|
|
|
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттар дистрибуциясының бірыңғай жүйесін енгізу жөніндегі кейбір мәселелер туралы
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттар дистрибуциясының бірыңғай жүйесін енгізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қор): 1) 2009 жылғы 1 наурызға дейін мерзімде жарғылық капиталында Қордың қатысу үлесі кемінде елу бір пайыз мөлшерінде болатын Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу мен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютордың (бұдан әрі - Бірыңғай дистрибьютор) функцияларын жүзеге асыру үшін заңды тұлға құру; 2) Бірыңғай дистрибьютор қызметінің негізгі мәнін дәрілік заттарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу, өнім берушілерді таңдау және олармен дәрілік заттарды жеткізу шарттарын жасасу, тапсырыс берушілерге белгіленген тәртіппен бекітілетін тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттардың тізімі бойынша дәрілік заттарды сату деп белгілеу; 3) Бірыңғай дистрибьютордың көтерме фармацевтикалық қызмет субъектілерімен және дәрілік заттарды өндірушілермен аффилиирлендірілуін болдырмау жөнінде шаралар қолдану ұсынылсын. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуы тиіс тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберіндегі дәрілік заттардың тізімін бекітсін; 2) тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттарды сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етсін. 3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелсін. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |