Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің мәселелері (2012.11.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2012 жылғы 7 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 27 наурыздағы № 302 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті функцияларын, өкілеттіктерін және мүлкін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігіне (бұдан әрі - Агенттік) бере отырып таратылсын. 2. Қоса беріліп отырған: 1) Агенттік туралы ереже; 2) Агенттіктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі; 3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін. 3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 2007 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген таратылатын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Аэроғарыш комитетінің штат санының лимиті мен шығыстары заңнамада белгіленген тәртіппен Агенттікке беріледі деп белгіленсін. 4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 438 қаулысымен бекітілген ҚР Үкіметінің 2007.06.11. № 1047 қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) Қазақстан Республикасы ұлттық ғарыш агенттігі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте ғарыш қызметі саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады. 2. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 3. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында ашылатын шоттары болады. 4. Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі. 5. Егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілеттік берілсе, Агенттік мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарабы болады. 6. Агенттік заңнамада белгіленген тәртіппен Агенттік төрағасының не оны алмастыратын адамның бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды. 7. Агенттіктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. ҚР Үкіметінің 2012.11.05. № 606 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 8. Агенттіктің заңды мекенжайы: почталық индексі 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі 8, Министрліктер үйі. 9. Агенттіктің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі» мемлекеттік мекемесі. Агенттіктің қысқартылған атауы - «Қазғарыш». 10. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады. 11. Агенттіктің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. 12. Агенттікке кәсіпкерлік субъектілерімен Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. 13. Егер Агенттікке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, ондай қызметтен түскен кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Агенттіктің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
ҚР Үкіметінің 2012.11.05. № 606 Қаулысымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 14. Агенттіктің қызметі аясындағы негізгі міндеттері мыналар болып табылады: 1) ғарыш қызметі саласында мемлекеттік саясаттың қалыптасуын іске асыруды қамтамасыз ету; 2) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыру; 3) Қазақстан Республикасының ғарыш саласын қалыптастыру және дамыту; 4) ғарыштық технологиялар мен қызметтер нарығын қалыптастыру үшін жағдай жасау; 5) Қазақстан Республикасында ғарыш қызметінің заңнамалық және шарттық-құқықтық базасын құру; 6) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; 7) ғарыш қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру; 8) өз құзыреті шегінде «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алуы жөніндегі жұмыстарды үйлестіру. ҚР Үкіметінің 2012.11.05. № 606 Қаулысымен 15-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 15. Агенттік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады: 1) Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамытудың жай-күйі мен болжамына және ғарыш кеңістігін зерттеу мен пайдалануда әлемдік үрдістерге талдау жүргізеді; 2) ғарыш қызметін дамытудың басым бағыттары, сондай-ақ ғарыш қызметі саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді; 3) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді қоса алғанда, ғарыш қызметі саласындағы жобаларды және бағдарламаларды іске асыруды қамтамасыз етеді; 4) ғарыштық орналастыру және қашықтықтан зондтауды бақылау құралдарын (ғарыш мониторингін) пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйін бақылау жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастырады; 5) өз құзыреті шегінде ғарыш қызметі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және қабылдайды; 6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық шарттар жасасады; 7) ғарыш қызметін қазақстандық қатысушылар жүзеге асырған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағынан, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш объектілерін ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібін әзірлейді; 8) ғарышкерлікке кандидаттарды іріктеу және ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесін беру тәртібін әзірлейді; 9) ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақатының, мертігуінің, ауруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде, сондай-ақ ол қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда біржолғы өтемақы төлеу тәртібін әзірлейді; 10) ғарыш кеңістігін пайдалану саласында лицензиялауды жүзеге асырады; 11) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді; 12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді; 13) ғарыш қызметінің қатысушылары қызметіне мониторинг жүргізеді; 14) мемлекеттің қатысуымен ғарыш қызметі саласында жұмыс істейтін ұйымдардың басқару органдарында мемлекет мүдделерін білдіруді өз құзыреті шегінде ұйымдастырады; 15) ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асырады; 16) ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу тәртібін әзірлейді; 17) ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуіді жүзеге асырады және ғарыш объектілерінің тіркелімін жүргізеді; 18) ғарыш кеңістігіне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерінің таңбалануын айқындайды; 19) ғарышкерлерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі, сондай-ақ ғарыш қызметі саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру мен үйлестіруді жүзеге асырады; 20) Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ережені әзірлейді және бекітеді; 21) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес ғарыш қызметі саласындағы техникалық регламенттер мен мемлекеттік стандарттар әзірлеуді ұйымдастырады; 22) Қазақстан Республикасы үшін жасалатын ғарыш техникасы өндірісіне арналған мемлекеттік тапсырмалардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады; 23) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсыну тәртібін әзірлейді; 24) Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ұлттық операторының ғарыш түсірілімдерін жоспарлау, Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алу, өңдеу және тарату тәртібін әзірлейді; 25) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну тәртібін әзірлейді; 26) Қазақстан Республикасының Үкіметіне ғарыш жүйелерінің ұлттық операторларын, сондай-ақ олардың міндеттері мен функцияларын айқындау үшін заңды тұлғалардың тізбесін ұсынады; 27) Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын, Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш зымыран кешендерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын әзірлейді; 28) пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәртібін әзірлейді; 29) ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелерді қабылдау тәртібін белгілейді; 30) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде өз құзыреті шегінде іздестіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ аварияларды тексеруге қатысады; 31) ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелерді қабылдауды ұйымдастырады және жүргізеді; 32) ғарыш қызметі саласында заңнама талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады; 33) лицензиаттың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады; 34) ғарыш қызметі саласындағы және «Байқоңыр» кешені жөніндегі халықаралық шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады; 35) ғарыш қызметінің мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді; 36) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының «Байқоңыр» кешені бойынша халықаралық шарттарды орындау жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады; 37) жалға алу жағдайында «Байқоңыр» кешенінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша Ресей Федерациясымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады; 38) Ресей Федерациясы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жүзеге асыратын ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша жыл сайынғы қорытынды дайындауды және оны іске асыру мониторингін ұйымдастырады; 39) «Байқоңыр» кешенінің ұйымдастыру және өзге де шаруашылық мәселелерін белгіленген тәртіппен шешуді қамтамасыз етеді; 40) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының қарамағындағы «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне жеке тұлғалардың кіруін қамтамасыз етеді; 41) «Байқоңыр» кешенінің жалға берілетін объектілері мен мүлкінің сақталу және пайдалану жағдайларын бақылауды жүзеге асыруға қатысады. 16. Агенттіктің өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарға құқығы бар: 1) орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде қабылдауға; 2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға; 3) қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.
3. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру
17. Агенттіктің жұмысына дербес жауап беретін төраға Агенттікке басшылықты жүзеге асырады. 18. Агенттік төрағасын Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Агенттік төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Агенттік төрағасының орынбасарлары болады. ҚР Үкіметінің 2010.17.11. № 1207 Қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 19. Агенттік төрағасы: 1) ғарыш қызметі саласында мемлекеттік саясатты қалыптастырады; 2) Қазақстан Республикасының Парламентінде, өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Агенттікті білдіреді; 3) Агенттіктің жыл сайынғы даму жоспарларын бекітеді; 4) Агенттік алқасының және ғылыми-техникалық кеңесінің жұмысын ұйымдастырады және олардың мәжілістерінде төрағалық етеді; 4-1) Агенттікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралар үшін дербес жауапкершілікте болады; 5) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі және оларға бұрыштама соғады; 6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 20. Агенттіктің аппаратын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады. 21. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Агенттік төрағасының орнынан түсуі жауапты хатшының өкілеттігін тоқтатуға әкеліп соқпайды. 22. Жауапты хатшы өз қызметін жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне, Агенттіктің төрағасына есеп береді. ҚР Үкіметінің 2010.17.11. № 1207 Қаулысымен 23-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 23. Жауапты хатшы: 1) Агенттік төрағасы ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, оның актілері мен тапсырмаларын орындайды; 2) Агенттік аппаратына басшылық етуді жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды; 3) Агенттік қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады; 4) Агенттік төрағасымен келіскеннен кейін Агенттіктің құрылымын және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде штат санын бекітеді; 5) Агенттік төрағасымен келіскеннен кейін Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді; 6) Агенттіктің тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметінің жұмысын және құжат айналымының ұйымдастырылуын бақылайды; 7) Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алу жүргізуді ұйымдастырады; 8) Агенттік төрағасымен келіскеннен кейін Агенттіктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 9) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жататын қызметкерлерден басқа, Агенттік қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 10) Агенттік төрағасымен келісім бойынша Агенттік қызметкерлерінің іссапар, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлық беру мәселелерін шешеді; 11) Агенттік Төрағасымен келісім бойынша еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Агенттік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілік мәселелерін шешеді; 12) Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Агенттік төрағасы бекітетін Агенттіктің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді; 13) орган жұмысының жыл сайынғы жоспары мен оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есебін әзірлеуді қамтамасыз етеді және Агенттік төрағасына бекітуге ұсынады; 14) Агенттіктің бюджеттік өтінімін дайындауды, Агенттік төрағасына Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін бюджеттік өтінім беруді, сондай-ақ бюджеттік үдерістің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді; 15) Агенттіктің қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және төрағамен келіскеннен кейін бекітеді; 16) Агенттік регламентін және ғарыш қызметі саласында мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады; 17) Агенттіктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады; 18) Агенттікке келісуге келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады; 18-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық шарттар мәтіндерін дәйектейді, қол қояды және қабылдайды; 19) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда өз құзыреті шегінде Агенттікті білдіреді; 20) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және Агенттік төрағасының актілерінде жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 24. Жауапты хатшы өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін мыналарға құқылы: 1) Агенттіктің қызметкерлеріне орындауға міндетті тапсырмалар беруге; 2) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан жауапты хатшының құзыретіне жататын мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға; 3) жеке қолданымдағы құқықтық актілер қабылдауға. 25. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді орындауға жауапты. 26. Агенттік төрағасының жанынан консультативтік-кеңесші орган болып табылатын алқа құрылады. Агенттік алқасының сандық, дербес құрамын Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатарынан Агенттік төрағасы бекітеді. 27. Агенттік қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін, лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттерін, оның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелердің құзыреті мен өкілеттіктерін Агенттіктің регламенті мен Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелер белгілейді.
28. Агенттіктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады. Агенттіктің мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ құны Агенттіктің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүлік есебінен қалыптасады. 29. Агенттікке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады. 30. Агенттіктің, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, смета бойынша оған бөлінген қаражат есебінен сатып алынған, өзіне бекітіп берілген мүлікті өздігімен иеліктен айыруға немесе өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ. Агенттікке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайлар мен шекте мүлікке иелік ету құқығы беріле алады.
5. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату
31. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2008.22.01. № 38 (бұр.ред.қара); 2008.28.04. № 395 (бұр.ред.қара); 2010.29.11. № 1267 (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) қаулыларымен тізбе өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2011.21.07. № 836 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2011.29.09. № 1112 Қаулысымен (бұр.ред.қара) тізбе өзгертілді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 438 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар
1. «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық жүргізу құқығында) 2. ҚР Үкіметінің 2008.22.01. № 38 қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара) 3. «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны» (шаруашылық жүргізу құқығында)
Мемлекеттік мекеме
ҚР Үкіметінің 2010.26.02. № 139 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Акционерлік қоғамдар
1. «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы 2. «Ғарыштық байланыс республикалық орталығы» акционерлік қоғамы 3. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 4. «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» акционерлік қоғамы 5. «Қазсат» басқарушы компаниясы» АҚ.
Үкіметінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 438 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., № 41, 515-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген лицензиялауға жататын қызметтің түрлеріне, лицензиялар беруге өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың (лицензиярлардың) тізбесінде: реттік нөмірі 2 жолдың 2-бағаны мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі». 2. «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 8 қаңтардағы № 27 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 2, 9-құжат): 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «3. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.». 3. «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде: «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті» деген бөлім және реттік нөмірі 470-185-жол алынып тасталсын; «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті» деген бөлімдегі реттік нөмірі 470-199-жол алынып тасталсын; мынадай мазмұндағы бөліммен және реттік нөмірі 533, 534-жолдармен толықтырылсын: "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі 533 «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық жүргізу құқығында) Байқоңыр қаласы 534 «Астрофизикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық жүргізу құқығында) Алматы қаласы». 4. ҚР Үкіметінің 2007 ж. 14 қыркүйектегі № 807 қаулысымен алып тасталды (бұр. ред. қара) 5. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында: көрсетілген қаулыға қосымшада: «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетіне» деген бөлімнің атауы мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігіне»; «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігіне» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 282-1-жолмен толықтырылсын: «282-1. «Ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электромагниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» АҚ; «Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігіне» деген бөлімдегі реттік нөмірі 278-жол алынып тасталсын. 6. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру және зымырандарды сынақтық ұшыру жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) дайындау жөніндегі нұсқаулық туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 желтоқсандағы № 1996 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 58, 570-құжат): көрсетілген қаулымен бекітілген «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру және зымырандарды сынақтық ұшыру жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) дайындау жөніндегі нұсқаулықта: 2-тармақтың төртінші абзацындағы, 3-тармақтың екінші абзацындағы және 4-тармақтың бірінші абзацындағы «Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігіне» және «Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі» деген сөздер тиісінше «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігіне» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі» деген сөздермен ауыстырылсын. |