|
|
|
Сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2000 ж. 18 желтоқсандағы N 126-II Заңы (ҚР 16.05.03 ж. N 416-11; 11.06.03 ж. N 436-11; 10.07.03 ж. N 483-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен) Осы редакция 2004 жылғы 11 маусымдағы N 562-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Бұр. редакцияларды қара 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңдар 1. Сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Осы Заңмен тікелей реттелген қатынастарды коспағанда, сақтандырудан туындайтын және өзге де заң актілерінің қолданылатын аясына жататын қатынастар осы актілермен реттеледі. ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 2-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар 1. Осы Заң кәсіпкерлiк қызмет түрі ретінде сақтандыруды жүзеге асырудың негізгi ережелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, сақтандыру брокерлерiн құру, лицензиялау, реттеу, олардың қызметiн тоқтату ерекшелiктерiн, өзге де жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру рыногындағы қызметiнің талаптарын, сақтандыру рыногын мемлекеттік реттеу міндеттерін және сақтандыру қызметін қадағалауды қамтамасыз ету принциптерін белгілейді. 2. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның (бұдан әрi - уәкiлеттi органның) және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi Ұлттық Банк) осы Заңға сәйкес қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерi сақтандыру рыногының барлық қатысушылары үшін мiндеттi болады. 3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: актуарий - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қажеттi төлем қабiлеттiлiгi мен қаржылық тұрақтылық деңгейiн қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша мiндеттемелер мөлшерiнiң экономикалық-математикалық есептеулерiн жүзеге асыруға байланысты қызметтi атқаратын жеке адам; сатып алу сомасы - жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының алуына құқығы бар ақша сомасы; бара-бар емес қайта сақтандыру - сақтандыру шартына сәйкес көзделген жағдайлар туындаған кезде қайта сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемiн орны толтырылуға тиiстi залалдардың толық сомасының қайта сақтандыру шарты бойынша цеденттiң өзi ұстап қалатын сомасынан артығы мөлшерiнде жүзеге асыруға өзiне мiндеттеме қабылдайтын қайта сақтандыру; қайта сақтандырушы (цедент) - өзi қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiн қайта сақтандыруға берудi жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы; қайта сақтандыру - сақтандыру шарты бойынша сақтандыру ұйымы қабылдап, кейiннен өздерiнiң арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес қайта сақтандыру ұйымына сақтандыру тәуекелдерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн беруге байланысты қызмет және соған байланысты туындайтын қатынастар; қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) - уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға; сақтандыру ережелерi - сақтандыру ұйымының белгiлi бiр сақтандыру түрi бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты; бара-бар қайта сақтандыру - тиiстi сақтандыру шартында көзделген жағдайлар туындаған кезде қайта сақтандыру ұйымы қайта сақтандыру шарты бойынша цеденттен қабылданған сақтандыру мiндеттемелерiнiң үлесiне бара-бар мөлшерде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға өзi мiндеттеме қабылдайтын қайта сақтандыру; сақтандыру рыногының кәсiби қатысушылары - өз қызметiн уәкiлеттi органның тиiстi лицензиялары негiзiнде жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокерi, актуарий және уәкiлеттi аудитор; пруденциялық нормативтер - уәкiлеттi орган белгiлейтiн және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтауы үшiн мiндеттi нормативтер; өздiгiнен ұстап қалу - сақтандыру сомасының бiр бөлiгi, соның шегiнде цедент қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебiнен жауапты болады; ортақ сақтандыру - бiрнеше сақтандыру ұйымдарымен бiр мезгiлде сақтандыру шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерiн қабылдап, олардың жауапкершiлiгiн өздерiнiң арасында жасалған ортақ сақтандыру шартына сәйкес бөлуге байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар; сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) - сақтандыру шарттарын жасасу және орындау қызметiн уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлға; сақтандыру агенті - берiлген өкiлеттiгiне сәйкес сақтандыру ұйымының атынан және тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөнiндегi делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға; сақтандыру брокерi - сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелерi бойынша консультациялық қызметтi, өз атынан және сақтанушының тапсыруымен сақтандыру шарттарын немесе өз атынан және цеденттiң тапсыруымен қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөнiндегi делдалдық қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға; сақтандыру резервтерi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарий есептеулерi негiзiнде бағаланатын мiндеттемелерi; сақтандыру қызметiнiң субъектiлерi - сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары; уәкiлеттi аудиторлық ұйым (уәкiлеттi аудитор) - уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аудитi жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын аудиторлық ұйым (аудитор). 4-бап. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi 1. Сақтандыру дегенiмiз, сақтандыру ұйымы өз активтерi есебiнен жүзеге асыратын сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерiн мүлiктiк жағынан қорғауға байланысты қатынастар кешенi. 2. Сақтандыру қызметi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау мен орындауға байланысты, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын қызметi. 5-бап. Шетелдiк жеке және заңды тұлғалар мен азаматтығы жоқ адамдарды сақтандыру 1. Шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдiк заңды тұлғалар, оның iшiнде өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратындар сақтандыру арқылы қорғалу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады. 2. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан заңды тұлғалардың немесе оның оқшауланған бөлiмшелерiнiң мүлiктiк мүдделерiн және Қазақстан Республикасының резидентi болып табылатын жеке тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруды тек қана Қазақстан Республикасының резидентi - уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы бар сақтандыру ұйымы жүзеге асыра алады. 2-тарау. Сақтандыру қызметін ұйымдастыру ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 6-бап. Сақтандыру салалары, сыныптары және түрлерi 1. Сақтандыру қызметiн ұйымдастыру және мемлекеттiк реттеу мен лицензиялауды жүзеге асыру үшiн сақтандыру салаларға, сыныптар мен түрлерге бөлiнедi. Сақтандыру ұйымының сақтандыру қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы және "жалпы сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылады. 2. "Өмiрдi сақтандыру" саласы ерiктi сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды: 1) өмiрдi сақтандыру; 2) аннуитеттiк сақтандыру. 3. "Жалпы сақтандыру" саласы ерiктi сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды: 1) жазатайым жағдайдан және аурудан сақтандыру; 2) медициналық сақтандыру; 3) автомобиль көлiгiн сақтандыру; 4) темiр жол көлiгiн сақтандыру; 5) әуе көлiгiн сақтандыру; 6) су көлiгiн сақтандыру; 7) жүктердi сақтандыру; 8) осы тармақтың 3)-7) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, мүлiктi сақтандыру; 9) кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру; 10) автомобиль көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру; 11) темiр жол көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру; 12) әуе көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру; 13) су көлiгi иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру; 14) тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру; 15) шарт бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру; 16) осы тармақтың 10)-14) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, зиян келтiргенi үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру. 4. Ерiктi сақтандыру нысанындағы әрбiр сыныптың мазмұны және оны жүргiзу жағдайлары бойынша қосымша талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi. 5. Сақтандыру түрi, сақтандыру ұйымы сақтанушыға сақтандыру шартын жасау арқылы сақтандырудың бiр немесе бiрнеше сыныбы шегiнде әзiрлейтiн және беретiн сақтандыру өнiмi болып табылады. Сақтандыру ұйымы сақтанушыға сақтандыру полисiн бере отырып қосылу шарты нысанында сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi қызметтi уәкiлеттi органмен сақтандыру ережелерiн келiскеннен кейiн ғана жүзеге асыруға құқылы. 6. Мiндеттi сақтандырудың әрбiр түрi сақтандырудың бөлек сыныбы болып табылады. Мiндеттi сақтандыру нысаны бойынша әрбiр сыныптың мазмұны және оны жүргiзу жағдайлары бойынша қосымша талаптар сақтандырудың осы сыныбын реттейтiн заң актiлерiмен белгiленедi. 7-бап. Сақтандыру сыныптарының мазмұны 1. Өмiрдi сақтандыру, сақтандырылушы қайтыс болған немесе ол сақтандыру мерзiмi бiткенге дейiн немесе сақтандыру шартында белгiленген жасқа дейiн өмiр сүрген жағдайда сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн жеке сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 2. Аннуитеттiк сақтандыру, сақтандырылушы белгiлi бiр жасқа жеткен, еңбек ету қабiлетiн (жасына байланысты, мүгедектiгiне байланысты, науқастығына байланысты) жоғалтқан, асыраушысы қайтыс болған, жұмыссыз қалған жағдайларда немесе сақтандырылушының жеке табыстарының кемуiне немесе одан айрылуына әкелiп соққан өзге де жағдайларда зейнетақы немесе рента түрiнде кезең-кезеңiмен сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн жеке сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 3. Жазатайым жағдайдан және аурудан сақтандыру, сақтандырылушы жазатайым жағдайдың немесе ауырудың салдарынан қайтыс болған, еңбек ету (жалпы немесе кәсiптiк жағынан) қабiлетiн (толық немесе iшiнара) жоғалтқан немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтiрiлген жағдайларда оның қосымша шығыстарын тiркелген сомада не iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделетiн жеке сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 4. Медициналық сақтандыру, сақтандырылушының медицина мекемесiнен медициналық сақтандыру бағдарламасына енгiзiлген медициналық қызмет көрсетулердi сұраған жолданымдарынан туындаған шығыстарын iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн жеке сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 5. Көлiк құралдарын сақтандыру, көлiк құралын иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты адамдардың мүлiктiк мүдделерiне оның зақымдануы немесе жойылуы, соның iшiнде айдап немесе ұрлап әкетiлуi салдарынан келтiрiлген зиянды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 6. Жүктердi сақтандыру, жүктердi иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты адамдардың мүлiктiк мүдделерiне оның зақымдануы немесе жойылуы, соның iшiнде жүктердiң тасымалдану әдiсiне қарамастан жоғалып кетуi салдарынан келтiрiлген зиянды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 7. Мүлiктi сақтандыру, мүлiктi иеленуге, пайдалануға, оған билiк етуге байланысты адамдардың мүлiктiк мүдделерiне, осы Заңның 6-бабының 3-тармағының 3)-7) тармақшаларында келтiрiлген мүлiктердi қоспағанда, оның зақымдануы немесе жойылуы салдарынан келтiрiлген зиянды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 8. Кәсiпкерлiк тәуекелдi сақтандыру, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 810-бабында көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 9. Көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру, үшiншi тұлғаға өзi көлiк құралдарын пайдалануға байланысты келтiрген зиянын өтеу мiндетiне байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген зиянды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 10. Тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру, көлiк құралдарын тасымалдаушы ретiнде өзi пайдалануына байланысты үшiншi тұлғаға келтiрiлген зиянын өтеу мiндеттемесiмен байланысты тұлғаның мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген зиянды iшiнара немесе толық өтемi мөлшерiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 11. Шарт бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 812-бабында көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. 12. Залал келтiргенi үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 811-бабында көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру көзделетiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығы болып табылады. ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 8-бап. Сақтандыру салалары мен сыныптарын бiрiктiру 1. Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру ұйымының қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша лицензия немесе "жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензия негiзiнде сақтандырудың лицензияда көрсетiлген тиiстi сыныптары шегiнде жүзеге асырылады. 2. "Жалпы сақтандыру" саласындағы қызметтi: 1) "өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметпен бiрiктiруге; 2) жинақтаушы сақтандыру нысанында жүзеге асыруға болмайды. 3. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған сыныптар шегiндегi тәуекелдердi сақтандыруды қоспағанда, "өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметтi "жалпы сақтандыру" саласындағы қызметпен бiрiктiруге болмайды. 4. Сақтандыру ұйымы, өзiнде сақтандырудың тиiстi сыныптары көрсетiлген және осы Заңда белгiленетiн сақтандыру сыныптарын бiрiктiру жөнiндегi шектеулер ескерiлген лицензия болған жағдайда, сақтандырудың екi және одан көп сыныптарының белгiлерi мен мазмұнын ұштастыратын сақтандыру түрiн әзiрлеуге құқылы. 9-бап. Қайта сақтандыру жөнiндегi қызмет 1. Қазақстан Республикасының аумағында қайта сақтандыруды жүзеге асыру жөнiндегi қызмет осы Заңда көзделген тәртiппен лицензиялануға тиiс. 2. Қайта сақтандыру бара-бар және бара-бар емес болып бөлiнедi. Қайта сақтандыру жөнiндегi лицензияның болуы лицензиатқа бара-бар қайта сақтандыру қызметiн де, бара-бар емес қайта сақтандыру қызметiн де жүзеге асыру құқығын бередi. 3. "Жалпы сақтандыру" саласы бойынша немесе "өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымы бара-бар қайта сақтандыру жөнiндегi қызметiн өзiнiң лицензиясында көрсетiлген сыныптарда ғана қайта сақтандыру лицензиясынсыз жүзеге асыруға құқылы. 4. "Жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымының тек қана "жалпы сақтандыру" саласында қайта сақтандыру жөнiнде лицензия алуға және бара-бар қайта сақтандыру жөнiндегi қызметтi де, бара-бар емес қайта сақтандыру жөнiндегi қызметтi де жүзеге асыруға құқығы бар. 5. "Өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы бар сақтандыру ұйымының тек қана "өмірді сақтандыру" саласында қайта сақтандыру жөнiнде лицензия алуға және бара-бар сақтандыру жөнiндегi қызметтi де, бара-бар емес сақтандыру жөнiндегi қызметтi де жүзеге асыруға құқығы бар. 6. Қайта сақтандыруды қайта сақтандыру жөнiндегi лицензия негiзiнде қызметтің ерекше түрi ретінде жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымы "өмiрдi сақтандыру" және "жалпы сақтандыру" салалары бойынша бара-бар қайта сақтандыруды да, бара-бар емес қайта сақтандыруды да жүзеге асыруға құқылы. 7. Осы Заңда қайта сақтандыру ұйымын құру, лицензиялау және оның қызметiн тоқтату талаптары қайта сақтандыруды қызметтiң ерекше түрi ретiнде жүзеге асыратын қайта сақтандыру ұйымдарына қатысты келтiрiлген. 3-тарау. Сақтандыру рыногы 10-бап. Сақтандыру рыногының қатысушылары Қазақстан Республикасы сақтандыру рыногының қатысушылары: 1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы; 2) сақтандыру брокерi; 3) сақтандыру агентi; 4) сақтанушы, сақтандырылушы, пайда алушы; 5) актуарий; 6) уәкiлеттi аудиторлық ұйым (уәкiлеттi аудитор); 7) өзара сақтандыру қоғамы; 8) сақтандырумен байланысты кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын өзге де заңды және жеке тұлғалар болып табылады. ҚР 11.06.03 ж. N 436-11 Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 11-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметi 1. Сақтандыру қызметi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметтiң негiзгi түрi болып табылады. 2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру қызметiнен басқа қызметтiң мынадай түрлерiн: 1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртiппен инвестициялық қызметтi; 2) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде өзiнiң сақтанушыларына қарыз берудi (сақтандыру ұйымы үшін); 3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын арнаулы бағдарламалық қамтамасыз етудi сатуды; 4) ақпарат берiлiмдерiнiң кез келген түрлерiнде сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi жөнiнде арнаулы әдебиет сатуды; 5) бұрын өз мұқтаждары үшiн сатып алынған (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы үшiн) немесе оның қарамағына сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты келiп түскен (сақтандыру ұйымы үшiн) мүлiктi сатуды немесе жалға берудi; 6) сақтандыру қызметiне байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызмет көрсетудi; 7) сақтандыру (қайта сақтандыру) саласында мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастыру мен жүргiзудi; 8) сақтандыру агентi ретiнде сақтандыру делдалы болуды; 9) осы Заңның 52-бабының 1-тармағында аталған қызметтi; 10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi ("өмiрдi сақтандыру" саласындағы қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары үшiн) жүзеге асыруға құқылы. 3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кәсiпкерлiк қызмет ретiнде осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген мәмiлелердi жүзеге асыруы мен операцияларды жүргiзуiне тыйым салынады. 4. Сақтандыру ұйымдары, сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға кепiлдiк беретiн қор құруға құқылы. Қордың құрылу тәртiбi мен қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi. Сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылардың (сақтандырушылардың, пайда алушылардың) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қорға сақтандыру ұйымдарының міндетті қатысуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделуі мүмкін. 12-бап. Жинақтаушы сақтандыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың ерекшелiктерi 1. Жинақтаушы сақтандыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын ескере отырып, өзiнiң сақтанушыларына сатып алу сомасы шегiнде қарыз беруге құқылы. 2. Сақтандыру ұйымы аннуитет шарты қолданылатын кезеңде актуарийдiң қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртiппен тұрақты берiлiп тұратын сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн ұлғайтуға құқылы. 13-бап. Ортақ сақтандыру жөнiндегi қызмет 1. Ортақ сақтандыру кезiнде сақтандыру шартының талаптары ортақ сақтандыру шартымен белгiленетiн жағдайларда жетекшi сақтандыру ұйымының мiндетi мен өкiлеттiгiн өзiне қабылдайтын сақтандыру ұйымының сақтандыру ережелерiне сәйкес айқындалады. Ортақ сақтандыру шартына қатысушы сақтандыру ұйымы сақтандыру шартын сол сақтандыру түрi бойынша олардың ережелерiнде көзделгенiнен өзгеше жағдайларда жасасуға құқылы. 2. Лицензиясында тиiстi сақтандыру сыныбы көрсетiлмеген сақтандыру ұйымының ортақ сақтандыру iсiне қатысуына тыйым салынады. 14-бап. Лицензиясыз қызметке тыйым салу Уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлғаның: 1) өз атынан сақтандыру, қайта сақтандыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға, негiзгi немесе Қосымша қызмет түрi ретiнде сақтандыру брокерiнiң, актуарийдiң немесе уәкiлеттi аудитордың қызметiн көрсетуге; 2) өзiнiң атауында, құжаттарда, хабарландырулар мен жарнамада "сақтандыру ұйымы", "қайта сақтандыру ұйымы", "сақтандыру брокерi" деген сөздердi немесе оның өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру операцияларын жүзеге асыруды бiлдiретiн не сақтандыру брокерi, актуарий немесе уәкiлеттi аудитор ретiнде көрiнетiн туынды сөздердi (сөз тiркестерiн) пайдалануға құқығы жоқ. ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 15-бап. Трансшекаралық сақтандыру және қайта сақтандыру 1. Сақтандыру ұйымының басқа мемлекеттiң аумағында сақтандыру қызметiн көрсету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты сақтандыру трансшекаралық сақтандыру болып табылады. 2. Қазақстан Республикасы резидентiнiң - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзi қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiн Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге қайта сақтандыруға беруi тiкелей Қазақстан Республикасының резидентi емес қайта сақтандыру ұйымына, онда рейтингтi агенттiктердiң белгiлi бiр рейтингi болған жағдайда, жүзеге асырылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы резидентiнiң - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзi қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiн жоғарыда аталған резидент емес сақтандыру ұйымына қайта сақтандыруға беруi рейтингтi агенттiктердiң белгiлi бiр рейтингi бар Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру брокерi арқылы не Қазақстан Республикасының резидентi - сақтандыру брокерi арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн. Рейтингтi агенттiктердiң тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi. 3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге шығатын автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымының атынан сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi делдалдық қызметке жол берiлмейдi. 4. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымының атынан Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге шығатын автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шарттарын жасасу жөнiндегi делдалдық қызметтi тиiстi сақтандыру сыныбы көрсетiлген уәкiлеттi органның лицензиясы бар Қазақстан Республикасының резиденттерi - сақтандыру ұйымдары және аталған Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымымен жасалған тиiстi шарты болған жағдайда Қазақстан Республикасының резиденттерi - сақтандыру брокерлерi жүзеге асыра алады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |