«Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетi» шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорнын құру туралы
Осы редакция 2013 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік кәсiпорын туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2335 заң күшi бар Жарлығының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігінiң «Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетi» шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын. 2. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi мәнi жоғары білімдi мамандарды даярлау және қайта даярлау болып белгiленсiн. 3. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен: 1) Кәсiпорынның жарғысын бекітудi және әдiлет органдарында мемлекеттік тiркелуiн қамтамасыз етсiн; 2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетiмен бiрлесiп, «Абай атындағы Алматы университетi» ашық акционерлік қоғамын (бұдан әрi - Қоғам) тарату және оның мүлкiн Кәсiпорынға беру жөніндегі қажеттi шараларды қабылдасын; 3) таратылатын Қоғамның білім алушыларына оқу жылын аяқтау үшiн шаралар қабылдасын; 4) осы қаулыны iске асыру жөнiнде басқа да шаралар қабылдасын. 4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін. 5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі № 979 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешімдерiне енгізiлетiн өзгерістер мен толықтырулар
1. «Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат): көрсетiлген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесiнде: «Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі» деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 470-171-жолмен толықтырылсын: «470-171. «Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетi» республикалық мемлекеттік кәсiпорны Алматы қаласы». 2. «Акциялардың мемлекеттік пакеттерiне мемлекеттік меншiктiң түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат): көрсетiлген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттерi мен үлестерi республикалық меншiкке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктердiң тiзбесiнде: «Алматы қаласы» деген бөлiмде реттiк нөмiрi 123-52-жол алынып тасталсын. 3. «Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттерi мен мемлекеттік үлестерiне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысына: көрсетiлген қаулыға қоса берiлiп отырған Иелiк ету және пайдалану құқығы салалық министрлiктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берiлетiн республикалық меншiк ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерiнiң және қатысудың мемлекеттік үлестерiнiң тiзбесiнде: «Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігіне» деген бөлiмде реттiк нөмiрi 222-16-жол алынып тасталсын. 4. ҚР Үкіметінің 28.10.04 ж. № 1111 қаулысымен күші жойылды (бұр. ред. қара) 5. «Жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тiзбесiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 6 шілдедегi № 1021 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 28, 339-құжат): көрсетiлген қаулымен бекітілген Жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тiзбесi мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 32-2-жолмен толықтырылсын: «32-2. «Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетi» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы қаласы». 6. «Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігінiң «Абай атындағы мемлекеттік университетi» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 9 тамыздағы № 1043 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 29, 370-құжат): 2-тармақтың 4) тармақшасы алынып тасталсын. |