұрын қызметкер (қызметкердiң өкiлi) мен жұмыс берушi (жұмыс берушiнiң өкiлi) арасында реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiспеушiлiк; еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - еңбек қатынастары саласында өз өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, оны қорғау мен нормалау жағдайы, жұмыс режимi, мамандықтарды (қызметтердi) қоса атқару мүмкiндiгi мен тәртiбi, техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ жеке еңбек және ұжымдық шарттар тараптарының келісiмi бойынша өзге де жағдайлар. 2-бап. Еңбек туралы заңдар 1. Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен қызметкерлердiң жекелеген санаттарының еңбек қатынастарын реттейтiн, нормалары осы Заңның нормаларынан кем бола алмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың осы Заңның және еңбек туралы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң алдында артықшылығы бар және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңы шығарылуы талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, олар тiкелей қолданылады. 3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы 1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қатынастарын реттейдi. 2. Егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылады. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құрылтайшылары немесе меншiк иелерi (толығынан немесе iшiнара) шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар болып табылатын ұйымдардың қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары қолданылады. 4-бап. Еңбек саласындағы кемсiтушiлiкке тыйым салу 1. Әркiмнiң де өзiнiң еңбек құқықтарын iске асыруға тең мүмкiндiктерi бар. Жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiк және қызмет жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге көзқарасына, сенiмiне, азаматтықта, қоғамдық бiрлестiктерде болуына, сондай-ақ қызметкердiң iскерлiк қабiлетi мен оның еңбегiнiң нәтижелерiне байланысты болмайтын басқа да мән-жайларға қарамастан, ешкiмнiң де еңбек құқықтары шектелуге немесе оларды iске асыруда қандай да бiр артықшылықтар алуға тиіс емес. 2. Еңбек саласында кемсiтушiлiкке ұшырадым деп есептейтiн адамдар тиiстi арызымен сотқа жүгiне алады. 5-бап. Жеке еңбек және ұжымдық шарттармен реттелетiн еңбек қатынастары 1. Жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары нормативтiк құқықтық актiлермен, еңбек туралы заңдарға сәйкес жасалған жеке еңбек, ұжымдық шарттармен реттеледi. 2. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын тараптар бiржақты тәртiппен өзгерте алмайды. 3. Қызметкерлердiң жекелеген санаттарының өзге нормативтiк құқықтық актiлермен реттелетiн еңбек жағдайлары осы Заңдағы жағдайлардан төмен болмауға тиiс. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың жекелеген талаптарының жарамсыздығы тұтас алғанда жеке еңбек, ұжымдық шарттарды жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды. 4. Осы Заң еңбек қатынастарын реттейтiн ең аз мерзiмдер мен талаптарды жолға қояды. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың тараптары бұл ең аз деңгейдi жақсарту жағына өзгерте алады. 5. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары, егер олар заң актілерiне қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады. 6-бап. Мәжбүрлi еңбекке тыйым салу Мәжбүрлi еңбекке тыйым салынған. Мәжбүрлi еңбекке тек сот үкiмi бойынша, не төтенше немесе соғыс жағдайлары жарияланған кездерде ғана жол берiледi. 7-бап. Қызметкерлердiң негізгi құқықтары мен мiндеттерi 1. Қызметкердiң: 1) жұмыс берушiмен осы Заңда белгiленген тәртiппен жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге және бұзуға; 2) тең еңбегi үшiн қандай да болсын кемсiтусiз тең ақы алуға; 3) қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай келетiн еңбек жағдайларына; 4) егер басқа заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, кәсiптiк одақтарға немесе басқа да қоғамдық бiрлестiктерге өз еркiмен мүше болуға; 5) демалысқа; 6) өзiнiң еңбек мiндеттерiн атқаруына байланысты денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеттiруге; 7) кепiлдiктер мен өтемақылар алуға; 8) еңбек дауларын тараптардың келiсуiмен немесе сот тәртiбiмен шешуге; 9) жұмыс берушіден жеке еңбек шартында тараптың атынан өкiлдiк ететiн лауазымды адамның өкiлеттiгiн растауды талап етуге; 10) ұжымдық шартпен және жұмыс берушiнiң актiлерiмен танысуға; 11) өзiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға құқығы бар. 2. Қызметкер: 1) жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актiлерінде жазылған еңбек міндеттерін адал орындауға; 2) еңбек тәртiбiн сақтауға; 3) жұмыс процесiнде жұмыс берушiге мүлiктік зиян келтіруге жол бермеуге; 4) еңбек қорғау, өрт қауіпсіздігі және өндірістік санитария жөніндегі ережелердің талаптарын орындауға; 5) жеке еңбек шартына сәйкес өзiне сенiп тапсырылған, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге; 6) адамдардың өмiрі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен қызметкерлер мүлкінің сақталуына қатер төндiретiн ахуал туындағаны туралы хабарлауға міндетті. 8-бап. Жұмыс берушiнiң негізгi құқықтары мен мiндеттерi 1. Жұмыс берушінің: 1) Осы Заңда белгiленген тәртіппен қызметкерлермен жеке еңбек және ұжымдық шарттарды жасасуға, өзгертуге және бұзуға; 2) жұмысқа қабылдау кезiнде қызметкерден осы Заңда көзделген, белгiлi бiр еңбек қызметімен айналысуға және (немесе) белгiлi бiр қызметтi атқаруға мүмкiндігін растайтын құжаттар берудi талап етуге; 3) өз өкiлеттігi шегінде жұмыс берушiнің актілерiн шығаруға; 4) қызметкерлердi көтермелеуге, оларды осы Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртіппен тәртіптiк және материалдық жауапкершілiкке тартуға; 5) өзіне қызметкер келтiрген зиянды өтеттіруге; 6) соттың шешiмi бойынша заңсыз деп танылған ереуілді ұйымдастыруға және өткізуге қатысқан ретте ұйымның жұмысын тоқтатуға және қызметкерлерді жұмыстан шығаруға; 7) өз құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау мақсатында жұмыс берушiлер бiрлестiктерiн құруға және оларға кiруге; 8) қызметкерге сынақ мерзiмiн белгілеуге; 9) егер жеке еңбек шартының талаптарында жазылған болса, қызметкерді оқытып-үйретуге байланысты өз шығындарының орнын толтыруға құқығы бар. 2. Жұмыс берушi: 1) қызметкерлерге еңбек туралы заңдарға, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайын қамтамасыз етуге; 2) қызметкерлер өкiлдерiнiң ұсынысын қарауға және ұжымдық шарт жасасуға; 3) қызметкерлердi олардың еңбек мiндеттерiн орындауына қажеттi құралдармен және материалдармен қамтамасыз етуге; 4) жеке еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердi ұжымдық шартпен және жұмыс берушiнiң актiлерiмен таныстыруға; 5) жалақыны және Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген өзге де төлемдердi уақтылы және толық көлемiнде төлеуге; 6) еңбек туралы заңдардың, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын сақтауға; 7) қызметкердiң еңбек мiндеттерiн атқаруы кезiнде оның денсаулығы мен өмiрiне зиян келтiргенi үшiн жауапкершiлiгiн сақтандыруға; 8) қызметкерлердiң еңбек қызметiн және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның аударылуы туралы мәлiметтердi растайтын құжаттарды мемлекеттiк мұрағатқа өткiзуге; 9) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртiппен жағдайларда қызметкерге келтiрiлген зиянды өтеуге; 10) егер жұмысты жалғастыру қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, оны тоқтата тұруға; 11) қызметкерге еңбек жағдайларының зиянды және қауiптi екендiгi мен кәсiптiк аурудың мүмкiн екендiгi туралы ескертуге мiндеттi. 2-тарау. Жеке еңбек шарты 9-бап. Жеке еңбек шартының мазмұны 1. Жеке еңбек шартында: 1) тараптардың реквизиттерi: жұмыс берушi - заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жерi, жұмыс берушi - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен уақыты; жұмыс берушiнiң (оның өкiлiнің) тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе) және қызметi, ал жұмыс берушi жеке тұлға болған жағдайда оның тұрақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi; қызметкердiң тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi; әлеуметтiк жеке қодының нөмiрi (ӘЖК), салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрi (СТН); 2) еңбек мiндетi (белгiлi бiр қызмет, мамандық, кәсіп бойынша жұмыс); 3) жеке еңбек шартының мерзiмi; 4) еңбек мiндеттерiн жүзеге асыру басталатын күн; 5) еңбек жағдайларының сипаттамалары, қызметкерлерге ауыр дене жұмысын немесе зиянды немесе қауiптi жағдайларда жұмыс iстегенi үшiн берiлетiн кепiлдiктер мен өтемақылар; 6) жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимi; 7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары; 8) жұмыс берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi; 9) қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi; 10) жеке еңбек шартын өзгерту, бұзу және ұзарту тәртiбi; 11) өтемақылар төлеу мен кепiлдiктер беру тәртiбi; 12) тараптардың жауапкершілiгi көрсетiлуге тиiс. 2. Тараптардың келiсiмi бойынша жеке еңбек шартына өзге де жағдайлардың енгiзiлуi мүмкiн. 10-бап. Жеке еңбек шартының мерзiмi 1. Жеке еңбек шарты: 1) белгiсiз мерзiмге; 2) белгiлi бiр мерзiмге; 3) белгiлi бiр жұмысты орындау уақытына немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкердi ауыстыру уақытына жасалуы мүмкін. 2. Егер жеке еңбек шартында оның қолданылу мерзiмi айтылмаса, шарт белгiсiз мерзiмге жасалған деп есептеледi. 11-бап. Жұмысқа қабылдауға жол берiлетiн жас 1. Жеке еңбек шартын он алты жасқа толған адамдармен жасасуға жол берiледi. 2. Орта бiлiм алған не жалпы бiлiм беретiн оқу орнын тастап кеткен жағдайда он бес жасқа толған адамдар ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының келiсiмiмен жеке еңбек шартын жасаса алады. 3. Ата-анасының бiрiнiң (қорғаншысының, қамқоршысының) келiсiмiмен жеке еңбек шарты оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн он төрт жасқа толған оқушымен жасалуы мүмкiн. 4. Ата-ананың (қорғаншының, қамқоршының) келiсiмi жазбаша нысанда (өтiнiш) берiледi, бұл орайда, ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) кәмелетке толмаған адаммен бiрге жеке еңбек шартына қол қояды. 5. Он сегiз жасқа толмаған адамдарды ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауiптi жұмыстарға қабылдауға жол берiлмейдi. 12-бап. Жеке еңбек шартын жасасу 1. Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемiнде екi дана етiлiп жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бiр данасы тараптар қол қойғаннан кейiн қызметкерге берiледi. 2. Жеке еңбек шартында көрсетiлген жұмыстың басталу күнi қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындауының басталуы деп есептеледi. Жеке еңбек шарты болмаған және (немесе) ол жұмыс берушiнiң тарапынан тиiстi түрде ресiмделмеген жағдайларда жеке еңбек шартының күшi жұмысқа нақты жiберiлген кезден басталады. 3. Жеке еңбек шарты жасалғаннан кейiн жұмыс берушi қызметкердi жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығаруға мiндеттi, ол қызметкерге қол қойғызылып хабардар етiледi. 4. Жеке еңбек шартын жасасу үшiн жұмыс берушi қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттарды, жеке басының куәлiгiн (төлқұжатын), әлеуметтiк жеке кодының берiлгенi туралы куәлiктi, зейнетақы шартын, он алты жасқа толмаған адамдар үшiн тууы туралы куәлiгiн, бiлiмi немесе кәсiби даярлығы туралы құжатты, және заңдарда көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы. 5. Қызметкердiң бiрнеше жұмыс берушiмен жұмыс уақыты ұзақтығының толық болмауы көзделетiн жеке еңбек шартын жасасуға құқығы бар. 6. Ұйымның басшысымен жеке еңбек шартын ұйымның меншiк иесi не меншiк иесi уәкiлдiк берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген мерзiмге жасасады. 7. Жеке еңбек шартына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу оны жасасу үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. 13-бап. Қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар Еңбек кiтапшасы (ол болған жағдайда), немесе жеке еңбек шарты не жұмысқа қабылдау мен жұмыстан босату туралы бұйрықтардың көшiрмелерi қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар бола алады. 14-бап. Жұмыс туралы және жалақы мөлшерi туралы құжаттар беру Қызметкердiң, оның iшiнде бұрынғы қызметкердiң өтiнiшi бойынша жұмыс берушi оған бес күн мерзiмнен кешiктiрмей оның мамандығы, бiлiктiлiгi, қызметi, жұмыс уақыты мен жалақысының мөлшерi көрсетiлген анықтаманы, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен оның жұмысқа көзқарасы туралы мәлiметтер жазылған мiнездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жұмыс туралы басқа да құжаттарды беруге мiндеттi. 15-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақ 1. Жеке еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатында тараптардың келiсiмiмен сынақ өткiзiлуi мүмкiн. 2. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетiлуге тиiс. Бұл талап болмаған жағдайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледi. 3. Сынақ кезеңiнде қызметкерлерге осы Заңның нормалары, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары қолданылады. 4. Сынақ мерзiмiн үш айдан асыруға болмайды. Қызметкер дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi. 16-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақтың нәтижесi 1. Тараптардың бiреуi сынақ мерзiмi бiткенге дейiн жеке еңбек шартын бұзуға құқылы, бұл орайда жеке еңбек шарты хабарландырылған кезден бастап бұзылды деп есептеледi. 2. Жұмыс берушi қызметкердi сынақ мерзiмi бiтпей тұрып жоғары қызметке тағайындаған жағдайда қызметкер жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақтан өткен болып есептеледi. 3. Егер сынақтың мерзiмi бiтiп, тараптардың ешқайсысы екiншi тарапқа жеке еңбек шартын бұзу туралы хабарламаса, шарт одан әрi қолданылады және оны жалпы негiздерде ғана тоқтатуға жол берiледi. 17-бап. Басқа жұмысқа ауыстыру Бiр ұйымда басқа жұмысқа, не ұйыммен бiрге басқа жерге ауыстыруға, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке еңбек шартына тиiстi өзгерiстер енгiзiле отырып, қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi. 18-бап. Қызметкердi басқа жұмыс орнына ауыстыру Қызметкердi сол ұйымдағы басқа жұмыс орнына, сол жердегi басқа құрылымдық бөлiмшеге ауыстырған ретте, жеке еңбек шартында келiсiлген мамандық, бiлiктiлiк немесе қызмет шегiнде басқа механизмдегi немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға, егер бұл жеке еңбек шартының талаптарын өзгертуге әкеп соқпаса, қызметкердiң келiсiмi талап етiлмейдi. 19-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруi 1. Ұйымдарда өндiрiстiң өзгеруiне және жұмыс берушiдегi жұмыс көлемiнiң қысқаруына байланысты сол кәсiп (мамандық), бiлiктiлiк, қызмет бойынша жұмысты жалғастыру кезiнде еңбек жағдайларын өзгертуге жол берiледi. Еңбек жағдайларының өзгеруi туралы қызметкер бiр ай бұрын жазбаша хабардар етiлуге тиiс. 2. Еңбек жағдайлары өзгертiлген жағдайда жеке еңбек шартына тиiсiнше толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiледi. Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келiспесе, онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады. 20-бап. Өндiрiстiк қажеттiлiк болған жағдайда басқа жұмысқа уақытша ауыстыру Өндiрiстiк қажеттiлiк болған жағдайда жұмыс берушiнiң қызметкердi оның келiсiмiнсiз бiр айға дейiнгi мерзiмге еңбегiне атқаратын жұмысы бойынша, бiрақ бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысынан кем емес ақы төлей отырып, жеке еңбек шартында келiсiлмеген және оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн сол жердегi, сол ұйымдағы басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар. Мұндай ауыстыруға дүлей апаттың өндiрiстiк аварияның алдын алу немесе оларды жою немесе олардың зардаптарын дереу жою үшiн, жазатайым жағдайларды, iркiлiстi, мүлiктiң жойылуын немесе бүлiнуiн болғызбау үшiн жол берiледi. 21-бап. Iркiлiске байланысты басқа жұмысқа уақытша ауыстыру Iркiлiс жағдайында жұмыс берушiнiң қызметкердi мамандығын, бiлiктiлiгiн және оның денсаулық жағдайына зақым келтiрiлмеуiн ескере отырып, оның келiсiмiнсiз бiр айдан аспайтын мерзiмге басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар. Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысын жалғастыруға келiспесе, онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады. 22-бап. Бiлiктiлiктi керек етпейтiн жұмысқа уақытша ауыстыруды шектеу Iркiлiс кезiнде және жұмыста болмаған қызметкердi алмастырған жағдайда бiлiктi қызметкердi бiлiктiлiктi керек етпейтiн жұмысқа қызметкердiң жазбаша келiсiмiнсiз ауыстыруға жол берiлмейдi. 23-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа уақытша ауыстыру 1. Белгiлi бiр жұмыс берушiде еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты еңбекте мүгедек болуына, кәсiптiк ауруына немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты, қызметкердi жұмыс берушi еңбек қабiлеттiлiгiн қалпына келтiргенше немесе мүгедектiгi айқындалғанша бұрынғы жалақысы мен жаңа жұмыстағы жалақысының айырмасын қосымша төлей отырып, неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстыруға мiндеттi. 2. Қызметкер неғұрлым жеңiл басқа жұмысқа ауыстырудан бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты бас тартқан кезден бастап бұзылады. 3. Жүктi әйелдер медициналық қорытындыға сәйкес ауыр және қолайсыз өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын басқа жұмысқа бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысы сақтала отырып ауыстырылады. 24-бап. Меншiк иесi ауысқан немесе ұйым қайта ұйымдастырылған жағдайдағы еңбек қатынастары Меншiк иесiнiң ауысуы немесе ұйымның қайта ұйымдастырылуы (бiрiгуi, қосылуы, бөлiнуi, бөлiнiп шығуы, қайта құрылуы) еңбек шарттарының қолданылуын тоқтатпайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |