|
|
|
Стандарттау туралы Қазақстан Республикасының 1999 ж. 16 шілдедегі N 433-1 Заңы Осы редакция ҚР 10.06.03 ж. N 432-11 Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Осы Заң стандарттау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң құқықтық негiздерiн және стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлеу мен қолдану арқылы өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң сапасы мәселелерiнде мемлекет пен тұтынушылардың мүдделерiн қорғау шараларын белгiлейдi. 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) өзара алмасымдылық - бiр бұйымның, процестiң, көрсетiлетiн қызметтiң дәл сондай бiр талаптарды орындау мақсатында басқа бұйымның, процестiң, қызмет көрсетудiң орнына пайдалануға жарамдылығы; 2) мемлекеттік стандарттау - бiр елдiң деңгейiнде жүргiзiлетiн стандарттау; 3) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiшi өнiмнің, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң техникалықэкономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктелген топтарының кодтары мен атауларының жүйелендiрiлген жиынтығын бiлдiретiн құжат; 4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттiк қадағалау - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң, заң актiлерiмен уәкiлеттiк берілген басқа да мемлекеттiк басқару органдарының осы талаптардың бұзылу фактiлерiн анықтауға, жолын кесуге, оларды жоюға бағытталған қызметi; 5) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекеттiк орган - заңдарға сәйкес стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды басқаруға және сертификаттау жөнiндегi халықаралық немесе аймақтық ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкiлi болуға уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк басқару органы; 6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттау жүйесi - өз құзыреттерi шегiнде стандарттау саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың, Қазақстан Республикасында стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың жиынтығы; 7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарты - стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен, мiндеттi және (немесе) ұсынылатын талаптардан тұратын және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт; 8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттар - қоры Қазақстан Республикасының аумағында сақталуға мiндеттi стандарттардан, техникалық регламенттер мен құжаттардан тұратын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару органдарына мамандандырылған қорларының жиынтығы; 9) мемлекетаралық стандарттау - мемлекетаралық мүдденi білдiретiн объектiлердi стандарттау; 10) мемлекетаралық стандарт - Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Мемлекетаралық Кеңес немесе Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң құрылысында Стандарттау және техникалық нормалау жөнiндегi мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссия қабылдаған, мiндеттi және (немесе) ұсынылатын талаптардан тұратын және олар тiкелей қолданатын стандарт; 11) стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым - әрбiр елдiң тиiстi стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi тиiстi мемлекеттiк органының мүше болуы үшiн ашық стандарттау жөнiндегi ұйым; 12) халықаралық стандарттау - барлық елдердiң тиiстi органдарының қатысуы үшiн ашық стандарттау; 13) халықаралық стандарт - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлігiнiң қолы жетiмдi стандарт; 14) ұлттық стандарт - стандарттау жөнiндегi ұлттық орган қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт; 15) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат - уәкiлеттi мемлекеттiк басқару органы бекiткен стандарттау жөнiндегi қызметтiң әр түрiне және олардың нәтижелерiне қатысты нормаларды, ережелердi, сипаттамаларды, принциптердi белгiлейтiн және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi құжат; 16) стандарттау саласы - стандарттаудың өзара байланысты объектiлерiнiң жиынтығы; 17) мемлекеттiк басқару органы - өнiмнiң сипаттамаларын немесе онымен байланысты сақталуы мiндеттi болып табылатын өндiрiс процестерi (жұмыстары) мен әдiстерiн өз құзыретiнiң шегiнде белгiлейтiн орган; 18) негiз қалаушы стандарт - кең салада қолдануға болатын немесе белгiлi бiр салаға арналған жалпы ережелердi қамтитын құжат; 19) стандарттау жөнiндегi аймақтық ұйым - тек бiр географиялық, саяси немесе экономикалық аймақтағы әрбiр елдiң стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi тиiстi мемлекеттiк органының мүше болуы үшiн ашық стандарттау жөнiндегi ұйым; 20) аймақтық стандарттау - әлемнiң тек бiр ғана географиялық, саяси немесе экономикалық аймағы елдерiнiң тиiстi органдарының қатысуы үшiн ашық стандарттау; 21) аймақтық стандарт - стандарттау жөнiндегi аймақтық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт; 22) мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмi - стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы объектілердiң, жұмыстарға қатысушылар мен құжаттардың тiркелуiн есепке алу құжаты; 23) стандарттау жyйесi - стандарттауға қатысушылардың, өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың жиынтығы; 24) сыйысымдылық - өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң белгiленген талаптарды қойылған шарттарға орай бiрлесе орындау үшiн пайдалануда жағымсыз салдарларды тудырмайтын жарамдылығы; 25) стандарт - мүдделi тараптардың келiсiмi негiзiнде әзiрленген және қызметтiң әр түрiне немесе олардың нәтижелерiне қатысты жаппай және көп мәрте пайдалану үшiн ережелер, жалпы принциптер немесе сипаттамалар белгiленетiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiнде танылған орган бекiткен құжат; 26) стандарттау - нақты бар немесе ықтимал мiндеттерге қатысты жаппай және көп мәрте пайдалану үшiн белгiлi бiр салада ережелердi реттеудiң оңтайлы дәрежесiне қол жеткiзуге бағытталған қызмет; 27) техникалық шарттар - нақты өнiмге, процестерге, көрсетiлетiн қызметтерге немесе өнiмнiң бiрнеше түрiне қойылатын техникалық талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құжат; 28) стандарттау жөнiндегi техникалық комитет - экономиканың белгiлi бiр саласында мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу және салааралық деңгейде стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн мүдделi заңды тұлғалардың базасында құрылатын стандарттау жөнiндегi жұмыс органы; 29) техникалық регламент - стандартқа немесе ережелерге тiкелей не оларға сiлтеме жасау арқылы, не осы құжаттардың мазмұнын енгiзу арқылы мiндеттi талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжат. Ол сондай-ақ терминологияға, белгілеулерге, буып-түюге, таңбалауға, олар өнiмге, процеске (жұмысқа), қызмет көрсетуге немесе өндiрiстiң әдiсiне қолданылатын дәрежеде талаптарды қамтуы немесе ерекше мазмұндауы мүмкiн; 30) фирмалық стандарт - өнiмнiң, процестiң (жұмыстың), қызмет көрсетулердiң нақты түрiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн, бiр заңды немесе жеке тұлға әзiрлеген және тек сол жеке немесе заңды тұлға ғана қолданатын құжат. 2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы Осы Заңның күшi мемлекеттiк басқару органдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. 3-бап. Стандарттау туралы заңдар 1. Қазақстан Республикасының стандарттау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 4-бап. Стандарттаудың мақсаттары Стандарттаудың негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады: 1) өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге нормалар, ережелер мен сипаттамалар (бұдан әрi - талаптар) белгiлеу; 2) өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), көрсетiлетiн қызметтердiң адамдар өмiрi, денсаулығы, мүлiктер үшiн қауiпсiздiгiн, қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету; 3) саудада техникалық кедергiлердi жою, өнiмнiң iшкi және сыртқы рыноктардағы бәсекелестiк қабiлетiн қамтамасыз ету; 4) өнiмнiң техникалық және ақпараттық сыйысымдылығын, сондай-ақ өзара алмасымдылығын қамтамасыз ету; 5) өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету; 6) ресурстардың барлық түрiн сақтау және ұтымды пайдалану; 7) елдiң қорғаныс қабiлетi мен жұмылдырушылық әзiрлiгiн қамтамасыз ету; 8) табиғи және техногендi апаттар мен басқа да төтенше жағдайлардың туындау қаупiн ескере отырып, шаруашылық объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; 9) өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң сапасы мәселелерiнде тұтынушылардың мүдделерiн қорғау. 5-бап. Стандарттау объектiлерi Көп мәрте ұдайы өндiрiлу және (немесе) пайдалану перспективасы өнiмдер, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер стандарттау объектiлерi болып табылады. 6-бап. Стандарттау жөнiндегi жұмыстарды мемлекеттiк басқару 1. Қазақстан Республикасында стандарттау жөнiндегi жұмыстарды басқаруды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады. 2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган: 1) стандарттау саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастырады және iске асырады; 2) мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың осы саладағы қызметiн үйлестiредi; 3) мемлекетаралық, халықаралық, аймақтық стандарттау жөнiндегi жұмыстарға қатысады; 4) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуына мемлекеттiк қадағалау жүргiзудi ұйымдастырады; 5) мемлекеттiк стандарттау жүйесiн құрады; 6) стандарттау саласындағы кадрларды кәсiби даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады; 7) стандарттау бойынша халықаралық, аймақтық, ұлттық стандарттарды, ережелер мен ұсынымдарды қолданудың тәртiбiн белгiлейдi; 8) жеке және заңды тұлғалармен, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттермен өзара iс-қимыл жасайды; 9) мемлекеттiк стандарттарда, мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң ережелерi мен ұсынымдарында стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпытехникалық ережелерiн, жеке және заңды тұлғалардың бiр-бiрiмен, мемлекеттiк басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасауының нысандары мен әдiстерiн белгiлейдi. 3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдары стандарттау жөнiндегi жұмыстарға өздерiнiң құзыреттерi шегiнде қатысады. 4. Жеке және заңды тұлғалар стандарттау жөнiндегi қызметiн осы Заңға, стандарттау саласындағы қатынастарды реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес өздерiнiң құзыреттері шегiнде ұйымдастырады және жүзеге асырады, осы жұмыстарды орындау үшiн стандарттау жөнiндегi тиiстi бөлiмшелер мен қызметтер, оның iшiнде стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттер құра алады. 7-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық ынтымақтастық Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган стандарттау жөнiндегi халықаралық және аймақтық ұйымдарда өз құзыретiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының өкiлi болады. 2-тарау. Мемлекеттік стандарттау жүйесі 8-бап. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң ұйымдық құрылымы Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң ұйымдық құрылымы: 1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның ведомстволық бағыныстағы бөлiмшелерiнен; 2) стандарттау саласындағы құзыреттерiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдарынан; 3) стандарттау саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын стандарттау жөнiндегi жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде техникалық комитеттерден; 4) Қазақстан Республикасы стандарттарының мемлекеттiк қорынан тұрады. 9-бап. Стандарттау жөнiндегі нормативтiк құжаттар және оларға қойылатын талаптар 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттау жүйесiнде қолданылатын стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға мыналар жатады: 1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттары - ҚР СТ (бұдан әрi - мемлекеттiк стандарттар); 2) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерi ТЭА МЖ (бұдан әрi - мемлекеттiк техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi); 3) мемлекетаралық стандарттар - МЕМСТ (бұдан әрi - мемлекетаралық стандарттар), техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, ережелер мен ұсынымдар; 4) белгiленген тәртiппен қолданылатын стандарттау жөнiндегi халықаралық, аймақтық және ұлттық стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, техникалық шарттар, ережелер, нұсқаулықтар, қағидалар, нұсқаyлар, әдiстемелiк нұсқаулар мен ұсынымдар; 5) ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары; 6) ұсынымдар; 7) фирмалық стандарттар; 8) техникалық шарттар. 2. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар белгiлейтiн талаптар ғылымның, техника мен технологияның жетiстiктерiне негiзделуге тиiс және өнiмдi пайдаланудың, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулердi орындаудың шарттарын, еңбек жағдайлары мен режимдерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасы заңдарының қолданылып жүрген техникалық регламенттерге, халықаралық және шет елдердiң аймақтық және ұлттық стандарттарының талаптарына, стандарттау жөнiндегi ережелер мен ұсынымдарға қайшы келмеуге тиiс. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлеу кезiнде олар адамдардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау талаптарына және Қазақстан Республикасында қабылданған техникалық нормаларға сәйкес келмейтiн жағдайларды қоспағанда, қолданылып жүрген халықаралық техникалық регламенттер мен стандарттар немесе аяқталу сатысындағы олардың жобалары қолданылады. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат жобасын әзiрлеу кезеңiнде халықаралық стандарттар болмаған немесе әзiрленетiн мемлекеттiк стандарт халықаралық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда оған бұқаралық ақпарат құралдарында немесе стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның арнаулы басылымдарында мүдделi мемлекеттiк басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың талқылауы және ескертпелер мен ұсыныстар әзiрлеу үшiн аңдатпалар немесе хабарламалар жарияланады. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың жобаларын қарау тәртiбiн және ескертпелер мен ұсыныстар дайындау мерзiмiн мемлекеттiк стандарттау жүйесi белгілейдi. 3. Мiндеттi сертификатталуға тиiстi өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетуге арналған стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда мiндеттi сертификаттау жүзеге асырылатын талаптар, осы талаптарға сәйкестiктi бақылау әдiстерi, өнiмдi таңбалау мен буып-түю тәртiбi, сертификаттау туралы ақпарат болуы тиiс. 4. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар өндiрiсте және басқа мемлекеттермен саудада техникалық кедергi болмауға тиiс: Өнiмнiң нақты топтары мен түрлерiнiң мақсатты арналымы мен техникалық сыйысымдылығының көрсеткiштерi өнiмдi әзiрлеу мен оны өндiрiске қою кезiнде, егер оларды беруге арналған шартта (келiсiм-шартта) өзгеше көзделмесе, республиканың аумағында қабылданған нормалар мен талаптарға сәйкестiкте белгiленедi. 5. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар, оларға өзгерiстер, сондай-ақ олардың күшiн жою туралы шешiмдер стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның немесе оған ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындардың бекiтуiне және мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде мiндеттi тiркелуге жатады. Белгiленген тәртiппен мемлекеттiк стандарттау жүйесi тiзiлімiнде бекiтiлмеген және тiркелмеген стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар жарамсыз болып табылады және қолданылуға жатпайды. Стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды тiркеудiң, егер олардың нормалары мен талаптары республиканың аумағында қолданылмайтын болса, сондай-ақ халықаралық сауда ережелерi өзгерген кезде, белгiленген тәртiппен күшi жойылады. 6. Мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi, сондай-ақ мемлекеттiк басқару органдарының өздерiнiң құзыретiне сәйкес бекiткен стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттары авторлық құқық объектiсi болып табылмайды. 7. Стандарттау жөнiндегi мемлекетаралық нормативтiк құжаттар Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Мемлекетаралық Кеңес белгiлеген тәртiппен әзiрленедi, келiсiледi және қабылданады. 10-бап. Мемлекеттiк стандарттар, техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерi 1. Мемлекеттiк стандарттар салааралық мәнi және көп мәрте ұдайы өндiру және (немесе) пайдалану перспективасы бар өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге, ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық сипаттағы нормалар мен талаптарға әзiрленедi және олар Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген халықаралық және мемлекетаралық стандарттардың талаптарына қайшы келмеуi тиiс. 2. Стандарттау объектiлерiн, мемлекеттiк стандарттардың мазмұнына олардың таратылу саласына, олардың қолданылу аясына және енгiзу күнiне қойылатын талаптарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. Мемлекеттiк стандарттарда, негiзделген жағдайларда дәстүрлi технологиялар мүмкiндiгiнен басым түсетiн, отандық өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң перспективасын қамтамасыз ететiн алдын ала талаптар белгiленедi. 3. Өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаның, азаматтардың өмiрiн, денсаулығын және мүлкiн қорғау үшiн, техникалық және ақпараттық сыйысымдылықты, өнiмнiң өзара алмасымдылығын, оларды бақылау әдiстерiнiң бiрлiгiн және таңбалаудың бiрлiгiн қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк стандарттар белгiлейтiн талаптар, мемлекеттiк басқару органдарының, меншiк нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың сақтауы үшiн мiндеттi болып табылады. Өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк стандарттардың мiндеттi талаптарына сәйкестiлiгi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады. Өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге мемлекеттiк стандарттардың өзге талаптарын тапсырысшымен шартқа немесе өнiмдi дайындаушының (берушiнiң) процестi немесе қызмет көрсетудi атқарушының техникалық құжаттамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар мiндеттi түрде сақтауға тиiс. 4. Мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық, ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерiн мемлекеттiк басқару органдары, уәкiлеттi заңды тұлғалар, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттер стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен әзiрлейдi. 5. Ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық сипаттағы негiзге алынатын мемлекеттiк стандарттарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе оның тапсыруы бойынша Қазақстан Республикасының басқа да уәкiлеттi мемлекеттiк басқару органдары мен заңды тұлғалары әзiрлейдi. 6. Мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктегiштерiн әзiрлеуге өнiмдi әзiрлеушiлердiң, жасаушылардың, тұтынушылардың, ғылыми-техникалық және инженерлiк қоғамдардың, тұтынушылар қоғамдарының өкiлдерi, стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның бөлiмшелерiнiң мамандары, Қазақстан Республикасының ғалымдары тартылуы мүмкiн. 7. Мемлекеттiк стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерiн әзiрлеудiң, қайта қараудың, келiсудiң, бекiтудiң, мемлекеттiк тiркеудiң, қолданысқа енгiзудiң, қолданудың, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. 8. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген мемлекеттiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi қолданылуға жатпайды. 11-бап. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары 1. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары iргелi, қолданбалы зерттеулер мен әзiрлемелердiң бiлiмнiң түрлi салаларында алынған нәтижелерiн тарату мен пайдалану үшiн әзiрленедi және қолданылады. 2. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген мемлекеттiк және мемлекетаралық стандарттардың, техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына қайшы келмеуге тиiс. 3. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен бекiтiледi және тiркеледi. 12-бап. Ұсынымдар 1. Ұсынымдар стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы қандай да бiр болмасын қызметтiң түрiн ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртiбiн және кеңестi немесе нұсқауды қамтитын ереженi белгiлейдi. 2. Ұсынымдарды құруға, ресiмдеуге, мазмұнына, жазуға, оларды әзiрлеудiң, келiсудiң, бекiтудiң, тiркеу мен қолданудың тәртiбiне қойылатын талаптарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. 3. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген ұсынымдар қолданылуға жатпайды. 13-бап. Фирмалық стандарттар 1. Фирмалық стандарттарды жеке және заңды тұлғалар осы Заңның 5-бабында белгiленген объектiлерге әзiрлеп, бекiте алады. 2. Фирмалық стандарттарды әзiрлеушiлер дербес бекiтедi. 3. Фирмалық стандарттар Қазақстан Республикасында қабылданған стандарттар мен техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына қайшы келмеуге тиiс. 4. Белгiленген мiндеттi талаптардың сақталмауы үшiн оларды бекiткен жеке және заңды тұлғалар жауапты болады. 5. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган фирмалық стандарттарды әзiрлеу, келiсу, бекiту және тiркеу жөнiндегi жалпы ережелердi белгiлейдi. 14-бап. Техникалық шарттар 1. Техникалық шарттар нақты өнiмге, процестерге, көрсетiлетiн қызметтерге немесе өнiмнiң бiрнеше түрiне қойылатын талаптарды белгiлейдi. 2. Техникалық шарттардың талаптары мемлекеттiк және мемлекетаралық стандарттарда белгiленетiн техникалық регламенттер мен мiндеттi талаптарға қайшы келмеуге тиiс. 3. Техникалық шарттарды жеке және заңды тұлғалар әзiрлейдi және бекiтедi. 4. Техникалық шарттар, оларға өзгерiстер, сондай-ақ олардың күшiн жою туралы шешiмдер стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілеттi мемлекеттiк органның немесе оған ведомстволық бағыныстағы бөлiмшелердiң мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде мiндеттi түрде тiркелуге тиiс. 5. Мемлекеттiк стандарттау жүйесiнiң тiзiлімiнде тiркелмеген техникалық шарттар мен оларға өзгерiстер жарамсыз болып табылады. 6. Техникалық шарттарды әзiрлеудiң, келiсудiң, бекiтудiң, тiркеудiң тәртiбiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. 15-бап. Нормативтiк құжаттарды қолдану 1. Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарды өнiмдi әзiрлеу, өндiрiске қою, өнiмдi жасау, өткiзу (жеткiзу, сату), пайдалану (пайдаға асыру), сақтау, тасымалдау мен кәдеге жарату сатысында, процестердi (жұмыстарды) атқару және қызметтер көрсету кезiнде мемлекеттiк басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар қолдануға тиiс. Ұсынымдық талаптары бар мемлекеттiк және мемлекетаралық стандартты қолдану, егер оған республикада қолданылатын техникалық сипаттағы талаптар, нормалар мен ережелер бар техникалық регламенттерге сiлтеме болса, мiндеттi болып табылады. Халықаралық стандарттау жүйесi ережелерiне сәйкес, техникалық регламенттерге осы Заңға сәйкес мемлекеттiк басқару органдары қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлердi және нормативтiк құжаттарды жатқызу керек, олардың құзыретiне мiндеттi талаптарды белгiлеу (құрылыс, санитарлық және ветеринарлық нормалар мен ережелер, фармакопеялық баптар, өртке қарсы қауiпсiздiк және төтенше жағдайлар, тау-кен қадағалау, атом, экологиялық және радиациялық қауiпсiздiк, жолдардағы және көлiктiң барлық түрiндегi қауiпсiздiк нормалары мен ережелерi және басқалары), мiндеттi талаптар бөлiгiнде мемлекетаралық және мемлекеттiк стандарттар кiредi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |