Қазіргі уақытта құқық функцияларының негізгі бөлінісі - реттеушілік және қорғаушылық функциялар сақталған. Құқық-қоғамдық қатынастардың негізгі реттеушілерінің бірі, іс-әрекеттің белгілі бір ережелерін белгілейді, сөйтіп қоғамдық қатынастарды реттейді (реттеушілік функция). Құқықтың қорғаушылық функциясы құқықтың өзін-өзі қорғауынан көрініс алады, егер құқықтық талаптар бұзылған жағдайда оны бұзғандар үшін тиісті құқықтық зардаптар туындайды. Шын мәнінде құқық реттеуші және қорғаушылық функция атқарады, бірақ, біздің ойымызша, бұл жерде құқықтың тәрбиелік функциясының маңызын бағаламауға болмайды. Сонымен бірге құқық қоғамдық қатынастарды реттейді және құқықтық нормаларды мемлекеттік мәжбүр ету шараларымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ азаматтарды заңды құрметтеу және оның талаптарын еркімен орындауға тәрбиелейді. Жалпы құқықтық нигилизмнің қазіргі жағдайында құқықтың тәрбиелік рөлі ерекше жоғары. Заң алдындағы жауапкершіліктің басталғанын анықтайтын қорғаушылық нормаларды орнықтыру көмегімен ғана құқықтық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мүмкін емес, ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде құқықтың мақсатын толық көлемінде жүзеге асыру керек. Осы функцияға қандай анықтама берілетін болады (егер «тәрбиелік функция» термині қолайлырақ деп табылмаса), мәселе онда емес, азаматтардың заңды құрметтеу сезімін қалыптастырудың, оны тиісінше орындаудың тиісті алғышарттарын объективті түрде жасау керек. Сонымен, инвестициялық құқық реттеушілік, қорғаушылық және тәрбиелік функцияларды атқарады. Инвестициялық құқықтың реттеушілік функциясы инвестициялық құқық инвестицияларды жүзеге асырудың тәртібі мен негіздерін анықтауына байланысты. Инвестициялық құқықтық қорғаушылық функциясының мәні мынада: инвестициялық құқық инвесторлардың, инвестициялық қатынастарға қатысушылардың субъективтік құқықтары мен міндеттерін қорғайды және оларды қалпына келтіруге ықпал жасайды. Инвестициялық құқықтың тәрбиелік функциясының мәні мынадан көрініс алады: инвестициялық құқық азаматтарды заңды құрметтеуге тәрбиелейді, өйткені өркениетті елде заңға мойынұсынушылық - норма.
§8. Инвестициялық құқықтың принциптері
Инвестициялық құқықтың табиғаты мен құқықтық реттеу әдісіне анықтама берумен бірге, оның негізгі принциптеріне сыпаттама берудің маңызы да кем емес. Инвестициялық құқықтың принциптері инвестициялық қатынастарды реттеу мен регламентациясын жүзеге асырудағы анағұрлым елеулі сәттер мен идеялардан көрініс алады. Құқықтың жалпықұқықтық принциптері мемлекеттің Негізгі заңы - Конституцияда көрініс алады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында мынадай принциптер тұжырымдалған: демократия, халық билігі, Конституция мен заңдардың мәртебелілігі, идеологиялық және саяси көптектілік, меншіктің барлық нысандарының теңдігі, халықаралық құқық принциптері мен нормаларын құрметтеу, жеке бастың құқықтары мен бостандығын құрметтеу, тең құқылық, құқықтық әдеттілік (Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясының 1, 3, 4, 5, 6, 8, 12, 13 баптары[43]). Алайда, идеологиялық және саяси көптектілікті құқықтың принципі ретінде көрсетудің қажеті бар ма екен. Халықаралық құқық принциптері мен нормаларын құрметтеу принципіне қатысы бар, мұнда мемлекеттің сыртқы ішкі саясатының принциптері сөз етіліп отырған болар. Соңғы ережеге де нақтылық керек сияқты, ұлттық құқық нормалары алдында халықаралық нормалардың басым принципі деп нақтылаған дұрыс сияқты. Жалпықұқықтық принциптер өз тарапынан құқықтың жеке салаларына тән принциптерді анықтайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінде[44] (2 бап) бекітілген Азаматтық құқық принциптері: азаматтық заңнамамен реттелетін қатынастарға қатысушылардың теңдік принципі; келісімшарт еркіндігінің принципі; жеке меншік істеріне өрескелдікпен араласуға жол бермеу принципі; азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру принципі; азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру принципі; азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау принципі, тең құқылық, меншік нысандарының теңдігі, жеке бастың құқықтары мен бостандығын құрметтеу, құқықтық әділеттілік жалпықұқықтық принциптермен; демократизм, құқық пен заңдылықтың үстемдігі жанама принциптермен қорғалады. Жекеменшік-құқықтық салалар ретіндегі құқық салаларының жекеменшік-құқықтық, жалпылама-құқықтық сыпаты бар, сонымен бірге құқықтың бірыңғай және басқа кешенді саласының принциптері - бір басқа. Құқық принциптерін оның қалыптасуы мен дамуының басталуы мен негізгі идеялары деп түсінеді. Сондықтан құқық принциптерінің қалыптасу үрдісінің объективтілігін танумен бірге олардың мазмұнын анықтайтын экономикалық және әлеуметтік заңдылықтардың бірқалыпты сыпатын ескеру керек. Қоғамдық дамудың заңдылықтарының өзгеруі нәтижесінде негізгі құқықтық принциптердің өзгерістері болады, бұл экономикалық қатынастардың сыпатына байланысты. Мұның ең алдымен, құқықтың негізгі (іргелі) салаларына қатысы бар, осы салалардың жекеленген принциптері социализм кезінде де болды, нарықтық қатынастардың қалыптасу және даму жағдайында экономиканың дамуының объективті заңдарын дәл көрсете алатын басқа да принциптермен (әкімшілік-жарлықтық жүйенің социалистік принциптері деп аталатын) өзгертілді. Жылдам дамушы нарықтық қатынастар өмірге құқықтың классикалық (немесе дәстүрлі) салаларының жаңа принциптерін ғана емес, құқықтың тұтас құқықтық институттары, қосалқы салалары мен салаларын әкелді. Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алғаннан бері құқықтың бүкіл жүйесі қайта құрылды, атап айтқанда, құқықтың кешенді сапасы ретінде инвестициялық құқықтық қалыптасты. Жалпыға белгілі болғандай, құқықтық нормаларға енген ережелер ғана құқық принциптері болады. Инвестициялық қатынастардың әр түрлерінің құқықтық реттелуінің тепе-теңдігінде байқалатын (инвестицияларды, бағалы қағаздарға айналдырылған инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты) инвестициялық заңнаманың жетілдірілмеуіне орай, инвестициялық құқықтың жалпы принциптерін жасау көп жағдайда теориялық сыпат алады. Біздің ойымызша, бұл - тек инвестициялық заңнаманың ғана емес, республиканың бүкіл заң жүйесінің кемшілігі. Өйткені инвестициялық қызметтің, инвестициялық саясаттың негізгі бастауларын заң жүзінде айқындамайынша, мемлекетте экономика мен әлеуметтік саланың қалыпты қызмет істеуін қамтамасыз етуге болмайды. Қолданылып жүрген инвестициялық заңнаманың нормаларындағы принциптердің құқықтық нысаны жоқ, оларды тек негізгі ережелерді талдау көмегімен айқындауға болады. Мынаны атап өткен жөн: осы принциптер өзінің мазмұны бойынша әртүрлі және инвестициялық құқықтың құқықтық институттарының салалық принциптерінің дербес топтарын құрайды. Инвестицияларды жүзеге асыру шеңберінде мына принциптерді бөліп шығаруға болады: қызметін жүзеге асыру үшін инвестордың нысандар мен тәсілдері еркін таңдау принципі; инвесторлардың құқықтарын толық және сөзсіз қорғау принципі; кірістерді пайдалану кепілдігінің принципі; мемлекеттік органдардың инвесторлармен жұмыс істеудегі қызметінің жариялылық принципі; мемлекет меншігіне алу мен реквизициялауда инвесторлардың құқықтарының кепілдігі принципі. Сондай-ақ салалық принцип ретінде халықаралық шарттар (келісімдер) нормаларының ұлттық инвестициялық заңнамалар алдында артықшылық принципін атауға болады. Жоғарыда аталған принциптер инвестициялық құқықтың әртүрлі құқықтық институттарына тән ішкі салалық болып табылады. Құқықтық институттардың кез келгенінің шеңберінде олардың әрқайсысына тән принциптерді атауға болады, мысалы, мемлекеттік қаржыларды ұқыпты және тиімді пайдалану принципі; инвестицияларды мемлекеттік қорғау институты үшін преференциялар беру принципі тән. Солай бола тұрса да, осы принциптердің кейбіреулері салааралық сыпатқа иелік етеді, халықаралық шарттар (келісімдер) нормаларының ұлттық заңнамалар нормалары алдындағы артық принципін алалық: егер Қазақстан Республикасы мақұлдап бекіткен халықаралық шартпен басқа ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың ережелері қолданылады. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау принципі де салааралық принцип ретінде қолданылады, өйткені экологиялық құқық пен табиғат ресурстары салалары (жер, су, тау-кен, орман т.б. құқықтар) үшін қоршаған ортаны қорғау принципі маңызды, сонымен бірге инвестициялық құқық үшін жер қойнауын жедел пайдалану мен товарлар мен қызмет түрлерін дамыту маңызды, мұның өзі елде қалыптасқан экологиялық жүйені бұзуға әкеп соқпауы керек. Инвестициялық құқықта салааралық қана емес, жалпы құқықтық принциптер де көрініс алады. Мысалы, демократизм, құқық, заңдылық, теңқұқылықтың, меншіктің барлық нысандарының теңдік, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандығының, құқық әділеттігінің мәртебесі. Аталған принциптер инвестициялық құқықтың сыпаттамалық ерекшеліктерін көрсетеді, атап айтқанда, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандығы принципі инвестордың құқықтары мен мүдделерін толық және сөзсіз қорғау принципінде көрініс алады. Инвестициялық құқықтың негізгі принциптерінің қатарына инвестициялық құқық субъектілерінің теңдігі принципі де жатады, өйткені ол инвестициялық құқықтың бар мазмұнына ықпал жасайды. Осы принцип инвесторлардың инвестициялық қызметті жүзеге асыруда құқықтарының теңдігінен көрінеді. Азаматтық құқықтан айырмашылығы сол - бұл принцип өзінше көрінеді, өйткені инвестициялық құқықтың субъектілерінің бір тобы басқаларынан көлемінің мол болуымен ерекшеленеді. Соған қарамастан, инвесторлардың теңдік принципі Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» Заңында негізгі принцип ретінде бекітілген. Инвестициялық құқықтық азаматтық-құқықтық принципі ретінде келісімшарт еркіндігінің принципі көрініс алады. Келісім шарт еркіндігінің принципі азаматтық құқықтың бүкіл жүйесі арқылы өтеді. Егер әкімшілік - жарлық жүйесі жағдайында әдеттегідей келісімшарттар жоспарлы сыпат алса, ал нарықтық қатынастар жағдайында ол анағұрлым толық мәнінде көрінеді. Солай бола тұрса да, келісімшарт еркіндігі шексіз болмайды, ол әділеттілік, адалдық, салиқалық[45] арқылы белгіленген белгілі бір табиғи шеңберде жұмыс істейді. Инвестициялық құқықта келісімшарт бірге басқа да өзіндік белгілерге иелік етеді, нарықтық қатынастар (оның ішінде инвестициялық қатынастар да) - бұл азаматтық-құқықтық (немесе жекеменшік-құқықтық) қатынастар ғана емес, жалпылама-құқықтық қатынастар. Сондықтан жекеменшік-құқықтық инвестициялық қатынастарда келісімшарт еркіндігі толық көлемінде көрінеді, ал жалпылама-құқықтық инвестициялық қатынастарда шектеулі, көлемде байқалады. Келесі принцип - инвестордың инвестициялар объектілерін таңдау еркіндігі принципі. Қолданылып жүрген инвестициялар туралы заңнамаға сәйкес, инвестициялар қызметтің кезкелген объектілері мен түрлеріне ұласуы мүмкін. Сонымен бірге заңнамамен қызмет түрлерінің нақты тізбесі белгіленеді, онда преференциялар беру арқылы инвестициялау көтермеленеді. Тұтас алғанда, бұл принцип мынаны білдіреді. Инвестор инвестицияларын (қызметтің қолданылып жүрген заңнамамен тура тыйым салынған объектілері мен түрлерінен басқа) жүзеге асыру үшін қызметтің кезкелген объектісін немесе түрін таңдауға құқылы. Инвестициялық құқықтың ең маңызды принциптерінің бірі -инвестордың өз қызметін дербес атқару принципі. Ол мынаны қамтиды: инвестордың инвестициялар объектілеріне иелік ету, пайдалану және жұмсау, сондай-ақ инвестициялық қызметтің нәтижелерін пайдалану құқы; инвестициялық қызметті жүргізуде қажетті кезкелген мүлікті шектеусіз алу (егер қолданылып жүрген заңға қайшы, келмесе); мемлекет, мемлекеттік органдар, немесе лауазымды тұлғалар тарапынан инвестордың ішкі шаруашылық қызметіне араласпау; инвестордың өз міндеттемелері бойынша дербес жауапкершілігі; т.б. Осы принцип инвестициялар туралы заңнамада инвестициялық қызметті жүзеге асырудың мемлекеттік кепілдіктері ретінде анағұрлым толық көрініс алады. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау принципі инвесторлардың барлық топтары бойынша кепілдік алды. (бұрын ол тек шетелдік және бекітілген инвесторлар арналған-ды). Осы принцип мемлекеттің инвесторлардың инвестицияларын, кірістің (пайда), дивиденттерін, құқықтары мен мүдделерін қорғау лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) қорғау мемлекеттік органдардың инвесторлармен жұмысының жариялылығын қамтамасыз ету кепілдіктерінен көрінеді. Инвестициялардың өзара тиімділігінің принципі (жалпы - мемлекеттік мүдделер мен инвестор мүдделерінің ықтимал үйлесімі) мынада: инвестициялық қызмет инвесторға тек кіріс (пайда) әкеп қоймай, жаңа кәсіпорындар ұйымдастыруға, жаңа немесе қосымша жұмыс орындарын жасауға, товарлар мен қызметтерді ұлғайтуға, олардың сапасын көтеруге жеткізуі керек. Инвестициялық құқықтың әкімшілік-құқықтық сыпаттағы принциптері арасынан инвестициялық қызметтің мемлекеттік реттеу принципін бөліп алуға болады. Осы принциптің ерекшеліктері мен мәні мемлекеттік реттеуде, өйткені мемлекет инвестициялық қызметке ықпал жасай отырып, реттеудің тура (әкімшілік) және жанама (экономикалық) әдістерін пайдаланады. Экономиканың басым секторларында инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеу принциптері Қазақстан Республикасының экономикасына жаңа инвестицияларды тарту принципімен бірге инвестициялық құқықтың жалпы салалық принциптеріне жатады, өйткені бұлар мемлекеттік инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын анықтайды. Мемлекеттік инвестицияларды тура мемлекеттік басқару және отандық товар өндірушілерді көтермелеудің принциптері туралы да осыны айтуға болады. Сонымен инвестициялық құқықта негізгі (жалпы салалық), екіншісі - инвестициялық құқықтың бір немесе бірнеше институттарына тән.
§ 9. Инвестициялық құқық жүйесі
Құқықтың кешенді саласы ретінде инвестициялық құқықтың жүйесін инвестициялық қатынастарға өзінің әсер ету ықпалымен сыпатталатын және өзара көлемі бойынша ерекшеленетін құқықтық институттар құрайды. Мұндайда инвестициялық құқықтың институттары мынамен сыпатталады: олардың нормалары бір мезгілде құқықтың басқа (негізгі) салаларын реттеу мәнін құрастырады. Құқықтың кешенді салалары шеңберінде құқықтық институттарының тепе-теңдігі құқықтың нормалардың қандай да болмасын топтарының (жиынтығы) қаншалықты дербес және өзіндік сыпатына байланысты. Құқықтық институттардың өздері де екі үлкен жалпылыққа топтасуы мүмкін: жалпы және ерекшеленген. Жалпыға танымал - жалпы бөлімді құқықтың белгілі бір саласының мәнін, оның негізін құрастыратын идеялары мен бастауларын көрсететін институттар құраса, ерекшеленген жиынтық құқықтың жеке алынған саласының өзіндік дербес ерекшеліктерін танытады. Сонымен, инвестициялық құқықтың жалпы бөлімі инвестициялық қызметті жүзеге асырудың негізгі бастауларын, инвестициялық қатынастарды реттеудің негізгі принциптері мен әдістерін анықтайтын институттар мен нормалардан тұрады. Инвестициялық құқықтың жалпы бөлімінің жүйесі құқықтың кешенді (қайталама) саласының мәнін ашып беретін мына құқықтық институттарды қамтиды: инвестициялар (түсініктері мен түрлері); инвестициялардың құқықтық режимі; инвестициялардың кепілдіктері; инвестициялық тәуекелділіктер; инвестициялық құқықтық қатынастар (субъектілер, объектілер, мазмұн); инвестициялық қызмет (түсінік, белгілері мен түрлері); инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеу; инвестициялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік. Сонымен бірге инвестициялық құқықтың жалпы бөлімінде инвестициялық құқықты құқықтық реттеудің мәні мен әдісі, инвестициялық құқық принциптері, функциялары және қайнар көздері, инвестициялық құқықтың құқықтың аралас салаларымен арақатынасы, инвестициялық заңнаманың жүйесі құқықтың бүкіл саласы үшін басқа да маңызды мәселелер көрініс табады. Басқаша арнаулы құқықтық институттар деп аталатын ерекшеленген бөлімнің институттары қатынастардың жекеленген түрлерін реттеуге қызмет етеді. Сондықтан инвестициялық құқықтың ерекшеленген бөлігі мынадай құқықтық институттарды қамтиды: жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестицияларды құқықтық реттеу; бағалы қағаздар нарығында инвестицияларды құқықтық реттеу; шетел инвестицияларын халықаралық-құқықтық реттеу; инвестициялық келісімшарт (түсінік және ерекшеліктер); инвестициялық келісімшарттың түйіні, өзгерісімен бұзылуы; инвестициялық жоба (жасау және жүзеге асыру); инвестициялық келісімшарттар мен олардың жүйесі (жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық шарттар концессиялық келісімдер, өнімді бөлу жөніндегі келісімдер, сервистік келісімдер); сыртқы экономикалық инвестициялық шарт; мемлекеттік қарыз шарты, банк қарызы жөніндегі шарт, лизинг шарты; бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялық өзара келісімдер; инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық дау-даймаларды шешу. Сонымен бірге инвестициялық құқық жүйесіне бюджеттік инвестицияларды реттеу институты; бюджеттік инвестициялық жобалар мен бағдарламалар институты; бюджеттік несиелер институты; мемлекеттік қарыз бен несиелендіру институты, сондай-ақ коммерциялық емес салада білім, ғылым, т.б. инвестицияларды құқықтық реттеу институты кіреді. Инвестициялық құқық жүйесі туралы айтқанда, мынаны ерекше атап өткен жөн: сала ретінде инвестициялық құқыққа жалпы бөлімнің негізгі ережелері ықпал жасағанда, жалпы және ерекшеленген бөліктер арасындағы өзара байланыс көрініс алады, инвестициялық қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіруге көмектеседі, сондай-ақ инвестициялық құқықтың түсінігі мен категориясының мазмұнын дамытады. Ерекшеленген бөлікті құрастыратын институттар өз тарапынан инвестициялық қатынастарды құқықтық реттеу практикасымен мейлінше тығыз және нақты байланыста болады. Сөйтіп, инвестициялық қызметке тікелей ықпал жасайды, сайып келгенде, оның пәрменділігін арттырады, бұдан әрі жекеленген институттарда болсын, инвестициялық құқықта болсын өз дамуын алады.
Бақылау сұрақтары
1. Құқық жүйесіне түсініктеме беріңіз, оның негізгі құрылымдық элементтерін атаңыз. 2. Құқық жүйесінде инвестициялық құқық қандай орын алады? 3. Құқық жүйесінде құқықтың кешенді салаларының пайда болуының қажеттігі неден туындайды? 4. Құқық салаларының дербестік негіздерін атаңыз. 5. Қазақстан Республикасының инвестициялық құқығының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне сыпаттама беріңіз. 6. Инвестициялық құқықты құқықтық реттеудің мәнін айтып беріңіз. 7. Инвестициялық құқықты құқықтық реттеу әдісінің ерекшеліктерін баяндаңыз. 8. Инвестициялық және кәсіпкерлік құқықтың өзара байланысы қандай? 9. Инвестициялық құқықтың құқықтың аралас салаларымен арақатынасы неде? 10. Инвестициялық құқықтың функцияларын атап, сыпаттама беріңіз. 11. Инвестициялық құқық субъектілерінің теңдік және келісім еркіндігі принциптерінің мазмұнын ашыңыз. 12. Инвестициялық құқық жүйесінің түсінігін анықтаңыз. 13. Инвестициялық құқықтың жалпы және ерекшеленген бөлігінің институттарын атаңыз.
Ұсынылатын әдебиет
1. Алексеев С.С. Құқық теориясы. М.: «БЕК» баспасы, 1994. 2. Алексеев С.С. Құқық: әліппе-теория-философия: Кешенді зерттеу тәжірибесі. М.: «Статут» баспасы, 1999. 3. Алексеев С.С. Құқық шыңына шығу. Ізденістер. Шешімдер. М.: «НОРМА» баспасы, 2001. 4. Богатырев А.Г. Инвестициялық құқық. М.: «Ресей құқығы», 1992. 5. Иоффе О.С. ҚР Азаматтық заңы. Құқық туралы ойлар. Ғылыми басылым. Астана: ҚР Заң институты ЖАҚ-ы, 2002. 6. Круглова Н.Ю. Шаруашылық құқық. М.: «Орыс іскерлік әдебиеті», 1998. 7. Лебедев К.К. Кәсіпкерлік және коммерциялық құқық: Жүйелік негіздер (кәсіпкерлік және коммерциялық құқық құқық және Заңнама, заң ғылымдары мен оқулық пәндер жүйесінде). СПб.: «Юридический центр Пресс» баспасы, 2002. 8. Лившиц Р.З. Құқық теориясы: Оқулық. М. «БЕК» баспасы, 2001. 9. Халықаралық коммерциялық құқық: көмекші оқулық. Құқық және мемлекет институтының Санкт-Петербург филиалы РҒА. / А.Ю.Бушев және басқалар. / В.Ф.Попондопулоның жалпы редакциясымен. 2-ші басылым. М.: «Омега-Л» баспасы, 2006. 10. Қазақстан Республикасындағы және сыртқы экономикалық қызмет. / М.К.Сүлейменовтың редакциясымен. Алматы: ҚазМЗА, 2001. 11. Протасов В.Н. Құқықтық қатынастар жүйесі. М.: «Заң әдебиеті», 1991. 12. Протасов В.Н. Құқық нені және қалай реттейді? Көмекші оқулық. М.: «Юристь» баспасы, 1995. 13. Райхер В.К. Сақтандырудың қоғамдық-тарихи үлгілері. М.: КСРО ҒА, 1947. 14. Фархутдинов И.З. Халықаралық құқық теория және қолдану практикасы: Ғылыми-практикалық басылым. М.: «Волтерс Клувер» баспасы, 2005.
2 тарау. Инвестициялық заңнама
Инвестициялық заңнаманың пайда болуы мен дамуының тарихы. Қазақстан Республикасының инвестициялық заңнамасы.
§ 1. Инвестициялық заңнаманың пайда болуы мен дамуының тарихы
Еліміздің және шетелдердің инвестициялық заңнамасының дамуының жалпы заңдылықтары мен негізгі тенденцияларын анықтау үшін оның заңнаманың дербес саласы ретінде пайда болуы мен қалыптасу тарихының зерттелуі қажет. «Инвестиция» терминінің өзі XVIII ғасырдың басында, әуелде кірістер алуға пайдаланылатын еркін ақша қаржыларын көрсететін қаржы категориясы ретінде пайда болды. Бұл кезде Шотландия инвесторлары Американың батысында болашақта баю мақсатымен фермерлер жерлерін сатып ала бастайды, Америкада әлі де болсын аяғынан тік тұрмаған қарапайым нарықтың қалыптасуы мен дамуының негізін жасады. Жабық үлгіде қорлар алғашқы инвестициялық компаниялар болды. 1822 ж. Бельгия королі Вильям І, қазір айтылып жүргендей, тұңғыш инвестициялық траст жасады, траст Брюссельде тікрелді, бұл шетел мемлекеттеріне қарыз беру жолдарымен инвестицияларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бұл күнге дейін жұмыс істеп келген жабық үлгідегі байырғы қорлардың бірі - 1868 жылы Лондондға құрылған Шетелдік және отарлық инвестициялық траст[46]. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында инвестициялық трастар Шотландия мен Англияда пайда болды, кейін олар акциялары еркін сатылатын компанияларға айналды, бұл инвестицияларға қатысатын инвесторлардың санын көбейтуге, инвестициялық қатынастарды онан әрі дамытуға жеткізді. Инвестициялық қызметті жүзеге асыруды реттейтін арнаулы заң актылары арасында АҚШ-та қабылданған «Инвестициялық компаниялар туралы» Заң және 1940 жылғы «Инвестициялар жөніндегі кеңесшілер туралы» Заң бар. Алдыңғы заң инвестициялық компаниялардың акцияларын сатып алған инвесторларға қорғауға бағытталған, екіншісі - ақша салымдарының үлгілерін кәсібилікпен жасау үшін инвесторлар жалдайтын инвестициялар жөніндегі кеңесшілер тарапынан ықтимал асыра сілтеушіліктерден қорғауға арналған[47]. Бірақ осы екі заң қосымша актылар болып табылды, ал АҚШ-тың Инвестициялық заңнамасының негізін 1933 жылғы бағалы қағаздар туралы Заң мен 1934 жылғы қор биржалар туралы Заңдар құрайды. Бағалы қағаздар туралы заң бағалы қағаздардың жаңа шығарылымы туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету және 1929-1932 жылдардағыдай қор биржаларының болашақ құлдырауын болдыртпау үшін қабылданды. Негізінен АҚШ-тың бағалы қағаздар туралы заңнамасы бағалы қағаздар нарығында нақты және ықтимал инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |