|
|
|
Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы № 2 Қаулысы (2022.18.02. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2022 жылғы 25 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының (бұдан әрі - КВИ) таралуының алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қазақстан Республикасының халқына КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритміне сәйкес КВИ-ге қарсы профилактикалық егулер ұйымдастырылсын және жүргізілсін. 2. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасында халықты коронавирус инфекциясына қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритмі (бұдан әрі - Алгоритм) бекітілсін. 3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Коронавирус инфекциясының профилактикасы бойынша вакциналарды сақтау және тасымалдау регламенті (бұдан әрі - Регламент) бекітілсін. 4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, көліктегі санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің (бұдан әрі - аумақтық департаменттер) басшылары облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен бірлесіп: 1) Алгоритм мен Регламентті КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді жүргізуге жауапты денсаулық сақтау ұйымдарына жұмыста басшылық алу үшін жіберуді; 2) КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу бойынша аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде медицина қызметкерлерін оқытуды жүргізуді қамтамасыз етсін. 5. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық департаменттері мен аумақтық білім басқармаларымен (бұдан әрі - білім басқармасы) бірлесіп КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайындық және оны жүргізу жөніндегі іс-шараларды жедел жоспарлау және үйлестіру үшін денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде жұмыс топтарын құруы, іс-шаралар жоспарын дайындауы қажет. 6. Егілуге жататын адамдардың санына сәйкес егу бригадаларының қажетті саны, вакцина, шығыс материалдары, тоңазытқыш жабдықтар, автокөлік саны есептеледі. 7. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары аумақтық департаментпен және білім басқармасымен бірлесіп облыс орталығының жауапты мамандарының қатарынан әрбір аудан, қала бойынша КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу жөніндегі іс-шараларды үйлестіретін жетекшіні тағайындайды. Бұл ретте халықпен жұмыстың ұйымдастырылуына, оның ішінде азаматтарды, кәмелетке толмағандардың ата-аналарын немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың өзге де заңды өкілдерін ақпараттандыруға назар аудару қажет. 8. Тағайындалған жетекшілер: 1) егілуге жататын халықтың КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайындығын бағалауды; 2) әрбір егу бригадасының дәрігермен, егу мейіргерімен және тіркеушімен жасақталуын; 3) вакцинаны тоңазытқыш жабдықтарында сақтау және тасымалдау қағидаларының сақталуын; 4) вакциналарды сұйылтудың, сондай-ақ заттаңбадағы вакцинаны сұйылтудың уақыты туралы белгінің дұрыстығын; 5) егу бригадасының жұмысын бақылауды және қажет болған жағдайда анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюды ұйымдастыруды; 6) вакциналармен жұмыс, егу техникасы, егуге рұқсатты дұрыс анықтау, вакцина енгізілгеннен кейін иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер (бұдан әрі - ИКҚК) бойынша медицина қызметкерлерінің білімін бағалауды; 7) егу пункттерінде шұғыл көмек көрсетуге арналған препараттардың және ИКҚК (коллапс, анафилактикалық шок) дамуы кезінде алғашқы көмек көрсету жөніндегі қажетті нұсқаулықтардың болуын; 8) ИКҚК жағдайларын тергеп-тексеру жөніндегі аумақтық комиссиялардың болуын және қызметін; 9) стационарларда ИКҚК-ның тіркелмеген жағдайларын анықтауды қамтамасыз етеді. 9. Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары: 1) вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттарын сақтауды, сақтаудың температуралық режиміне байланысты вакцинаны сақтау мерзімдерін сақтауды (аса төмен температурада - минус 60°C-тан төмен; төмен температурада - минус 15-25°С; плюс 2-8°С); 2) егу бригадаларының даярланған мамандармен толық жасақталуын (дәрігер/фельдшер, вакцинатор, 2 тіркеуші); 3) егу бригадасын вакциналармен, шприцтермен және басқа да егу материалымен, термоконтейнерлермен, салқындату элементтерімен, егілетін адамдарды тіркеуге арналған журналдармен және медициналық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған қораптармен жарақтандыруды; 4) медициналық қалдықтарды жинауды, қауіпсіз жерде сақтауды, тасымалдауды және кәдеге жаратуды ұйымдастыруды; 5) вакциналардың қалдықтарын күн сайын алу, вакциналармен, термометрлермен қамтамасыз етілуді, суық тізбек шарттарының сақталуын бақылау, күрделі жағдайларды шешуді қамтитын вакциналардың сақталуына және қозғалысына жауапты адамды/адамдарды тағайындауды (болмаған жағдайда); 6) жарақтандырылған егу бригадаларын уақытша (көшпелі/жылжымалы) вакцинация пункттеріне жіберуді қамтамасыз етсін. 10. Аумақтық білім басқармаларының басшылары денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп: 1) пандемия жағдайында КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың маңыздылығы туралы педагогтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді; 2) жасөспірімдер арасындағы КВИ-ге қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша ата-аналармен немесе өзге де заңды өкілдермен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді; 3) жасөспірімдерді КВИ-ге қарсы вакцинациялау қажеттілігі туралы және осы жас ерекшелік тобының психологиялық-эмоциялық ерекшеліктерін ескере отырып хабардар етуді, психологтарды тарта отырып, жасөспірімдердің психологиялық-эмоционалдық тұрақсыздығы салдарынан иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің профилактикасы бойынша жұмыстар жүргізуді; 4) жасөспірімдерді вакцинациялау үшін тиісті үй-жай бөле отырып, білім беру ұйымдарында егу пункттерінің жұмысын ұйымдастыруды, үй-жайлардың ішінде жылыту, жарықтандыру, сумен жабдықтау, желдету бойынша жағдайларды қамтамасыз ете отырып, егілгендерді медициналық бақылауды (мүмкіндігінше білім беру ұйымының бірінші қабатында) қамтамасыз етсін. 11. КВИ-ге қарсы вакцинациялауға тартылған медицина қызметкерлері (дәрігер/фельдшер, вакцинаторлар): 1) КВИ-ге қарсы профилактикалық егулер жүргізуге рұқсаты - кейіннен аттестаттай отырып, арнайы оқытудан өткені туралы куәландыратын құжаттың болуы; 2) вакциналармен жұмыс істеу қағидаларын сақтауға; 3) профилактикалық егулерді жүргізу алдында вакцинация жүргізуге көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді есепке алуды қамтамасыз етуге; 4) COVID-19 пандемиясы кезеңінде профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритміне сәйкес вакцинацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауға (Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына); 5) салқын тізбектің барлық талаптарын сақтауға, вакциналарды сақтаумен байланысты барлық проблемалар мен бұзушылықтар туралы басшылықты дереу хабардар етуге міндетті. 12. Мына: 1) «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 қаулысының; 2) «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы № 46 қаулысының; 3) «Қазақстан Республикасында халыққа COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы ревакцинациялау жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері міндетін атқарушының 2021 жылғы 15 қарашадағы № 49 қаулысының күштері жойылсын. 13. Тиісті аумақтың, көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, төтенше жағдайлар органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары осы қаулының орындалуын бақылауды қамтамасыз етсін. 14. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. 15. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы № 2 қаулысына 1-қосымша
Қазақстан Республикасында халықты коронавирус инфекциясына қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритмі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында халықты коронавирус инфекциясына (бұдан әрі - КВИ) қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритмі (бұдан әрі - Алгоритм) КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді жүргізу тәртібін айқындайды. 2. КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерге Қазақстанның аумағында 3 және одан да көп ай тұратын шетел азаматтарын қоса алғанда, КВИ-ді жұқтыру қаупі жоғары адамдар, сондай-ақ осы инфекцияға қарсы профилактикалық егуді алғысы келетін адамдар жатады. 3. КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бір рет әкелуге рұқсаты бар вакциналар қолданылады. 4. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен лактация кезеңіндегі әйелдерге КВИ-ге қарсы профилактикалық егулер жүргізу үшін азаматтардың осы санаттары үшін ұсынылған «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) вакцинасы қолданылады. 18 жасқа толған жасөспірімдер «Комирнати» вакцинасының бірінші дозасын алғаннан кейін егулер арасындағы аралықты сақтай отырып, осы вакцинаның екінші дозасын алу арқылы вакцинация курсын аяқтайды. 5. Жүктілік басталғанға дейін КВИ-ге қарсы вакцинаның бір дозасын алған әйелдерге КВИ-ге қарсы вакцинацияның бастапқы курсын жүктіліктің 16-37 аптасында «Комирнати» вакцинасының бір дозасымен (Пфайзер, АҚШ) аяқтау ұсынылады. 6. «Профилактикалық егулерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № ҚР ДСМ-146/2020 бұйрығына сәйкес профилактикалық егулерге тұрақты және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жатпайды. 7. Иммундық-супрессивті ем қабылдайтын пациенттерде және иммун тапшылығы бар пациенттерде жеткілікті иммундық жауап дамымауы мүмкін. Сондықтан иммуногенділіктің төмендеу қаупіне байланысты вакцинациядан бұрын және одан кейін кем дегенде 1 ай иммундық жүйенің жұмысын тежейтін препараттарды қабылдау қарсы көрсетіледі. 8. Жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар егулерді жүргізу үшін уақытша қарсы көрсетілімдер болып табылады. Вакцинация сауыққаннан немесе ремиссиядан кейін 2-4 аптадан кейін жүргізіледі. Жіті ішек ауруларында вакцинация денсаулық жағдайы қалыпқа келгеннен кейін жүргізіледі. 9. Егілетін адамдардың КВИ-ге қарсы вакциналарды сақтықпен қолдану қажет болатын жағдайларында осы инфекцияға қарсы егуді бейінді маманның консультациясынан кейін жүргізу ұсынылады. 10. КВИ-ге қарсы екпе алған адамдар қан мен оның компоненттерінің донорлығынан 2 аптаға шеттетіледі. Тірі вакциналарды пайдаланған кезде егілген адамдар қан мен оның компоненттерінің донорлығынан 4 апта мерзімге шеттетіледі. 11. КВИ-дің жіті және симптомсыз түрімен ауыратын адамдар КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жатпайды. 12. КВИ-ды қоса алғанда, инфекциялық аурумен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін егіледі. Бұл ретте, КВИ-мен ауыратын науқаспен өзінің кәсіби қызметінің түрі бойынша жеке қорғаныш құралдарын қолданып байланыста болатын медицина қызметкерлері жатпайды. 13. Вакцинациялау алдында КВИ-ге қарсы антиденелердің болуына скрининг (ИФТ және ПТР-зерттеу) жүргізілмейді. 14. КВИ-дің кез келген түрімен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін және вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалауды ескере отырып, 6 айдан соң вакцинациялаудың толық курсымен егу ұсынылады. Бұл ретте КВИ-мен ауырғандарға сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинация жүргізуге жол беріледі. КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін ауырған адамдарды сауыққаннан кейін 90 күннен соң екінші дозамен егу ұсынылады. 15. Вакциналардың түрлері бойынша вакцинациялау курсының кестесін сақтау ұсынылады. Жекелеген жағдайларда (іссапарға, оқуға, жарысқа бару немесе егілетін адамның қалауы бойынша) екінші дозаны вакцинация дозалары арасындағы ең аз аралықты сақтай отырып, вакцинаның бірінші дозасынан кейін мүмкіндігінше тезірек енгізу ұсынылады. 16. Екінші дозаны уақтылы енгізбеген жағдайда, вакцинация курсын қайтадан бастау ұсынылмайды; жетіспейтін доза енгізіледі. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022.24.01. № 6 Қаулысымен 17-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 17. Жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағында КВИ-дің пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналармен КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың толық курсын қайтадан: 1) Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық деңгейде білдіру мақсатында шетелге шығатын адамдарға; 2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленушілерге және үкіметаралық келісімдер/шарттар, оның ішінде академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелге оқуға жіберілетін адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған тізім бойынша растайтын құжаттарды (студенттік виза, оқу орнынан шақыру) ұсынған кезде; 3) шетелдік оқу орындарына өз бетінше түскен және үкіметаралық келісімдер немесе академиялық ұтқырлық шеңберінде оқитын студенттерге және Work and travel бағдарламасы бойынша кетуді жоспарлаған студенттерге және олардың отбасы мүшелеріне ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған тізім бойынша растайтын құжаттарды (студенттік виза, оқу орнынан шақыру) ұсынған кезде; 4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде емдеу қажеттілігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде шетелде емдеуге жіберілетін пациенттерге, сондай-ақ оларды емдеу үшін алып жүретін адамдарға жүргізуге жол беріледі. Бұл ретте, КВИ-ге қарсы вакцинацияның толық курсын осы Алгоритмге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша түрде егілетін адамның немесе оның заңды өкілдерінің профилактикалық екпелердің курсын қайта жүргізуге ерікті түрде хабардар етілген келісімін алғаннан кейін ғана қайта жүргізуге жол беріледі. КВИ-ге қарсы соңғы егу мен КВИ-ге қарсы вакцинацияның толық курсын қайталау арасындағы аралық кем дегенде 90 күн ұсынылады. 18. Халықты вакцинациялау аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде, арнайы контингентті вакцинациялау - тиісті ведомствоның қызмет орны бойынша жүргізіледі. Халық үшін вакцинациялаудың қолжетімділігін арттыру және егу процесін жеңілдету мақсатында жылжымалы егу пункттері немесе көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады. 19. Мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды вакцинациялау үшін КВИ-ге қарсы вакцинациялауды үйге барып жүргізу ұйымдастырылады. 20. Иммундауға жататын адамдардың санына сәйкес егу бригадаларының, медицина қызметкерлерінің, оның ішінде иммунологтардың, жалпы практика дәрігерлерінің, терапевттердің, орта медицина персоналының, медициналық білімі бар тіркеушілердің қажетті саны, вакцинаның, басқа да шығыс материалдарының, тоңазыту жабдығының, автокөліктің саны есептеледі. 21. Егу бригадасы әрбір егу пунктінде құрылады. 1 егу бригадасының құрамына: 1 дәрігер, 1 егу мейіргері және қажет болған жағдайда 1 тіркеуші кіреді. Ауылдық жерлерде құрамында: 1 фельдшер (дәрігер болмаған жағдайда), 1 егу мейіргері, қажет болған жағдайда 1 тіркеушіден егу бригадасын ұйымдастыруға жол беріледі. 22. Білім беру ұйымдарындағы егу пункттері жасөспірімдердің шоғырлануын болдырмай, егілетін адамдардың тұрақты бір жақты ағынын қамтамасыз ете отырып ұйымдастырылады. 23. Иммундауды дайындау және жүргізу жөніндегі іс-шараларды жедел жоспарлау және үйлестіру үшін облыстық, қалалық және аудандық штабтар құрылады. 24. Денсаулық сақтау басқармасы мен өңірлердің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс орталығының жауапты мамандарының ішінен әрбір аудан, қала бойынша иммундауды дайындау және жүргізу жөніндегі іс-шараларды бағалайтын және үйлестіретін кураторларды тағайындайды. 25. Жүргізілген профилактикалық егулер белгіленген есепке алу нысандарында (КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді есепке алудың жеке журналы немесе КМАЖ, ҚР ДСМ ХТТ «Вакцинация» модулі (бұдан әрі - Модуль) профилактикалық егулерді жүргізу күнін, егулердің түрін (I немесе II компонент, ревакцинация), препарат өндірушісін, вакцинаға реакцияны көрсете отырып тіркеледі. 26. Медициналық ұйымдар Модульге егілген адамның жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес егілген адам туралы жеке деректерді, вакцинаны медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес пайдаланылған вакцина туралы деректерді енгізеді. 27. КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізуге тартылған медициналық ұйымдар Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетел азаматтарына КВИ-ге Қазақстан Республикасында жүргізілген КВИ-ге қарсы профилактикалық егуді жүргізу туралы анықтаманы талап ету бойынша қағаз тасымалдағышта осы Агоритмге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша береді. 28. Медицина қызметкері қағаз тасығыштағы КВИ-ге қарсы жүргізілген вакцинация туралы анықтамада КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың толық курсының және ревакцинацияның өткізілген рәсімін өзінің қолымен растайды және медициналық ұйымның мөрімен куәландырады. 29. Вакцинация жүргізу барысында медициналық ұйымдар, көшпелі/жылжымалы егу бригадалары жүргізілген егулер, бас тартулар, медициналық қарсы көрсетілім және вакцинаны пайдалану туралы Модульге күн сайын енгізеді. 30. «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Модуль деректерінің негізінде Комитетке өңірлер бөлінісінде жүргізілген егулер туралы жиынтық ақпаратты күн сайын келесі күнгі сағат 7.00-ге дейін ұсынады.
2. Иммундау жүргізудің қауіпсіздігі
31. КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді жүргізуге арналған егу кабинеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 бұйрығымен бекітілген «Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына (бұдан әрі - 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 бұйрық) сәйкес жарақтандырылуы тиіс. Бұл ретте шокқа қарсы терапия құралдарының толықтығын және жарамдылық мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету қажет. 32. КВИ және респираторлық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық қолайсыз кезеңде емханаға кіру кезінде: 1) байланыссыз термометрияны қамтамасыз ете отырып және КВИ ауруын жоққа шығармайтын симптомдардың болуына сұрау жүргізе отырып, сүзгі орнату; 2) келушілердің қолдарын өңдеуге арналған санитайзерлер орнату; 3) адамдар профилактикалық егулер алу мақсатында медициналық мекемеге барған кезде медициналық маскада болуы тиіс; 4) медициналық ұйымдарға келушілер арасында кемінде 1,5 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау; 5) ауру белгілері бар адамдар анықталған жағдайда олар үшін маскалар беруді және күту мен дәрігердің қарап-тексеруі үшін жеке үй-жай көздеу; аталған пациенттер қызмет көрсету кезінде басымдыққа ие болуы тиіс. 33. Емхана ғимаратында қолжетімді жерлерде КВИ-дің алдын алу үшін қол гигиенасын сақтау қажеттілігі туралы ақпарат орналастыру, КВИ-дің алдын алу шаралары және КВИ алдын алуда вакцинациялаудың пайдасы жөнінде көрнекі құралдар таратуды көздеу керек. 34. КВИ-ге қарсы екпелер жүргізу жеке куәлік болған кезде жүзеге асырылады. Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды вакцинациялау жеке куәліксіз жүргізілуі мүмкін (жеке басы туралы деректер егілетін адамның сөзінен енгізіледі). 35. Егілетін адамдар медициналық маскада болуы тиіс. 36. Халықты КВИ-ге қарсы иммундауды ұйымдастыру кезінде: 1) емханаға бару кезінде уақыт аралықтары мен физикалық қашықтық шараларының сақталуын қамтамасыз ету; 2) вакцинацияланған адамдар вакцинациядан кейін 30 минут бойы физикалық қашықтық талаптарын сақтай отырып, медициналық бақылауда болуы тиіс жақсы желдетілетін бөлек үй-жай бөлу қажет. 37. Жылжымалы/көшпелі егу пункттерін аумақтық денсаулық сақтау басқармасының және вакцинация жүргізу болжанатын ұйымның басшысының келісімі бойынша медициналық ұйымдар ұйымдастырады. 38. Жылжымалы / көшпелі егу пункті үшін: 1) уақытша конструкцияларды орнату және персонал үшін жеке гигиенаны сақтау үшін жағдайлар жасау үшін үй-жайлардың немесе ашық алаңдардың қажетті жиынтығы бөлінеді; 2) вакцинация жүргізетін медициналық ұйымның атауын, жауапты адамдардың байланыс телефондарын, жұмыс кестесін көрсете отырып, вакцинация жүргізу пунктінің орналасқан жері және маңдайшалар туралы көрсеткіштер орнатылады; 3) ғимараттардың цокольдық және жертөле қабаттарында орналастыруға жол берілмейді, конструктивтік жабдықтарды пайдалануға жол беріледі; 4) адамдар көп жиналатын жерлерде жасанды жарықтандырудың жеткілікті деңгейі, адамдар болған кезде тұрақты жұмыс режимі бар рециркуляторларды міндетті түрде орната отырып, ауа алмасу жиілігі қамтамасыз етілген кезде табиғи жарықтандырусыз және желдеткішсіз жұмыс істеуге рұқсат етіледі; 5) күту, егілушіні қарау, вакцинация жүргізу және вакцинациядан кейін медициналық бақылау аймақтары бөлінеді. Аймақтарды мөлдір емес жабынмен, қалқамен бөлуге жол беріледі; 6) физикалық қашықтық талаптарын сақтай отырып, желдетілетін үй-жайда егілгендерді медициналық бақылауға арналған аймақ ұйымдастырылады; 7) вакциналарды сақтауға арналған тиісті температуралық режимі бар тоңазытқыш жабдығымен (вакциналардың түріне байланысты: плюс 2°С-тан плюс 8°С-қа дейін және/немесе минус 18°С және одан төмен), жұмыс үстелімен, тіркеуге арналған үстелмен, Модульге жүргізілген егулер туралы деректерді енгізу үшін интернет желісіне қосылған компьютермен, орындықтармен, кушеткамен, тонометрмен, пульсоксиметрмен, термометрлермен, өздігінен бұғатталатын шприцтермен, бір рет қолданылатын қалақшалармен, вакцина қалдықтарын зарарсыздандыруға арналған ыдыстармен, пайдаланылған бір рет қолданылатын шприцтерді қауіпсіз жинауға және кәдеге жаратуға арналған контейнермен, шокқа қарсы терапия препараттарымен, жеке қорғаныш құралдарымен (халат, бас киім, қолғап, маска), қолды өңдеуге арналған антисептиктермен жабдықталады. Медициналық қалдықтарды жинауға, бір күн ішінде уақытша сақтауға тіркелген медициналық ұйым жауапты болады. 39. Жылжымалы/көшпелі егу пунктінің егу бригадасы бригадаға ең жоғары жүктемені немесе вакцинациялауға жататын адамдардың санын ескере отырып, вакцинамен қамтамасыз етіледі. Вакцинациялауға арналған препараттар жұмыс істейтін күні алынады, қалған ашылмаған вакциналар күннің соңында емханаға қайтарылады. Қалған вакцинаның мөлшері вакциналардың қозғалысы журналында тіркеледі. 40. Жылжымалы егу пункттерінің немесе көшпелі егу бригадаларының жұмысы үшін тоңазытқыш қондырғысы орнатылған рефрижераторлық үлгідегі белсенді термоконтейнерлерді пайдалану ұсынылады. 41. Иммундауды жүргізу алдында әрбір егілушіге КВИ-ге қарсы алдағы егу туралы ақпарат беріледі, егілушіге профилактикалық егу, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, егуден бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпарат беріледі және пациентке осы Алгоритмге 3-қосымшаға сәйкес ақпараттық материалдары бар жадынама береді. 42. Вакцинациялау алдында осы Алгоритмге 4-қосымшаға сәйкес вакцинацияланғандарға сұрау жүргізіледі. Әйел адамдарды вакцинациялау кезінде егу алу сәтінде мүмкін болатын жүктіліктің болуын міндетті түрде анықтау қажет (күмән болған жағдайда жүктілікке тесттерді пайдалануды және/немесе вакцинациялау мерзімін ауыстыруды ұсыну қажет). Жүкті әйелдерді вакцинациялау кезінде міндетті түрде екпе алған сәтте жүктілік мерзімін анықтау қажет. 43. Дәрігер иммундаудан кейін қолайсыз көріністер (бұдан әрі - ИКҚК) туындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі және шектеу шараларын сақтау қажеттілігі (физикалық қашықтық, қорғаныш маскасын кию және басқалар) туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, КВИ-ге қарсы вакцинация бойынша жадынама беріліп, ІІ компонентпен вакцинациялау мерзімі хабарланады. 44. Вакцинация жүргізу алдында дәрігер эпидемиологиялық анамнезді жинау, жұтқыншақты қарап тексеру, дене температурасын, артериялық қысымды, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау арқылы міндетті түрде қарап тексеру жүргізеді. Егер температура 37°C-тан артық болса, вакцинация кейінге қалдырылады. 45. Вакцинациядан кейін егілген адамдар егу пунктінде 30 минут бойы (ИКҚК дамыған жағдайда шаралар қабылдау үшін бақылау аймағында) медициналық бақылауда болады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |