Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы (2009.29.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2012 жылғы 18 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес және объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған: 1) Құрылыс объектілерін жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу және беру ережесі; 2) Жаңа объектілер салуға және қолданыстағы объектілерді өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерді өткізу ережесі бекітілсін. 2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы № 425 қаулысымен бекітілген
Құрылыс объектілерін жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу және беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Құрылыс объектілерін жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу және беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді, жаңа объектілер және қолданыстағы объектілерді өзгерту (қайта жаңарту, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын (бұдан әрі - жоба) әзірлеу үшін қажетті құқық беретін құжаттарды және өзге де бастапқы материалдарды (деректерді) беру тәртібі мен мерзімдерін және оларды беруден дәлелді бас тартуды, сондай-ақ оларды ресімдегені мен бергені үшін төлемнің (алым өндіріп алу) тәртібін айқындайды. 2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) қайта жабдықтау - әдетте, үй-жайдың (үй-жайлардың) функционалдық мақсатын өзгертуге, тіршілікті қамтамасыз ету, пайдалану, қандай да бір өнімдер шығару, қызмет көрсету және тағы сол сияқтылар үшін қажетті технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты оны (оларды) өзгерту; 2) қайта жаңарту - әдетте, өзгеретін объектіні жаңарту және жаңғырту қажеттілігіне байланысты жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе тұтастай ғимаратты өзгерту; 3) қайта жоспарлау - осы үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекарасын өзгерте отырып, қатар тұрған үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарын өзгерту; 4) объектілер (құрылыс объектілері, олардың кешендері) - ғимараттар, сондай-ақ ауқымды, жайпақ және желілік құрылыстар: тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы; инженерлік желілерді қоса алғанда, коммуналдық мақсаттағы; автомобиль мен темір жолдары және олардың инфрақұрылымдары; әуе және су көлігі; көпірлер, жол құбырлары, тоннельдер, өнім құбырлары және инженерлік құрылыстары бар электр беру желілері; телекоммуникациялық және ғарыштық байланыстар; атом энергетикасына арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, энергетика; кен өндіру өнеркәсібіне арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, өнеркәсіптер; ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы; қорықтардағы, қаумалдардағы, балық питомниктеріндегі, орман, аңшылық және басқа да алқаптардағы тұрғын, өндірістік және қосалқы шаруашылық мақсаттағы; әскери қалашықтардағы және арнайы әскери технологиялық кешендердегі. Өзгеріс жүргізілу ұйғарылып отырған объектілерге, сондай-ақ жекелеген тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар немесе қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) бөліктері де жатқызылады; 5) өтініш беруші - өзінің мақсаты үшін (тұру, қызмет көрсету, өнімдер шығару, пайда табу және тағы сол сияқтылар үшін) жаңа құрылысты жүзеге асыруға ниеті бар немесе қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) жекелеген үй-жайларын немесе өзге де бөліктерін қайта жаңарту, қайта жоспарлау немесе қайта жабдықтау жүргізуге мүдделі жеке немесе заңды тұлға (меншік иесі, тапсырыс беруші, құрылыс салушы); 6) рұқсат беретін құжаттар - өтініш берушіге жаңа объект салу немесе қолданыстағы объектіні өзгерту жөнінде өзінің ойын іске асыруға құқық беретін құжаттар, олар мыналарды қамтиды: ведомстволық бағыныстағы жер учаскесінің (аумақтың, трассаның) аумағын өтініш берілген объектінің құрылысына беру туралы тиісті жергілікті атқарушы органның шешімін не өтініш берушінің меншік немесе жер пайдалану құқығында болатын учаскені құрылысқа пайдалануға арналған рұқсат; қолданыстағы объектіге (объектінің жекелеген бөліктеріне) сұратылған өзгерістер жүргізуге тиісті жергілікті атқарушы органның рұқсаты; 7) сындарлы шешімдерді өзгерту - қолданыстағы объектілердің тіреу және (немесе) сыртқы қоршау құрастырмаларын (оның ішінде іргетастарды, негіздерді, қаңқаларды, бағандарды, тіреулерді, арқалықтарды, ригельдерді, фермаларды, сыртқы қабырғаларды, ішкі тіреу қабырғаларды, аражабындарды, баспалдақ алаңшасы мен марштарын, лифт шахталарын және тағы сол сияқтыларды) қамтитын өзгерістер не құрылыс жобасында бұрын бекітілген сындарлы шешімдерді өзгерту. 3. Жобаны әзірлеуге арналған бастапқы материалдар (деректер) мыналарды қамтиды: 1) ұйғарылып отырған объектінің құрылысына өтініш берушіге жер учаскесін беру (бөліп беру) немесе қолда бар учаскені, оның шекарасының шегіндегі аумақты пайдалану және жоспарланған объектіні белгілеу жөніндегі регламенттерді қоса алғанда, пайдалануға рұқсат беру туралы жергілікті атқарушы органдардың шешімі; 2) жобалауға және құрылысқа қажетті (жер учаскесінің және коммуникация төселген трассаның шекарасында) құрылыс алаңын инженерлік іздестіру материалдары; 3) инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға арналған техникалық шарттар; 4) аумақты инженерлік жағынан дайындау шарттарын, абаттандыру мен көгалдандыруды қоса алғанда, жергілікті (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың) сәулет және қала құрылысы органының сәулет-жоспарлау тапсырмасы; 5) жобалауға (жобалау құжаттамасын әзірлеуге) арналған бекітілген тапсырма. 4. Көрсетілген бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу және беру тегін жүргізіледі. 5. Жобалауға арналған тапсырманы жасау, келісу және бекіту, сондай-ақ жобаларды (жобалау алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы) әзірлеу тәртібі және олардың құрамы мемлекеттік құрылыс нормаларымен және ережелерімен белгіленеді.
2. Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері
6. Жаңа объект салуды жүзеге асыруды не қолданыстағы объектіні өзгертуді жүргізуді ұйғарған мүдделі жеке немесе заңды тұлғаның (өтініш берушінің) жазбаша өтініші бойынша жергілікті атқарушы орган өз өкілеттіктерінің шегінде заңнамалық актілермен белгіленген: 1) өтініш берушіге сұрау салынған (жоспарланып отырған) объектіні салуға жер учаскесін беру (қолда бар қосымша учаскеден бөліп беру) туралы; 2) сұрау салынған (жоспарланып отырған) объектіні салуға өтініш берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығында тиесілі учаскені пайдалануға рұқсат беру туралы; 3) қолда бар (пайдаланылатын) объектілерді өзгертуге рұқсат беру туралы тиісті шешім қабылдайды. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 7. Жаңа объект салуды жүзеге асыру не қолданыстағы объектіні өзгертуді ұйғарған адамның (өтініш берушінің) жазбаша өтінішінде, тиісінше: 1) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты, мекен-жайы және телефоны, салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН) не жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН); 2) заңды тұлғалар үшін - ұйымның атауы, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі, басшының тегі, аты, әкесінің аты, почтаның мекен-жайы мен телефоны, салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН) не бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН); 3) құрылысы ұйғарылып отырған объектінің мақсаты және негізгі параметрлері (есептелген қуаты, жалпы алаңы, қабаттылығы, сыйымдылығы, өткізу қабілеті және тағы сол сияқтылар); 4) жаңа құрылыс учаскесін орналастыру болжанған (қалап алынған) орын негіздемесі; 5) өзгертуге жататын қолданыстағы объектінің (үй-жайдың, ғимарат немесе құрылыс бөліктерінің) мекен-жайы (орналасқан жері), өзгертудің мақсаты және ұйғарылып отырған өзгерістің негізгі параметрлері көрсетіледі. Қолданыстағы объектілерді өзгертуге рұқсат алу үшін өтінішке өтінішті қарайтын мемлекеттік органның құжаттардың түпнұсқалылығын белгілеуі үшін түпнұсқаларды бере отырып, өтініш берушінің өзгертілетін объектіге меншік құқығын куәландыратын құжаттардың көшірмелері не объектінің меншік иесінің (меншік иелерінің) белгіленген өзгеріс пен оның параметрлеріне нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі қоса беріледі. 8. Егер өтініш беруші сұратылып отырған жер учаскесінің нақты орнын және мөлшерін (шекарасын) көрсеткен жағдайларда, онда жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары одан құрылыс жүйесінде учаскенің орналасқан жеріне қатысты өтініш берушінің тілектеріне және ұйғарылып отырған (жоспарланып отырған) құрылыс объектісінің негізгі параметрлеріне негізделген нобайларды сұратады. 9. Объектілер салу үшін жер учаскесін сұраған кезде жергілікті атқарушы органның тапсырмасы бойынша жер учаскесін таңдау алдын ала жүзеге асырылады. Объект салу үшін жер учаскесін таңдау жерге орналастыру және қала құрылысы регламенттеріне сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 10. Өтініш берілген объектінің құрылысын салуға жер учаскесін беру туралы өтініштерді қарау, сондай-ақ оны беруден дәлелді бас тарту мерзімдерін Жер кодексі айқындайды. Өтініш берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығында тиесілі учаскені құрылысқа пайдалануға рұқсат өтініш берілген сәттен бастап 10 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімдерде қаралады. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 10-1-тармақпен толықтырылды 10-1. Тиісті жергілікті атқарушы органның ведомстволық бағыныстағы аумақтан өтініш берілген объектіні салуға жер учаскесін (аумақты, трассаны) беру туралы шешімі не өтініш берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығында тиесілі учаскені құрылысқа пайдалану рұқсат жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының бүкіл мерзімі ішінде қолданылады. 11. Тапсырыс берушіге меншік немесе жер пайдалану құқығында тиесілі учаскені құрылыс салуға пайдалануға рұқсат беру туралы оң шешім мүмкін болмаған жағдайларда, жергілікті атқарушы органдар өтініш берілген сәттен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге (тапсырыс берушіге) оның осы құрылысты жүзеге асыру ниеті күшіне енетін қайшы келетін заңнамалық нормаларды (ережелерді, талаптарды, шектеулерді, сервитуттарды) көрсете отырып, дәлелді бас тартумен жауап қайтаруға міндетті. Өтініш берушінің жергілікті атқарушы органға жеткіліксіз, дұрыс емес не заңнамаға немесе мемлекеттік нормативтерге сәйкес келмейтін өтініш құжаттарын ұсынуы рұқсат беру құжаттарын беруден бас тарту үшін негіз болып табылады. 12. Жер учаскесін беру туралы бұрын қабылданған шешім не тапсырыс берушіде бар учаскені құрылыс салуға пайдалануға бұрын берілген рұқсат, егер осы учаскеде рұқсат етілмеген басқа да құрылыс жүргізіліп жатса, қайтарып алынады.
3. Жобалау алдындағы рәсімдер мен бастапқы материалдарды (деректерді) беруге арналған өтініштерді қарау мерзімдері
ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 13. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға арналған техникалық шарттарды республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (Облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органы береді. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 13-1-тармақпен толықтырылды 13-1. Егер инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға арналған техникалық шарттарды алу қажет болса, олар сәулет-жоспарлау тапсырмасына міндетті қосымша болып табылады. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 14. Тапсырыс беруші сәулет-жоспарлау тапсырмасын және техникалық шарттарды алуға өтінішті республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органына береді. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі: 1) жергілікті атқарушы органның жаңа құрылыс үшін жер учаскесін беру (бөліп беру) туралы шешімі (учаскені пайдалануға рұқсат) немесе жергілікті атқарушы органның қайта жаңғырту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) үшін қолданыстағы объектілерді өзгертуге рұқсаты; 2) жобалауға арналған бекітілген тапсырма. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 15-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 15. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органы сәулет-жоспарлау тапсырмасын және техникалық шарттарды алуға арналған өтінішті алғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді жеткізушілерге құжаттармен қоса техникалық шарттарды алуға сұрау жібереді. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 16-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 16. Инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді жеткізушілер сұрауды алған сәтінен бастап 5 жұмыс күні ішінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органына қосу параметрлері мен орнын көрсете отырып, техникалық шарттарды немесе беруден негізделген бас тартуды жібереді. Өтініш беруші техникалық шарттарды беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағымдана алады. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 17-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 17. Осы Ереженің 25-тармағында санамаланған объектілерді қоспағанда, объектілерді жобалау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын және техникалық шарттарды беруге өтініштерді қарау мерзімі өтініш берілген сәттен бастап 8 жұмыс күнінен аспауға тиіс.»; Жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарында бастапқы деректерді беру және үй-жайларды немесе тұрғын үй ғимаратының өзге де бөліктерін өзгерту (қайта жаңарту, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобасын әзірлеуге арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру (немесе оларды беруден дәлелді бас тарту) үшін өтініш берушілер ұсынған құжаттарды қарау мерзімдері өтініш берілген сәттен бастап үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 17-1-тармақпен толықтырылды 17-1. Сәулет-жобалау тапсырмасы және техникалық шарттар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының бүкіл мерзімі ішінде қолданылады. 18. Берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы белгіленген тәртіппен жобаны әзірлеуге рұқсат берілгендігін білдіреді. 19. Егер сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтағы (аудандағы) қолданыстағы объектілерді өзгерту ұйғарылған болса және жоспарланған қайта жаңарту немесе қайта жоспарлау сындарлы шешімдерді қайта қарауды талап ететін болса, онда сәулет-жоспарлау тапсырмасында осы жоба бойынша сейсмикаға төзімді құрылыс жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың (тиісті лицензиясы бар мамандардың) қорытындысын (техникалық шарттарды) алудың қажеттілігі көрсетіледі. 20. Жаңа объект салуға немесе қолданыстағы объектіні қайта жаңартуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға, жаңғыртуға, қалпына келтіруге) жер учаскесін беру (бөліп беру) талап етілмеген жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшін инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосымша қосу немесе жүктемені арттыру қажет болмаса, онда сәулет-жоспарлау тапсырмасына тиісті жазба жазылады. 21. Жаңа объект салу (қолданыстағы объектілерді өзгерту) жобасына сараптама жүргізудің қажеттілігі не қажет болмауы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес сәулет-жоспарлау тапсырмасында көрсетіледі. Жергілікті (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың) сәулет және қала құрылысы органдарының келісімі бойынша тапсырыс беруші: 1) ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 2) ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 22. Тапсырыс беруші (меншік иесі) қабылдаған шешім бойынша сараптама мынадай жобалар бойынша жүргізілмеуі мүмкін: 1) жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес лицензиялары бар адамдар орындаған жеке тұрғын үйлер. Бұл ереже сейсмикалық қауіптілігі жоғары немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайларды, арнайы жобалау шешімдері мен оларды сату кезіндегі іс-шараларды талап ететін аудандардағы (аймақтардағы) жеке тұрғын үй құрылысына қолданылмайды; 2) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар, тұрғын үйлер мен тұрмыстық үй-жайлар; 3) жеке үй жанындағы учаскелердің аумағындағы, сондай-ақ бау-бақша серіктестіктерінің (қоғамдарының) учаскелеріндегі шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар; 4) жұмыс істеп тұрған инженерлік желілерді өзгертуді талап етпейтін үй жанындағы және саяжай учаскелерін абаттандыру; 5) контейнерлік және блоктық орындаудың ұтқыр кешендері, сондай-ақ жиналмалы-бұзылмалы құрастырмалардан тұрғызылған және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтермен келісуді талап етпейтін сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына арналған бір қабатты ғимараттар (құрылыстар); 6) саны елу бірліктен аспайтын автомашинасы бар ашық үлгідегі автотұрақтар, сондай-ақ екіден аспайтын автомашинаға арналған бокстары бар гараждар; 7) қолданыстағы ғимараттарда жүзеге асырылатын және тіреу құрастырмаларын өзгертуді талап етпейтін өндірістік емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлау (қайта жабдықтау); 8) инженерлік желілерді электр коррозиясынан сақтау; 9) желілі инженерлік желілер мен оларға арналған құрылыстарға олардың жағдайын, салыну белгілерін, құбырлардың диаметрін өзгертуді қажет етпейтін күрделі жөндеу жүргізу; 10) шағын сәулеттік нысандар мен аумақтардың қоршаулары; 11) ғимараттардың (құрылыстардың) маңындағы ашық спорт алаңдары, тротуарлар, төселген тастар; 12) технологиялық ресурсы таусылған және кәсіпорынды (цехты) қайта жаңартуды немесе қайта бейіндеуді талап етпейтін бірлі-жарым технологиялық немесе инженерлік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 13) тармақшамен толықтырылды 13) тұрғын ғимараттардағы (үйлердегі) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды лицензиясы бар тұлғалар орындаған және қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақты бөліп беруді) талап етпейтін, құрастырмалардың есептік беріктігін төмендетпейтін, сәулет-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитарлық сапаларын нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін қайта жаңғырту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау), ол туралы жоба авторының (жобаның бас инженерінің, жобаның бас сәулетшісінің) тиісті жазбасы болады; ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 14) тармақшамен толықтырылды 14) азаматтардың жеке пайдалануына арналған техникалық күрделі емес басқа да кұрылыстар. 23. Сәулет-жоспарлау тапсырмасына реңдік шешімдер және ғимараттардың (құрылыстардың) қасбетін әрлеу материалдарын пайдалану, сондай-ақ олардың көлемдік-кеңістіктік шешімдері бойынша талаптар белгілеуге жол берілмейді. 24. Қолданыстағы (пайдаланылып отырған) объектілерге енгізілетін өзгерістердің жобасын әзірлеушілер жобалау құжаттамасында үй-жайларды немесе ғимараттың өзге де бөліктерін өзгерту жөніндегі жұмыстардың процесінде, сондай-ақ өзгертілген объектіні одан әрі пайдаланған кезде басқа меншік иелерінің мүдделерін қозғайтын жобалық шешімдердің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс. Егер үй-жайларды (тұрғын үйдің бөліктерін) жоспарланып отырған қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) немесе үй-жайлардың шекарасын ауыстыру басқа меншік иелерінің (тең меншік иелерінің) мүдделерін қозғаса, онда жобаға олардың нотариалдық куәландырылған осы өзгерістерге жазбаша келісімі қоса берілуге тиіс. ҚР Үкіметінің 2009.29.09. № 1467 Қаулысымен 25-тармақпен толықтырылды 25. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосуға техникалық шарттарды ресімдеу және беру мерзімдері мынадай объектілер бойынша өтініш берілген сәттен бастап 15 жұмыс күнін құрайды: 1) электр және жылу энергиясын өндіретін өндірістік кәсіпорындар; 2) тау-кен өндіру және байыту өндірістік кәсіпорындары; 3) қара және түсті металлургия, машина жасау өнеркәсібінің өндірістік кәсіпорындары; 4) елді мекендер мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін гидротехникалық және селден қорғау құрылыстары (дамбалар, бөгеттер); 5) елді мекендердің шекараларынан тыс орналасқан желілік құрылыстар: оларға қызмет көрсету объектілерімен бірге магистральдық құбыржолдар (мұнай, газ құбырлары және т.б.); жоғары вольтты электр беру желілері және талшықты-оптикалық байланыс желілері; оларға қызмет көрсету объектілерімен бірге темір жолдар; көпірлерді, көпір өткелдерін, тоннельдерді, көп деңгейлі айрықтарды қоса алғанда, республикалық желіге жатқызылған жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары.
Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы № 425 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. «Жаңа объектілер салуға және қолда бар объектілерді өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерді өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 13 желтоқсандағы № 1313 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 45, 449-құжат). 2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 13 желтоқсандағы № 1313 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 2 тамыздағы № 819 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 29, 381-құжат). 3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 647 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 25, 259-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы. 4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 сәуірдегі № 352 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 13, 157-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 10-тармағы.
|