Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау (2004.20.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2006 ж. 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 7 баптар) 2-тарау. Азаматтық және қызметтік қару мен оның (8 - 9 баптар) патрондарының мемлекеттік кадастры және оларды сертификаттау 3-тарау. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, (10 - 11 баптар) өндіруді, жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды, коллекциялауды, экспонаттауды лицензиялау 4-тарау. Қаруды иелену және пайдалану құқығы (12 - 20 баптар) 5-тарау. Жекелеген қару түрлерінің айналымы (21 - 27 баптар) 6-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, (28 - 29 баптар) ішкі істер органдарының қару айналымы саласындағы өкілеттігі 7-тарау. Қорытынды ережелер (30 - 33 баптар) Осы Заң ның аумағында азаматтық, қызметтік, жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қарудың айналымы кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді және азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоршаған орта объектілерін, ресурстарды күзетуге, қылмысқа және қарудың заңсыз таратылуына қарсы күресте халықаралық ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Осы Заңның ережелері оқ-дәрінің (патрондардың) айналымына да қолданылады. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады: 1) қару - конструкциялық жағынан алғанда тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгі беруге арналған құрылғылар мен заттар; 2) атыс қаруы - оқ дәрі немесе өзге де заряд қуатының әсері нәтижесінде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қару; 3) суық қару - нысананы тікелей зақымдайтын құралы адамның бұлшық еті күшінің көмегімен қозғалысқа келтірілетін қару; 4) газды-қару - қолданылуы көз жасын ағызатын немесе тітіркендіргіш заттарды пайдалануға негізделетін қару; 5) электрлі қару - қолданылуы электр разрядының күшіне негізделіп арнайы бейімделген тетік; 6) пневматикалық қару - нысананы зақымдайтын құралы сығылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдың қуаты есебінен бағытты қозғалыс алатын қару; 7) белгі беру қаруы - дыбыс, жарық және түтін белгілерін бері үшін пайдаланылатын қару; 8) лақтырылатын қару - нысананы тікелей зақымдайтын құралы адамның бұлшық еті күшінің немесе механикалық құрылғының көмегімен бағытталып, қозғалысқа түсетін қару; 9) оқ-дәрі (патрондар) - конструкциялық жағынан қарудың тиісті түрінен ату үшін және нысананы зақымдауға арналған құрылғылар немесе заттар (бұдан әрі - патрондар); 10) қару айналымы - қаруды өндіру, құрастыру, қайта жасау, өткізу (сауда жасау), беру, сыйға тарту, марапаттап беру, мұраға қалдыру, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, пайдалану, алып қою, жою, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оны Қазақстан Республикасының аумағынан әкету; 11) қару өндірісі - қаруды зерттеу, әзірлеу, сынақтан, өткізу, жасап шығару, көркемдеп әрлеу, жөндеу, құрастыру, қайта жасау және жою, патрондар және олардың құрамдас бөліктерін жасап шығару; 12) қару жасап шығарушы - қаруды әзірлеуге, өндіруге, өткізуге, жөндеуге, сатып алуға лицензиясы бар ұйым; 13) қару иесі - лицензияның немесе қару иемденіп алуға, алып жүруге және сақтауға рұқсаттың негізінде қаруды иеленген заңды немесе жеке тұлға; 14) қаруды пайдаланушы - қару иесінен қаруды уақытша пайдалануға алған заңды немесе жеке тұлға; 15) қаруды иемденіп алу - сатып алу, қаруды сыйлық, марапат ретінде алу. 2-бап. Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше нормалар белгіленсе, онда халықаралық шарттардың нормалары қолданылады. Өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша қару: 1) жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару; 2) азаматтық қару; 3) қызметтік қару болып бөлінеді. 4-бап. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруға Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары мен олардың бөлімшелерінің (бұдан әрі Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар) қарулануына қабылданған жауынгерлік және жедел-қызмет міндеттерін шешуге арналған, сондай-ақ басқа мемлекеттерге беру үшін жасап шығарылатын қару жатады. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарының, сондай-ақ суық қарудың айналымы тәртібін заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Азаматтық қаруға Қазақстан Республикасының азаматтары өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс. Азаматтық қару былайша бөлінеді: 1) өзін-өзі қорғау қаруы: тегіс те ұзын ұңғылы, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органының нормаларына сәйкес келетін, жарақат салып әсер ететін патрондары бар атыс қаруы; Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органының нормаларына сәйкес келетін, жарақат салатын, газбен және сәулелі дыбыспен әсер ететін патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы; газды қару - Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат еткен көз жасын ағызатын және тітіркендіргіш заттармен оқталған газды, оның ішінде патрондарымен қоса пистолеттер мен револьверлер, механикалық тозаңдатқыштар, аэрозолды және басқа да құрылғылар; 2) спорттық қару: ойық ұңғылы атыс қаруы; тегіс ұңғылы атыс қаруы; сұқпа суық қару; лақтырылатын қару; үрлемелі қуаты 3 Дж-дан жоғары пневматикалық қару; 3) аңшылық қару: ойық ұңғылы атыс қаруы; тегіс ұңғылы, оның ішінде ойық бөлігінің ұзындығы 140 миллиметрден аспайтын атыс қаруы; аралас (ойық және тегіс ұңғылы), оның ішінде алмалы-салмалы және жиналмалы ойық ұңғылы атыс қаруы; үрлемелі қуаты 25 Дж-дан аспайтын пневматикалық қару; сұқпа суық қару; 4) белгі беретін қару. ҚР 22.02.02 ж. № 297-11 Заңымен 6-бап өзгертілді 6-бап. Қызметтік қару Қызметтік қаруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтік қару иемденіп алуға (алуға) құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ ұйымдардың оларға заңмен жүктелген немесе өз жарғыларында (ережелерінде) көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы корреспонденциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару жатады. Қызметтік қаруды пайдалану мен қолдануға байланысты функциялар жүктелген ұйымдар ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар болып табылады (бұдан әрі - ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар). Қызметтік қаруға қысқа ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы атыс қаруы, сондай-ақ ұзын ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы қару жатады. Қызметтік қару түйдектете оқ атуды болғызбауы тиіс. 7-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына белгіленетін тыйым салулар 1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары ретіндегі айналымға тыйым салынады, олар: 1) ұңғысының немесе ұңғылы қорапшасымен қоса ұңғысының ұзындығы 500 миллиметрге жетпейтін және қарудың жалпы ұзындығы 800 милиметрге жетпейтін, сондай-ақ конструкциясы оның ұзындығын 800 миллиметрге жетпейтін етіп жасауға мүмкіндік беретін және сонымен бірге бұл ретте ату мүмкіндігі жойылмайтын ұзын ұңғылы атыс қаруы; 2) оқты түйдектете атуға мүмкіндік беретін азаматтық атыс қаруы; 3) түрі басқа заттарға ұқсайтын атыс қаруы; 4) қол шоқпарлар, кастеттер үлгісіндегі суық қару, түймешікті немесе тұтқаны басқан кезде сабынан ұшы мен жүзі өздігінен шығып бекітілетін не салмақтың әсерінен немесе шапшаң қимылдан іске қосылатын және өздігінен бекітілетін ұшы мен жүзінің ұзындығы 90 миллиметрден астам суық сұқпа қару мен пышақ және ұрып-уататын және шаншып-кесетін басқа да заттар; 5) бронь бұзғыш, тұтандырғыш немесе жарғыш күші бар, салмақ түсу нүктесі өзгеретін оқты патрондар; 6) зақымдағыш әсері электр қуатын, радиоактивті сәулелерді және биологиялық факторларды пайдалануға негізделген қару және өзге де заттар; 7) жүйкеге әсер ететін, уландыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат етпеген басқа да заттармен оқталған газды қару, бір метрден астам қашықтықта тұрған адамның денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіре алатын газды қару. 1) жануарлар дүниесі объектілерін жинап, дәрі егуге байланысты ғылымизерттеу және алдын алу жұмыстарын жүргізуге арналған садақтар мен арбалеттерді сақтауды және пайдалануды қоспағанда, ойық ұңғылы спорттық атыс қаруын не үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан жоғары және калибрлі 4,5 миллиметрден астам спорттық пневматикалық қаруды, сондай-ақ спорттық суық сұқпа және лақтырылатын қаруларды спорт объектілерінен басқа жерде сақтауға немесе пайдалануға; 2) калибрлі 4,5 миллиметрден асатын пневматикалық қаруды азаматтардың иемденіп алуына; 3) қызметтік және азаматтық қаруға дыбыссыз атуға және түнде көздеуге арналған тетіктер орнатуға; 4) қаруды жөнелтуге; 5) азаматтардың - митингілерге, көше шерулеріне, демонстрацияларға, пикеттерге және басқа да көпшілік-бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың қару алып жүруіне; 6) қаруды қоғамдық орындарда ашық (қабына салынбаған күйде) алып жүруге; 7) қаруды ұлттық киімге жабдық ретінде рұқсатсыз тағынуға тыйым салынады. 2-тарау. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының мемлекеттік кадастры және оларды сертификаттау 8-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының мемлекеттік кадастры Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының мемлекеттік кадастры (бұдан әрі - Кадастр) Қазақстан Республикасының аумағында айналымға рұқсат етілген азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары туралы жүйеге түсірілген мәліметтер бар ресми жинақ болып табылады. Кадастр азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының үлгілер тізбесі негізінде басып шығарылады, олар туралы мәліметтер Кадастрға енгізіліп және одан алып тасталып отырады. Кадастрды азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасауды жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы ішкі істер органымен (бұдан әрі - қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган) бірлесіп, стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын бекітіп отырады. Кадастрға сұқпа суық қару мен лақтырылатын қару, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және шет елге әкетілетін бірен-саран дана азаматтық қару туралы мәліметтер енгізілмейді. Кадастрға өзгерістер азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары үлгілерінің тізбесі бекітілгеннен кейін үш айдан аспайтын мерзім өткенде енгізіледі. Кадастрды әзірлеу, басып шығару және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 9-бап. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сертификаттау Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасынан әкетілетін азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының модельдері міндетті түрде сертификатталуға тиіс. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сертификаттау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі тиісті уәкілетті органы жүзеге асырады. Сәйкестік сертификаты Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымы үшін негіз болып табылады. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың техникалық талаптары мен әдістері осы Заңның ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарымен белгіленеді. Сертификаттау туралы ҚР 1999 ж. 16 шілдедегі № 434-1 Заңы қараңыз 3-тарау. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, өндіруді, жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды, коллекциялауды, экспонаттауды лицензиялау 10-бап. Қару мен оның патрондарын әзірлеуді, өндіруді, жөндеуді, сатуды, иемденіп алуды, коллекциялауды, экспонаттауды лицензиялау 1. Қару мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, иемденіп алу, коллекциялау, экспонаттау лицензиялануға тиіс. 2. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға, экспонаттауға лицензияны - ішкі істер органдары, ал жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға және экспонаттауға лицензияны Қазақстан Республикасы Үкіметінің уәкілетті органы береді. 3. Қару мен оның патрондарын жасауға, өндіруге, жөндеуге, сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға, экспонаттауға берілген лицензия мерзімі шектелмей берілетін бас лицензия болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады. 4. Лицензия лицензиялау туралы заңдарда тізбесі белгіленген құжаттар негізінде беріледі. Сонымен бірге қаруды өндіру, есепке алу және сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылған шаралар туралы құжаттар тапсыру қажет. 5. Лицензия беруден немесе оның қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту негіздері: 1) өтініш берушінің қажетті мәліметтерді бермеуі не оның теріс мәліметтер беруі; 2) қару өндірудің қауіпсіздігі жағдайларын, қаруды есепке алу мен оның сақталуын қамтамасыз етудің мүмкін еместігі не осы жағдайлардың қамтамасыз етілмеуі; 3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген басқа да негіздер болып табылады. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда аталған органдар бұл туралы өтініш берушіге бас тартудың себептерін түсіндіре отырып, жазбаша хабарлауға міндетті. Лицензия беруден бас тартылғанда не өтініштің қаралу мерзімі бұзылғанда өтініш беруші сотқа шағымдана алады. 11-бап. Лицензияны кері қайтарып алу және оның қолданылуын тоқтата құру Азаматтық және қызметтік қарауды әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, оны сатуға, иемденіп алуға, коллекциялауға немесе экспонаттауға лицензияларды ішкі істер органдары мынадай жағдайларда: 1) аталған лицензиялардан ерікті түрде бас тартылғанда не заңды тұлға таратылғанда; 2) осы Заңда және Қазақстан Республикасының қару айналымын регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне көзделген талаптар орындалмағанда; 3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, лицензиялар алу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар пайда болғанда тоқтата тұрады немесе кері қайтарып алады. Осы Заңда көзделген негіздер бойынша лицензияны тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаудың алдында сол лицензияны берген ішкі істер органы лицензия иесіне алдын ала жазбаша ескерту жасауға тиіс. Ескертуде нақ қандай нақты құқықтық нормалар мен ережелердің бұзылғаны немесе орындалмағаны көрсетіліп, жол берілген тәртіп бұзушылықтарды жою мерзімі тағайындалады. Лицензияны кері қайтарып алу туралы шешімге оның иесі сотқа шағым бере алады. Лицензияны кері қайтарылып алынған жағдайда оны алу үшін кері қайтарылып алынған күннен бастап бір жыл өткен соң қайталап өтініш жасауға болады. 4-тарау. Қаруды иелену және пайдалану құқығы 12-бап. Қаруды иемденіп алуға құқығы бар субъектілер Қазақстан Республикасының аумағында қаруды иемденіп алуға: 1) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың; 2) лауазымды адамдарына атыс қаруын сақтауға және алып жүруге құқық берілген мемлекеттік органдардың; 3) ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың; 4) қару өндірумен немесе оны сатумен айналысатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі - қару берушілер-заңды тұлғалар); 5) қаруды коллекциялаумен немесе экспонаттаумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың; 6) аңшылық кәсіпшілігін жүргізетін ұйымдардың; 7) спорттық ұйымдардың; 8) білім беру мекемелерінің; 9) Қазақстан Республикасы азаматтарының; 10) шетелдіктердің құқығы бар. 13-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың қару иемденіп алуға құқылы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың жауынгерлік қол атыс қаруы мен өзге де қаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен иемденіп алуға құқығы бар. Ұзақ сақтауда тұрған қаруды қоспағанда, қарулануға қабылданған ойық ұңғылы қарудан Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру үшін бақылау ретінде оқ атылады. ҚР 22.02.02 ж. № 297-11 Заңымен 14-бап өзгертілді 14-бап. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың қару иемденіп алуға құқығы 1. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың ішкі істер органдарынан тиісті лицензия алғаннан кейін қару беруші заңды тұлғалардан қызметтік қару иемденіп алуға құқығы бар. Ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалар қызметкерлерінің пайдалануына арналған қарудың түрлерін, үлгілерін, модельдерін және санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 2. Иемденіп алынған қару оны иемденіп алған күннен бастап бір апта мерзімде тиісті ішкі істер органында тіркелуге тиіс. Қару тіркелген кезде қаруды иемденіп алудың заңдылығын растайтын құжаттардың негізінде осы қаруды сақтау мен пайдалануға үш жыл мерзімге рұқсат беріледі. Рұқсаттың нысаны мен оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган белгілейді. 3. Ұйымдардың (ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың) басшылары қаруды ұйымдарының штаттағы қызметкерлеріне олардың өз міндеттерін орындауы кезеңіне арнап береді. Қару қызметкерлер тиісті даярлықтан өткен соң беріледі. Бұл қызметкерлер атыс қаруын қолдануға байланысты жағдайлардағы іс-қимылға жарамдылығы жөнінен мезгіл-мезгіл тексеруден өтіп отыруға міндетті және оларда қызметтік қаруды сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсаты болуға тиіс. 4. Даярлық бағдарламасының мазмұны мен тексеру өткізу тәртібін қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгілейді. ҚР 22.02.02 ж. № 297-11 Заңымен 15-бап өзгертілді 15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының қару иемденіп алуға құқығы 1. 18 жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденіп алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қару иемденіп алуға құқығы бар. Белгі беретін қару, ұңғысыз атыс қаруы, механикалық шашыратқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттар толтырылған аэрозольді және басқа құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрлі 4,5 миллиметрге дейінгілерін қоса алғанда, пневматикалық қарулар тіркеуге жатпайды және оларды Қазақстан Республикасы азаматтарының рұқсат алмай-ақ иемденіп алуға құқығы бар. Осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында аталған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдары аңшылық билеті болмаса да беретін рұқсаттар бойынша алып жүру құқығынсыз өзін-өзі қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар. Тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруы мен аңшылық пневматикалық қаруды сақтау және алып жүру құқығымен иемденіп алуға аңшылық билеті бар Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар. Ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын иемденіп алуға аңшылықпен байланысты кәсіби қызметпен шұғылданатын не меншігінде тегіс те ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруын кемінде бес жыл ұстаған жағдайда белгіленген тәртіппен аң аулау құқығы берілген Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар. Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруының жалпы саны - бес өлшемнен, тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруының жалпы саны бес өлшемнен аспауға тиіс, бұған аталған қару түрлері коллекциялау объектілері болып табылатын жағдайлар қосылмайды. 2. Қазақстан Республикасының азаматы иемденіп алған ұзын ұңғылы атыс қаруы, аңшылық пневматикалық қару, сондай-ақ газ пистолеттері мен револьверлері иемденіп алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс. Қорғануға арналған тегіс те ұзын ұңғылы атыс қаруын тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматына тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органы осындай қаруды сақтауға үш жыл мерзімге рұқсат береді, ал аңшылық және спорт қаруын, газ пистолеттері мен револьверлерін тіркеу кезінде - оны сақтау мен алып жүруге рұқсат береді. Рұқсаттың нысанын және оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібін қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган айқындайды. 3. Қару иемденіп алуға рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының азаматы тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органына белгіленген нысанда өтініш, көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медициналық қорытынды және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті. |