Р.З.Лившицтің пайымдауынша, «толық мәнді» және «толық мәнді емес» салалар, басты және арнаулы, негізгі және кешенді салалар жоқ, барлық салалар тең құқылы, мұндайда әртүрлі салалар дамудың әртүрлі сатысында болады, олар реттейтін қатынастар көлемі, ұлғайып немесе тарылып отырады, бұл олардың біркелкі мәнді еместігін білдіреді; заңнаманың соңғы буындарының қалыптасуына орай, «аналық» салалардың мазмұны, ең алдымен, азаматтық және әкімшілік заңнамаларының мән-мазмұны қысқара түседі[11]. Осы пайымдаудың өзінде де өрескел қарама-қайшылық бар: біріншіден, автор барлық салалар тең мәнді деп қорытындылайды, екіншіден, олар дамудың әртүрлі сатыларында болады деп тұжырымдайды. Демек, белгілі бір саланың дамуында ала-құлалық болса, осы тұрғыдан алғанда, тең мәнді емес қой. Ең соңында, Р.З.Лившиц атаған «аналық» салалардың мән-мазмұны қысқарған сайын, автордың ойына жүгінсек, уақыт өте келе «аналық» салалардың тіпті жойылып кетуі де мүмкін. Алайда, практикада басқаша, керісінше, нарықтық қатынастарға көшкен және заңнаманың жаңа салаларының пайда болуы сәтінен бастап, азаматтық заңнаманың мәні азайған емес, кейінде қысқара түсуі де кәдік. Заңнама жүйесінде «кешенді салалар» атауын алса да, сонымен бірге дербес құрылымдық элементтердің қалыптасуы шын мәнінде қалыпты, заңды құбылыс болып табылады. Экономикадағы түбегейлі өзгерістер құқық және заңнама жүйелерінде елеулі өзгерістерді анықтап берді. Ең алдымен, өзгерістер құқық жүйесіне қарағанда неғұрлым босаң жүйе-заңнама жүйесін қамтыды, бұл мынадан көрініс алды: заңнаманың бір саласы екінші бір саласының орнын басты (мысалы, колхоз және совхоз заңнамасының орнына аграрлық немесе ауыл шаруашылық заңнамасы пайда болды.). Инвестициялық заңнаманың қалыптасуы және дамуы құқық жүйесінде жаңа құқықтық құрылым - инвестициялық құқықтың пайда болуына жеткізді. Мұндайда өзінің бірыңғай және өзіне тән құқықтық реттеу жүйесінің болуы құқықтың кешенді саласы ретінде инвестициялық құқыққа, ерекшеленуге мүмкіндік жасады. Сондықтан С.С.Алексеевтің «еріп кетпейтін қалдық»[12] деген атау алған элементтерді құқықтық тұрғыдан реттеудің механизмі мен кешенді саланың мәні туралы пайымдауы мейлінше әділ. Біздіңше, Ю.К.Толстойдың құқықтың кешенді саласында реттеудің мәндік бірлігі мен ерекше немесе өзіндік әдісі болмайды деген тұжырымымен келісу қиын[13]. Егер кешенді сала мәндік бірлігі болмаса, онда бір кешенді саланы екіншісіне қалай теңдестіруге болады? Керісінше, құқықтық реттеудің мәндік тұтастығы құқықтың белгілі бір кешенді саласының көрінісі туралы айтуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл тұтастықтың құқықтың негізгі (дербес) саласына қарағанда басқа тегі мен белгілері бар, мұнымен санасуға тура келеді. Өз тарапынан кешенді саланың мәні мен әдісінің болуы оның кешенділігін, әдісінің кешендік сыпатын білдіреді. Шындап келгенде, тек бір ғана әдіс туралы емес, әдістердің жиынтығын сөз етуге тура келеді, өйткені құқықтың кешенді салалары бұл әдістерді негізгі салалардан да қамтиды. Демек, ықпал-әсер етудің әртүрлі тәсілдері мен құралдарының өзіндік үйлесім табуы құқықтың кезкелген кешенді саласы әдістерінің өзіндік сыпатын білдіреді. Құқық жүйесінде әртүрлі деңгейлердің болуы құқық жүйесінің тең құқылы элементтерінің, сондай-ақ тең мәні жоқ құрылымдық элементтердің өзара іс-әрекетінің мүмкіндігін қарастыруға жағдай жасайды. Сондықтан құқық жүйесінің көп деңгейлі (әрқилы деңгейлі) сыпатын тани отырып, егер құқықтық норманың элементтерінің, сол нормалардың арасында өзара байланыс болса, онда құқықтық нормалардың әртүрлі бірлестіктері арасындағы ерекше байланыстарды теріске шығаруға бола ма, құқықтық буындар арасындағы бар өзгешеліктерді шын мәнінде неге бағаламау керек? Рас, құқық салалары құқық жүйесінің басты құрылымдық элементтері ретінде біркелкі роль атқармайды. Негізгі құрылымдық элементтер арасында өзгешеліктердің болуы құқық жүйесіне негізгі немесе басты салалары арасында айырмашылықтардың бар екенін көрсетеді. Осы тұрғыда құқық құрылымының «сатылық» принципі де әртүрлі ауқымды және әртүрлі көлемдегі құрылымдардың болатынын дәлелдейді. Тиісінше, осындай әдістің көмегімен құқық жүйесінде құқықтың кешенді салаларының басты салалармен бірге қызмет атқаратынына көз жеткізуге болады. Сөйтіп олардың арасындағы өзара байланыстардың ерекшеліктерін неғұрлым айқын көрсетуге болады. Ендеше, құқықтың салаларының (оның ішінде инвестициялық құқықтың) құрылуы құқық жүйесінің, заңнама жүйесінің дамуының объективті заңдылықтарына байланысты. Соңғы кезде Заң әдебиетінде дербес құқықтық құрылым ретінде халықаралық инвестициялық құқықты дербестендірудің қажеттігі жөнінде пікірлер айтылып жүр. Мысалы, В.П.Шумилов, халықаралық инвестициялық құқықты халықаралық экономикалық құқықтың[14] күрделі және дамып отырған қосалқы саласы деп санайды (оны халықаралық қаржы құқының құрамында халықаралық экономикалық құқықтың қосалқы саласы деп жүр). И.З.Фахрутдинов халықаралық инвестициялық құқық өзінің табиғатына орай мейлінше кең әрі көлемді ұғым деп санайды; оның ерекше белгісі халықаралық инвестициялық қатынастарға субъектілердің[15] мәніне қарай қатысуында. Принципінде осы тұжырымға сөзбе-сөз жауап беруге болар еді, шынында да инвестициялық құқық «мейлінше кең әрі ауқымды», өйткені халықаралық инвестициялық құқық инвестициялық құқықтың ерекшеленген бөлігін құрайды. Ең алдымен И.З.Фархутдинов «құқықтың дербес саласы» және тең мәнді «құқықтың саласы» деген терминдерді халықаралық инвестициялық құқыққа сыпаттама беруде қолданып отырғаны ойландырады. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Құқықтардың дербес (негізгі) салалары мен құқықтың кешенді салалары арасында елеулі өзгешеліктер бар, құқықтың кешенді саласы өзінің даму сатысында құқықтың негізгі (дербес) саласы бола алар ма екен. Жалпы алғанда, осы жағдайда қолға алынып отырған әрекет - оған халықаралық жалпылама және халықаралық жеке меншік құқының нормаларын енгізу есебінен халықаралық инвестициялық құқықтың дербестігін негіздеу. Бұл бағытта құқық жүйесінде «жеке меншік-жалпылама» құрылымдардың орын алуы назар аудартады, өйткені бұлар кешенді сыпаттағы (салалар, институттар) құрылымдарды көрсетеді. Алайда, авторға инвестициялық құқық туралы тұтас түсініктің болмауы оған құқық жүйесіндегі «халықаралық инвестициялық құқықтың» орны туралы дұрыс қорытынды жасауына мүмкіндік бермеді. Біздіңше, халықаралық инвестициялық құқық құқықтың кешенді саласы ретінде инвестициялық құқықтың қосалқы саласы, екі үлкен институтты - халықаралық инвестициялық жалпы құқық пен халықаралық жекеменшік инвестициялық құқықты біріктіреді. Қорытындыда уақыттың ұзақ кезеңі бойында «Кешенді салалар теориясының» жалпыға танымал еместігін атап өтуге болады. Әдеттегідей, құқық жүйесінде кешенді салалардың болуын дәлелдеуге тырысуда Л.С.Галесниктің белгілі тұжырымына сілтеу жасалады: осы жолмен жүре отырып, әртүрлі ырғақтармен «трамвай-троллейбус, машина-кір жуу, бакалея-гастроном құқына»[16] дейін жетуге болады. Әрине, бұл тұжырымда салиқалы ойдан гөрі кекесін басым, солай бола тұрса да, бұл буындарда объективті қажеттіліктен туындайтын кешенді салалардың құрылуы, пайда болуы мүмкін. Құқық жүйесінде кешенді салалардың пайда болуы оның көпмәнділігін, дамуының әр деңгейлігін дәлелдейді. Кеңестік Заң ғылымының жетістіктеріне ден қоя отырып, оларды осы заманға ой елегінен өткізбей тели салуға болмайды, олардың қалыптасу үрдісі қаншалықты объективті екенін білу қажет. Сондай-ақ кеңестік құқық теориясының әдеттегі белгілеріне жаңаша баға беріп, оның пайдалы тұсын таңдап алып, заң ғылымының онан әрі дамуына оң ықпал ететін нәтижелерін кәдеге жарату керек. Әдебиетте көптен бері-ақ құқық жүйесінде төрт деңгейдің байланысы әрекет ететіні айтылып жүр: 1) құқық нормасының элементтері арасында; 2) құқық институттарына біріктірілген нормалар арасында; 3) құқықтың тиісті салалары мен институттар арасында; 4) құқықтың жекеленген салалары арасында[17]. Құқық жүйесінде әртүрлі деңгейлердің болуы құқық жүйесінің тең құқылы элементтері, сондай-ақ тең мәнді емес құрылымдық элементтер арасында өзара іс-әрекетті қарастырады. Сондықтан құқық жүйесінің көп деңгейлік (әртүрлі деңгейлік) сыпатын тани отырып, егер құқықтық норманың элементтерінің, сол нормалардың арасында өзара байланыс болса, онда құқықтық нормалардың әртүрлі бірлестіктері арасындағы ерекше байланыстарды теріске шығаруға бола ма, құқықтық буындар арасындағы бар өзгешеліктерді шын мәнінде неге бағаламау керек? Рас, құқық салалары құқық жүйесінің басты құрылымдық элементтері ретінде біркелкі роль атқармайды. Негізгі құрылымдық элементтер арасында өзгешеліктердің болуы құқық жүйесіне негізгі немесе басты салалары арасында айырмашылықтардың бар екенін көрсетеді. Осы тұрғыда құқық құрылымының «сатылық» принципі де әртүрлі ауқымды және әртүрлі көлемдегі құрылымдардың болатынын дәлелдейді. Тиісінше, осындай әдістің көмегімен құқық жүйесінде құқықтың кешенді салаларының арасында айырмашылықтардың бар екенін көрсетеді. Теоретиктер құқық жүйесінің дамуының негізгі тенденцияларының ішінде құқықтық реттеудің маңызы артып отырғанын атайды, бұл заң нормаларының кешенді құрылымдық бірлестіктерінің құрылуын туғызады; бұл құқықтық реттеудің мәні мен әдісінің, құқықтық ілімдердің субъектілері мен объектілерінің кешендік сыпатын танытады, кешендік құрылымдардың пайда болуы құқық жүйесінің даму деңгейіне, оның қоғамның нормативтік-реттеушілік жүйелерімен өзара іс-әрекетіне[18] байланысты. Демек, құқықтың кешенді салаларының (оның ішінде инвестициялық құқықтың) пайда болуы құқық және заңнама жүйесінің дамуының объективті заңдылықтарына байланысты. Осы айтылғанның бәрі мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: инвестициялық құқық - тұтас құқықтық құрылым, оны құрайтын институттардың тұтастығымен ерекшеленеді, құқықтың әртүрлі салаларының нормаларын біріктіреді. Осыған байланысты, инвестициялық құқық құқықтың негізгі салаларымен бірге қызмет көрсететін кешенді саласы болып табылады, құқық жүйесінде өзіндік ерекше орны бар.
§2. Инвестициялық құқықтың қалыптасу және даму кезеңдері
Кешенді салалардың құрылуы мен өмірге келуі объективтік қажеттіліктен туындайды және заңды болып табылады, инвестициялық құқықтық қалыптасуы тарихының мәселесін зерттеуде негіз болады. Қазақстан Республикасының инвестициялық заңнамасының дамуының негізгі кезеңдерінен қарасақ, инвестициялық құқықтың дамуындағы мына кезеңдерді бөліп қарауға болады: Бірінші кезең - 1990-1994 жж. Инвестициялық құқық, тұтастай алғанда, оның негізгі институттары қалыптасу сатысында тұрды. Инвестициялық қатынастардың даму үрдісі тиісті құқықтық қалыпқа келу үрдісінен едәуір озып кетті, мұның өзі заң көлемінде инвестициялық қызметтің жекеленген салалары реттелмеген күйінде қалуға әкеп соқты. Солай бола тұрса да, бұл кезең инвестициялық құқық тарихында ерекше орын алады, өйткені бұл кезең тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының қалыптасу жылдары, нарықтық қатынастардың еніп, даму кезеңі, жаңа құқық жүйесін жасау мен заңнаманы түбірінен өзгерту жылдары болды. Екінші кезең 1994 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының шетел инвестициялары туралы Заңы мен ҚР Азаматтық Кодексін қабылдаудан басталады, бұл заң актылары инвестициялық қатынастарды дамытуға жеткізді. Бұл кезеңде құқықтың басқа да салаларымен бірге құқықтың бірыңғай жүйесінде қалыптасқан инвестициялық құқық өзіне тән өзара іс-әрекет жасайтын құқықтық институттарымен қалыптасты. Солай бола, тұрса да, республикада жүзеге асырылып жатқан инвестициялық қызмет жеткілікті нәтижелер әкелмеді. Экономикалық дағдарыс, инфляция, отандық товарлардың бәсекеге қабілетсіздігі, сыртқы қарыздың ұлғаюы - сол кезеңдегі инвестициялық саясаттың негізгі зардаптары осындай болды. Осы жағдайдан шығу үшін батыл қадамдар жасау керек болды. 1997 жылы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заңы және одан кейін оны орындау үшін бірқатар Заңнамалық және нормативтік актылар қабылданды. Инвестициялық құқықтың дамуында жаңа үшінші кезең басталды. Шетелдік және отандық инвесторлардың әсіресе өндірістік салада белсенділігінің күрт төмендеуі жағдайында, өндірісті қайта құрудың технологиялық және құрылымдық салаларына едәуір қаржы құюды ынталандыру қажет болды. Әрине, инвесторларды табыстыру жеткіліксіз, оларға құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етумен бірге жеңілдіктер жасау керек болды, бұл белгілі бір нәтижелерге жеткізген болар еді. Инвестициялық құқықты дамытудың үшінші кезеңі мемлекеттің бірыңғай инвестициялық саясатының маңыздылығымен және қажеттілігімен, инвестициялық қызметке тұғырнамалар жасауға деген ұмтылыспен, бағалы қағаздар нарығында, товар өндірісі мен қызметтер көрсету саласында, табиғатты пайдалану (оның ішінде жер қойнауын пайдалану) саласында, т.б. салалардағы кешенді қызметте инвестициялық шаралардың тұғырнамаларын жасап, жүзеге асырумен сыпатталады. Төртінші кезең 2003 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» Заңын[19] қабылдаудан басталды. Осыған сәйкес шетел инвестициялары туралы, тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы Заңдар күшін жойды деп танылды. Бұл кезең, ең алдымен, шетел және ұлттық инвестициялар үшін бірыңғай құқықтық тәртіп орнатылды. Сонымен бірге жаңа инвестициялық заң құқықтардың кешенді саласы ретінде инвестициялық құқықтың қалыптасу үрдісін аяқтады. Әрине, инвестициялық қатынастарды реттеуде белгілі бір проблемалар сақталды да, жекеленген құқықтық институттардың дамуын қамтамасыз еткен, бұрынғы кезеңдерге қарағанда, бірыңғай заңнаманың көмегімен тұтас құқықтық құрылым ретінде инвестициялық құқықтың жұмыс істеуі мен онан әрі жетілдіруді қамтамасыз ету мүмкін болды.
§ 3 Инвестициялық құқықты құқықтық реттеудің мәні
Заң әдебиетінде құқықтың қандай да болсын саласының дербестігін анықтаудың негізгі және шешуші өлшемі құқықтық реттеу болып табылады деген тұжырым қала береді. Соңғы кезде әдіс құқық саласының дербестігін растайтын басты және айқындаушы тұғыры болып табылады деген пайымдаулар туындап жатса да, ғалымдардың көпшілігі құқықтық реттеудің бірыңғай мәні болмайынша құқық саласы да болмайды, құқықтың жекеленген саласының ерекшеліктері, ең алдымен, қоғамдық қатынастардың тиісті түрінің өзіндік сыпатқа байланысты деген пікірлерге ойыса береді. Құқықтық реттеу мәселесі пікірталастар үрдісінде бірнеше рет көтерілді: алғашқы пікірталаста (1938-1940 жж.) қорытынды жасалды - құқықтың салаларға бөліну негізінде материалдық нысан (құқық реттейтін қатынастардың ерекшеліктері немесе құқықтық реттеу заты) алынды. Екінші пікірталас барысында негізгі нысан - құқықтық реттеу затымен бірге қосымша нысан - құқықтық реттеу әдісін бөліп алу керектігі айқындалды. Үшінші пікірталас («Кеңестік мемлекет және құқық» журналы 1981 ж. өткізген) құқықтың салаларға бөліну нысандары ретінде құқықтық реттеудің заты мен әдісі[20] туралы қорытындыны растады. Құқықтық реттеу затын реттеудің ерекше (өзіне тән) тәртібінің көмегімен өзіндік регламенттеуді қажет ететін біртекті қоғамдық қатынастар және олардың аралық қызметінің түрлері құрайды. Негізгі саланың затын қалптастыру осы саланың әдісіне байланысты, құқықтың кешенді салаларының қалыптасуы әдісімен емес, реттеу затымен-ақ анықталған. Біз В.Н.Протасованың пікірін қолдаймыз: «құқықтың кешенді салаларының құрылуының принципі заттық, бизаңи принцип, мұның өзі заң ғалымдары тарапынан кешенді салалардың табиғатын түсінбеу және қабылдамау себебі болып табылады»[21]. Инвестициялық құқықтың реттеудің тұғыры инвестициялық қатынастарға жұмып алды, олар, жалпы түрінің өзінде-ақ инвестициялық қызметті жүзеге асыру үрдісінде көрініс алады. Инвестициялық құқықтық қатынастардың өзіндік ерекшелігі сол - олар бір мезгілде азаматтық-құқықтық, халықаралық, қаржы, басқа да құқықтық қатынастарға қатысуы мүмкін. Тиісінше, егер мысалы қаржылық құқық қатынастары инвестициялық салада қалыптасса, онда олар инвестициялық құқықтық қатынастарға бірдей енеді. Сонымен бірге қаржы-құқық ғылымының өкілдері құқықты реттеудің затына кірмейтін ерекше қаржылық қатынастардың болатынын сөзге тиек етеді; қаржы қызметінің үрдісінде қаржылық құқықпен реттелмейтін қаржы қатынастары болуы мүмкін дегенді алға тартады. А.И.Худяков мұндай қатынастар жөнінде өз пікірлерін білдіреді, товарлы-ақшалы болып келетін мемлекеттік ақша қырларын пайдалануға байланысты қатынастар қаржылық қатынастар болып табылмайды, мемлекеттің қаржы қызметінің үрдісінде көрініс алған қатынастарға жатпайды, демек қаржы қызметінде пайда болған кейбір қатынастар қаржылық құқықпен реттелмейді, сонымен бірге бұл қатынастардың осы қызметіне ешқандай қатысы жоқ, кәдімгі шаруашылық (әдеттегідей, кәсіпкерлік) қызметтің өнімі[22] болып табылады. Бұл жерде қаржылық құқықпен реттелмейтін қайдағы бір қаржы қатынастарының болатыны жайында пікір туындап тұр: егер осы құқықтық қатынастар қаржылық құқық реттейтін саладан шығарылып тасталса, онда мұны неге қаржылық құқық қатынастары деп атауға болады, осы сәтте қаржылық құқықты құқықтық реттеудің затының бірігіп кетуіне қалай жеткен, бұл жағы айқын емес. Р.З.Лившиц осы проблеманың басқа бір түрін көтерген. Ол жартылай үйлесіп, өзара қиылыстарын әртүрлі салалардың арасындағы байланысқа сілтеу жасайды, бұл үрдіс өздігінен жүрмейді, әртүрлі мақсаттағы әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі салалардағы белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеудің объективті фактысын байқатады[23]. Біздің ойымызша, мұнда екі сәтті атап өтуге тура келеді: құқық жүйесінің әртүрлі элементтері арасындағы өзара байланыстың объективті сыпаты; екіншіден, әртүрлі салалық қатыстық нормаларының өзара бірігуі туралы тұжырым. Инвестициялық қызметті жүзеге асыру үрдісінде өзінің табиғатына орай мейлінше сан алуан түрлі құқықтық қатынастардың көрініс алынуын тануды маңызды деп санаймыз. Бұл қатынастар - азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, қаржы-құқықтық т.б. оларды біріктіріп отырған нәрсе - инвестицияларға байланысты қатынастарға қосылады, сондықтан құқықтың кешенді саласы шеңберінде бірыңғай болып келеді. Инвестициялық қатынастар өздерінің салалық қатыстылығына қарай тепе-тең болуы мүмкін, бұл қатынастардың бірыңғай болуын жоққа шығара алмайды. Ерекше белгідегі инвестициялық қатынастардың бірігуі мынадан көрініс алуы мүмкін: олар басқа инвестициялық емес қатынастардан шектеулі болуы керек. Сонымен бірге инвестициялық қатынастар бір үлгідегі қатынастар бола тұрып, әрқилы түрлерге, қосалқы түрлерге бөліне алады. Инвестициялық құқықтық қатынастар арасында Қазақстан Республикасы мен шетелдегі инвестицияларға байланысты; несие, қарыз, банк салымдарына байланысты; бағалы қағаздар нарығында қалыптасқан қатынастар, т.б. қатынастарды бөліп қарастыруға болады. Инвестициялық құқықтық қатынастардың жекеленген және өзінше дербес топтары ретінде бюджеттік инвестициялық жобалар мен бюджеттік инвестициялық бағдарламаларды жасап жүзеге асыру; бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру үрдісінде қалыптасқан, бюджеттік несиелеу жөніндегі; мемлекеттік қарыз және борышқа байланысты, т.б. қатынастарды атауға болады. Инвестициялық қызмет үрдіс ретінде бірнеше өзара байланысты сатылардан тұратынын ескеру керек. Олардың әрқайсысында инвестициялық қатынастардың белгілі бір тобы қалыптасады. Сондықтан инвестициялық дәуір алдында пайда болған қатынастарды бөліп қарауға болады, атап айтқанда өзіне тән инвестициялық қатынастар (инвестицияларды салу үрдісінде қалыптасқан), инвестиция енгізген кезеңнен бастап пайда болған, (мысалы, инвестициялық қызмет объектісін құрудан кейін қалыптасқан) қатынастар. Сөз жоқ, инвестициялық қатынастардың осы топтары арасынан белгілі бір өзгешеліктерді табуға болады, оларды біріктіретін жай сол - бұл топтардың бәрі инвестициялармен тікелей байланысты, барлығы бірдей инвестициялық қызметті жүзеге асыруға бағытталған. Ендеше, инвестициялық қатынастар бір үлгідегі қоғамдық қатынастар болып келеді, оған инвестициялық құқық ықпал жасайды. Құқықтық реттеудің табиғаты құқықтың белгілі бір саласының дербестігінің шешуші нышаны болып табылады. Соның нәтижесінде құқықтық реттеудің ерекше тәртібін объективті түрде қолдануды талап ететін өзіндік табиғи мән болмайынша құқық жүйесінде ең ірі және тұтас құқықтық құрылым ретінде құқық саласы болмайды. сондай-ақ ерекше құқықтық категория ретінде инвестициялардың өзгешелік белгілері мен сыпаттамалық көріністерін ескеру қажет. Бұл инвестициялық құқықты реттеудің табиғи мәнін құрайтын қатынастардың табиғатын анықтап береді. Атап айтқанда, материалдық немесе рухани игіліктерді жасауға бағытталған инвестициялардың мынадай ерекшеліктері бар: инвестицияларды кіріс (пайда) немесе алу мен әлеуметтік оң нәтижелерге жету үшін жүзеге асыру; оларды инвестордың өз атынан, немесе тәуекелділікпен салуы; инвестициялардың уақытша шектеулігін анықтау. Соңғы ерекшелікті былай түсіндіру керек: әрине, инвестицияларға шектеулер қойылмайды, бірақ кезкелген сәтте инвестор кіріс алуға ұмтылады, мұндайда ол қолындағы инвестициялық тетіктерді үнемі тиімді пайдалануға ниетті, сондай-ақ нарықтың объективті және қатал заңдары да инвестициялық қызметке ықпал жасайды, оны неғұрлым серпінді және тастүйгін етеді. Аталған ерекшелік белгілер инвестициялық қатынастардың өзіндік сыпатын анықтайды, оларды реттеудің белгілі бір құралдары мен тәсілдерін қолдануды керек етеді.
§ 4. Инвестициялық құқықтық реттеудің әдісі
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |