Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы 1993 ж. 13 (15.07.96 ж. № 31-1; 22.12.98 ж. № 327-1; 13.01.93 ж. № 338-II; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2007 жылғы 19 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар) 2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (5 - 6 баптар) белгілеу, өтетін жерлерін өзгерту және көрсету 3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының (7 - 16 баптар) тәртібі 4. Шекаралық тәртіп (17 - 21 баптар) 5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы (22 бап) арқылы өткізу пункттеріндегі тәртіп 6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ Қазақстан (23 - 28 баптар) Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы мәселелерін реттеу саласындағы өкілеттіктері 7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (29 - 30 баптар) күзетуге қатысушы әскери қызметшілер мен басқа да азаматтардың құқылық жағынан қорғалуы 8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (31 - 32 баптар) күзету кезінде қаруды, ұрыс техникасын және арнаулы құралдарды қолдану 9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (33 бап) туралы Қазақстан Республикасы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық 10. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (34 - 36 баптар) күзетуді ресурспен қамтамасыз ету ҚР 15.07.96 ж. № 31-1; 10.07.02 ж. № 338-II Заңдарымен Заң өзгертілді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы қазiргi шекарасында тұтас, оған қол сұғылмайды және бөлiнбейдi. Осы Заң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғаудың құқылық негiздерiн белгiлейдi және баянды етедi. ҚР 15.07.96 ж. № 31-1; 10.07.02 ж. № 338-II Заңдарымен 1-бап өзгерді 1-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы Қазақстан Республикасының шекарасы дегенiмiз Қазақстан аумағының шегiн - құрлығын, суын, жер қойнауын және әуе кеңістiгi айқындайтын сызық және осы сызық бойынша тiгiнен өтетiн жазықтық. Мемлекеттік шекара Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгiленедi. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 2-бап өзгерді 2-бап. Қазақстан Республикасының шекара саясаты Қазақстан Республикасы аумақтық тұтастықтың және Мемлекеттік шекараға қол сұғылмайтындығының халықаралық принциптерiн негiзге ала отырып: Мемлекеттік шекараны Қазақстан Республикасы егемендi құқықтарының бүкiл билiгiне ие болатын аумақтық (құрғақ, су, жер қойнауы, әуе кеңiстiгiнiң) заң жүзiнде баянды етiлген кеңiстiгi шегiн анықтайтын сызық ретiнде қарастырады; бұрынғы КСРО жөнiнде жарияланған құқылық мирасқорлықты негiзге ала отырып, осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезiнде қолданылып келген халықаралық шарттармен, соның iшiнде Қазақстан Республикасының және КСР Одағының бұрынғы республикалары болған басқа да мемлекеттердiң әкiмшiлiктiк-аумақтық межеленуi туралы актiлерде белгiленген өз Мемлекеттік шекарасының өтуiн қуаттайды; Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын белгiлеген және оның өтуiн өзгерткен, Қазақстан Республикасының шекарадағы шектес мемлекеттермен құқылық қатынастар орнатқан және қолдап отырған, Қазақстан шекаралық аудандарындағы (су айдындарындағы) және Қазақстан аумағынан өтетiн халықаралық жолдардағы құқық қатынастарын реттеген кезде Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мен халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсаттарын, шектес мемлекеттермен өзара тиiмдi жан-жақты ынтымақтастық мүдделерiн, шекара мәселелерiн бейбiт, күш қолданбай шешу принциптерiн басшылыққа алады; Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен Мемлекеттік шекара тәртібін белгiлеудi және оны қорғау жөніндегі қызметтi үйлестiрiп отырады. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 3-бап өзгерді 3-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы заңдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, Мемлекеттік шекараны белгiлеу мен оның өтуiн өзгерту және оның көрсетiлу тәртібін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгiлеу ретiн және ұстау тәртібін, шекара тәртібі мен Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі тәртiптi белгiлейдi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету саласындағы қатынастарды реттейдi. Ол заңдар осы Заңнан және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасы мәселелерi жөніндегі Қазақстан Республикасының соған сәйкес шығарылатын басқа да нормативтiк құқықтық актілерінен құрылады. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 4-бап өзгерді 4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң жалпымемлекеттік жүйесiнiң ажырағысыз құрамдас бөлiгi болып табылады және ол мыналарды көздейтiн саяси, әскери, құқылық, ұйымдық, экономикалық, экологиялық, техникалық, оперативтiк, ақпараттық, ғылыми және өзге шаралар жүйесiн iске асыру үшiн жасалады; Қазақстан Республикасының белгiленген Мемлекеттік шекарасының өтуiн құқыққа қарсы, күш қолданып өзгертуге, шектес мемлекеттердiң немесе олардың азаматтарының Қазақстан Республикасы аумағының шекара өңiрлерiн заңсыз пайдалануына (игеруiне) жол бермеу; Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңдарында белгiленген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы құқылық қатынастарды, жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз ету, осы құқылық қатынастарға қол сұғатын қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарға қарсы күресу; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн сыртқы және iшкi қол сұғушылықтардан қорғау. Қазақстан Республикасының құрғақтағы, теңiздегi, өзендер мен өзге де су қоймаларындағы мемлекеттік шекарасын күзету Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне, ал әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Әуе қорғанысы күштерiне жүктеледi. Мемлекеттік шекараны күзетуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құқықтары шеңберiнде басқа да мемлекеттік органдар қатысады. 2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгілеу, өтетін жерлерін өзгерту және көрсету ҚР 15.07.96 ж. № 31-1; 10.07.02 ж. № 338-II Заңдарымен 5-бап өзгерді 5-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгiлеу және өзгерту Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы: құрғақта - жер бедерiнiң сипатты нүктелерi мен сызықтары немесе анық көрiнетiн бағдарлар бойынша; теңiзде - Қазақстан Республикасының аумақтық теңiзiнiң сыртқы шегi бойынша; өзендерде (бұлақтарда) - олардың орта тұсы бойынша немесе өзiнiң негiзгi аңғарының орта тұсы бойынша; өзге де су қоймаларында - Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының су қоймасының жағасына шығатын тұсын бiрiктiретiн тура сызық бойынша белгiленедi. Қазақстан Республикасының өзен (бұлақ) өзге де су қоймасы бойынша өтетiн мемлекеттік шекарасы олардың жағаларының сипаты немесе су деңгейi өзгергенде де, өзен (бұлақ) аңғары белгiлi бiр жаққа ауытқыған жағдайда да өзгертiлмейдi; су тараптарының су қоймаларында және басқа жасанды су қоймаларында олар толтырылғанға дейiнгi жерден өтетiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына сәйкес; темір жол және автомобиль жолдары көпiрлерiнде өзендердiң (бұлақтардың) шекаралық учаскелерi арқылы өтетiн бөгеттер мен басқа ғимараттарда - Қазақстан Республикасының су бойынша Мемлекеттік шекарасының өтуiне қарамастан, әлгi ғимараттардың орта тұсы бойынша немесе олардың технологиялық ортасы бойынша белгiленедi. Қазақстан Республикасының иелiгіндегі аумақтық суларға (теңiзге) Қазақстан Республикасына тиесiлi құрлықта да, аралдарда да судың ең көп қайтатын жиегiнен немесе халықаралық шарттарға сәйкес анықталатын тиiстi географиялық нүктелердi қосатын бастапқы түзу сызықтан есептелетiн енi он екi теңiз милi болатын жағалық теңiз сулары жатады. Географиялық нүктелердiң тiзбесiн, олардың негiзгi бастапқы геодезиялық деректерiн көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi. Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен аумақтық сулар (теңiз) шекаралары олармен жасалған халықаралық шарттар арқылы белгiленедi. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңына Қазақстан Республикасы аумақтық суларының (теңiздiң) сыртқы шегiнен оның орта сызығына дейiнгi Каспий теңiзiнiң бетi және оның түбiнiң қойнауы жатады. Қазақстан Республикасы континенттiк қайраңының шекаралары халықаралық шарттармен белгiленедi. Қазақстан Республикасының iшкi суларына мыналар жатады: Қазақстан Республикасы порттарының гидротехникалық және басқа ғимараттарының теңiз жаққа қарай неғұрлым қашық орналасқан нүктесi арқылы өтетiн сызықпен шектелген порт сулары; жағалауы Қазақстан Республикасының иелiгіндегі өзендер мен өзге де су қоймаларының сулары; Каспий теңiзiнiң Қазақстан Республикасына тиесiлi шығанақтарының, бухталарының, құйылыстарының, жайылмаларының сулары, олардың тiзбесiн халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi. Қазақстан Республикасының жерге (су бетiнде) қарап Қазақстанның халықаралық шарттары негiзiнде шекараны редемаркациялау ретiнде жүргiзiлген Мемлекеттік шекарасының өтуiн дәлелдей түсуi туралы құжаттар Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бекiтуiне жатады; 6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын көрсету Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жерiне қарап белгiлеу айқын көрiнетiн шекара белгiлерiмен көрсетiледi. Шекара белгiлерiнiң түрлерiн, көлемiн, олардың сипаттамасын және орнату тәртібін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары белгiлейдi. 3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының тәртібі ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 7-бап өзгерді 7-бап. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының тәртібі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының тәртібі Қазақстан Республикасы мен шектес мемлекеттердiң шекарадағы өзара қатынастарына байланысты барлық мәселелердi реттеу мақсатымен белгiленедi. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын өту, қазақстандық және шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдердiң шекаралық өзендер мен басқа да су қоймаларының қазақстандық бөлiгiнде жүзу және тұру, олардың Қазақстан Республикасы iшкi суларына кіру және тұру, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын ұстау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында түрлi жұмыстар, кәсiпшiлiк, зерттеу, iздестiру және өзге де қызмет жүргiзу тәртібін регламенттейдi. Мемлекеттік шекара тәртібі осы Заңмен, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкіметінiң актілерімен және халықаралық шарттарымен белгiленедi. 8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын ұстау Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын ұстау Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы актiлерге және оның жер бетiнде өтуiн айқындайтын басқа да құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленбеген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын ұстау тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi белгiлейдi. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 9-бап жаңа редакцияда 9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту 1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы темір жол, автомобиль, теңiз, әуе қатынасы мен өзге де қатынас Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде жүзеге асырылады. 2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң, кеден органдарының және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында бақылауды жүзеге асыратын басқа да органдардың бақылау-өткізу пункттерi құрылады. 3. Әскери емес кемелер мен әскери корабльдер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтедi. 4. Әуе кемелерi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнайы бөлiнген ұшып кiретiн (ұшып шығатын) әуе дәлiздерi арқылы ұшып өтедi. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан әуе дәлiздерiнен тыс ұшып өтуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жол берiледi. ҚР 15.07.96 ж. № 31-1 ; 10.07.02 ж. № 338-II Заңдарымен 10-бап өзгерді 10-бап. Әскери емес әуе (теңiз) кемелерiнiң ұшып шығуы (кетуi), келiп қонуы (кіруi) Қазақстандық және шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасынан ұшып шығуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасына келiп қонуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң бақылау-өткізу пункттерi және кеден органдары бар әуежайларда (аэродромдарда) жүзеге асырылады. Әуе кемелерiнiң ұшып шығуы мен келiп қонуының өзге тәртібіне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жол берiледi. Шетелдiк әскери емес кемелер Қазақстан Республикасының мұндай кемелердiң келуi үшiн ашық рейдiлерi мен порттарына келiп кiре алады. Шетелдiк әскери емес кемелердiң кіруiне ашық рейдiлер мен порттардың тiзбесi, ондай порттарға кіру және оларда болу тәртібі - жүк және жолаушы операцияларын жүргiзу, кемелердiң жағалаумен хабарласу, кеме экипажы мүшелерi болып табылмайтын адамдардың бару тәртібі, шетелдiк әскери емес кемелердiң Қазақстан Республикасының iшкi сулары мен порттарына, шекаралық өзендер мен өзге де су қоймалары суларының қазақстандық бөлiгiне кіруiне және осы суларда болуына байланысты басқа да ережелер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. Шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдер Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңiзi) мен iшкi суларында жүзген және болған кезiнде радио байланысы, навигациялық, порт, кеден экологиялық, санитарлық ережелердi және өзге де ережелердi сақатуға мiндеттi. Шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдер Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңiзiне), iшкi суларына кіруге мәжбүр болған ретте немесе бұл суларда жүзу мен болу ережелерiн сақтамауға мәжбүр болған ретте бұл жөнiнде Қазақстан Республикасының ең таяудағы портының әкiмшiлiгiне дереу хабарлауға мiндеттi. Шетелдiк ұшу аппараттарының, әскери емес кемелер мен әскери корабльдердiң Қазақстан Респубилкасының аумақтық сулары (теңiзi) мен iшкi суларындағы кез келген кәсiпшiлiк, зерттеу және iздестiру қызметiне тыйым салынады, бұған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде жүзеге асырылатын қызмет реттерi кiрмейдi. Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңiзi) мен iшкi суларында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шешiмiмен қазақстандық және шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдердiң жүзуiне және болуына уақытша тыйым салынатын аудандар белгiленуi мүмкiн. Мұндай аудандарды белгiлеу туралы белгiленген тәртiппен хабарланады. Мыналарға тыйым салынады: шекара арқылы өткізу пункттерi жоқ Қазақстан Республикасы порттарына шетелдiк кемелер мен шетелде жүзетiн қазақстандық кемелердiң кіруiне, шетелдiк және қазақстандық әуе кемелерiнiң Қазақстан әуежайларына (аэродромдарына) қонуына; Қазақстан Республикасының Үкіметі халықаралық қатынас үшiн ашпаған мұндай порттардан (әуежайлардан, аэродромдардан), шетелге бару үшiн қазақстандық теңiз, өзен және әуе кемелерiнiң (корабльдерiнiң) шығуына (ұшып кетуiне); көлiк құралдарының тоқтауына, өткізу пункттерiнен тыс жерде адамдарды түсiруге, заттар мен хайуандарды түсiруге; жүзетiн құралдарды суға түсiруге, көлiк құралдары бар ұшу аппараттарын аспанға көтеруге және оларды көлiк құралдарына қабылдауға, құралдардың су асты жағдайында болуына, олардың Қазақстан жағалауына жақындап келуiне, шекара арқылы шекарадан өткізу пункттерiне бет алған кезде, және керi қайтқан жағдайда теңiз (өзен) кәсiпшiлiгiн жүргiзуге; Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен тыйым салынған басқа да iс-қимылды жүзеге асыруға. Бұл ережелерде дүлей кесапаттар, апаттар мен авариялар кезiнде кемелердi, корабльдердi мұз арасынан өткізу кезiнде, сондай-ақ қауiп төнген немесе апатқа ұшыраған адамдарға, кемелерге, ұшу аппараттарына жәрдем көрсеткен кезде амалсыздан шекарадан өткен реттер кiрмейдi. Қазақстандық және шетелдiк әуе (теңiз) кемелерi көзделмеген жерлерге амалсыз қонған (кiрген) кезде шекаралық бақылауды - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк органдары, ал кедендiк бақылауды кеден органдары әуежайлардың (аэродромдардың), теңiз және өзен порттарының әкiмшiлiгiмен бiрлесiп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң ең жақын шекаралық бақылау бөлiмдерi (бөлiмшелерi) мен Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарына хабарлай отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 11-бап жаңа редакцияда 11-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетiн кездегi бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетiн кезде адамдар, көлiк құралдары, жүктер мен тауарлар шекара, кеден және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген басқа да бақылау түрлерiнен өткiзiлуге тиiс. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 12-бап жаңа редакцияда 12-бап. Адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi және тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу 1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген және халықаралық шарттарда белгiленген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде жүзеге асырылады. 2. Келе жатқан адамдарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізудi Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң шекаралық бақылау бөлiмдерi мен бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге құқық беретiн құжаттар бойынша жүзеге асырады. 3. Көлiк құралдарын, жүктердi және тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кеден органдары мен басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiмен бiрлесе отырып жүзеге асырады. 4. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi, тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізудiң өзге де тәртібі белгiленуi мүмкiн. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 13-бап өзгерді 13-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру тәртібі Қазақстан азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында шаруашылық, кәсiпшiлiк, зерттеу, iздестiру және өзге де қызметтi, соның iшiнде бiрлескен қызметтi Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүргiзедi және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында тиiсiнше тәртiп қамтамасыз етiлетiндей етiп жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында шаруашылық қызметтiң барлық түрлерiн жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 14-бап өзгерді 14-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы тәртібін бұзушылар Мыналар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасы тәртібін бұзушылар болып табылады: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын ұстану, Мемлекеттік шекарада түрлi жұмыстар, кәсiпшiлiк, зерттеу, iздестiру және өзге қызмет жүргiзу тәртібін бұзған адамдар; шекарада түрлi жұмыстар, кәсiпшiлiк, зерттеу, iздестiру және өзге қызмет жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту тәртібін бұзған, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы белгiленген тәртiпке жатпайтын қарым-қатынас жасаған адамдар; Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңiзiнде) және iшкi суларында, шекаралық өзендер мен өзге де су қоймаларының қазақстандық бөлiгiнде жүзудiң және тұрудың тәртібін бұзған, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында түрлi жұмыстар, кәсiпшiлiк, зерттеу, iздестiру және өзге қызмет жүргiзушi қазақстандық және шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдер; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында аэрофотосуретке түсiрген және өзге қызмет атқарған кезде ұшу ережесi мен тәртібін бұзған Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттердiң әуе кемелерi мен басқа да ұшу аппараттары. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 15-бап өзгерді 15-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзушылар Мыналар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзушылар болып табылады: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнен тыс немесе өткізу пункттерiнде солар арқылы, бiрақ шекарадан өтудiң белгіленген ережелерiн кез келген әдiспен бұзып өткен немесе өтуге тырысқан адамдар; Қазақстан Республикасынан заңсыз кету мақсатымен шетелдiк және шетелге бара жатқан қазақстандық құралдарға кiрген немесе кіруге тырысқан адамдар; Қазақстан Республикасының аумақтық суларына (теңiзiне) немесе iшкi суларына, сондай-ақ шекаралық өзендер мен өзге де су қоймалары суларының қазақстандық бөлiгiне ондай суларға кірудiң белгiленген ережелерiн бұзып кiрген шетелдiк әскери емес кемелер мен әскери корабльдер. Шетелдiк сүңгуiр қайықтар және су астында жүзетiн басқа да көлiк құралдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан су астындағы жағдайда өткен ретте немесе Қазақстан Республикасының суларында жүзген және тұрған кезiнде осындай жағдайда болған ретте олар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзушылар болып табылады; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан тиiстi рұқсатсыз өткен немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы ұшып өтудiң ережелерiн басқаша бұзған әуе кемелерi мен басқа да ұшу аппараттары. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын басқа да кез келген техникалық немесе өзге де құралдармен тиiстi рұқсатсыз немесе белгiленген тәртiптi бұзып өту де оны бұзу болып табылады. ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 16-бап өзгерді 16-бап. Қазақстан Республикасының шекарадағы өкiлдерi Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының жағдайы туралы өзара ақпарат алмасу тәртібін сақтауға байланысты мәселелердi шешу үшiн, сондай-ақ шекаралық жанжалдарды реттеу үшiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының белгiлi бiр учаскелерiне Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң офицерлерi қатарынан белгiленген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының шекарадағы өкiлдерi тағайындалады. |