Сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2000 ж. 18 (2006.20.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 5 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар) 2-тарау. Сақтандыру қызметін ұйымдастыру (6 - 9 баптар) 3-тарау. Сақтандыру рыногы (10 - 16 баптар) 4-тарау. Сақтандыру делдалдығы (17 - 18 баптар) 5-тарау. Актуарийлік қызмет және аудит (19 - 20 баптар) 6-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын құру (21 - 36 баптар) 7-тарау. Лицензиялау (37 - 40 баптар) 8-тарау. Уәкiлеттi орган және сақтандыру (41 - 44 баптар) iсiн қадағалауды жүзеге асыру 9-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) (45 - 52 баптар) ұйымдарының қызметін реттеу 10-тарау. Санкциялар және өзге де ықпал ету шаралары (53 - 61 баптар) 11-тарау. Қайта құру (62 - 64 баптар) 12-тарау. Тарату (65 - 73 баптар) 13-тарау. Есеп беру және өзге де мәселелер (74 - 78 баптар) 1-бап. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңдар 1. Сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Осы Заңмен тікелей реттелген қатынастарды коспағанда, сақтандырудан туындайтын және өзге де заң актілерінің қолданылатын аясына жататын қатынастар осы актілермен реттеледі. 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен бап 3 тармақпен толықтырылды 3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 2-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар 1. Осы Заң кәсіпкерлiк қызмет түрі ретінде сақтандыруды жүзеге асырудың негізгi ережелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, сақтандыру брокерлерiн құру, лицензиялау, реттеу, олардың қызметiн тоқтату ерекшелiктерiн, өзге де жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру рыногындағы қызметiнің талаптарын, сақтандыру рыногын мемлекеттік реттеу міндеттерін және сақтандыру қызметін қадағалауды қамтамасыз ету принциптерін белгілейді. 2. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның (бұдан әрi - уәкiлеттi органның) және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (бұдан әрi Ұлттық Банк) осы Заңға сәйкес қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерi сақтандыру рыногының барлық қатысушылары үшін мiндеттi болады. 2005.12.23 № 107-III ҚР Заңымен ( бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред . қара) 3-бап өзгертілді 3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: актуарий - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қажетті төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығы деңгейін қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерінің, сақтандыру сыйлықақысы ставкаларының экономикалық-математикалық есептеулерін жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жүргізіп жатқан және жүргізуді жоспарлап отырған сақтандыру түрлерінің пайдалылығы мен кірістілігін бағалауды жүргізетін, уәкілетті органның лицензиясы бар жеке тұлға; ассистанс - сақтандыру ұйымдарының, заңды тұлғалардың сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) саяхатта не тұрғылықты жерінен алыс болған уақытында қиын жағдайға душар болғанда сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан оған техникалық, медициналық жәрдемдесу арқылы ақшалай түрде және (немесе) натуралды-заттай нысанда көмек көрсетуі; сатып алу сомасы - жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының алуына құқығы бар ақша сомасы; еншілес ұйым - өзіне қатысты басқа заңды тұлға бақылау жасайтын заңды тұлға; капиталға қомақты қатысу - дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан да көп процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан да көп процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы; бақылау - бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол: бір тұлға басқа тұлғаның дауыс беретін акцияларының елу процентінен астамын дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін не басқа заңды тұлғаның акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігі болатын; бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның директорлар кеңесі немесе басқармасы құрамының кемінде жартысын сайлау мүмкіндігі болатын; бір заңды тұлғаның қаржылық есептілігі аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржылық есептілігіне қосылатын; бір заңды тұлғаның шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде басқа заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі болатын жағдайлардың бірі болған кезде туындайды; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын жанама иелену (олармен дауыс беру) - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бірлескен ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының он немесе одан да көп процентін тікелей немесе жанама иелене алатын (мемлекет осындай иелік етуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда) немесе: сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акцияларының он немесе одан да көп процентімен тікелей немесе жанама дауыс беру; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге шартқа орай не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке тұлға немесе заңды тұлға; заңды тұлғаның ірі қатысушысы - заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (мемлекет осындай иелік етуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлға; қайта сақтандырушы (цедент) - өзi қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiн қайта сақтандыруға берудi жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы; қайта сақтандыру - өздерінің арасында жасасқан қайта сақтандыру шартына сәйкес бір жағынан қайта сақтанушының сақтандыру тәуекелдерінің бәрін немесе бір бөлігін қайта сақтандыруға беруіне және екінші жағынан осы тәуекелдерді қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты қызмет және соған байланысты туындайтын қатынастар; қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) - уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға; сақтандыру ережелерi - сақтандыру ұйымының белгiлi бiр сақтандыру түрi бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты; сақтандыру рыногының кәсiби қатысушылары - өз қызметiн уәкiлеттi органның тиiстi лицензиялары негiзiнде жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокерi, актуарий және уәкiлеттi аудитор; пруденциялық нормативтер - уәкiлеттi орган белгiлейтiн және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтауы үшiн мiндеттi нормативтер; бас ұйым - басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға; өздігінен ұстап қалу - жауаптылық көлемінің бір бөлігі, соның шегінде сақтандырушы немесе цедент сақтандыру немесе қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебіне жауапты болады; ортақ сақтандыру - бiрнеше сақтандыру ұйымдарымен бiр мезгiлде сақтандыру шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерiн қабылдап, олардың жауапкершiлiгiн өздерiнiң арасында жасалған ортақ сақтандыру шартына сәйкес бөлуге байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар; сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау қызметiн уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлға; сақтандыру агенті - берілген өкілеттігіне сәйкес бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға; сақтандыру брокері - сақтанушының тапсыруымен сақтандырушымен сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты қатынастарда сақтанушыны білдіретін немесе өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты қызмет көрсету жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға; сақтандыру портфелі - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының, сондай-ақ олар бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) жиынтығы; сақтандыру резервтерi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарий есептеулерi негiзiнде бағаланатын мiндеттемелерi; сақтандыру қызметiнiң субъектiлерi - сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары; уәкiлеттi аудиторлық ұйым (уәкiлеттi аудитор) - уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы негiзiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аудитi жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын аудиторлық ұйым (аудитор).
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 3-бап өзгертілді ( бұр. ред . қара) 4-бап. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi 1. Сақтандыру дегенiмiз, сақтандыру ұйымы өз активтерi есебiнен жүзеге асыратын сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиғалар туындаған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүліктік мүдделерін қорғауға байланысты қатынастар кешенi. 2. Сақтандыру қызметi - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау мен орындауға байланысты, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес уәкiлеттi органның лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын қызметi. 5-бап. Шетелдiк жеке және заңды тұлғалар мен азаматтығы жоқ адамдарды сақтандыру 1. Шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдiк заңды тұлғалар, оның iшiнде өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратындар сақтандыру арқылы қорғалу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады. 2. 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен алып тасталды ( бұр. ред . қара)
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 5-1- баппен толықтырылды 5-1-бап. Қазақстан Республикасы резиденттері емес сақтандыру ұйымдарының сақтандыруы 1. Заңды тұлғаның немесе оның оқшауланған бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүліктік мүдделерін және Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жеке тұлғаның мүліктік мүдделерін сақтандыруды тек қана сақтандыру ұйымы - Қазақстан Республикасының резиденті жүзеге асыра алады. 2. Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру ұйымдарымен, жұмыс істеу, оқу, емделу немесе демалу мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде уақытша болатын жеке тұлғалармен - Қазақстан Республикасының резиденттерімен Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде уақытша болу кезеңіне ғана сақтандыру шарттарын жасасуға жол беріледі. 3. Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жеке және заңды тұлғалардан - Қазақстан Республикасының резиденттерінен Қазақстан Республикасының резиденті еместері пайдасына сақтандыру сыйлықақыларын (жарналарын) төлеуге байланысты төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға тыйым салынады.
2-тарау. Сақтандыру қызметін ұйымдастыру
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III (бұр. ред . қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгертілді 6-бап. Сақтандыру салалары, сыныптары және түрлерi 1. Сақтандыру қызметiн ұйымдастыру және мемлекеттік реттеу мен лицензиялауды жүзеге асыру үшiн сақтандыру салаларға, сыныптар мен түрлерге бөлiнедi. Сақтандыру ұйымының сақтандыру қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы және "жалпы сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылады. 2. "Өмiрдi сақтандыру" саласы ерiктi сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды: 1) өмiрдi сақтандыру; 2) аннуитеттiк сақтандыру; 3) өмірде белгілі бір оқиғаның басталуынан сақтандыру; 4) сақтандырушының инвестициялық кірісіне сақтанушының қатысуымен өмірді сақтандыру. 3. "Жалпы сақтандыру" саласы ерікті сақтандыру нысанында мынадай сыныптарды қамтиды: 1) жазатайым жағдайлардан сақтандыру; 2) ауырған жағдайдан сақтандыру; 3) автомобиль көлігін сақтандыру; 4) темір жол көлігін сақтандыру; 5) әуе көлігін сақтандыру; 6) су көлігін сақтандыру; 7) жүктерді сақтандыру; 8) осы тармақтың 3)-7) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, мүлікті залалдан сақтандыру; 9) автомобиль көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру; 10) әуе көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру; 11) су көлігі иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру; 12) осы тармақтың 9)-11) тармақшаларында аталған сыныптарды қоспағанда, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру; 13) заемдарды сақтандыру; 14) ипотеканы сақтандыру; 15) кепілдіктер мен кепілгерліктерді сақтандыру; 16) басқа да қаржы шығындарынан сақтандыру; 17) сот шығыстарынан сақтандыру. 4. Ерікті сақтандыру нысанындағы сақтандырудың жекелеген сыныбын (түрін) жүргізу жағдайлары бойынша қосымша талаптар, оның ішінде сақтандырудың жекелеген сыныптары (түрлері) шеңберіндегі пруденциалдық нормативтер уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді. 5. Сақтандыру түрi, сақтандыру ұйымы сақтанушыға сақтандыру шартын жасау арқылы сақтандырудың бiр немесе бiрнеше сыныбы шегiнде әзiрлейтiн және беретiн сақтандыру өнiмi болып табылады. Сақтандыру ұйымы сақтанушыға сақтандыру полисiн бере отырып қосылу шарты нысанында сақтандыру шартын жасасу жөніндегі қызметтi уәкiлеттi органмен сақтандыру ережелерiн келiскеннен кейiн ғана жүзеге асыруға құқылы. 6. Мiндеттi сақтандырудың әрбiр түрi сақтандырудың бөлек сыныбы болып табылады. Мiндеттi сақтандыру нысаны бойынша әрбiр сыныптың мазмұны және оны жүргiзу жағдайлары бойынша қосымша талаптар міндетті cақтандырудың осы сыныбын реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 7 - бап өзгертілді ( бұр. ред . қара) 7-бап. Сақтандыру сыныптарының мазмұны 1. Өмірді сақтандыру сақтандырылушы қайтыс болған немесе ол сақтандыру мерзімі біткенге дейін не сақтандыру шартында белгіленген жасқа дейін өмір сүрген жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 2. Аннуитеттік сақтандыру сақтандырылушы белгілі бір жасқа жеткен, еңбек ету қабілетін (жасына байланысты, мүгедектігіне байланысты, науқастығына байланысты) жоғалтқан, асыраушысы қайтыс болған, жұмыссыз қалған жағдайларда немесе сақтандырылушының жеке табыстарының кемуіне немесе одан айрылуына әкеліп соққан өзге де жағдайларда зейнетақы немесе рента түрінде шартта белгіленген мерзім ішінде немесе өмір бойы кезең-кезеңімен сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін жинақтаушы сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. Аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша кезең-кезеңімен сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жағдайы сақтандыру төлемдерінің мөлшерін айқындаумен, нақтылаумен және растаумен байланысты емес. 2-1. Өмірде белгілі бір оқиғаның басталуынан сақтандыру сақтандырылушының өмірінде алдын ала ескерілген оқиға (неке қию немесе бала туу) басталған жағдайларда тіркелген сомада сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін жинақтаушы сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 2-2. Сақтандырушының инвестициялық кірісіне сақтанушының қатысуымен өмірді сақтандыру инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру ұйымы қосымша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру не сақтандыру сомасын ұлғайту арқылы алатын табысқа сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) қатысуы талап етіле отырып, сақтандырылушы қайтыс болған немесе ол сақтандыру мерзімі аяқталғанға дейін не сақтандыру шартында белгіленген жасқа дейін өмір сүрген жағдайда тіркелген сомада сақтандыру төлемін немесе зейнетақы немесе рента түрінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін жинақтаушы сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. Инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру ұйымы алатын кірістерге сақтандырылушының (пайда алушының) қатысу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады. 3. Жазатайым жағдайдан сақтандыру, осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында аталған сақтандыру тәуекелдерін қоспағанда, сақтандырылушы жазатайым жағдайдың, кәсіби аурудың салдарынан қайтыс болған, еңбек ету (жалпы немесе кәсіптік жағынан) қабілетін (толық немесе ішінара) жоғалтқан немесе сақтандырылушының денсаулығына өзге де зиян келтірілген жағдайларда оның шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. Жазатайым жағдай дегеніміз - адамның ерік-жігеріне қарамастан басталған, сақтандырылушының организміне сырттан оның денсаулығына зиян келуіне, мертігуіне не өліміне әкеліп соққан механикалық, электрлік, химиялық немесе термикалық әсер етуі салдарынан кенеттен болған, қысқа мерзімді оқиға (жағдай). 4. Ауырған жағдайдан сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында аталған сақтандыру сыныптарын қоспағанда, сақтандырылушының ауруына және денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты оның шығыстарын тіркелген сомада және (немесе) ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 5. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 3)-6) тармақшаларында тізбеленген көлік құралдарын сақтандыру көлік құралын иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғалардың мүліктік мүдделеріне айдап әкетуді немесе ұрлауды қоса алғанда, сондай-ақ оның зақымдануы немесе жойылуы салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 6. Жүктерді сақтандыру жүкті, оның ішінде багажды, тауарларды және өнімнің басқа да барлық түрлерін қоса алғанда, иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне тасымалдау әдісіне қарамастан, оның зақымдануы, жойылуы, жоғалып кетуі салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 7. Мүлікті сақтандыру мүлікті иеленуге, пайдалануға, оған билік етуге байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 3)-7) тармақшаларында тізбеленген мүлікті қоспағанда, оның зақымдануы немесе жойылуы, ұрлануы салдарынан келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 8. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 9)-11) тармақшаларында көзделген көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін қоса алғанда, үшінші тұлғаларға өзі көлік құралын пайдалануға байланысты келтірген залалды өтеу міндетіне байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 9. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 9)-11) тармақшаларында аталғандарды қоспағанда, барлық тәуекелдерді сақтандыру салдарынан үшінші тұлғаларға келтірілген залалды өтеу міндетіне байланысты тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 10. Заемдарды сақтандыру сақтанушының, (заемшының) кредитор алдындағы міндеттемелерін орындамауы салдарынан кредиторға шығын келтірілуі кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 11. Ипотекалық сақтандыру ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша кепілдік мүлік болып табылатын тұрғын үйдің нарықтық құны төмендеген жағдайда заемшының ипотекалық тұрғын үй заемы шарты бойынша міндеттемелерді орындамауы салдарынан кредитордың мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрі болып табылады. 12. Кепілдіктер мен кепілдемелерді сақтандыру берілген кепілдіктер мен кепілдемелерді орындау міндеті салдарынан кепілдік немесе кепілдеме берген тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толық өтемі мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 13. Басқа да қаржы шығындарынан сақтандыру осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 12)-15) тармақшаларында аталған сақтандыру тәуекелдерін қоспағанда, қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру нәтижесінде жұмыстан айырылу, кірісті жоғалту, қолайсыз табиғи құбылыстар, үздіксіз, болжанбаған шығыстар, нарықтық құнын жоғалту және басқа да шығындар салдарынан шығын келтірілу кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 14. Сот шығыстарын сақтандыру сақтанушының (сақтандырылушының) соттың істі қарауына байланысты олардың көтерген шығыстары салдарынан шығындануы кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады. 15. Осы баптың 11-13-тармақтарында аталған тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша сақтанушының өзінің ғана тәуекелі және оның пайдасына ғана шешілетін тәуекел сақтандырылуы мүмкін.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен (бұр. ред . қара) 8 -бап өзгертілді 8-бап. Сақтандыру салалары мен сыныптарын бiрiктiру 1. Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру ұйымының қызметi "өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша лицензия немесе "жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензия негiзiнде сақтандырудың лицензияда көрсетiлген тиiстi сыныптары шегiнде жүзеге асырылады. |