Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету ережесін
Осы редакция 2009 жылғы 20 сәуірдегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған: 1) Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету ережесі; 2) Мемлекеттік кітапханалардың, мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден қаражат түсу және оны пайдалану ережесі бекітілсін. 2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 1) «Мемлекеттік кітапханалар мен мемлекеттік мұражай-қорықтар ұсынатын тауарларды сатудан және қызметтер көрсетуден түскен қаражатты пайдалану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 8 тамыздағы № 884 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 26, 285-құжат); 2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 3 ақпандағы № 182 және 2002 жылғы 8 тамыздағы № 884 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 820 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 34, 335-құжат). 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі № 262 қаулысымен Бекітілген 1. Осы Мемлекеттік кітапханалардың, мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден қаражат түсу және оны пайдалану ережесі «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 24 және 25-баптарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік кітапханалардың, мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден қаражат түсу және оны пайдалану тәртібін анықтайды. 2. Заңда көзделген мемлекеттік кітапханалардың, мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражатты есепке алу үшін ашылған шотына есептеледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмсалады. 3. Мемлекеттік кітапханалардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша пайдаланылады: 1) материалдық-техникалық базаны нығайтуға; 2) қызметтер көрсету үшін тартылатын мамандарға еңбекақы төлеуге; 3) шаруашылық шығыстарға (байланыс қызметтеріне ақы төлеу, көлік қызметтеріне ақы төлеу, электр энергиясына, жылуға, сумен жабдықтауға ақы төлеу және басқа да коммуналдық шығыстар, ағымдағы мақсаттар үшін заттар мен материалдар сатып алу); 4) кітапхана қорларын толықтыру үшін әдебиет, электрондық коллекциялар мен дерекқор сатып алуға; 5) кітап қорының, оқу әлеуметтанымының сақталуы мәселелері бойынша ғылыми және әдістемелік әдебиет шығаруға; 6) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту жүргізу үшін оқу құралдарын, көрнекі материалдар сатып алуға; 7) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту тренингтерін, семинарлар, конференциялар өткізуге; 8) бұқаралық іс-шараларды өткізуге (әдеби кештер, көрмелер, тұсаукесерлер, конкурстар, кітап күндері, фестивальдер); 9) бланк өнімдерін, брошюраларды, авторефераттарды, оқырман билеттерін, талап парақшаларын жасауға және олардың таралымын көбейтуге, мұқабаларды басып шығаруға, тарақты түптеуге; 10) кітапханалар басылымдарын, дыбыс жазбалар, бейнефильмдер, фонограммалар көшірмелерін өткізуге; 11) кітаптарды, журналдарды жөндеуге, қалпына келтіруге және түптеуге; 12) фото, кино, бейне түсірімдеріне, жекелеген мақалалардың және кітаптар мен мерзімді баспа басылымдарынан алынған материалдардың микрокөшірмесін алуға; 13) мәдени құндылықтар мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруге. 4. Мемлекеттік мұражай мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша пайдаланылады: 1) материалдық-техникалық базаны нығайтуға; 2) ақылы қызметтер көрсету үшін тартылатын мамандарға еңбекақы төлеуге; 3) шаруашылық шығыстарға (байланыс қызметтеріне ақы төлеу, көлік қызметтеріне ақы төлеу, электр энергиясына, жылуға, сумен жабдықтауға ақы төлеу және басқа да коммуналдық шығыстар, ағымдағы мақсаттар үшін заттар мен материалдар сатып алу); 4) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту жүргізу үшін үй-жайды жалға алу және оқу құралдарын, көрнекі материалдар сатып алуға. 5. Мемлекеттік кітапханалардың, мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражатты есепке алу, оның есептілігі және жұмсалуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі № 262 қаулысымен Бекітілген
Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету ережесі
1. Осы Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету ережесі «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер көрсету тәртібін анықтайды. 2. Мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелер (мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар) заңды және жеке тұлғаларға ақылы қызметтер көрсетеді. 3. Мемлекеттік кітапханалар ақылы қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді: 1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу; 2) кемтар азаматтар үшін материалдар дайындау; 3) құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеу және қосымша библиография жасау; 4) қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды қалпына келтіру; 5) көшпелі ақпараттық-көрме іс-шараларын ұйымдастыру; 6) білім беру және аударма қызметтерін көрсету; 7) қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасау; 8) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну; 9) құжаттарды электронды жеткізу, тақырыптық ақпарат іздестіру және құрастыру; 10) келушілерге экскурсиялық қызмет ету, фото және бейне түсірімдер жасау; 11) кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу. 4. Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақылы қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді: 1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу; 2) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну; 3) кәдесый және полиграфия өнімдерін өткізу; 4) мұражайлар мен мұражай-қорықтар шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу. 5. Осы Ереженің 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша мемлекеттік мекемелердің иелігінде қалуы мүмкін.
|