|
|
|
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен жүргізудің ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 31 қазандағы N 1158 қаулысы (ҚР Үкіметінің 19.08.03 ж. N 825; 29.01.04 ж. N 110; 27.03.04 ж. N 371 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция ҚР Үкіметінің 2004 ж. 6 мамырдағы N 508 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді: 1. Қоса берiліп отырған Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережесi бекiтiлсiн. 2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметінің кейбiр шешiмдерiнің күшi жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 31 қазандағы N 1158 қаулысымен бекiтiлген Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзу ережесi 1-тарау. Жалпы ережелер 2-тарау. Мемлекеттiк сатып алу процесiн ұйымдастыру мен өткiзу § 1. Конкурстық комиссия құру мен оның қызметiнiң тәртiбi § 2. Конкурстық құжаттаманы дайындау § 3. Конкурстық өтiнiмдердiң мазмұны, оларды ұсыну, бағалау және салыстыру § 4. Сатып алуды өзге тәсiлдермен жүзеге асыру тәртiбi § 5. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды сатып алудың салалық ерекшелiктерi § 6. Iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелер жүргізу бойынша көрсетiлетiн қызметтердi, фармацевтикалық және медициналық мақсаттағы өнiмдердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекшелiктерi § 7. Бағдарламалық қамтамасыз ету жөнiндегi көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекшелiктерi § 8. Мемлекеттiк ресурстарға астықты, сондай-ақ оларды сақтау және өткiзу жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекшелiктерi § 9. Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушы § 10. Ұсынылған конкурстық құжаттама үшiн ақы алудың тәртiбi мен шарты § 11. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi енгiзудiң тәртібі § 12. Өткiзуге дайындалып жатқан және өткiзiлген мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтердiң жариялану тәртiбi 3-тарау. Қорытынды ережелер Қосымшалар 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының "Мемлекеттiк сатып алу туралы" 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзу, конкурстық комиссияны құру мен оның қызметiнiң тәртiбiн, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың салалық ерекшелiктерiн және солар бойынша шарттар жасау мерзiмдерiн белгiлейдi. 2-тарау. Мемлекеттiк сатып алу процесiн ұйымдастыру мен өткiзу § 1. Конкурстық комиссия құру мен оның қызметiнiң тәртiбi 2. Заңның 9-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген тәсiлдермен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру үшiн конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссия құрады. 3. Конкурстық комиссияны конкурсты ұйымдастырушы әрбiр конкурсқа арнап құрады. 4. Конкурстық комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және конкурстық комиссияның мүшелерi кiредi. Конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ саннан тұруға және онда кемiнде үш адам болуға тиiс. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияның мүшесi бола алмайды және конкурстық комиссия шешiмдер қабылдаған кезде дауысқа ие болуға құқығы жоқ. Конкурстық комиссия конкурсты ұйымдастырушы конкурсты ұйымдастыру және өткiзу туралы конкурстық комиссия құру туралы шешiмдi бекiткен немесе мемлекеттiк сатып алу туралы шарт күшiне енгенге дейiн бiр көзден сатып алу тәсiлi жүзеге асырылған сәттен бастап жұмыс iстейдi. 5. Конкурстық комиссиялардың құрамына конкурсты ұйымдастырушының бiрiншi басшылары немесе олардың орынбасарлары, тапсырысшының басшылары немесе олардың орынбасарлары, конкурсты ұйымдастырушының және/немесе тапсырысшының мамандары мiндеттi түрде енгiзiледi, сондай-ақ Заңда ескертiлгендердi қоспағанда, конкурсты ұйымдастырушының және/немесе тапсырысшының оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары мен мамандары енгiзiлуi мүмкiн. 6. Мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелер жүзеге асыратын мемлекеттiк сатып алу мәнi объектiлердi салу және/немесе күрделi жөндеу болса, конкурстық комиссиялардың құрамына сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның өкiлдерi, солардың келiсiмi бойынша енгiзiлуi мүмкiн. 7. Конкурстық комиссияның төрағасы конкурсты ұйымдастырушының бiрiншi басшысының орынбасарынан төмен емес тұлға болып табылады, ол комиссияның қызметiне басшылық жасайды, комиссияның отырыстарына төрағалық етедi, жұмысты жоспарлайды және оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функциясын орынбасары атқарады. 8. Конкурстық комиссияның хатшысы мемлекеттiк, сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзуге жауапты конкурсты ұйымдастырушының тиiстi бөлiмшесiнiң маманы болып табылады. Конкурстық комиссияның хатшысы ықтимал өнiм берушiлерге конкурстық құжаттаманы ұсынады, ықтимал өнiм берушiлерден конкурстық өтiнiм салынған конверттердi қабылдайды, конкурстық комиссия отырысының күн тәртібi бойынша ұсыныстар, қажеттi құжаттар, материалдар дайындайды және отырыс өткiзiлгеннен кейiн оның хаттамаларын ресiмдейдi, келiп түскен конкурстық өтiнiмдердi және конверттердi ашу рәсiмiне қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушiлердi тiркеу журналын жүргiзедi, оларда конкурстық өтінiмдер салынған конверттердi ықтимал өнiм берушiнiң ұсынған уақыты мен күнi және ықтимал өнiм берушiнiң уәкiлеттi өкiлiнiң (конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ұсынушы тұлғаның және конкурсқа қатысушының) тегі, есiмi, әкесiнiң есiмi көрсетiледi. Келiп түскен конкурстық өтiнiмдердi және конверттердi ашу рәсiмiне қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушiлердi тiркеу журналдары тiгiлуге, беттерi нөмiрленуге тиiс, соңғы бетi конкурсты ұйымдастырушының мөрiмен куәландырылуға тиiс. Сатып алу түрлерi бойынша бiрыңғай журналдар жүргiзуге жол берiледi. Санкция берiлмеген қол жеткiзiлiмнен қорғаудың жеткiлiктi элементтерi болған кезде тiркеу журналы оны конкурс нәтижелерi бойынша кейiннен қағазға түсiре отырып электронды түрде ресiмделуi мүмкiн. Келiп түскен конкурстық өтiнiмдер мен ықтимал өнiм берушiлерді тiркеу журналдарын жүргiзу және сақтау конкурсты ұйымдастырушының iс жүргiзуiнде белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады. Қажет болған кезде конкурсты ұйымдастырушы хатшының жұмысын орындау үшiн хатшылық белгiлей алады, бұл конкурсты ұйымдастырушының осы Ережеде белгiленген жағдайларда құжаттарға қол қоюға хатшылық атынан уәкiлеттi жауапты тұлғаны көрсете отырып, конкурстық комиссия құру туралы бұйрығында көрiнiс табуға тиiс. 9. Конкурсты ұйымдастырушыда тиiстi бейiндегi мамандар болмаған жағдайда ол мемлекеттiк қызметшiлердi өтеусiз негiзде, ал бейiнi сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге сәйкес келетiн өзге мамандарды тараптардың уағдаластықтары бойынша ақылы, сонымен бiрге өтеусiз негiзде, техникалық сарапшы ретiндегi жұмыс үшiн тарта алады. Қажет болған кезде конкурсты ұйымдастырушы техникалық сарапшылардан тұратын сарапшылар комиссиясын құра алады. Ақылы негiздегi техникалық сарапшылар ретiнде тартылатын тұлғаларды таңдау Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 10. Техникалық сарапшылар (сарапшылар комиссиясы) ықтимал өнiм берушiлер ұсынған тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестiгi жөнiнде сараптамалық қорытынды бередi және конкурстық комиссия шешiм қабылдаған кезде дауысқа ие болуға құқығы жоқ. Техникалық сарапшылардың (сарапшылар комиссиясының) қорытындысы конкурсқа ұсынылған конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру және конкурс жеңiмпазын анықтау кезiнде, егер ол конкурстық құжаттамада көзделген талаптар шегiнде жасалған жағдайда ғана ескерiледi. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресiмделедi, оған техникалық сарапшылар (сарапшылар комиссиясының мүшелерi) қол қояды және ол конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса берiледi. 11. Осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес ашық конкурс өткiзу туралы нысан бойынша жарияланатын хабарландыру жарияланғанға немесе осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес жасалатын жабық конкурс өткiзу кезiнде ықтимал өнiм берушiлерге хабарлама жiберiлгенге дейiн конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияның құрамын, конкурстық комиссияның хатшысын бекiтедi, қажет болған кезде техникалық сарапшыларды (сарапшылар комиссиясының құрамын) белгiлейдi, конкурстық құжаттаманы дайындайды және бекiтедi. Осы тармақ бойынша барлық шешiмдер конкурсты ұйымдастырушының бiрiншi басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның шешiмiмен немесе бұйрығымен (бұйрықтарымен) қабылданады. 12. Конкурс өткiзу басталғанға дейiн конкурстық комиссия конкурсты ұйымдастырушы дайындаған конкурстық құжаттамамен танысуға тиiс. 13. Конкурстық комиссияның отырысы конкурстық комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан кезде өткiзiледi. Конкурстық комиссияның шешiмi ашық дауыспен қабылданады және егер ол үшiн конкурстық комиссияның қатысушы мүшелерi жалпы санының көпшiлiгі дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссияның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда, осы Ереженiң 7-тармағына сәйкес төрағаның функциясы жүктелген төрағаның орынбасары дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады. Конкурстық комиссияның шешiмiмен келiспеген жағдайда, осы конкурстық комиссияның кез келген мүшесi айрықша пiкiр айту құқығына ие, ол жазбаша түрде жазылуға және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына тiркелуге тиiс. Конкурстық комиссияның қайсыбiр мүшесi өндiрiстiк немесе басқа себеппен болмаған жағдайда конкурстық комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебi және осы фактiнi растайтын құжатқа сiлтеме көрсетiледi. Егер конкурстық комиссия мүшелерiнiң қажеттi саны болмауы себебiнен конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу жөнiндегi конкурстық комиссияның отырысы белгiленген күн мен уақытта өтпеген жағдайда, конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа ұсынылған конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердiң сақталуын қамтамасыз етедi және жарияланған мерзiмнен 24 сағаттан кешiктiрмей, конверттердi ашуды жүргiзу күнi мен уақыты туралы жариялайды. Бұл ретте жаңадан берiлген өтiнiмдер қабылданбайды. 14. Конкурстық комиссия отырысының хаттамасына конкурстық комиссияның барлық қатысушы мүшелерi, оның төрағасы, оның орынбасары мен хатшысы қол қояды. § 2. Конкурстық құжаттаманы дайындау 15. Конкурсты ұйымдастырушы барлық ықтимал өнiм берушiлерге Заңның 12-бабының 1-тармағында көрсетiлген ақпаратта баяндалған конкурстық құжаттаманы ұсынуға міндетті. 16. Конкурстық құжаттама уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгi негiзiнде жасалады. § 3. Конкурстық өтiнiмдердiң мазмұны, оларды ұсыну, бағалау және салыстыру 17. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген, заңды тұлға болып табылатын ықтимал өнiм берушi ұсынатын конкурстық өтiнiмде: 1) осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес конкурсқа қатысуға арналған өтiнiм; 2) ықтимал өнiм берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың тiзбесi: ықтимал өнiм берушiнiң сатып алынатын тауарларды өндiруге, қайта өңдеуге, беруге және сатуға, жұмыстар орындау мен қызметтер көрсетуге арналған құқығын растайтын лицензияларының және/немесе патенттерiнiң, куәлiктерiнiң, сертификаттарының, дипломдарының, басқа да құжаттарының нотариалды куәландырылған көшiрмесi (не заңды түрде белгiленген нысандағы көшiрмесi); егер сатып алатын жұмыстары мен көрсететiн қызметтерi лицензияланбайтын болған жағдайда, ықтимал өнiм берушi орындайтын қызмет түрлерiнiң тiзбесiмен бiрге заңды тұлға жарғысынан алынған үзiнді көшiрменiң нотариалды куәландырылған көшiрмесi немесе мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiне аудара отырып нотариалды куәландырылған сауда тiзiлiмiнен алынған заңдастырылған үзiндi көшiрме (Қазақстан Республикасының резиденттерi емес үшiн); бухгалтерлiк баланс; конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу күнiнiң қарсаңында ықтимал өнiм берушiнiң банктiң (банктердiң) алдында үш айдан асатын мерзiмi өткен берешегiнiң жоқтығы туралы бiрiншi басшының немесе қол қоюға құқығы бар тұлғаның және бас бухгалтердiң қолы қойылып, банктiң (банктердiң) мөрi басылған банктiң (банктердiң) анықтамасы (егер ықтимал өнiм берушi екiншi деңгейдегi бiрнеше банктердiң немесе филиалдарының, сондай-ақ шетел банкiнiң клиентi болып табылса, бұл анықтама осындай банктердiң әрбiрiнен ұсынылады); мiндеттi түрде аудит жүргiзу Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен белгiленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылы үшiн аудиторлық есебi; тауарлар өндiру, қызметтер көрсету және жұмыстар орындау үшiн мамандықтар бойынша бiлiктiлiгi, жұмыс стажы көрсетiлген қызметкерлердiң болуы мен саны туралы құжат; заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң немесе заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқық беретiн, тиiстi мемлекеттiк орган берген құжаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi; статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшiрмесi; құрылтайшылардың құрамы туралы құрылтай шартынан алынып нотариалды куәландырылған үзiндi көшiрме; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзiмi ұзартылған жағдайларды қоспағанда, конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу күнiнiң қарсаңында ықтимал өнiм берушiнiң салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар бойынша үш айдан асатын мерзiмi өткен берешегiнiң жоқтығы туралы бiрiншi басшының немесе қол қоюға құқығы бар тұлғаның қолы қойылып, осы салық органының мөрi басылған тиiстi салық органының белгiленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшiрмесi; 3) осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылған және ол болған кезде шегерiмнiң нақты мөлшерi көрсетiлетiн iлеспе қызметтердiң құнын қоса алғанда, берiлетiн тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң түпкi бағасын құрайтын, ықтимал өнiм берушiнiң барлық нақты шығындары баяндалған ықтимал өнiм берушi ұсынған баға; 4) сатып алуға арналған тауарлардың және көрсетiлетiн қызметтердiң қолайлығын және конкурстық құжаттамаға сәйкестiгiн растайтын куәлiктердiң және/немесе шығарылған жерi сертификаттарының және басқа құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмесi (не заңды түрде белгiленген нысандағы көшiрмесi); 5) техникалық ерекшелiктер (ерекшелiктердi, жоспарларды, сызбаларды, нобайларды және халықаралық немесе қазақстандық стандарттарға сiлтемелердi, бiрыңғай нормалар мен ережелердi қоса алғанда, ұсынылатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге техникалық сипаттама беру); 6) ұсынылатын iлеспе қызметтер; 7) Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық өтiнiмдi (кассалық кiрiс ордерi, төлем тапсырмасы, банк кепiлдiгi) қамтамасыз етудiң енгiзiлгенiн растайтын құжаттың түпнұсқасы; 8) конкурстық құжаттамаға сәйкес ұсынылуы үшiн қажеттi басқа да құжаттар болуға тиiс. 18. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушi - жеке тұлғаның конкурстық өтiнiмiнде: 1) осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес конкурсқа қатысуға арналған өтiнiм және жеке куәлiктiң, паспорттың немесе жеке тұлғаны куәландыратын құжаттарды ауыстыруға қабылдау туралы iшкi iстер органдары анықтамасының көшiрмесi; 2) iс-әрекетке қабiлетті болып табылатын ықтимал өнiм берушi - жеке тұлғаға қойылатын бiлiктiлiк талаптарға сәйкестiгiн растайтын құжаттардың тiзбесi: ықтимал өнiм берушiнiң сатып алынатын тауарларды өндiруге, қайта өңдеуге, беруге және сатуға, жұмыстар орындау мен қызметтер көрсетуге құқығын растайтын лицензияларының және/немесе патенттерiнiң, куәлiктерiнiң, басқа да құжаттарының (кәсiби бiлiктiлiгiнiң бар екендiгiн растау үшiн) нотариалды куәландырылған көшiрмесi (не заңды түрде белгiленген нысандағы көшiрмесi); заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін, тиісті мемлекеттiк орган берген құжаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi (мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу үшiн азаматтық құқықтық қабiлеттiлiктiң болуын растау үшiн) және ықтимал өнiм берушiнiң ұсынылатын тауарға, көрсетiлетiн қызметке меншiк құқығын немесе иелену құқығын растайтын құжаттар; 3) осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылған және ол болған кезде шегерiмнiң нақты мөлшерiн көрсете отырып, берiлетiн тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң түпкi бағасын құрайтын ықтимал өнiм берушiнiң барлық нақты шығындары баяндалған ықтимал өнiм берушi - жеке тұлға ұсынған баға; 4) сатып алуға арналған тауарлардың және көрсетiлетiн қызметтердiң қолайлығын және конкурстық құжаттамаға сәйкестiгiн растайтын куәлiктердiң және/немесе шығарылған жерi сертификаттарының, басқа да құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмесi (не заңды түрде белгiленген нысандағы көшiрмесi); 5) техникалық ерекшелiктер; 6) ұсынылатын iлеспе қызметтер; 7) конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудiң енгiзiлгенiн растайтын төлем тапсырмасының немесе кассалық кiрiс ордерiнiң түпнұсқасы болуға тиiс. 19. Заңның 14-бабының 2-тармағында тiзбеленген жағдайларды қоспағанда, ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi ақша кепiлi түрiнде конкурсты ұйымдастырушының тиiстi шотына енгiзедi. 20. Конкурстық өтiнiмдер конкурстық құжаттамада көрсетiлген тiлде жасалуға және ұсынылуға тиiс. 21. Тауарларға, жұмыстарға және көрсетiлетiн қызметтерге қойылатын техникалық талаптар қолданыстағы халықаралық және/немесе ұлттық стандарттарға, нормалар мен ережелерге негiзделуге тиiс. 22. Мемлекеттiк орган мен мемлекеттiк мекеме өткiзетiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурсқа қатысу үшiн ықтимал өнiм берушi ұсынатын конкурстық өтiнiмнiң қолданылу мерзiмi конкурстық өтiнiмдер ашылған күннен бастап кемiнде 45 күн, ал акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсiпорын мен акционерлiк қоғам, сондай-ақ солармен аффилиирленген заңды тұлға өткiзгенде - кемiнде 35 күн болуға тиiс. Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтінiмiнде оның қолданылу мерзiмiн көрсетуге тиiс. Қолданылу мерзiмi конкурстық құжаттамада көрсетiлгендегiден неғұрлым қысқа конкурстық өтiнiм қабылданбайды. 23. Конкурстық өтiнiмдi ықтимал өнiм берушi тiгiлген түрде, нөмiрленген беттерiмен ұсынады және соңғы бетi оның қолымен, ал заңды тұлға үшiн - мөрiмен куәландырады. Егер ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмнiң бағасын конкурстық өтiнiмнен бөлек ұсынған жағдайда, бұл баға ұсынысын өзi қосымша растайды. Конкурстық өтiнiмнiң техникалық бөлiп (тiгiлген түрде, нөмiрленген беттерiмен, соңғы бетi қолымен, ал заңды тұлға үшiн - ықтимал өнiм берушiнiң мөрiмен расталған) және банктiк кепiлдеменiң түпнұсқасы конкурстық өтiнiмге бөлек тiркеледi. 24. Ықтимал өнiм берушi конкурстық құжаттамада қажеттілігіне қарай "Түпнұсқа" және "Көшiрме" деп көрсете отырып, конкурсты ұйымдастырушы көрсеткен конкурстық өтiнiм көшiрмелерiнiң қажет санын ұсынады. Олардың арасында алшақтық болған жағдайда түпнұсқаға басымдық берiледi. Конкурстық өтiнiмнiң түпнұсқасы және барлық көшiрмелерi басылуға немесе өшпейтiн сиямен жазылуға және ықтимал өнiм берушi қол қоюға тиiс. Конкурстық өтінiмде, ықтимал өнiм берушiнiң грамматикалық немесе арифметикалық қателердi түзетуi қажет болған жағдайларды қоспағанда, жол арасында ешқандай қосу, өшiру немесе қосып жазу болмауға тиiс. 25. Ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмнiң түпнұсқасы мен әрбiр көшiрмесiн әртүрлi конверттерге салып, мөрлейдi, оларға "Түпнұсқа" немесе "Көшiрме" деген белгi соғады. Бұл конверттерде ықтимал өнiм берушiнiң атауы мен мекен-жайы көрсетiлуге тиiс (Заңның 13-бабы 5-тармағының негiзiнде конкурстық өтiнiм ашылмай қайтарылған жағдайда). Бұдан кейiн конверттер сыртқы конвертке салынып, мөрленедi. Iшкi және сыртқы конверттер: 1) конкурстық құжаттамада көрсетiлген мекен-жай бойынша конкурсты ұйымдастырушыға жiберiлуге; 2) "______________________ сатып алу жөнiндегi конкурс" және (конкурстың аты) "__________________________________________ дейiн ашуға болмайды" (конверттердi ашудың конкурстық құжаттамада көрсетiлген күнi мен уақыты) деген сөздер жазылуға тиiс. Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген конкурстық өтінiмдi өзгертудi ықтимал өнiм берушi дайындауға, мөрленуге және ол конкурстық өтiнiмде ұсынылуға тиiс. Керi қайтарып алу туралы хабарламаны ықтимал өнiм берушi жазбаша нысанда, бiрақ конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың түпкiлiктi мерзiмiнен кешiктiрмей жiберуге тиiс. Конкурстық өтiнiмдердi ұсынудың түпкiлiктi мерзiмi өткеннен кейiн конкурстық өтiнiмдерге ешбiр өзгерiс енгiзiлмеуге тиiс. 26. Ықтимал өнiм берушiнiң конверттердi ашуға қатысуға уәкiлеттi өкiлге берген сенiмхаты конкурстық өтiнiмге қоса тiркелуге не оны осы өкiл конверттердi ашу (ашылу) кезiнде (алдында) ұсынуға тиiс. Ол болмаған жағдайда ықтимал өнiм берушiнiң өкiлi конверттердi ашу рәсiмiне жiберiлмейдi, ал конкурстық өтiнiм ашылады. 27. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдермен қоса ұсынылған конверттердiң түпнұсқалары мен көшiрмелерiн конкурстық құжаттамада белгiленген орында және уақытта ашады. Конверттердi ашудың тiкелей алдында конкурстық комиссия ықтимал өнiм берушiге конкурстық өтiнiмнiң бiр бөлiгi ретiнде қосымша конверттер енгiзуге құқық бередi, оларда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бағасы көрсетiледi. Қосымша конверттер ұсынуды конкурстық комиссияның хатшысы тiркеу журналында тiркейдi. Осы рәсiмнен кейiн қандай да бiр қосымша конверттер қабылданбайды. Конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу рәсiмi бойынша конкурстық комиссияның хатшысы осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес нысан мен мазмұны бойынша ашу жөнiндегi хаттамасын жасайды, оған конкурстық комиссияның төрағасы, оның орынбасары, конкурстық комиссияның мүшелерi және хатшысы қол қояды. 28. Ықтимал өнiм берушi және оның аффилиирленген тұлғасы ашық конкурсқа (лотқа) қатысқан жағдайда конкурстық комиссия Заңның 7-бабының 3-тармағын iске асыру мақсатында мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың кез келген кезеңiнде мұндай тұлғалардың конкурстық өтiнiмдерiн қабылдамай тастайды. Осы фактi конверттердi ашу және/немесе конкурстың қорытындысы туралы хаттамаларда көрiнiс табуға тиiс. 29. Конкурстық комиссия ықтимал өнiм берушiлердің қойылған бiлiктiлiк талаптарға сай келетiн конкурстық өтiнiмдерiн бағалайды және салыстырады. Егер конкурсқа (лотқа) қатысуға бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн екеуден кем ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмдер берген жағдайда, конкурстық комиссия конкурс өтпедi деп таниды. Конкурстық комиссия, сондай-ақ егер бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн барлық конкурстық өтiнiмдер Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмейтiндер ретiнде қабылданбаса, конкурс тұтастай немесе белгiлi бiр лот бойынша өтпедi деп таниды. Конкурстық комиссия, сондай-ақ егер бiлiктiлiк талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетiн ықтимал өнiм берушiлер ұсынған барлық бағалар, осы сатып алуға көзделген сомадан асып кетсе, конкурс тұтастай немесе белгiлi бiр лот бойынша өтпедi деп таниды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |