Аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 20 қарашадағы № 304-I Заңы (2007.19.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 ж. 12 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы: 2007.12.01. № 222-III ҚР Заңын қара (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі)
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен Заңның мәтіні жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
Осы Заң Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті жүзеге асыру процесінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар, аудиторлар, аудиторлық ұйымдар және кәсіби аудиторлық ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйым (бұдан әрі - кәсіби ұйым) - аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың өзін-өзі реттейтін бірлестігі болып табылатын коммерциялық емес ұйым; 2) аккредиттеу - уәкілетті органның осы Заңда көзделген кәсіби аудиторлық ұйымдардың құқықтылығын ресми тануы; 3) аудит - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық есептілік жасау және өзге де ақпарат туралы тәуелсіз пікір білдіру мақсатымен тексеру; 4) аудитор - Біліктілік комиссиясы аттестаттаған, "аудитор" біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігін алған жеке тұлға; 5) аудиторлық есеп - жүргізілген аудиттің нәтижесі болып табылатын жазбаша ресми құжат; 6) аудиторлық қызмет - қаржылық есептілігі мен басқа да ақпараттың аудитін жүргізу және қызмет бейіні бойынша өзге де қызметтер ұсыну жөніндегі кәсіпкерлік қызмет; 7) аудиторлық ұйым - аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін құрылған коммерциялық ұйым; 8) аудиттелетін субъект - қаржылық есептілігі және өзге де ақпараты бойынша аудит жүзеге асырылатын заңды тұлға; 9) аттестаттау - Аудиторларға кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясының (бұдан әрі - Біліктілік комиссиясы) кандидаттардың біліктілік деңгейін анықтауы; 10) Әдеп кодексі - аудиторлардың кәсіби қызметінің әдеп ережелері жиынтығы; 11) көрінеу дұрыс емес аудиторлық есеп - аудит жүргізілмей жасалған немесе пайдаланушыларды қасақана шатастыратын пікір жазылған аудиторлық есеп; 12) серіктес - аудиторлық ұйымның аудиторлық жобаға басшылық жасайтын және оның нәтижелеріне дербес жауапты болатын өкілі; 13) ұйымдардың стандарттары - аудиторлық ұйымның аудит жүргізу тәртібіне бірыңғай талаптар белгілейтін ішкі құжаттары; 14) уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - аудиторлық қызмет саласында реттеу мен аудиторлық және кәсіби ұйымдардың қызметіне бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасындағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.
1. Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлық ұйымдар аудиторлық қызметпен айналысу құқығына ие болады. 2. Аудиторлық ұйымдар аудиттен басқа, өз қызметінің бейіні бойынша мынадай қызметтерді де көрсете алады: 1) аудит стандарттарына сәйкес өз қызметінің бейіні бойынша ілеспе қызметтер; 2) бухгалтерлік есепті қалпына келтіру және жүргізу, қаржылық есептілікті жасау; 3) ішкі аудит; 4) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі заңнаманы қолдану және салық есебін жүргізу мәселелері бойынша консультация беру; 5) ұйымның статистикалық есептілігін жасау; 6) қаржы-шаруашылық қызметті талдау және қаржылық жоспарлау, экономикалық, қаржылық және басқарушылық консультация беру; 7) бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау мәселелері бойынша консультация беру; 8) бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау, салық салу, аудит және қаржы-шаруашылық қызметті талдау мен қаржылық жоспарлау бойынша оқыту; 9) бухгалтерлік есепті жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды автоматтандыру жөнінде ұсынымдар беру, бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасауды автоматтандыруға үйрету; 10) бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау, аудит, қаржы-шаруашылық қызметті талдау және қаржылық жоспарлау жөнінде, аудит стандарттарына сәйкес өз қызметінің бейіні бойынша ілеспе қызметтерді көрсету жөнінде әдістемелік құралдар мен ұсынымдар әзірлеу; 11) аудиторлық қызметке байланысты заң қызметтерін көрсету; 12) Бухгалтерлердің халықаралық федерациясы жанындағы Халықаралық аудиторлық практика жөніндегі комитеттің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық есептілік аудитіне ілеспе өзге де қызмет түрлері. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы тармақта көзделген өз қызметінің бейіні бойынша жекелеген қызмет түрлерін көрсету тиісті лицензия алуды талап етсе, аудиторлық ұйымдар осындай лицензиясыз бұл қызметтерді көрсетуге құқылы емес. 3. Аудиторлық ұйымдарға өз қызметінің бейініне жатпайтын кәсіпкерлік қызметтің өзге түрлерімен айналысуға тыйым салынады.
4-бап. Аудиторлық қызметтің негізгі принциптері және аудиттің стандарттары 1. Аудиторлық қызметтің негізгі принциптері мыналар: тәуелсіздік; объективтілік; кәсіби құзыреттілік; құпиялылық; адалдық; ұйымдардың стандарттарын және Әдеп кодексін сақтау; аудиторлық қызметтің халықаралық аудиторлық практикаға сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де принциптері. 2. Аудит осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, Қазақстан Республикасында оларды ресми жариялауға Бухгалтерлердің халықаралық федерациясы жанындағы Халықаралық аудиторлық практика жөніндегі комитеттің жазбаша рұқсаты бар ұйымдар мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялаған халықаралық аудит стандарттарына (бұдан әрі - аудит стандарттары) сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Аудит және оның түрлерi 1. Аудиттің түрлері мыналар: 1) міндетті; 2) бастамашылық. 2. Міндетті аудит Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен және жағдайда жүргізіледі. Аудит міндетті болып табылатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілікті мерзімді баспа басылымдарында жариялайтын ұйымдар жылдық қаржылық есептілікпен бірге аудиторлық есепті де жариялауға міндетті. 3. Бастамашылық аудит аудиттелетін субъектінің не оған қатысушының бастамасы бойынша бастамашы мен аудиторлық ұйымның арасында аудит жүргізуге жасалған шартта көзделген аудиттің нақты міндеттері, мерзімі мен көлемі ескеріле отырып жүргізіледі.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi Қазақстан Республикасының Yкіметі: 1) аудиторлық қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды айқындайды; 2) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, аудит міндетті болып табылатын мемлекет қатысатын ұйымдарды айқындайды.
7-бап. Уәкілетті органның құзыретi Аудиторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган: 1) міндетті аудит жүргізуге жіберілетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді, ал қаржылық ұйымдардың міндетті аудитіне қатысты біліктілік талаптарын - қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді; 2) кәсіби ұйымдарды аккредиттеу тәртібін бекітеді; 3) кәсіби ұйымдарды аккредиттейді және олардың тізілімін жүргізеді; 4) аудиторлық қызметті лицензиялау ережесін бекітеді; 5) аудиторлық қызметті лицензиялауды және аудиторлық ұйымдардың тізілімін жүргізуді жүзеге асырады; 6) аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру, оны кері қайтарып алу, қолданылуын тоқтата тұру және тоқтату туралы мәліметтерді мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялайды; 7) аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібін бекітеді; 8) Біліктілік комиссиясы қызметін қалыптастыру және жүзеге асыру ережесін бекітеді; 9) аудит стандарттарын тарату үшін жағдай жасалуын қамтамасыз етеді; 10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәсіби ұйымдардың қызметін тексеруді жүзеге асырады; 11) кәсіби ұйымдарды тексеруді жүзеге асырудың тәртібін айқындайды; 12) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасы сақталмаған жағдайларда кәсіби ұйымдарға ескерту жасайды; 13) кәсіби ұйымдардың есептілік тізбесін, нысанын және оны табыс ету мерзімділігін айқындайды; 14) басқа мемлекеттік органдармен, кәсіби ұйымдармен және өзге де ұйымдармен аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
1. Аудитор аудиторлық қызметті бір аудиторлық ұйымның құрамында ғана жүзеге асырады. 2. Аудитор бір аудиторлық ұйымға ғана қатысушы бола алады.
1. Аудиторлық ұйым жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады. 2. Шетелдік ұйым, егер оның мәртебесі Бухгалтерлердің халықаралық федерациясының мүшесі болып табылатын кәсіби ұйымға мүшелігімен расталса немесе оның мәртебесін өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органы растаса, аудиторлық ұйым деп танылады. 3. Шетелдік аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті тиісті аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерін құрған жағдайда ғана жүзеге асыра алады. 4, 5-тармақтардың қолданысқа енгізу мерзімін 30-баптан қара 4. Аудиторлық ұйымның құрамындағы аудиторлардың саны үш адамнан кем болмауға тиіс. 5. Аудиторлық ұйымның жарғылық капиталында аудиторларға және (немесе) шетелдік аудиторлық ұйымдарға тиесілі үлес жүз процент болуға тиіс. 6. Аудиторлық ұйым басшысының "аудитор" деген біліктілік куәлігі болуы міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, сондай-ақ осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша лицензиясы кері қайтарып алынған аудиторлық ұйымға жетекшілік еткен аудитор лицензиясын кері қайтарып алу туралы шешім шығарылған күннен бастап үш жыл бойы аудиторлық ұйымның басшысы бола алмайды. 7. Қазақстан Республикасының аумағында аудиторлық қызметті жүзеге асыратын аудиторлық ұйым басқа аудиторлық ұйымның - Қазақстан Республикасы резидентінің қатысушысы бола алмайды. 8. Қазақстан Республикасының аумағында филиал құрған жағдайда, филиал басшысының "аудитор" деген біліктілік куәлігі болуы міндетті.
10-баптың қолданысқа енгізу мерзімін 30-баптан қара 10-бап. Кәсіби ұйымдар 1. Кәсіби ұйымның аккредиттелуі уәкілетті орган бекіткен нысандағы аккредиттеу туралы куәлікпен расталады. Аккредиттеу туралы куәліктің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында күші бар. 2. Кәсіби ұйымдар коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және өз мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданған жарғының негізінде жұмыс істейді. 3. Кәсіби ұйымдардың құрылымы мен жұмыс органдары олардың жарғыларымен айқындалады. 4. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар ғана кәсіптік ұйымдардың құрылтайшылары және қатысушылары бола алады. Кәсіби ұйымдардың саны аккредиттеуге өтініш берерден үш ай бұрын аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлар жалпы санының кемінде бестен бірін және аудиторлық ұйымдар жалпы санының кемінде бестен бірін құрауға тиіс. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар бір ғана кәсіби ұйымның мүшесі бола алады. Аудиторлардың - кәсіби ұйымдар мүшелерінің ұйымның басқару органына сайлауға және сайлануға құқығы бар. 5. Аудитор немесе аудиторлық ұйым кәсіби ұйымның құрамынан шығарылған жағдайда, мұндай аудитордың немесе аудиторлық ұйымның кәсіби ұйымның шешімімен белгіленген мерзімде, бірақ шығарылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзім ішінде кәсіби ұйымға кіруге құқығы жоқ.
11-бап. Кәсіби ұйымдардың құқықтары мен міндеттерi 1. Кәсіби ұйымдар: 1) аудиттің дамуына, оның тиімділігін арттыруға, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметін ұйымдастыруға және үйлестіруге ықпал етуге; 2) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттары талаптарын, Әдеп кодексін сақтауын қамтамасыз етуге; 3) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жұмыс тәжірибесін талдауға, қорытуға және таратуға; 4) мемлекеттік, қоғамдық, шетелдік және халықаралық ұйымдарда аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың мүддесін білдіруге; 5) өздерінің қатысушылары болып табылатын аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың аудиторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларын қарауға; 6) аудиторлық ұйымдардың рейтингін өткізуге және оларды мерзімді баспа басылымдарында жариялауға; 7) бухгалтерлік есеп және аудит бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға; 8) аудиторлық қызмет саласында оқулық әдебиеттерді, әдістемелік ұсынымдар мен мерзімді баспа басылымдарын әзірлеуге, шығаруға және таратуға; 9) аудит стандарттары және аудиторлық қызметтің өзге де мәселелері бойынша ұсынымдар беруге; 10) сапаға жүргізілген сыртқы бақылау қорытындысы бойынша аудит стандарттары мен Әдеп кодексін бұзуға жол берген тұлғаларды кәсіби ұйымнан шығаруға құқылы. 1) аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға; 2) аккредиттеуді алған сәттен бастап үш ай ішінде Біліктілік комиссиясының құрамына өз өкілдерін жіберуге; 3) өз мүшелерін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерімен қамтамасыз етуге; 4) Әдеп кодексін әзірлеуге және оны қабылдауға; 5) аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыруға; 6) аудиторлардың біліктілігін арттырудың оқу бағдарламаларын әзірлеуге және оны бекітуге; 7) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аудиторлардың біліктілігін арттыру жөнінде курстар өткізуге, курстан өткені туралы сертификаттар беруге; 8) мүшелер қабылдаған (шығып кеткен, шығарылған), сондай-ақ басқару жұмыс органының дербес құрамы өзгерген жағдайда, осы өзгерістер туралы уәкілетті органға хабарлауға; 9) Біліктілік комиссиясына "аудитор" біліктілік куәлігінің күшін жою туралы ұсыныс енгізуге; 10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға өз қызметі туралы ақпарат беруге міндетті.
12-баптың қолданысқа енгізу мерзімін 30-баптан қара 12-бап. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру 1. Кәсіби ұйым, егер: 1) өз мүшелерінің сапасын сыртқы бақылауға міндетті тексеру жүргізбесе; 2) өз өкілдерін белгіленген мерзім ішінде Біліктілік комиссиясының құрамына жібермесе; 3) кәсіби ұйым тарапынан өтініш жасалмай бір жыл ішінде кәсіби ұйымға мүше он аудиторлық ұйымның аудиторлық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясы кері қайтарылып алынса; 4) соңғы үш жыл ішінде Аккредиттеу ережесін жүйелі түрде (қатарынан екі реттен артық) бұзса; 5) уәкілетті органға өзі және өз қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат берсе; 6) уәкілетті органның ескерту жасаған себебі үш ай ішінде жойылмаса, аккредиттеу туралы куәлігінен айырылады. 2. Кәсіби ұйымдар уәкілетті органның шешіміне сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
13-бап. "Аудитор" біліктілігін беруге кандидаттарды аттестаттау 1. Жоғары білімі бар және соңғы бес жыл еңбек стажының кемінде үш жылында экономика, қаржы, бақылау-тексеру немесе құқық салаларында немесе жоғары оқу орындарында бухгалтерлік есеп және аудит бойынша ғылыми-оқытушылық қызмет саласында істеген адамдар аттестаттауға жіберіледі. 2. Аттестаттаудан өткен адамдар "аудитор" біліктілігі берілгені туралы біліктілік куәлігін және біліктілік куәлігінің нөмірі, тегі, өз аты, сондай-ақ өзінің қалауымен - әкесінің аты көрсетілген аудитордың жеке мөрін (бұдан әрі - жеке мөр) алады. "Аудитор" біліктілігін беру туралы шешім Біліктілік комиссиясы айқындайтын мерзімдік баспасөз басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жарияланады. 3. Аттестаттаудан өтпеген адамдар одан қайтадан өтуге Біліктілік комиссиясы белгілеген тәртіппен жіберіледі.
14-баптың қолданысқа енгізу мерзімін 30-баптан қара 14-бап. Біліктілік комиссиясы 1. Біліктілік комиссиясын оның құрылтайшылары болып табылатын кәсіби ұйымдар құрады және ол ереже негізінде жұмыс істейді. 2. Біліктілік комиссиясы ұйымдық-құқықтық мекеме нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады. 3. Біліктілік комиссиясының құрамы кәсіби ұйымдардың өкілдерін тең жіберу арқылы оларды алқалы басқару органдарының шешімімен кері шақырып алу құқығымен құрылады. Біліктілік комиссиясының құрамына уәкілетті органның және уәкілетті органмен келісім бойынша басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері байқаушылар ретінде кіре алады. 4. Біліктілік комиссиясының төрағасы болып кәсіби ұйымдардың алқалы басқару органдарының ұсынуы бойынша комиссия мүшелерінің арасынан аудиторлық қызметпен айналысатын аудитор төрт жыл мерзімге кезекпен сайланады. 5. Біліктілік комиссиясының қызметін қаржыландыруды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді кәсіби ұйымдар тең көлемде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырады. 6. Біліктілік комиссиясы аудиторлар тізілімін жүргізеді. 7. Біліктілік комиссиясы шешім қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға "аудитор" біліктілігі берілген не "аудитор" біліктілік куәлігінің күші жойылған адамдар туралы ақпаратты табыс етуге міндетті.
15-бап. "Аудитор" біліктілік куәлігінің күшін жою 1. "Аудитор" біліктілік куәлігінің күшін Біліктілік комиссиясы: 1) дербес: "аудитор" біліктілігін беруге кандидаттарды аттестаттауға жіберу үшін берілген мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған; сот тәртібімен аудитор әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған; үш ай ішінде кәсіби ұйымға кірмеген; сот клиентке көрінеу дұрыс емес аудиторлық есеп берді деп таныған; аудиторлық қызметпен айналысуға сот тыйым салған жағдайда жояды; 2) кәсіби ұйымның ұсынысы бойынша: Біліктілік комиссиясы өзіне қатысты тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған аудитор тексерудің сапалы жүзеге асырылуы үшін барлық қажетті құжаттарды бермеген; аудит стандарттары мен Әдеп кодексінің талаптары сақталмаған жағдайда; 3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұзған жағдайда уәкілетті органның ұсынуы бойынша жояды. 2. "Аудитор" біліктілік куәлігінің күшін жою туралы шешім кәсіби ұйымдарға хабарланады және Біліктілік комиссиясы айқындайтын мерзімді баспа басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жарияланады. 3. "Аудитор" біліктілік куәлігінің күші жойылған адамдар қайта аттестаттауға кем дегенде үш жыл өткеннен кейін жіберіледі. 4. Біліктілік комиссиясының "аудитор" біліктілік куәлігінің күшін жою туралы шешіміне аудитор сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
16-бап. Аудиторлық қызметті лицензиялау 1. Аудиторлық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялануға жатады. 2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру үшін: 1) сапаға сыртқы бақылау жүргізу үшін кедергі жасау, жалтару, тиісті жағдайлар жасамау немесе белгіленген мерзімдерде сапаның сыртқы бақылауынан өтпеу; 2) осы Заңның және аудиторлық қызмет саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтамау; 3) аудиторлық ұйым басшысының "аудитор" біліктілік куәлігінің күшін жоюы; 4) кәсіби ұйымнан шығару; 5) лицензиаттың жазбаша өтініші; 6) қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметін жүзеге асырмау ; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 7 тармақшамен толықтырылды 7) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның өтінішхаты негіздеме болып табылады. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себебін көрсете отырып, оны алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы. 3. Лицензияны уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ: 1) аудиттелетін субъектіге көрінеу дұрыс емес аудиторлық есеп берген; 2) осы Заңның және аудиторлық қызмет саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптары сақталмаған жағдайларда кері қайтарып алуды жүзеге асырады. 4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана лицензия өзінің қолданылуын тоқтатады. 5. Лицензия кері қайтарып алынған немесе қолданылуын тоқтатқан жағдайда лицензияны кері қайтарып алу немесе оның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде аудиторлық ұйымдар уәкілетті органға лицензияны қайтаруға міндетті. 6. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, сондай-ақ осы баптың 3-тармағына сәйкес лицензиясы кері қайтарылып алынған аудиторлық ұйымның лицензия беруге арналған өтініші кем дегенде бір жыл өткеннен кейін қаралады. 7. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және оны кері қайтарып алу туралы шешімге сот тәртібімен шағым жасауға болады.
1. Аудиторлық ұйымдар мен аудиттелетін субъектілер арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарт негізінде қалыптасады. 2. Аудит жүргізу және (немесе) аудиторлық қызмет бейіні бойынша қызмет көрсету шартында: шарттың нысанасы, мерзімі, ақы төлеу мөлшері мен талаптары, тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі көзделеді. 3. Міндетті аудит және аудиттелетін субъектінің ілеспе қызметін жүргізу шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
1. Аудиторлық есеп жүргізілген аудиттің нәтижелері бойынша жасалады және ол осы Заңның талаптары мен аудит стандарттарына сәйкес келуге тиіс. Аудиторлық есепте Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, аудиттелетін субъектінің қаржылық есептілігінің жасалуы мен өзге де ақпараты туралы атқарушы-аудитордың және (немесе) серіктестің және аудиторлық ұйымның тәуелсіз пікірі қамтылады. 2. Аудиторлық есепке біліктілік куәлігінің нөмірі мен берілген күнін көрсете отырып, атқарушы-аудитор қол қояды, оны өзінің жеке мөрімен куәландырады және (немесе) серіктесі куәландырады, аудиторлық ұйымның басшысы оған қолын қойып бекітеді және аудиторлық ұйымның мөрімен расталады. Аудиторлық есепте аудиторлық ұйым лицензиясының нөмірі мен берілген күні де көрсетіледі. Аудитор өзінің жеке мөрін тиісінше пайдаланбағаны және сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады. "Аудитор" біліктілік куәлігі бар немесе бухгалтерлер мен аудиторлардың шетелдік кәсіби ұйымының мүшелігінде тұратын аудиторлық ұйымның өкілі серіктес болып табылады. 3. Аудиторлық есеп Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе нақты деректерге сай келмеген жағдайда мұндай есеп сот шешімімен жарамсыз деп танылады.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 18-1- баппен толықтырылды 18-1-бап. Қаржы ұйымының аудитін жүргізу ерекшеліктері 1. Қаржы ұйымының аудиторлық есебін жасау және оны уәкілетті органға ұсыну мерзімдері қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен айқындалады. 2. Қаржы ұйымының аудиторлық есебі бір мезгілде қаржы ұйымына және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ұсынылады. 3. Қаржы ұйымының аудиторлық есебін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ұсынудың белгіленген мерзімдері бұзылған жағдайда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган аудиторлық есепті белгіленген мерзімде ұсыну туралы жазбаша нұсқама жіберуге құқылы. 4. Аудиторлық ұйым жазбаша нұсқаманы орындамаған жағдайда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қажеттілігі туралы өтінішхатпен уәкілетті органға жүгінуге құқылы. |