|
|
|
Ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы
Осы редакция 2019 жылғы 3 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 4) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН: 1. Ұлттық қаржылық есептілік стандарты бекітілсін. 2. Мыналардың: 1) «№ 1 ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 21 маусымдағы № 218 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4814 болып тіркелген, 2007 жылғы 29 тамыздағы № 132 (1335) «Юридическая газета» газетінде жарияланған); 2) «№ 2 ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 21 маусымдағы № 217 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4816 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған, 2007 жылғы қыркүйек, № 9, 281-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет әдіснамасы департаменті (А.О. Төлеуов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттік тiркелуiн және заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялануын қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қаржы министрінің 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 50 бұйрығымен бекітілген
Ұлттық қаржылық есептілік стандарты
1. Жалпы ереже Параграф 1. Қолдану саласы
1. Осы Ұлттық қаржылық есептілік стандарты (бұдан әрі - Стандарт) «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Бухгалтерлік есеп туралы заң) сәйкес әзірленді және қаржылық есептілік қағидаттары мен сапалы сипаттамаларын және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ қызметінің айрықша түрі шетелдік валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі - субъект) бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік жасау тәртібін айқындады. 2. Осы Стандарттың күші Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған қаржы ұйымдары мен арнайы қаржы компанияларына, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржы компанияларына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жүзеге асыратын бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін реттеуге қолданылмайды.
Параграф 2. Осы Стандартта қолданылатын ұғымдар
3. Осы Стандартта мынадай ұғымдар қолданылады: 1) активтер - субъект өткен оқиғалар нәтижесiнде бақылап отырған, болашақта экономикалық пайда алу күтiлетiн ресурстар; 2) міндеттеме - реттелуі экономикалық пайдалар қамтитын ресурстардың есептен шығуына әкеп соқтыратын өткен оқиғалардан туындайтын субъектінің қазіргі міндеттері; 3) активтің немесе міндеттеменің баланстық құны - актив немесе міндеттеме баланста танылатын сома; 4) капитал - субъектінің активтерiндегi барлық мiндеттемелер шегерiлiп тасталғаннан кейін қалатын үлес; 5) кірістер - есептi кезең iшiнде активтердiң түсiмi немесе өсiмi немесе мiндеттемелердiң азаюы нысанында экономикалық пайданың ұлғаюы, олар капиталға қатысушы адамдардың жарнасына байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына әкеп соғады; 6) шығыстар - есептi кезең iшiнде активтердiң шығуы немесе азаюы немесе мiндеттемелердiң пайда болуы нысанында экономикалық пайданың азаюы, олар капиталға қатысушы адамдарға бөлуге байланысты азаюдан өзгеше капиталдың азаюына әкеп соғады; 7) негізгі құралдар - бұл: тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруде немесе жеткізуде пайдалану үшін, басқа адамдарға жалға беру, құнын өсіру немесе әкімшілік мақсаттар үшін субъект ұстап қалатын; бір кезеңнен астам уақыт ішінде пайдалану ұйғарылған материалдық активтер. 8) материалдық емес актив - бұл ақшасыз сәйкестендірілетін, физикалық нысаны жоқ, тауарларды шығаруда немесе қызметтерді көрсетуде немесе беруде пайдалануға, басқа адамдарға жалға беруге немесе әкімшілік мақсаттарға ұстап қалатын актив; 9) қорлар - бұл қарапайым қызмет барысында сатуға арналған немесе өндірістік процесте немесе қызметтер көрсету кезінде пайдалануға арналған шикізат пен материалдар нысанындағы активтер; 10) бағамдық айырмалар — валюталардың әртүрлі айырбас бағамдарын пайдалана отырып, бір валютадағы қандай да бір бірлік санын екінші валютаға ауыстыру кезінде туындайтын айырмалар.
Параграф 3. Қаржылық есептіліктің қағидаттары мен сапалы сипаттамалары
4. Субъектінің бухгалтерлік есеп жүргізуі мен қаржылық есептілік жасауы есептеу және үздіксіздік қағидаттарына негізделеді. 5. Есептеу қағидатына сәйкес операциялар мен басқа да оқиғалардың нәтижелері (мысалы, сот шешімі, дүлей зілзалалар, субъектінің өтемақыны төлеу бойынша міндеттемелер қабылдауы) олар туындағанда (ақшалай қаражатты немесе олардың баламаларын алу немесе төлеу кезінде емес) танылады және есепке алу жазбаларында көрініс табады және олар жатқызылатын есепті кезеңдердің қаржылық есептілігіне енгізіледі. Мысалы, субъект қызмет көрсетті, бірақ ол үшін төлем қызмет көрсету туралы шартта көрсетілген мерзімде алынады. Субъект ақша алынбағанына қарамастан, қызмет көрсетілген кезеңде кірісті таниды. 6. Үздіксіздік қағидатын қолдану кезінде қаржылық есептілік субъекті үздіксіз жұмыс істейді және көз жетерлік келешекте операциялар жүргізеді деген жорамалдау негізінде жасалады. Мысалы, активтің серпіні актив субъект жұмыс істеп жатқанда пайдаланылатынына ұйғарым жасай отырып, оны тиімді пайдалану мерзімі негізінде есептеледі.
7. Бухгалтерлік жазбалар бастапқы құжаттар негiзiнде жүргiзiледi. 8. Бастапқы есептеу құжаттарында қамтылған ақпаратты қорыту, жүйелеу және жинақтау және оны бухгалтерлік есеп шоттарында және қаржылық есептілікте көрсету үшін бухгалтерлік есеп тiркелiмдерi жүргізіледі. 9. Тiркелiмдер мынадай мiндеттi деректемелерді қамтиды: 1) тiркелiм ашылған бухгалтерлік есеп шотының нөмірі мен атауы; 2) дебет пен кредит бойынша корреспонденттік шот нөмірі; 3) операция сомасы; 4) кезеңнің басы мен аяғындағы қалдық; 5) кезең ішінде дебет пен кредит айналымдарының жиыны. Қызметінің түріне, операцияның сипатына қарай тiркелiмге қосымша деректемелер енгiзiледі. 10. Бухгалтерлік есептің тіркелімдері хронологиялық, талдамалы, синтетикалық, аралас және өзге де нысандар болуы мүмкін. Бухгалтерлік есептің хронологиялық тіркелімі бухгалтерлік операциялар туралы ақпаратты олардың жасалуына қарай хронологиялық тәртіпте қамтиды. Бухгалтерлік есептің талдамалы тіркелімі талдамалы шоттардың деректерін қамтиды. Мысалы, қорлардың есеп шоттары үшін қорлар ұстанымдары бөлінісіндегі, персоналмен есеп айырысу шоттары үшін қызметкерлер бөлінісіндегі деректер және т.б. Бухгалтерлік есептің синтетикалық тіркелімі бухгалтерлік есеп шоттарының немесе бөлімдерінің қорытылған деректерін қамтиды. Бастапқы операцияларды тіркеу, бухгалтерлік есептің хронологиялық тіркелімі нысанында жүргізіледі. Деректерді жүйелендіру және талдау үшін талдамалы және синтетикалық тіркелімдер қолданылады. Қаржылық есептілік дайындау кезінде кәсіпорындар қызметінің сипатына және кәсіпорынның операциялары көлеміне сәйкес келетін, қаржылық есептілікте көрсетілген бухгалтерлік есептің мәліметтерін ашатын еркін нысанды қорыту тіркелімін қағаз немесе электрондық түрде жасайды. 11. Егер қажетті мәліметтерді автоматтандырылған жүйеден алған жағдайда, автоматтандырылған нысанда бухгалтерлік есеп жүргізетін субъектілер бухгалтерлік есептің тіркелімдерін жасамайды.
Параграф 2. Негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді есепке алу
12. Негізгі құралдар мен материалдық емес активтер мынадай жағдайда ғана актив ретінде танылады, егер: осы активке байланысты болашақ экономикалық пайдалардың субъектіге келіп түсуі ықтимал болса; активтің өзіндік құнын сенімді түрде бағалау мүмкін болса; актив кейіннен қызметінің барысында сату үшін сатып алынбаса. 13. Негізгі құралдарға материалдық-заттай нысаны бар активтер жатады. Мысалы, жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, машиналар мен жабдық, жануарлар мен көп жылдық өсімдіктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (бұдан әрі - Азаматтық кодекс) жылжымайтын және жылжитын мүлік деп айқындалған басқа да мүлік, оларды субъект тауарларды шығаруда немесе қызметтерді көрсетуде немесе беруде пайдалануға, басқа адамдарға жалға беруге немесе әкімшілік мақсаттарға ұстап қалады және бірден астам кезең ішінде пайдалану болжанады. 14. Материалдық активті тану үшін олар тану өлшемдерге сәйкес болу керек, яғни сәйкестендіру, ресурстарға бақылау жүргізу және болашақ экономикалық табыстардың болуы. Егер материалдық емес активтің анықтамасына жауап бермесе, мұндай активті сатып алуға немесе ішкі өндіріске жұмсалған шығындар орын алған кезде шығыс деп танылады. Материалдық емес актив - сәйкестендіріледі егер: 1) егер оны субъекттен бөліп алуға, жалға беруге тапсыруға немесе онымен байланысты активпен және міндеттемемен бірге не бөлек алмастыруға мүмкіндік болса; 2) заңды құқықтар нәтижесінде осы құқықтарды беруге немесе субъектіден немесе басқа да құқықтар мен міндеттемелерден бөліп алуға болатынына қарамастан, туындағанда. Материалдық емес активтерді бақылау: 1) материалдық емес активті пайдаланудан болашақ экономикалық табысты алу құқығы (мысалы, заң құжаттарымен ресімделген құқық - патент, лицензия); 2) материалдық емес активті пайдаланудан түсетін табысқа басқа тұлғалардың қол жетімдігіне тыйым салу мүмкіндігін (мысалы, коммерциялық құпияны жариялаудан заң жауапкершілігі арқылы) білдіреді. Материалдық емес активтерден түсетін болашақ экономикалық пайдалар өнімдерді сату немесе қызмет көрсетуден алынған табыстарды, шығындардың үнемделуін немесе субъектінің активін пайдалану нәтижесі болып табылатын басқа табыстарды қамтиды. 15. Актив ретінде танылуға жататын негізгі құралдар мен материалдық емес активтер алғашында өзіне сатып алудың іс жүзіндегі құнын қамтитын өзіндік құны бойынша өлшенеді. 16. Негізгі құралдың, материалдық емес активтің өзіндік құны сауда жеңілдіктерін шегеріп алғаннан кейінгі активтің сатып алынатын бағасынан, импорттық баждан және салықтан (өтелетінді қоспағанда) тұрады. 17. Активті керек жерге жеткізуге және оны пайдалану үшін қажетті жағдайға келтіруге арналған шығындар, оның ішінде қызметкерлерге сыйақылар төлеуге арналған, активті салуға немесе сатып алуға тікелей байланысты шығындар активтің өзіндік құнына қосылмайды және тартылған кезеңнің шығыстарына деп танылады. 18. Өндіру, салу мерзімі бір жылдан кем уақытты құрайтын дербес құрылған негізгі құралдардың бастапқы бағасы сатып алу кезіндегі сияқты сондай қағидаттар негізінде айқындалады және негізгі құралдарды өндіруге жұмсалған шикізат пен материалдардың сатып алу бағасын, импорттық бажды, салықты (өтелетінді қоспағанда) қамтиды. 19. Дербес құрылған материалдық емес активке арналған шығындар, сондай-ақ материалдық емес активке байланысты кейінгі шығындар олар туындаған сәттегі шығыстар деп танылады. 20. Негізгі құралдар, материалдық емес активтер басқа активке ауыстырып сатып алынса, алынған объектінің нақты құны төленген ақша құралдарының және олардың баламаларының сомасына түзетілген, берілген активтің баланстық құнына тең танылады. 21. Негізгі құралдар бойынша осы объектілердің ахуалының сапалы сипаттамаларын жақсартуға бағытталған кейінгі шығындар, мысалы, болашақ экономикалық табысты ұлғайтуға әкеп соқтыратын пайдалы қызметтің мерзімін ұзарту, өнімділікті арттыру үшін олардың баланстық құнын арттырады. 22. Негізгі құралдардың техникалық ахуалын сақтау және ұстап тұру мақсатында кейіннен жүргізілетін шығындар, оның ішінде ағымдағы жөндеуге және қалпына келтіруге арналған шығындар бастапқы құнды арттырмайды, олар туындаған сәттегі ағымдағы шығыстар болып танылады. 23. Бастапқы танудан кейін негізгі құралдар мен материалдық емес активтер барлық жинақталған амортизацияны шегерумен олардың өзіндік құны бойынша есептеледі. 24. Негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің құны амортизациялық аударулар арқылы олардың пайдалы қызметі мерзімінің ішінде шығыстарға жазылады. 25. Әрбір кезеңге амортизацияланатын есептеулер шығыстар ретінде танылады. 26. Активтің құнын жүйелік бөлу үшін оны пайдалы пайдалану мерзімі ішінде амортизацияны есептеудің түзу сызықтық әдісі қолданылады, ол активті тиімді пайдалану мерзімі ішінде тұрақты есептеулерге әкеп соқтырады. 27. Негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің амортизациясы актив пайдалану үшін қол жетімді болған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап есептеледі және актив белгілі бір мерзім ішінде қолданылмаса да, ол есептен шығып кеткенге дейін есептелетін болады. 28. Активтерді тиімді пайдалану мерзімі кезеңмен қайта қаралады. Егер кейінгі есептеулердің бұрынғы есептеулерден айтарлықтай айырмашылығы болған жағдайда, ағымдағы және болашақ кезеңдерге амортизациялық есептеулер түзетіледі. 29. Тиімді пайдаланудың белгісіз мерзімімен материалдық емес активтерге амортизация есептелмейді. 30. Негізгі құралды, материалдық емес активті тану ол есептен шығып кеткен кезде немесе оны пайдаланудан немесе есептен шығарудан қандай да бір экономикалық пайда күтілмейтін кезде тоқтатуға жатады. Активті есептен шығарған кезде туындайтын пайда немесе шығын, егер мұндайлар болса, есептен шығарудан түсімдер мен активтің баланстық құны арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады және есептен шығару болған есепті кезеңде табыстар мен шығындар туралы есепте көрсетіледі. 31. Негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді есептеу ведомості осы Стандартқа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады.
32. Қорлар осылайша сыныпталады: 1) қайта сату үшін сатып алынған және сақталатын тауарлар; 2) қайта сату үшін арналған мүлік (жер, ғимарат, автомобильдер және т.б.); 3) субъект өндірген және саты үшін арналған дайын өнім; 4) дайын өнімді (немесе қызметті) өндіру үшін арналған, сондай-ақ өндірістің өзін қамтамасыз етуге арналған шикізат пен материалдар; 5) аяқталмаған өндіріс - дайындық сатысына жетпеген өнім, кейіннен пысықтауға арналған жартылай фабрикаттар; 6) жолдағы тауарлар. 33. Қорлар, қандай да бір басқа актив сияқты тек мынадай критерийлерді таныған кезде ғана есепте көрсетіледі: 1) осы актив бойынша келешекте экономикалық пайда алу ықтималы болған кезде; 2) есептеу объектісін сатып алуға немесе өндіруге іс жүзіндегі шығындарды бағалау мүмкін болған кезде. 34. Қаржылық есептілікте қорлар өзіндік құны бойынша көрсетіледі. 35. Қорлардың өзіндік құны сатып алу бағасынан, импорттық баждан, салықтан (өтелетінді қоспағанда) тұрады. Сауда жеңілдіктері, төлемдерді қайтару және өзге де ұқсас баптар шығындарды айқындау кезінде есептен алынады. 36. Дербес өндірілген қорлардың өзіндік құны оларды өндіруге жұмсалған шикізат пен материалдардың сатып алу бағасынан, импорттық баждан, салықтан (өтелетінді қоспағанда) тұрады. 37. Қайта өңдеуге арналған шығындар және қорлардың ағымдағы орналасқан жері мен жай-күйін қамтамасыз ету үшін тартылған өзге де шығындар олар тартылған кезеңдегі шығыстар болып танылады. 38. Қорларды ауыстыру кезінде алынған қорлардың іс жүзіндегі құны алынған объектінің нақты құны төленген ақша құралдарының және олардың баламаларының сомасына түзетілген, берілген қорлардың баланстық құнына тең танылады. 39. Қорлардың өзіндік құнын бағалау «алғашқы түсім - алғашқы жөнелту» әдісі немесе кезең басындағы қорлардың орташа құнына және кезең ішінде сатып алынған (өндірілген) ұқсас қорлардың орташа құнына негізделетін орташа өлшемді құны бойынша жүргізіледі. 40. Қорларды сенімді басқаруға немесе қайта өңдеуге беру кезінде субъект осы активке иелік етуге байланысты барлық тәуекел етуін жалғастырады, сондықтан осы қорлар субъектінің баланстық шоттарынан шығарылмайды. 41. Қорларды сату кезінде осы қорлардың баланстық құны тиісті түсім танылған кезеңдегі шығыстар ретінде танылады. Өз күшімен құрылған негізгі құралдардың құрауышы ретінде пайдаланылған қорлар тиісті активті тиімді пайдалану мерзімі ішіндегі шығыстар ретінде танылады.
42. Жалдау мынадай негізгі екі түрге бөлінеді: 1) «Қаржы лизингі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қаржы лизингі; 2) операциялық (ағымдағы) жалдау. 43. Жалға алушылар қаржы лизингін лизинг шартында айқындалған жалдау мүлкінің құны бойынша баланстағы негізгі құралдар мен міндеттемелер ретінде таниды. Жалға берушілер қаржылық жалдауда, баланста тұрған активтерді таниды және оларды қаржы лизингі шартында айқындалған лизингке берілетін мүліктің құнына тең сомадағы дебиторлық берешек ретінде береді. 44. Қаржы лизингі кезінде Жалға алушыларда амортизацияланатын актив үшін амортизация бойынша шығыстар және қаржы шығыстары пайда болады. Амортизацияланатын жалдау активтеріне амортизация меншікті активтерге сияқты есептеледі. Егер жалдау мерзімінің соңына жалға алушының жалданатын активке меншік құқығын алуда сенімділігі болмаса, онда актив мынадай екі мерзімнен: жалдау мерзімінен немесе тиімді пайдалану мерзімінен неғұрлым қысқа мерзім аралығында толығымен амортизациялануға тиіс. 45. Жалдау ақысының сомасы мынадай екі құрауыштан тұрады: 1) негізгі борыш сомасы (бухгалтерлік баланста алғаш көрсетілген қаржы лизингі бойынша субъектінің міндеттемесі); 2) қаржы шығыстары (қаржы лизингі объектісін пайдалану үшін пайыз). 46. Қаржы шығыстары әрбір кезең үшін міндеттеменің баланстық құнына тұрақты пайыз ставкасы әрбір кезеңде болатындай етіп, қаржы лизингі мерзімі ішінде кезеңдер бойынша бөлінеді. 47. Жалға берушілер баланста операциялық жалдауға берілген активтерді осындай активтердің сипаттамасына сәйкес береді. 48. Операциялық жалдаудан түсетін кіріс жалдау мерзімі ішінде түзу сызықтық негізде кірістер құрамында көрсетіледі.
Параграф 5. Активтердің ұзақ мерзімді өндірісі, құрылысы кезіндегі шығындарды есепке алу
49. Олардың өндірісі, құрылысы бір жылдан астам уақыт алатын активті құру кезінде активтердің өзіндік құны мыналарды: сауда-саттық жеңілдіктері мен өтеулерін шегере отырып, импорттық баждар мен сатып алуға салынатын өтелмейтін салықтарды қоса алғанда, активті сатып алу бағасын, активті қажетті жерге жеткізуге және оны пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіруге шығатын тікелей шығындарды қамтиды. 50. Оларды өндіру бір жылдан астам уақытты алатын активтердің өзіндік құнына кіретін тікелей шығындардың мысалдары: активті құрумен немесе сатып алумен тікелей байланысты қызметкерлерге сыйақы төлеуге шығатын шығындар; алаңды дайындауға арналған шығындар; жүктеу-түсіру жұмыстарын жеткізу мен өндіруге арналған бастапқы шығындар; орнату мен монтаждауға арналған шығындар; активті баратын жеріне жеткізу және оны жұмыс істейтіндей жағдайға келтіру процесінде өндірілген бұйымдарды сатудан түскен таза пайданы шегергеннен кейінгі активтің тиісінше жұмысын тексеруге шығатын шығындар; көрсетілген кәсіби қызметтерге төленген төлемдер.
Параграф 6. Инвестициялар мен бағамдық айырмаларды есепке алу
51. Бағалы қағаздар мен қатысу үлестерін сатып алу жолымен жүзеге асырылатын инвестициялар сатып алу құны бойынша бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікте көрсетіледі. 52. Операцияның шетелдік валютада есеп айырысуды болжамдайтын бастапқы танылуы кезінде теңгемен болатын мәмілелерді есепке алу үшін валюта айырбастаудың операция жасалып отырған күндегі ағымдағы нарықтық бағамы қолданылады. 53. Шетелдік валютадағы монетарлық баптар әрбір есепті кезеңнің аяғында валюта айырбастаудың кезең жабылатын күндегі нарықтық бағамы бойынша қайта бағаланады. 54. Монетарлық баптар бойынша түпкі есеп айырысу кезінде немесе монетарлық баптарды аудару кезінде туындайтын бағамдық айырмалар бастапқы танылған кездегі кезең ішінде немесе алдыңғы қаржылық есептілікте олар аударылған бағамдардан өзгеше бағамдар бойынша әрбір есепті күнге олар туындаған кезеңдегі пайдада немесе залалда танылады.
Параграф 7. Кірістер мен шығыстарды есепке алу
55. Кіріс, егер субъект болашақ экономикалық пайданы алу ықтималы болса ғана мойындалады және осы пайдалар сенімді түрде өлшенеді. 56. Кіріс кез келген сауда және көтерме жеңілдіктерді ескере отырып, алынған немесе алуға жататын өтеудің әділ құны бойынша өлшенеді. Операциядан туындайтын кіріс сомасы сатушы мен сатып алушы немесе активті пайдаланушының арасындағы шартпен анықталады. 57. Тауарларды сатудан түскен кірісті мойындау критерийлері мыналар болып табылады: 1) Тауарларды иеленудің айтарлықтай тәуекелдері мен артықшылықтары сатушыдан сатып алушыға көшуі; 2) Сатушы одан әрі сатылған тауарды басқаруда қатыспайды және оны бақыламайды; 3) Кіріс сомасы сенімді бағаланады; 4) Мәмілеге байланысты экономикалық пайда сатып алушыға түсуі ықтималы да бар; 5) Мәмілеге байланысты шегілген немесе күтілетін шығындар сенімді бағаланады. 58. Қызмет көрсету, жұмыс орындау кезінде кіріс операцияның есепті кезеңге операцияның аяқталу сатысына көрсету жолымен танылады. Операцияның аяқталу сатысы орындалған жұмысты сенімді бағалауды қамтамасыз ететін тәсілмен анықталуы тиіс, атап айтқанда: орындалған жұмыс туралы есептер; көрсетілген қызметтердің, орындалған жұмыстардың жалпы көлемінен пайыз ретінде ұсынылған қызметтер; шеккен шығындардың жалпы күтілетін шығындарға тепе-тең ара қатынасы. Қызметтер көрсетуді ұйғаратын операцияның нәтижесі сенімді бағаланбаса, кіріс танылған өтелетін шығыстар сомасында ғана танылады. Шарт бойынша ақша қаражатын алу күтілмесе, шарт бойынша болған шығындар сол күні шығын ретінде танылады. 59. Агенттік қатынас кезінде, принципиал атынан (агент (өкіл) жеке немесе заңды тұлға атынан әрекет ететін) жиналған сомалар агенттің табысы болып табылмайды (оның қызметкері болып табылмайтын, басқа тұлғаның (принципиалдың) атынан оның тапсырмасы бойынша және қызығушылығы үшін басқа тұлғамен (принципиалмен) уәкілдік еткен жеке немесе заңды тұлға). Комиссиялық сыйақыны алуға жататын сома табыс болып табылады. 60. Қаржыландырудан түскен кірістерге мыналар: 1) сыйақылар бойынша кірістер, онда қаржы активтері бойынша кірістер алуға пайдалануға ақша қаражатын бергені үшін байланысты операциялар көрсетіледі; 2) дивидендтер бойынша кірістер, онда бағалы қағаздар жөніндегі алынған дивидендтер бойынша кірістер алуға байланысты операциялар көрсетіледі; 3) қаржы лизингінен түскен кірістер жатады. Қаржыландырудан түсетін кірістер, олар үшін жұмыс істелген кезеңде танылады. 61. Басқа кірістерге кірістердің мынадай түрлері: 1) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің шығарылуынан түсетін; 2) мемлекеттік субсидиялардан; 3) оң бағамдық айырмадан; 4) айыппұлдар, өсімақылар, шарттардың талаптарын бұзғаны үшін тұрақсыздық айыптары; 5) олар бойынша Азаматтық кодексте белгіленген қуыну мерзімі өткен кредиторлық берешек сомасы; 6) түгендеу кезінде айқындалған артық шыққан материалдық құндылықтар; 7) субъектіге келтірілген залалды өтеуге түскен түсімдер; 8) жалдаудан түскен кірістер; 9) өзгелер. 62. Шығыстар келешек кезеңдердің шығыстары және кезең шығыстары болып бөлінеді. Болашақ кезеңдердің шығыстарына (жолға қойылған шығыстар) кірістер алу мақсатында немесе болашақта кейінгі қызметті жүзеге асыру үшін есепті кезеңде субъектінің активтерді пайдалану жөніндегі шығыстары жатқызылады. Есептеу және сәйкес келу қағидаттарына сәйкес болашақ кезеңдердің шығыстары осы операция бойынша кірісті таныған сәтке дейін актив ретінде субъектінің балансында капиталданады және тиісті кіріс танылған кезеңде шығыстарға біркелкі есептен шығарылады. 63. Кезең шығыстары жүргізілген есепті кезеңде есептен шығарылады (есептен шығару құқығы меншік құқығы берілумен бірге басталатын дайын өнімді қоспағанда). 64. Шығыстар егер сенімді өлшенуі мүмкін активті азайтуға немесе міндеттемелерді арттыруға байланысты болашақ экономикалық пайданы азайту болса, пайда және шығындар туралы есепте танылады. Шығыстар, егер шығындар болашақ экономикалық пайда әкелмесе тез арада пайда және шығындар туралы есепте танылады. 65. Шығыс сондай-ақ өнімге кепілдік жөнінде міндеттемелер туындаған жағдайдағыдай активті танымай міндеттеме туындағанда пайда мен шығындар туралы есептен танылады. 66. Өндірілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша шығыстар өзіне қорлар шығындарын қосады. Қорларды сату кезінде, берілген қорлардың баланстық құны шығын ретінде өдірілген өнім, жұмыс, қызметтер жасалған үшін табыс танылған мерзімде танылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |