Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы (2007.15.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 ж. 27 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар) 2-тарау. Балалар мүддесін көздейтін (6 - 7 баптар) мемлекеттік саясат 3-тарау. Баланың негізгі құқықтары мен міндеттері (8 - 20 баптар) 4-тарау. Бала және отбасы (21 - 26 баптар) 5-тарау. Ата-анасының қамқорлығынсыз (27 - 30 баптар) қалған баланың құқықтары 6-тарау. Мүгедек баланың құқықтары (31 - 33 баптар) 7-тарау. Бала және қоғам (34 - 41 баптар) 8-тарау. Баланың құқықтарын және заңмен (42 - 47 баптар) қорғалатын мүдделерін қорғау 9-тарау. Бала жауапкершілігінің және оның (48 - 49 баптар) мінез-құлқына әсер етуден ерекшеліктері 10-тарау. Қорытынды ережелер (50 - 53 баптар) Осы Заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi. 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынандай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 1) бала - он сегiз жасқа (кәмелетке) толмаған адам; 2) баланың заңды өкілдерi - ата-анасы, бала асырап алушылар, қорғаншысы, қамқоршысы, патронат тәрбиелеушiсi, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың орнында қамқорлық жасайтын, білім, тәрбие беретiн, баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын адамдар; 3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала - ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала; 4) жетiм бала - ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала; 2005 жылғы 13 сәуірдегі № 40-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 5) мүгедек бала - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам; 6) қорғаншылық - он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен мүддесiн қорғаудың құқықтық нысаны; 7) қамқоршылық - он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi балалардың құқығы мен мүддесін қорғаудың құқықтық нысаны; 8) патронат - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкiлеттi мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген адам (патронат тәрбиелеушiсi) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегi тәрбиенің нысаны; 9) баланың әлеуметтiк бейiмделуi - өмiрлiк қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мiнез-құлық ережелерiмен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтiк ортаның жағдайларына белсендi түрде бейiмделу процесi, сондай-ақ басынан кешiрген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесi; 10) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар - бұл ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, балаларды әлеуметтiк қолдауды, әлеуметтiк-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтiк, әлеуметтiк-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызмет көрсетулер мен материалдық көмек көрсетудi, өмiрдегi қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабiлеттi жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудi жүзеге асыратын ұйымдар; 11) мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар - мемлекет белгiлеген әлеуметтiк қызмет көрсетулердi, нормалар мен нормативтердi қамтитын, балалар өмiрiнiң сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi көрсеткіштер; 12) өмiрде қиын ахуалға тап болған балалар - қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тiршiлiк етуi бұзылған және бұл мән-жайларды өз бетiмен немесе отбасының көмегiмен еңсере алмайтын балалар. 1. Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 2. Осы Заңның бала құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейтiн нормаларының күшi кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес азаматтық әрекет қабiлеттiлiгiн толық көлемiнде алған балаларға қолданылмайды. 3-бап. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары 1. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттағы оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 4-бап. Балалардың тең құқықтылығы 1. Тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, білімiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие. 2. Некеден және некесiз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. 5-бап. Баланың құқықтарын шектеуге тыйым салу 1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды. 2. Баланың құқықтарын шектеуге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлер олардың қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және олар қолданылмауға тиiс. 2-тарау. Балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясат 6-бап. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясаттың мақсаттары 1. Қазақстан Республикасының балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясатының мақсаттары: 1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтушілікке жол бермеу; 2) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің негiзгi кепiлдiктерiн нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiру; 3) бала құқықтары кепілдiктерiнiң құқықтық негiздерiн қалыптастыру, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөніндегі тиiстi органдар мен ұйымдар құру; 4) балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткізуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесу; 5) кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетiн қалыптастыру жөніндегi нысаналы жұмысты қамтамасыз ету болып табылады. 2. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясат мемлекеттік органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады және: 1) баланың құқықтарын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге; 2) балаларға толымды тәрбие берудi, олардың құқықтарын қорғауды оларды қоғамда толымды өмiр сүруге дайындауды қамтамасыз ету мақсатында отбасын мемлекеттік қолдауға; 3) аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып, балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеуге және сақтауға; 4) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны, оған зиян келтiргенi үшiн лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауаптылығына; 5) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктер мен өзге де ұйымдарды мемлекеттік қолдауға негiзделген. 7-бап. Қазақстан Республикасы орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекетте баланың құқықтарын қорғау мәселелерi жөніндегi өкiлеттiктерi 1. Орталық атқарушы органдардың баланың құқықтарына кепiлдiктердi қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiктерiне: 1) балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясаттың негiздерiн талдап жасау; 2) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн, оның денсаулығы мен имандылығын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтiң басым бағыттарын таңдау; 3) өз құзыретi шегiнде баланың құқықтары мен бостандықтарын реттеу және қорғау жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау; 4) балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 5) бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен балалар мүдделерiнде мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 6) баланың құқықтарын қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттің халықаралық мiндеттемелерiн орындау және халықаралық ұйымдарда мемлекет мүддесiн білдiру; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 7) тәрбие, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласындағы балалар мүдделерiнде мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі iс-шаралар шеңберiн айқындау жатады. 2. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 3. Жергiлiктi атқарушы органдардың бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерiне: 1) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға, отбасы мен балаларды қолдауға арналған мемлекеттік, жергiлiктi бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз ету; 2) балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 3) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөніндегі консультацияларды хабарлау мен өткізу, iс-шараларды жүзеге асыру тәртібін белгiлеу; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 4) тәрбие, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру жатады. 3-тарау. Баланың негізгі құқықтары мен міндеттері 8-бап. Баланың денсаулық сақтауға құқығы 1. Әрбiр баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар. 2. Мемлекет денi сау бала тууды қамтамасыз ету үшiн ананың денсаулығын сақтау жөнiнде жағдайлар жасайды. 3. Баланың денсаулық сақтауға құқығы: 1) баланың денсаулығын сақтау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау; 2) балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау және ынталандыру; 3) балалардың денсаулығын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердi мемлекеттік қолдау; 4) баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайына бақылау жасау және балалар ауруларының алдын алу; 5) біліктi медициналық көмек көрсету; 6) баланың денi сау болып өсiп жетiлуiне қажеттi қолайлы қоршаған орта жасау; 7) балалар үшiн сапасы тиiстi деңгейдегі тағам өнiмдерiнің өндiрiлуiне және сатылуына бақылау жасау арқылы қамтамасыз етiледi. 4. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаларға тегiн медициналық көмектiң көлемiне кепілдiк бередi. 5. Баланың өмiрiне, денсаулығына және қалыпты өсiп-жетілуіне зиян келтiретiн кез келген ғылыми тәжiрибелер немесе өзге де эксперименттерге тыйым салынады. 9-бап. Баланың даралық ерекшелiкке және оны сақтауға құқығы Әрбiр бала туған сәтiнен бастап аты, әкесiнiң аты, тегi, ұлты және азаматтығы болуына құқылы, ал Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқылы. 10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы 1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар. 2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады. 11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы 1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар. 2. Мемлекеттік органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылық iстерiне қатысатын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi. 12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы 1. Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар. 2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi. 13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары 1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретіндегі тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған білім беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады. 2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкілдері арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп алуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар. Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы. 3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар. Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы. Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады. 14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы 1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар. 2. Жетiм баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердегi баланың тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының тұрғын үй туралы заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алуға құқығы бар. 3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа үй-жай берiлмейiнше олар тұрып жатқан тұрғын үйден шығаруға болмайды. 15-бап. Баланың білім алуға құқығы 1. Әрбiр баланың білім алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының білім туралы заңдарына сәйкес оған тегiн орта білім, бастапқы кәсiби білім және конкурстық негiзде тегiн орта кәсiби және жоғары кәсiби білім алуға кепiлдiк берiледi. 2. Тегiн жалпы орта білім немесе бастапқы кәсiби білім алғанға дейiн баланы мемлекеттік білім беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртібін сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн. 3. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттік бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың білім алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi. 4. Мемлекет балалардың білім алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың білім алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi. 16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы 1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар. 2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары қамтамасыз етедi. 2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 3. Он сегiз жасқа толмаған балалармен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртібі және еңбек қатынастарының басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi. 4. Баланы ауыр қара жұмысқа, зиянды және (немесе) еңбек жағдайы қауiптi жұмыстарға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады. Жұмыс iстеу оқу процесiн бұзбауға тиiс. 17-бап. Баланың мемлекеттік көмекке құқығы 1. Мемлекеттік көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттік көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. 2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттік қамсыздандырылуда болады. 3. Мемлекеттік органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi. 18-бап. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу 1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттік саясат мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады. 2. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды: 1) мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн жалпы орта және бастапқы кәсiптiк білім мен конкурстық негiзде тегiн орта және жоғары кәсiптiк білім берудi; 2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi; 3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi; 4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттік жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөніндегі шараларды; 5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi; 6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды; 7) біліктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды. 3. Мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттік басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады. 4. Тиiстi білім беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттік ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар. 19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы 1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы. 2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi. 3. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады. |