Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу ережесін бекіту туралы
Осы редакция 2010 жылғы 17 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 15-бабының 4) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу ережесі бекітілсін. 2. «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау саласында деректер банкін құрып ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 17 мамырдағы № 463 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 21, 252-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 тамыздағы № 720 қаулысымен бекітілген
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 15-бабының 4) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 мамырдағы Заңына сәйкес әзірленді. 2. Ереже еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу тәртібін айқындайды. 3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында статистикалық есеп жүргізу «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. 4. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады: еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы статистикалық есеп - статистикалық стандарттар негізінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы жай-күй мен үрдістер туралы жиынтық деректерді жинау, өндеу және тарату; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік статистикалық есептілік - бастапқы құжаттамадан алынған мәліметтерді қамтитын, хабарланатын мәліметтердің ұсынылуы мен дұрыстығына жауапты адамдар қол қойған есептерді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік статистика органдарына ұсынатын, жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық қадағалау; бастапқы құжаттама - өндірісте жазатайым оқиғалар туындаған кезде жұмыс беруші жасайтын құжаттар; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы деректер банкі - бастапқы құжаттамадан алынатын, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның функцияларын іске асыруға байланысты пайда болатын мәліметтер жиынтығы.
2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу тәртібі
5. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ақпаратты жеке және заңды тұлғалар бастапқы құжаттаманың негізінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне ұсынады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ақпартты еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүйелейді және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға береді. 6. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері өңірлер бойынша ұсынған ақпарат негізінде жиынтық деректерді қалыптастыруды және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның статистика жүргізуін қамтамасыз ету мақсатында деректер банкі құрылады. 7. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ақпаратты жеке және заңды тұлғалар статистикалық деректер қалыптастыру үшін статистика органдарына статистикалық жұмыстардың жоспарына сәйкес ұсынады. 8. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында статистикалық есепке алуды мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган барлық жеке және заңды тұлғалардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы жай-күй мен үрдістерді сипаттайтын статистикалық деректерге қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырады. 9. Статистика органдары статистикалық деректерді жүргізу үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы еңбек жөніндегі уәкілетті органның деректер банкінен және мемлекеттік статистикалық есептілік негізінде жиналатын ақпаратты пайдаланады. 10. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік статистикалық есептілік жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін статистикалық жұмыстардың жоспарына және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
|