|
|
|
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы
Осы редакция 2012 жылғы 12 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Түпнұсқада мазмұны жоқ
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) арнайы экономикалық аймақ - қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын, дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі; 2) арнайы экономикалық аймақтың басқару органы - басқарушы компания немесе астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік мекемесі; 3) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімі - Қазақстан Республикасының аумағында құрылған барлық арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының тізілімі, оны жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады; 4) арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі - осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттарының жиынтығы; 5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға; 6) басқарушы компания - арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында осы Заңға сәйкес құрылатын заңды тұлға; 7) «бір терезе» қағидаты - өтініш берушінің құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерімен тікелей байланысын шектеуді көздейтін арнайы экономикалық аймақтың аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету нысаны; 8) инфрақұрылым объектілері - арнайы экономикалық аймақты құрудың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес және бас жоспармен бекітілген жылу және электр энергиясын өндіру мен беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациясы, байланыс қызметтері объектілері және өзге де объектілердің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектілері; 9) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі - қызметті жүзеге асыру туралы шарт) - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушылары және арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арасында жасалатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақ қатысушысының немесе қатысушыларының қызмет түрлерін, осындай қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтары, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін шарт; 10) қызметтің басым түрлері - арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері; 11) қызметтің қосалқы түрлері - арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар соның аумағында жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін қамтамасыз ету үшін қажет қызмет түрлері; 12) қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар - осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылмайтын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар; 13) нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейі - қол жеткізілмеуі арнайы экономикалық аймақты құрудың негізгі мақсатын іске асыруға мүмкіндік бермейтін, арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің экономикалық, техникалық, әлеуметтік және (немесе) өзге де көрсеткіштерінің көлемі; 14) өтініш беруші - арнайы экономикалық аймақтың басқару органына қызметтің басым немесе қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған өтінімді беретін тұлға; 15) сарапшылық кеңес - арнайы экономикалық аймақты құрудың немесе таратудың орындылығы мәселесін қарау үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі құратын, уәкілетті органның жанындағы ведомствоаралық консультациялық-кеңесші орган; 16) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары Арнайы экономикалық аймақ қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылады.
2-тарау. Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеу
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне: 1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу; 2) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту; 3) уәкілетті органды айқындау; 4) Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе оны тарату туралы ұсыныс енгізу; 5) басқарушы компанияны құру туралы шешім қабылдау; 6) басқарушы компанияға қатысу; 7) сарапшылық кеңес туралы ережені бекіту; 8) қызметті жүзеге асыру туралы үлгі шарттарды бекіту; 9) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті Уәкілетті органның құзыретіне: 1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру; 2) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын қоспағанда, арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және тарату саласындағы мемлекеттік органдардың және басқарушы компаниялардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру; 3) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу; 4) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеуге арналған өтінімдер мен сауалнамалар нысандарын әзірлеу және бекіту; 5) қызметті жүзеге асыру туралы үлгі шарттарды әзірлеу; 6) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын қоспағанда, арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қатысу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын тарту; 7) арнайы экономикалық аймақтың басқару органдары ұсынатын мәліметтердің негізінде арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу; 8) құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту; 9) Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе тарату туралы ұсыныс енгізу; 10) арнайы экономикалық аймақтың басқару органының есептілікті ұсыну тәртібі мен кезеңділігін айқындау; 11) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау; 12) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы талдау ақпаратын беру; 13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
6-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті 1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне: 1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру; 2) уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізу; 3) осы Заңда белгіленген тәртіппен басқарушы компанияға қатысу; 4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін жер учаскесін беру және басқарушы компаниямен жер учаскелерін және бюджет қаражаты есебінен салынған инфрақұрылым объектілерін жалдау шарттарын жасасу; 5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады. 2. Астананың жергілікті атқарушы органының құзыретіне қосымша: 1) астананың арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуі мен оны тарату саласындағы мемлекеттік органдар мен арнайы экономикалық аймақтың басқару органының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету; 2) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларын тарту; 3) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларының есебін жүргізу жатады.
3-тарау. Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы
7-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру тәртібі 1. Арнайы экономикалық аймақты құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен талаптарға сәйкес ресімделген арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасымен қоса уәкілетті органға енгізеді. Ұсынысты бірнеше заңды тұлға бірлесіп беруі мүмкін. Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасында арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары, орналасқан жері, қызметтің басым түрлері, арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушылары туралы ақпарат, тиісті өңірдің ағымдағы экономикалық ахуалына талдау және арнайы экономикалық аймақты құрудың экономикаға болжамды әсері көзделуге тиіс. 2. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы не оны құру жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы мәселені қарайды. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны сарапшылық кеңестің қарауына жіберуге тиіс, ол уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген кезден бастап құрылады. Сарапшылық кеңестің құрамы құрылатын арнайы экономикалық аймақтың қызметі түрінің ерекшеліктері ескеріліп бекітіледі. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей сарапшылық кеңес қорытынды дайындайды. 3. Уәкілетті орган тиісті шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғаға осындай шешімді қабылдау негіздемесін жібере отырып, хабардар етеді. 4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда: 1) арнайы экономикалық аймақты құру орынсыз болған; 2) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген; 3) ұсынылған материалдар толық немесе дұрыс болмаған; 4) ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген; 5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қаупі туындаған және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларында арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қабылдамайды. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныспен кейіннен қайта жүгінуге кедергі болып табылмайды. 5. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғалар арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауды қамтамасыз етеді. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме болжамды қаржылық-экономикалық, әлеуметтік салдарларды, арнайы экономикалық аймақты құрудың негіздемесін, орындылығын және нәтижесін бағалауды қамтуға тиіс. Техникалық-экономикалық негіздеме мынадай критерийлерге сәйкес келуге тиіс: 1) орындылық - техникалық-экономикалық негіздемеде көзделген іс-шаралардың стратегиялық құжаттарға сәйкес келуі; 2) негіздемелік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, іс-шараларды әрбір компонент бөлігінде іске асыруға қаржыландыру көлемінің болуы; 3) нәтижелілік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің болуы. Орталық немесе жергілікті атқарушы органдар арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген жағдайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 6. Уәкілетті орган құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздеменің тәуелсіз сараптамаларын жүргізе алады. Мемлекеттік органдардың құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптама жүргізуі техникалық-экономикалық негіздемені уәкілетті органға берген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзім ішінде аяқталуға тиіс. 7. Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаларының қорытындысын алғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ құрудың қоршаған ортаға әсері бағаланған тиісті техникалық-экономикалық негіздемесінің тұжырымдамасын, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді. 8. Арнайы экономикалық аймақты құру және құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлері туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды. Арнайы экономикалық аймақ туралы ережені, тиісті арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің нысаналы индикаторларын, нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
8-бап. Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттары 1. Арнайы экономикалық аймақ жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады. 2. Арнайы экономикалық аймақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскелерінде құрылады. 3. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға арналған жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, инфрақұрылым объектілерін салуға, сондай-ақ қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі. Басқарушы компания қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы. Басқарушы компанияның жалға алуына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері де берілуі мүмкін. Басқарушы компания қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін бере алады. 4. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс. Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар өздеріне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) немесе кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы. 5. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды. 6. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында мемлекеттік қызмет көрсеткен кезде: 1) мемлекеттік қызметтерді уақтылы және сапалы көрсетуді; 2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты қолданылады. 7. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуді халыққа қызмет көрсету орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. Арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары осы баптың 4-тармағына сәйкес орналастырылуы және жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етіледі.
9-бап. Өтініш берушілерге қойылатын талаптар 1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде ақшалай қаражаты, айналымнан алынбаған өзге де мүлкі болуға тиіс. Бұл талап қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлға ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушіге қолданылмайды. Өтініш берушінің қызметі арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асырылатын қызметтің мақсаттары мен түрлеріне сәйкес келуге тиіс. 1) жер қойнауын пайдаланушылар; 2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 279-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетін тауарларды өндіретін ұйымдар; 3) арнайы салық режимдерін қолданатын ұйымдар; 4) инвестициялық салықтық преференцияларды қолданған ұйымдар; 5) ойын бизнесін ұйымдастырушылар жатпайды.
10-бап. Өтініш беруші арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру және оны арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне қосу үшін беретін құжаттар 1. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының қызметі қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады. 2. Өтінімге қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштегі мынадай құжаттар: 1) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы; 2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі; 3) өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі; 4) 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін - салық төлеуші куәлігінің нотариат куәландырған көшірмесі немесе 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап - сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі; 5) заңды тұлға жарғысының нотариат куәландырған көшірмесі; 6) заңды тұлғаның жоғары органының арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шешімінің нотариат куәландырған көшірмесі; 7) өтініш берушінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі; 8) жобаның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін техникалық-экономикалық негіздемесі; 9) қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы (картотеканың болмауы туралы) үзінді жазбасы және кредиттiк тарихта бар толық немесе iшiнара ақпарат туралы мәліметтер қамтылған кредиттік бюродан алынатын кредиттік есеп; 10) тіркеу есебіне қою орны бойынша салық қызметі органынан салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің болуы немесе болмауы туралы анықтама. Егер заңды тұлға құжаттарды берген кезде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады. Шетелдік заңды тұлғалар осы тармақтың 2), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген заңдастырылған құжаттарды, сауда тiзiлiмiнен заңдастырылған үзiндiні немесе шетелдiк заңды тұлға шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжатты нотариат куәландырған қазақ және орыс тiлдерiндегi аудармасымен бірге ұсынады.
11-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға берілген өтінімді қарау рәсімі 1. Өтініш беруші өтінім берген кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы: 1) өтінімді ол берілген күні өтінімдерді тіркеу журналына тіркейді; 2) ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығын тексереді; 3) берілген құжаттар белгіленген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда өтінімді ол берілген күні қарамастан қайтарады. Өтінімді қайтару өтініш берушіні жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін қайтадан өтінім бере отырып, басқару органына жүгіну құқығынан айырмайды. 2. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мәлімделген қызмет түрі басым қызмет түрлеріне сәйкес келмеген жағдайда, өтініш берушімен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады. 3. Мәлімделген қызмет түрі басым қызмет түрлеріне сәйкес келген жағдайда арнайы экономикалық аймақтың басқару органы он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасады. 4. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органынан қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу туралы хабарлама алғаннан кейін уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы туралы мәліметтерді енгізеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |