|
|
|
Қазақстан Республикасы Президентінің
Осы редакция 2012 жылғы 16 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Жарлыққа ҚР Президентінің 2010.30.09. № 1077 ҚБП Жарлығына сәйкес өзгерістер енгізілді
ҚАУЛЫ ЕТЕМIН: 1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын. 2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын: 1) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2005 ж., № 35, 480-құжат; 2007 ж., № 17, 186-құжат; 2009 ж., № 1-2, 1-құжат); 2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығына өзгерiс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 336 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 17, 186-құжат); 3) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 19 қаңтардағы № 725 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 1-2, 1-құжат). 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Президент Әкiмшiлiгiмен келісім бойынша екi ай мерзiмде Тұжырымдаманы iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн. 4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиiстi шешiмдердi әзiрлеу кезiнде Тұжырымдаманың негiзгi ережелерiн басшылыққа алсын. 5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы сәуірдің 2-і. № 962
Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
I. Кiрiспе
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы қаңтардағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi» атты Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстан кейiнгi дамуға дайындалуға, индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету және адами капиталдың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру есебiнен экономиканың орнықты өсуiн қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарын және Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуының 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде мемлекеттiң одан әрi даму басымдықтары айқындалған болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрi - Қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсiлдерiн айқындау мiндетi осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңiнде өзiнiң пәрмендiлiгiн көрсеткен, жүргiзiлiп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады. Жаңа Тұжырымдамада алғашқы Тұжырымдаманы iске асырудан алынған оң нәтижелер сақталған. Негiзгi мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды ұлғайту және Ұлттық қордың қаражатын жинақтауды үкiметтiк қарыз алумен алмастыруды болдырмау болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 23 тамыздағы № 402 Жарлығымен бюджет кiрiстерiнiң қомақты бөлiгi табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетiн түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын басқа елдерге ұқсас Ұлттық қор құрылған болатын. 2005 жылы Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, онда оның активтерiн басқарудың негiзгi қағидаттары мен тәсiлдерi айқындалған болатын. 2006 жылдың ортасынан берi қолданылған Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттау схемасында республикалық бюджетке кепiлдендiрiлген және нысаналы трансферттер, сондай-ақ қаражатты отандық бағалы қағаздарға ұзақ мерзiмдi инвестициялау көзделген. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферттi айқындау кезіндегі шектеу республикалық бюджет әзiрленетiн жылдың алдындағы жылдың соңындағы Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгiнен аспауы болып табылды. Қабылданған саясаттың нәтижесiнде экономикалық өсу кезеңiнде валютаның шамадан тыс түсуiн зарарсыздандыру, теңгенi айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етiлдi. Дағдарысқа қарсы белсендi саясат жүргiзу үшiн қаржы резервтерi құрылып, оның шеңберiнде Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерiнде қаражат пайдаланылды және жинақтау саясаты сақталды. 2009 жылдың соңына қаражат 4,5 трлн. теңгенi құрады, оның 750,0 млрд. теңгесi iшкi активтерге («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры» акционерлік қоғамы мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингi» акционерлік қоғамының облигацияларына), 24,4 млрд. АҚШ доллары - шетелдiк активтерге орналастырылды. Құрылған уақытынан берi, яғни 2001 жылғы маусым - 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ұлттық қордың кiрiстiлiгi Қордың базалық валютасында (АҚШ долларымен) 55%-ды құрады, бұл жылдық мәнде 5,2%-ды құрайды. Осы кезеңде Қордың тұрақтандыру функцияларын жүргiзу үшiн қажеттi көлем қалыптастырылды. Сонымен қатар қалпына келтiрiлмейтiн табиғи ресурстардан алынған қаражатты болашақ ұрпақ үшiн барынша сақтап қалу, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың теңгерiмдiлiгi және мұнайлық емес тапшылықты жою туралы мәселе өзектiлiгiн сақтап қалуда. Осы тұрғыдан Ұлттық қор қаражаты өсуiнiң бәсеңдеуiн ескере отырып, республикалық бюджетке берiлетiн кепiлдендiрiлген трансферт көлемiн тiркеу жолымен оның құбылмалылығын болдырмау қажет болып отыр, бұл ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтауды қамтамасыз етедi.
III. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының негiзгi мақсаты мен қағидаттары
Ұлттық қордың негiзгi мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттiң әлемдiк шикiзат нарықтарындағы жағдайға тәуелдiлiгiн төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинау болып табылады. Осылайша, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады. Жинақтау функциясын орындау үшiн Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгiленедi, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшерiне шек қойылмайды. Тұрақтандыру функциясын iске асыру республикалық бюджетке кепiлдендiрiлген трансферттi қамтамасыз етудi көздейдi. Тұтас алғанда, Ұлттық қор қаражатын бөлудiң ашықтығына қол жеткiзу үшiн олар ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана жiберiлетiн болады. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негiзделетiн болады: транспаренттiлiк - Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетiлген) көрсеткiштерiн, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы есептердi, Ұлттық қордың қаражатын инвестициялық басқару туралы есептердi мiндеттi түрде жариялау; толықтық - Ұлттық қор туралы есептiлiкте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсiмдер мен шығыстарды көрсету; уақтылылық - Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Үкiметтiң шоттарына тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртiптi сақтай отырып мерзiмiнде аудару; тиiмдiлiк - Ұлттық қорды тәуекел деңгейi орташа болған жағдайда ұзақ мерзiмдi перспективада активтердi сақтау мен кiрiстiлiктi қамтамасыз ету қажеттiлiгiне сүйене отырып басқару.
IV. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тәртібі
1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау
Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мынадай түсiмдердiң есебiнен жүзеге асырылатын болады: 1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетiн тiкелей салықтар (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда), оларға корпоративтiк табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндiруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын рента салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, өнiмдi бөлу бойынша үлес және қызметiн өнiмдi бөлу туралы келісімшарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемi жатады; 2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетiн басқа түсiмдер (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын түсiмдердi қоспағанда), оның iшiнде мұнай келісімшарттарының талаптарын бұзғаны үшiн түсiмдер (жергiлiктi бюджеттерге есепке алынатын түсiмдердi қоспағанда); 3) республикалық меншiктегi және кен өндiру және өңдеушi салаларға жататын мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер; 4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер; 5) Ұлттық қорды басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер; 6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер. Iшкi нарықтағы ақша ұсынысы шамадан тыс болған жағдайда инфляцияның өсуiне жол бермеу үшiн, сондай-ақ табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетiн кiрiстердiң Қазақстан экономикасының басқа секторларының дамуына керi әсерiн жою мақсатында Ұлттық қорда өзге де түсiмдер шоғырландырылуы мүмкiн. Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшерi шектелмейтiн болады.
2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану
Қаражатты пайдаланудың келесi онжылдыққа арналған жаңа тәсiлiне сәйкес 2010 жылдан бастап абсолюттi мәнi 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепiлдендiрiлген трансферттi республикалық бюджетке тiркеу оның жаңалығы болып табылады. Шығыстардың басқа түрлерiн қаржыландыруға, соның iшiнде республикалық бюджетке нысаналы трансферттер бөлуге, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектiлерiнiң қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алуға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ету ретiнде активтердi пайдалануға тыйым салынады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берiлетiн жыл сайынғы тiркелген кепiлдендiрiлген трансферттiң мөлшерi бюджет шығыстарының қалыптасқан құрылымы ескерiле отырып айқындалады. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферт жобаларды инвестициялауды көздейтiн ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыруға бағытталады, олардың нәтижелерiн болашақ ұрпақ пайдаланатын болады. Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшiн тиiстi қаржы жылының соңына ЖIӨ-нiң болжамды мәнiнiң 20%-ы мөлшерiнде азайтылмайтын қалдық белгiленедi. Бұл ретте кепiлдендiрiлген трансферттi жүзеге асыру үшiн Ұлттық қордың қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда азайтылмайтын қалдық лимитiн сақтау қажеттiлiгiне байланысты кепiлдендiрiлген трансферттiң мөлшерi тиiстi шамаға азайтылатын болады. Тұтас алғанда, Ұлттық қордың қаражаты тiркелген кепiлдендiрiлген трансферттi қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиiс. Ай сайын (тоқсан сайын) Ұлттық қордың шотында республикалық бюджетке берiлетiн айлық (тоқсандық) кепiлдендiрiлген трансферттi қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетiлген шамадан асып кеткен сома рұқсат етiлген қаржы құралдарына инвестициялануы тиiс.
V. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерiн басқару
Тұтас алғанда, Ұлттық қордың активтерiн басқару саясаты консервативтiк болып қалады. Сонымен қатар, Ұлттық қордың қаражатын басқару кезiнде инвестициялық операциялардың негiзгi мақсаттары сақтау, өтiмдiлiктiң жеткiлiктi деңгейiн ұстау, тәуекел деңгейi орташа болған кезде ұзақ мерзiмдi перспективада кiрiстiлiктi қамтамасыз ету болып табылады. Ұлттық қор активтерiнiң ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады. Ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерiнiң кiрiстiлiгiн қамтамасыз ету кiрiстiлiктiң қысқа мерзiмдi ауытқуын көздейдi. Ұлттық қордың активтерiн сенiмгерлiк басқаруды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi, қызметiн жалпы үйлестiрудi Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады. Ұлттық қордың активтерiн орналастыру шетелдiк қаржы нарықтарында айналымдағы және Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен материалдық емес активтердi қоспағанда, Рұқсат етiлген қаржы құралдарының тiзбесiне қосылған қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиiс. Бұл ретте шектеулер 2010 жылғы 1 қаңтарға дейiн сатып алынған, Ұлттық қор активтерiнiң құрылымында ескерiлетiн қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.
VI. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, үкiметтiк қарыз алудың және квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы
Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерiн тиiмдi басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында маңызды рөл атқарады және мемлекеттік сектордың да, сол сияқты квазимемлекеттік сектордың да қарыз алуды дұрыс жоспарлауын және республиканың экономикалық қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауды талап етедi. Осылайша, ұлттық холдингтердiң, ұлттық басқарушы холдингтердiң және олардың еншiлес компанияларының қарыз алуы мен мiндеттемелерiнiң барабар деңгейiн айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтерi ескерiлетiн сындарлы тәсiлдi талап етедi. Үкiмет осы мақсатта ұлттық басқарушы холдингтер мен олардың еншiлес компанияларының борышын мониторингтеу мен бағалаудың тиiстi көрсеткiштерiн және осы ұйымдар сақтауға мiндеттi қарыз алу жөніндегі шектеулердi айқындайды. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі жаңа тәсiл квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан облигациялық қарыздарды тарту мүмкiндiгiн жояды. Бұдан басқа, Үкiмет бюджет заңнамасында белгiленген шектеулер шеңберiнде Астана және Алматы қалаларының муниципалдық қарыз алуы арқылы жергiлiктi атқарушы органдар борышының өсуiн реттейтiн болады. Ұлттық қор қаражатын үкiметтiк қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгiзiлетiн болады: - үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тiркелген шартты инвестициялық кiрiсiнiң 4,5%-ынан аспауы тиiс; - үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар онжылдық кезеңде орташа алғанда Ұлттық қордан берiлетiн трансферттi қамтитын бюджетке түсетiн түсiмдердiң 15%-ынан аспауы тиiс.
Осы Тұжырымдама шеңберіндегі шараларды iске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс iстеуiнiң және оның жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы моделiн таңдаудың негiздерiн, инвестициялық стратегияны өзгертудi көздейдi және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізудi талап етедi. Осы мақсатта Ұлттық қордың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актілеріне тиiстi өзгерістер енгiзiлетiн болады. Бюджеттiң және Ұлттық қордың теңгерiмдiлiгi жөніндегі саясат осы онжылдықтың соңына ЖIӨ-нiң 3%-ынан артық болмауға тиiс мұнайлық емес тапшылықты азайтуға, сондай-ақ кейiннен тек даму бюджетiн қаржыландыруға көше отырып, Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы шығыстарға жұмсауды қысқартуға бағытталатын болады. Жоғарыда айтылған тәсiлдердi ескере отырып, 2020 жылға Ұлттық қордың қаражаты 90 млрд. АҚШ долларына дейiн өсуi тиiс, бұл ЖIӨ-нiң кемiнде 30%-ын құрайды. Тұтас алғанда, осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру республикалық бюджеттiң тұрақтылығын одан әрi қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және мұнай кiрiстерiн ұрпақтар арасында қайта бөлуге ықпал ететiн болады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |