Шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекіту туралы
Осы редакция 2007 жылғы 28 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңының 27-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары бекітілсін. 2. «Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тағайындаудың және төлеудің тәртібі туралы Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., № 27, 249-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тағайындаудың және төлеудің тәртібі туралы Нұсқаулық: мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын: "18-1. Дипломатиялық қызметтің персоналы шетелде болған кезеңінде науқастанған жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнінде: 1) ұлттық валютада - науқастанған барлық уақыты ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде; 2) шетелдік валютада - шетелдік валютадағы орташа айлық жалақысының есебінен, бірақ екі айдан артық емес мерзімге жәрдемақы алады. Егер ауруы екі айдан артыққа созылса және денсаулығының жағдайы бойынша науқас Қазақстан Республикасына жол жүре алмаса (көлік қиындығын көтере алмаса), онда уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі жәрдемақы шетелдік валютада, оның емдеу мекемесінде болған барлық уақыты үшін, Қазақстан Республикасына эвакуациялау мүмкіндігі туралы дәрігерлердің шешімі шыққанға дейін төленеді.". 3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 1) «Қазақстан Республикасы қызметкерлерінің шетелдегі еңбек жағдайлары туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 31 мамырдағы № 577 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1994 ж., № 24, 250-құжат); 2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 9 тамыздағы № 987 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 33, 313-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 11-тармағы; 3) «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 31 мамырдағы № 577 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қазандағы № 1586 қаулысы. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Yкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 23 қаулысымен бекітілген
Шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары
1. Жалпы ережелер
1. Осы шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары (бұдан әрі - шарттар) еңбекке ақы төлеудің, оны нормалаудың, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің шарттарын, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін орындау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау тәртібін, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында кәсіби қызметті тиісінше жүзеге асыруға байланысты дипломатиялық қызмет персоналы еңбегінің өзге де шарттарын белгілейді. Шетелдік мекемелерге жергілікті жерде, оның ішінде дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшелері қатарынан жұмысқа қабылданған штаттан тыс қызметкерлердің еңбек шарттары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бұйрығымен бекітіледі. 2. Осы шарттардың әрекеті «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда дипломатиялық қызмет персоналының (оның ішінде еңбекке жарамсыз) отбасы мүшелеріне де қолданылады. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшелеріне жұбайы, зайыбы, 18 жасқа дейінгі балалары және 18 жасқа толғанға дейін мүгедек болған 18 жастан ересек балалары, сондай-ақ іссапарға жіберілген дипломатиялық қызмет персоналымен бірге, сол сияқты бірге де және олардан бөлек те тұру үшін шетелге шығатын еңбекке жарамсыз ата-аналары жатады. 3. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және босататын (кері шақырып алатын) лауазымды адамдарды қоспағанда, шетелде дипломатиялық қызмет персоналын қызметке тағайындау, қызметтен босату және өзге де лауазымдық орын ауыстыру Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің (бұдан әрі - Министр) шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасынан шет мемлекетке іссапарға жіберу және шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына іссапарға жіберу
4. Шет мемлекетке және қайтадан Қазақстан Республикасына іссапарға жіберілуіне байланысты дипломатиялық қызмет персоналына және олардың отбасы мүшелеріне әуе немесе теміржол көлігінің көліктік шығыстарына: 1) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілеріне, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдеріне әуе көлігін пайдаланған кезде - "Бизнес" класс тарифі бойынша, теміржол көлігімен жол жүрген кезде - "СВ" санатындағы вагонның 2-орындық купесінің, сондай-ақ жүрдек фирмалық поездың "Турист" және "Бизнес" кластарының жолақысы құны мөлшерінде; 2) дипломатиялық қызметтің өзге персоналына әуе көлігін пайдаланған кезде - экономикалық кластың тарифі бойынша, теміржол көлігімен жол жүрген кезде - жүрдек фирмалық поездың купелік вагонының жолақысы құны мөлшерінде өтемақы төленеді. 5. Көрсетілген көлік түрлерімен жол жүрген кезде дипломатиялық қызмет персоналына әуежайлық, сақтандыратын және комиссиондық алымдардың төлемдеріне арналған шығыстар, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналы немесе оның отбасы мүшелері жол жүретін көлік түрлеріне арналған жолақы билеті бойынша тегін тасымалдау үшін рұқсат етілген жүк мөлшеріне қарамастан, дипломатиялық қызмет персоналы үшін де, сондай-ақ оның отбасының әрбір мүшесі үшін де қол жүгінің салмағы есепке алынбастан, жалпы салмағы 80 кг-нан аспайтын, ал бүкіл отбасына 240 кг-дан аспайтын жүкті тасымалдау шығыстары өтеледі. 6. Жұмыс орнына және қайтадан Қазақстан Республикасына жол жүрген уақыты үшін дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелеріне тәулікақы: 1) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша жол жүрген кезінде - Қазақстан Республикасының шегіндегі іссапарлар үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде; 2) шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүрген кезде - шет мемлекеттерге іссапарлар үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде төленеді. 7. Қазақстан Республикасынан жол жүрген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн тәулікақы шетелдік валютада төленетін күндерге қосылады, ал Қазақстан Республикасына жол жүрген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн тәулікақы ұлттық валютада төленетін күндерге қосылады. 8. Шетелге жол жүрген және Қазақстан Республикасына қайта оралған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның дипломаттық немесе қызметтік паспорттарға, Қазақстан Республикасы азаматының паспортына қойған белгісі бойынша анықталады. 9. Жол жүріп бара жатқанда мәжбүрлі түрде кідірген жағдайда (науқастануы, қызметтік тапсырма, форс-мажорлық мән-жайлар) кідірген уақыты үшін тәулікақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстар мәжбүрлі түрде кідіру фактісін растайтын құжаттар ұсынылған кезде төленеді. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүріп бара жатып кідірген кезде кідіріс уақыты үшін тәулікақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде Қазақстан Республикасының шегіндегі іссапарлар үшін белгіленген нормалар бойынша ұлттық валютада төленеді. Шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүріп бара жатып кідірген кезде кідіріс уақыты үшін тәулікақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстар аумағында кідіріс болған шет мемлекет үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде белгіленген нормалар бойынша шетелдік валютада төленеді. 10. Жүру жолында дипломатиялық қызмет персоналы немесе олармен бірге келе жатқан отбасы мүшелері науқастанған жағдайда және екінші адамның көмегінсіз қала алмайтын болса, осыған байланысты мәжбүрлі түрде кідірген уақыт үшін тәулікақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстар екі айдан аспайтын уақытқа төленеді. 11. Отбасы мүшелері дипломатиялық қызмет персоналынан бөлек шет мемлекетке және кері қарай Қазақстан Республикасына жол жүрген жағдайда, отбасы мүшелеріне олардың қайта оралуы бойынша іс жүзіндегі шығыстары, оның ішінде жүкті тасымалдау және жолдағы аялдамаларда тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстары дипломатиялық қызмет персоналы үшін белгіленген нормалар бойынша өтеледі. 12. Дипломатиялық қызмет персоналының және олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасынан шет мемлекетке және кері қарай Қазақстан Республикасына жол жүруі жөніндегі шығыстары бір мезгілде өтеледі. Дипломатиялық қызмет персоналының немесе отбасы мүшелерінің ауыр науқасына, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, қарулы немесе азаматтық жанжалдардың туындау қаупіне немесе орын алу фактісіне байланысты, сондай-ақ басқа да кейінге қалдыруға болмайтын себептер бойынша ерекше жағдайларда және Министрдің келісімі бойынша дипломатиялық қызмет персоналы және олардың отбасы мүшелері болған мемлекеттен Қазақстан Республикасына жол жүруі қажеттілігі кезінде дипломатиялық қызмет персоналының және олардың отбасы мүшелерінің шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына және кері қарай шет мемлекетке жол жүру шығыстары өтеледі.
13. Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің және Ұлттық Банктің сметасы (бюджеті) есебінен қамтамасыз етілетін Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді және белгіленген лауазымдық жалақысы мен оларға ақшалай төлемдер негізге алына отырып, ұлттық және шетелдік валютада жүргізіледі. 14. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күнінен бастап (қызметке тағайындалған күні) төленеді және ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы мен шетелдік валютадағы лауазымдық жалақысы негізінде белгіленеді. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі - министрлік) орталық аппараты қызметкерлерінің теңестірілген қызметтері бойынша жалақысының 25 пайызы мөлшерінде айқындалған ақшалай төлемдерімен белгіленеді. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының шетелдік валютадағы лауазымдық жалақысы дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінде тағайындалған қызметі бойынша белгіленеді. 15. Толық емес ай үшін ұлттық және шетелдік валютадағы жалақы белгіленген ақшалай төлемдері бар айлық лауазымдық жалақысы және осы айдағы іс жүзінде жұмыс істеген күндерінің мөлшері негізге алынып белгіленеді. 16. Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналына шетелдік валютадағы жалақы ай сайын, оның ішінде аванс түрінде де (алдын ала) төленеді. Дипломатиялық қызмет персоналының ұлттық валютадағы жалақысын министрлік Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан банктік ұйымның есеп шотына ай сайын аударады.
4. Жұмыс уақыты және демалыс уақыты
17. Қазақстан Республикасының әрбір шетелдік мекемесі үшін ішкі еңбек кестесінің ережесін Қазақстан Республикасының тиісті шетелдік мекемелері басшыларының ұсынысы бойынша болған мемлекеттің жағдайларына сәйкес министрлік белгілейді. 18. Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналы үшін жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығы, оның ішінде мереке күндері - болған мемлекеттік заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді. Демалыс күндері жергілікті жағдайларға сәйкес белгіленеді. 19. Осы шарттарға қосымшаға сәйкес ыстық және ылғалды климаты бар шет мемлекеттердегі дипломатиялық қызмет персоналы үшін 36 сағаттық жұмыс аптасы белгіленеді. 20. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кестесін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінің басшысы бекітеді. 21. Шетелде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналына жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеуді есептеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Кезекті еңбек демалысына шыққан кезде шетелде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналына ол министрлікте айналысқан соңғы қызметі бойынша лауазымдық жалақысының екі еселенген мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Егер дипломатиялық қызмет персоналы шетелде жұмыс істеудің алдында министрлікте қызмет атқармаса, оған министрліктің орталық аппаратындағы персоналдың қызметіне теңестірілген қызмет бойынша лауазымдық жалақы негізге алынып, денсаулығын күтуге арналған жәрдемақысы есептеледі. 22. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын өткізу үшін Қазақстан Республикасына жол жүрген кезде дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелеріне шетелдегі жұмыс орнынан тұрақты тұратын орнына дейінгі жолақысының құны және тұрақты тұратын орнынан шетелдегі жұмыс орнына дейін кері қайту жолақысының құны, жүгін тасымалдау және тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстарды қоспағанда, осы шарттардың 4-тармағында белгіленген нормалар бойынша күнтізбелік жылда бір рет шетелдік және ұлттық валюталарда төленеді. Демалысын басқа мемлекетте өткізген кезде дипломатиялық қызмет персоналына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдегі жұмыс орнынан демалысын өткізетін орынға дейін және кері қайту жолақы құны төленеді, бірақ оның мөлшері Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын орнына дейінгі және кері қайту жолақысының құнынан артық емес. 23. Пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы үшін есеп айырысуларды дипломатиялық қызмет персоналы министрлікте жұмыс істеу үшін шетелден оралғаннан кейін министрлік жүргізеді. Дипломатиялық қызмет персоналы жұмыстан босаған кезде оған пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысы үшін өтемақы төленеді.
5. Қызметтерді қоса атқару және уақытша жұмыста болмаған персоналдың міндеттерін орындау
24. Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесіндегі дипломатиялық қызмет персоналының қызметін қоса атқару тәртібімен жұмысты орындауға, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ дипломатиялық қызмет персоналын ауыстыру үшін дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының басқа шетелдік мекемесіне ауыстыруға министрлікпен келіскеннен кейін жол беріледі. Қызметтерді қоса атқару кезінде, сондай-ақ уақытша жұмыста болмаған дипломатиялық қызмет персоналын ауыстырған кезде еңбекке ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. 25. Қазақстан Республикасының бір шетелдік мекемесінің дипломатиялық қызмет персоналын басқа шетелдік мекемеге уақытша ауыстырған жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналына, ол уақытша баратын және кері қайтатын шетелдегі мекеме орналасқан жерге дейінгі жол жүруге байланысты шығыстар төленеді.
6. Материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету, кепілдіктер мен өтемақылар
26. Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесіне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналына оның Министрдің бұйрығымен тағайындалған қызметіне сәйкес: 1) белгіленген ақшалай төлемдерімен бірге ұлттық валютада қызметтік жалақысының 100 пайызы мөлшерінде (төлемді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүргізеді); 2) шетелдік валютада қызметтік жалақысының 50 пайызы мөлшерінде(төлемді қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат есебінен шетелдік мекеме жүргізеді) бір жолғы жәрдемақы төленеді. 27. Шетелде болған кезеңінде дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшесі ауырған жағдайда, егер оған күтім жасамау науқастың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін болса және егер оның көрсеткіштері болған кезде медициналық мекемеге орналастыру мүмкін болмаса, ал отбасы мүшелерінің ішінде науқасқа күтім жасайтын басқа отбасы мүшесі болмаса, онда уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі жәрдемақы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен дипломатиялық қызмет персоналына төленеді. 28. Отбасы мүшесі қайтыс болған жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналына бір жолғы ақшалай жәрдемақы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде министрлік қаражаты есебінен, сондай-ақ осы шарттардың 4-тармағында белгіленген тәртіппен барар және қайтар жолға көліктік шығыстардың төлемі ұлттық валютада төленеді. 29. Қазақстан Республикасының аумағында іссапарда немесе еңбек демалысында болған кезеңінде еңбекке жарамсыздығы уақыты үшін дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық валютада уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі жәрдемақы төленеді, ал егер дипломатиялық қызмет персоналының асырауындағылар осы уақытта шетелде жүрсе - Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесін қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат есебінен дипломатиялық қызмет персоналының лауазымдық жалақысының 25 пайызы мөлшерінде шетелдік валютада жалақы төленеді. 30. Жүктілігіне және босануына байланысты демалыс беру үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне жіберілген дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасына шақырылып, министрлікте штаттық қызметке есепке алынады. 31. Шетелде бала туғанына жәрдемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде жүргізіледі. 32. Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті түрдегі әлеуметтік сақтандыруға жатады.
7. Іссапарлар кезінде дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері және өтемақылары
33. Дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасына қызметтік іссапарға жіберген кезде іссапар мерзімін министрлікпен келісімі бойынша шетелдегі мекеме басшысы, ал келген шет мемлекетке және басқа шет мемлекеттерге қатысты іссапар мерзімін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінің басшысы белгілейді. 34. Дипломатиялық қызмет персоналы үшін іссапардың бүкіл уақыты ішінде айналысатын қызметі мен ұлттық және шетелдік валютадағы орташа жалақысы сақталады. Қазақстан Республикасының аумағында қызметтік іссапарларда болған уақытысы үшін дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарлар үшін белгіленген нормалар бойынша ұлттық валютада тәулікақы, шетелден Қазақстан Республикасына және кері қарай жүретін жолақы құны, Қазақстан Республикасы бойынша жолақы құны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде белгіленген мөлшерде тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстар төленеді. Шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүрген уақытында дипломатиялық қызмет персоналына дипломатиялық қызмет персоналы жіберілген мемлекет үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде белгіленген нормалар бойынша шетелдік валютада тәулікақы төленеді және тұрғын үй-жайды жалға алу жөніндегі шығыстары өтеледі. 35. Қазақстан Республикасының аумағы немесе шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүруі кезінде вокзалға, әуежайға немесе айлаққа (такси қызметінен басқасы) дейінгі, сондай-ақ вокзалдан, әуежайдан немесе айлақтан (такси қызметінен басқасы) аттанатын, баратын немесе басқа көлікке ауысатын орындарға дейінгі жолақысының шығыстары, сондай-ақ әуежайлық, сақтандыру және комиссиялық алымдардың төлемі жөніндегі шығыстары өтеледі. 36. "VIP" залдары қызметтерінің төлемдері бойынша шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің басшыларына ғана жүргізіледі. 37. Су көлігімен жол жүру кезінде, егер билеттің бағасына тамақтанудың құны енгізілген болса, баратын мемлекетке келу күнін қоса алғанда, жолға кеткен әрбір күнтізбелік күн үшін белгіленген нормалардың 30 пайызы мөлшерінде тәулікақы төленеді.
38. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары келген мемлекетте белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасында белгіленген еңбекті қорғау жөніндегі стандарттардың, ережелердің және нормалардың талаптарына сәйкес болуы тиіс.
39. Дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жұмыс істеген уақыты оның еңбек өтіліне және мемлекеттік қызмет өтіліне есептелінеді. Олардың Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінде болуы (жұмысы) туралы еңбек кітапшаларына жазбалар түсіруді министрлік жүргізеді. 40. Министрліктен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінен министрлікке жіберілетін дипломатиялық қызмет персоналына баратын орнына келісімен есеп айырысу үшін негіз болатын растамалық құжат - есеп айырысу аттестаты беріледі. Есеп айырысу аттестатында жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының лауазымы, онымен бірге жол жүретін отбасы мүшелерінің құрамы, төлемақы нормалары, бағыттары, дипломатиялық қызмет персоналының тағайындалған және баратын орны, оның алатын барлық ақшалай төлемдері көрсетіледі. 41. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне жұмысқа іссапарға жіберілген және есеп берілетін ұлттық және шетелдік валюта мен жол жүру билеттерін алған дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне келгеннен кейін 15 күнтізбелік күн ішінде Министрлікке аванстық есеп беруді тапсыруға міндетті. Аванстық есеп беруді тапсырмаған жағдайда, берілген аванс пен жол жүру билеттерінің құны дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы есебінен қайтарылуы немесе өтелуі тиіс. 42. Осы шарттардың 26-тармағында көрсетілген, жұмысқа жіберілген кезде берілетін біржолғы жәрдемақы дипломатиялық қызмет персоналы шетелден Қазақстан Республикасына оралған жағдайда (тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін министрлік дипломатиялық қызмет персоналын жұмыстан шығарған жағдайларды қоспағанда) қайтарылуға жатпайды. 43. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріндегі еңбек даулары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарына қосымша
Ыстық және дымқыл климатты мемлекеттердегi жұмыс уақытысының ұзақтығы
Ыстық және дымқыл климатты мемлекеттерде тұратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы үшін жылдың мынадай айларында 36 сағаттық апта белгіленеді:
Египет Араб Республикасы маусым - қыркүйек Ауғанстан Ислам Республикасы мамыр - тамыз Грек Республикасы маусым - қыркүйек Израиль Мемлекеті маусым - тамыз Иран Ислам Республикасы маусым - тамыз Пәкістан Ислам Республикасы қаңтар - желтоқсан Кипр Республикасы маусым - тамыз Қытай Халық Республикасы маусым - тамыз Сауд Арабиясы Корольдігі қаңтар - желтоқсан Таиланд Корольдігі қаңтар - желтоқсан Малайзия қаңтар - желтоқсан |