Мүгедектердi оңалтудың кейбір мәселелерi туралы (2011.01.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 25 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса беріліп отырған: 1) Мүгедектердi протездiк-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету ережесi; ҚР Үкіметінің 2008.19.02. № 160 қаулысымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) 1-1) Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету ережесі; 2) Мүгедектердi арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету ережесi; 3) Мүгедектерге және мүгедек балаларға санаторий-курорттық емделудi ұсыну ережесi; 4) Мүгедектерге берілетін техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарының тiзбесi бекiтілсiн. 2. Осы қаулы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледi.
Үкіметiнiң 2005 жылғы 20 шiлдедегі № 754 қаулысымен бекiтілген
Мүгедектердi протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету ережесi
1-бөлiм. Жалпы ережелер
Осы Ереже "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңына сәйкес әзiрлендi. 1. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметi бекiтетін протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар. 2. Сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстіктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, оның iшiнде байланыс пен ақпарат берудi күшейтетін құралдар. 3. Тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi нәтижесiнде жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар. 4. Протездiк-ортопедиялық құралдар - қол мен аяқты немесе дененiң басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулықтың бұзылуы салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар. 5. Протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету. 6. Мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық қажеттiлiктер мен мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған құралдар. 7. Жұмыс берушінің кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдармен, мiндетті гигиеналық құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебiнен қамтамасыз етіледi. 8. Жұмыс берушiнің - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке протездiк-ортопедиялық көмек, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, мiндеттi гигиеналық құралдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен беріледi.
2-бөлiм. Протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету
1-тарау. Жалпы ережелер
9. Мүгедектер протездiк-ортопедиялық көмекпен мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қамтамасыз етіледi. 10. Протездiк-ортопедиялық көмек протездеу, мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен белгiленген тәртіппен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады. Көрсетiлген протездiк-ортопедиялық көмек Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебінен жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің 2008.19.02. № 160 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 11. Протездiк-ортопедиялық көмекке мұқтаж мүгедектер тұрғылықты тұратын жерi бойынша қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерiне өтініш бередi. Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - уәкілетті орган) өтінiштердiң және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органдары (бұдан әрi - аумақтық орган) әзiрлеген мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының негiзiнде протездiк-ортопедиялық құралдарға қажеттілікті, олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып айқындайды. 12. Протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды жөндеу: 1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепілдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарға; 2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде қызметтiк міндеттерін атқаруымен байланысты мүгедек болған әскери қызметшiлерге; 3) iшкi iстер органдарының, ұлттық қауіпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының қызметтік міндеттерiн атқаруымен байланысты мүгедек болған адамдарына; 4) жалпы аурудан мүгедек болғандарға; 5) бала жасынан мүгедектерге; 6) мүгедек балаларға жүргiзіледi.
2-тарау. Протездермен қамтамасыз ету
13. Мүгедектер шино-былғары, құрастырмалы протездермен, қазiргi заманғы технологиялар бойынша жасалған протездермен, олардың керек-жарақтарымен, тұқылдарға кигiзетiн тыстармен, ортопедиялық аппараттармен, тiзе таңғыштарымен, салынатын кебiстермен, тiреуiш-протездермен, былғары орындықтармен, былғары шалбарлармен, ползункилермен, ползункилердiң қолғаптарымен, биялайлармен, жіңішке таяқтармен, балдақтармен, жетек арбалармен қамтамасыз етіледi. 14. Қолдың және аяқтың негiзгi протезi берiлгенге дейiн мүгедектер медициналық айғақтамалары бойынша кию мерзiмi 6 айдан аспайтын оқу-жаттығу протездерiмен қамтамасыз етіледi. Мүгедектер құрылғылы жұмыс протездерiмен, өздерiнiң қалауы бойынша бұйымның негiзгi түрiмен бір мезгiлде қамтамасыз етіледi. 15. Шино-былғары, құрастырмалы протездер, ортопедиялық аппараттар олар жарамсыздыққа ұшырағаннан кейiн, бірақ алынған күнінен бастап кемiнде бір жылдан кейiн ауыстырылады. 16. Қазiргi заманғы технологиялар бойынша дайындалған аяқ және қол протездерінiң құрамындағы құрастырушы түйiндер мен бұйымдарды ауыстыру, олар алынған күнiнен бастап кемiнде үш жылдан, мүгедек балалар үшiн - кемiнде екi жылдан кейiн; синтетикалық шайырлар негiзiнде дайындалған косметикалық қаптау, табандар, қабылдау гильзасы, тыстарды ауыстыру - бір жылға дейiн; кеуде безi протездерiн, жетек арбаларды ауыстыру - олар алынған күнiнен бастап екi жылдан кейiн, таяқшалар мен балдақтарды кемiнде бір жылдан кейін жүргiзіледi. 17. Аяқ немесе қолдың екi протезiн (негiзгі және қосалқы немесе негiзгi және жұмыс протезi) бір мезгілде алған мүгедектерге оларды ауыстыру кемiнде екi кепiлдiктi мерзiм өткеннен кейiн жүргiзіледi. 18. Аяқ протездерiн беру кезiнде жыл сайын әрбір протезге 3-тен тұқыл тысы беріледi. Кеуде безi протездерi екi iшкиім (бюстгалтер) жиынтығымен бірге беріледi. 19. Егер кию мерзiмi өткеннен кейiн протез жарамды жай-күйде болса және мүгедек келесi кию мерзiмi өткенге дейін жаңа протезге тапсырыс бергісi келмесе, оған осы кезеңге бір протездi пайдалану есебiнен белгіленген санда тыстар беріледi. 20. Протездердi, оның iшiнде жаңа үлгiлерiн мерзiмiнен бұрын ауыстыру, сондай ақ оларды кию мерзiмiн ұзарту, жөндеу туралы шешімдi комиссия қабылдайды және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес айқындалатын, протездiк-ортопедиялық көмек көрсету жөніндегі қызметтердi жеткізушi (бұдан әрi - жеткiзушi) жасайтын тиiстi актінің негiзiнде ғана жүргiзіледі. Комиссия жеткізушiнің кінәсiнен бұйымның сапасыз жасалу фактісiн анықтаған кезде, ақауды жөндеу соның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
3-тарау. Ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету
21. Мүгедектер ортопедиялық аяқ киімнiң мынадай түрлерiмен: күрделi, шамалы күрделi, протездерге және ортопедиялық аппараттарға арналған аяқ киіммен қамтамасыз етіледi. Күрделi ортопедиялық аяқ киім аяқ 3 см және одан да жоғары қысқартылғанда, паралитикалық, варустық, эквиноварустық, вальгустық, жазық вальгустық және қуыс табандық, маймақ аяқтық, шораяқтық, табанның Шопар, Гритти, Лисфранк және Пирогов әдiсi бойынша кесiлген тұқылы кезiнде жасалады. Шамалы күрделi ортопедиялық аяқ киім аяқ 3 см-ге дейiн қысқартылғанда, табан сүйектерiнің басы үлкейгенде, ұзына бойы және көлденең жалпақ табандық, башайлар шүрiппе және балға тәрiздес болғанда, өкше сүйегіне темір орнатылғанда және табанның өзге де паталогиясы кезiнде жасалады. 22. Күрделi ортопедиялық аяқ киім (етіктен басқа): 1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, сондай-ақ жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдарға екі пар (жазғы немесе қысқы) тапсырыс берiлген сәттен бастап есептегенде, бір жыл пайдалану мерзiмiмен; 2) осы Ереженiң 12-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген бірiншi және екiншi топтағы мүгедектерге жылына бір пар мөлшерiнде (жазғы немесе қысқы); 3) мүгедек-балаларға - жылына екі пар (жазғы және қысқы) беріледi. 23. Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне және жеңілдiктер мен кепілдiктер бойынша оларға теңестірiлген адамдарға екi қолы бірдей кесiлгенде не екi қолының функциялары күрт төмендегенде, не омыртқа жотасы зақымданғанда, сондай-ақ жамбас-сан буындарындағы анкилоздар кезінде бүйiрлік резеңкелерi бар аяқ киім мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен беріледi. 24. Жалпы аурудан және бала жасынан болған үшiншi топтағы мүгедектерге күрделi ортопедиялық аяқ киім (жазғы немесе қысқы) 50 пайыздық құн жеңілдiгімен беріледi. 25. Ортопедиялық аяқ киім дайындау технологиясында көзделгендерден тыс қызметтер мен жұмыстарға (өрнектi тiгiс, микросаңылаулы ұлтан, сыздықты әрлеу, үлбірлi жылылық не басқа да жақсартылған әрлеу), дайындау жеделдігіне Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiн, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарды және мүгедек-балаларды қоспағанда, тапсырыс берушілер ақы төлейдi.
4-тарау. Протездерге арналған аяқ киіммен қамтамасыз ету
26. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне, сондай-ақ жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарға тапсырыс берілген сәттен бастан есептегенде, бір жыл кию мерзiмiмен протездерге арналған бір пар аяқ киім беріледi. Мүгедек-балаларға - тапсырыс берiлген сәттен бастап бір жыл кию мерзiмiмен екi пар (жазғы және қысқы мауыты) аяқ киім беріледi. 27. Осы Ереженiң 12-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген бірiншi және екiншi топтағы мүгедектерге протездерге арналған аяқ киімнің бір пары құнының 50 пайыздық жеңiлдiгiмен беріледi. Үшіншi топтағы мүгедектерге мұндай аяқ киім олардың өз қаражаты есебiнен қолданымдағы бағалар бойынша дайындалады. 28. Протездерге арналған аяқ киім былғары алмастырғыштар пайдаланыла отырып, жылы астарсыз дайындалады. 29. Жеңiлдiкпен не тегiн протездеуге құқығы бар мүгедектер бір аяғы кесiлген және жұмыс протезiн ғана пайдаланған кезде, белгiленген тәртiппен сау аяғына екi сыңар аяқ киіммен қамтамасыз етіледi. 30. Мүгедектерге ортопедиялық немесе протездiк бәтеңкелердiң орнына, олардың қалауы бойынша, өз қаражаты есебiнен етiктер дайындалуы мүмкiн. Бұл жағдайда тапсырысшыларға бәтеңке жасауға көзделген сомада етiктің құнына жеңiлдiк беріледi.
5-тарау. Емдеу-алдын алу протездiк-ортопедиялық құралдарымен қамтамасыз ету
31. Пайдалану мерзiмi бір жыл емдеу-алдын алу протездiк-ортопедиялық құралдармен: 1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектерi, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдары; 2) Қазақстан Республикасының Қаулы Күштерiнде әскери қызмет мiндеттерiн атқаруымен байланысты мүгедек болған әскери қызметшiлер; 3) ішкі iстер органдарының, ұлттық қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының қызметтiк мiндеттерiн атқаруымен байланысты мүгедек болған адамдары; 4) мүгедек-балалар қамтамасыз етіледi. 32. Жалпы аурудан және бала жасынан болған бірiншi және екiншi топтағы мүгедектер, егер олар бұл азаматтарды мүгедектiкке әкеп соқтырған ауруды не жарақатты емдеуге арналса, емдеу-алдын алу протездiк-ортопедиялық құралдармен, бір жыл пайдалану мерзiмiмен 50 пайыздық жеңiлдікпен қамтамасыз етіледi.
6-тарау. Протездiк-ортопедиялық құралдарды есепке алудың, оларға тапсырыстарды ресiмдеудiң және оларды берудiң тәртібі
33. Уәкілеттi орган протездiк-ортопедиялық көмектi қажет ететiн және осы көмектi мемлекеттік тапсырыс есебiнен алған мүгедектердiң есебiн жүргiзедi. Уәкілеттi орган облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау департаменттерiмен (басқармаларымен) бірлесiп, мүгедектердi протездiк-ортопедиялық көмек алу үшiн жiберу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Мүгедектердi қайта протездеуге жiберу не протездiк-ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету протездердi және басқа да протездiк-ортопедиялық құралдарды ауыстырудың осы Ережеде белгіленген мерзiмдерінде жүргізіледi. 34. Протездiк-ортопедиялық көмекке мұқтаж мүгедектерден тапсырыс қабылдауды жеткiзушi жүзеге асырады. Тапсырыстың сипаты мен түрiне қарай жеткiзушi мүгедектi стационарлық протездеу үшін шақырып алудың қажеттігiне тапсырысты оның қатысуынсыз орындау туралы шешiм қабылдайды. Шақыру алдын ала жiберiледi. 35. Жол жүруге жарамайтын мүгедектерден тапсырыс қабылдау, қажет болған жағдайда, ақылы шақыру негiзiнде үйде жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің 2011.01.12. № 1427 Қаулысымен 36-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 36. Протездеуге келгендер жеткiзушiге: 1) уәкілеттi органның жолдамасын; 2) емдеуші дәрiгердiң жолдама-ұйғарымын, бастапқы протездеу кезіндегі ауру тарихынан көшірме үзiндіні; 3) рентген суреттерiн; 4) мүгедектігі туралы анықтаманы; 5) жеке куәлiгiн, мүгедек балалар үшiн - туу туралы куәлiктi; 6) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын) ұсынады. 37. Жеткiзуші барлық протездiк-ортопедиялық құралдарға протездеу картасын ашады. Толтырылған протездеу қартасы мен тапсырыс бланкiсi протездік-ортопедиялық құралдарды дайындаудың және оларды тапсырысшыларға берудiң тәртібін регламенттейтін есеп құжаттары болып табылады. Протездеу картасы тұрақты, тапсырыс бланкiсi - 5 жыл сақталады. 38. Протездеу картасында протездiк-ортопедиялық құралдың, протездiк-ортопедиялық аяқ киімнiң алдыңғы берiлген және жөнделген уақыты, сондай-ақ мүгедектiң мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен протезделу құқығы көрсетіледi. 39. Тапсырыс бланкiсiне протездiк-ортопедиялық бұйымның құны туралы деректер, тұлғаның мәртебесiн растайтын куәлiктiң нөмiрi, оны кiм және қашан бергенi енгiзіледi. 40. Өлшемей дайындау мүмкiн болмайтын күрделi протездiк-ортопедиялық құралдарға тапсырыстарды қабылдауды, әдетте жеткiзушi жүргізедi. Күрделi протездiк-ортопедиялық құралдарға: корсеттер, аппараттар, туторлар, обтураторлар, жамбасты сылығандағы, қол мен аяқтың қысқа және ұзын тұқылдарындағы протездер, қатты бекітілетiн протездер мен күрделi ортопедиялық аяқ киімдi қоса алғанда, басқа да протездiк-ортопедиялық құралдар жатады. 41. Мiндетті түрде өлшеп көрудi талап ететiн дайын протездiк-ортопедиялық құрал тапсырысшының жеке өзiне беріледi. Өлшеп көру талап етілмейтiн жағдайларда, алуға сенімхаты болса, бұйымды басқа адамға беруге жол беріледi не ол тапсырысшының тұратын жерiне мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен жiберіледi. 42. Жеткізушi ай сайын мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен дайындалған протездiк-ортопедиялық құралдар мен протездiк-ортопедиялық аяқ киімнің есебiн жүргiзедi және белгіленген нысан бойынша олардың тiзілiмiн, сондай-ақ ақы төлеу үшін уәкілеттi органға ұсынылатын орындалған қызметтердi қабылдап алу-беру актiсiн жасайды.
7-тарау. Протездiк-ортопедиялық құралдарды дайындау мерзiмi мен оларды жөндеудiң тәртібі
43. Протездiк-ортопедиялық құралдар мен протездiк-ортопедиялық аяқ киім кезектілік тәртібімен, өндiрiске тапсырыс берiлген күннен бастап 30 күнтізбелiк күннен асырылмай дайындалады. 44. Ұсақ протездiк-ортопедиялық құралдар (обтураторлар, бандаждар, қолды ұстағыштар, супинаторлар, пронаторлар, балалардың емдеу бұйымдары) осы тәртіппен 7 жұмыс күнi шегiнде дайындалады. 45. Протездiк-ортопедиялық құралды ақырғы рет өлшеу кезiнде тапсырысшыларға оны алуға келетiн күнi хабарланады. 46. Тапсырысшының өлшеп көруге келуiн күту кезiнде бұйымның жатып қалған уақыты протездiк-ортопедиялық құралдың дайындалу мерзiмiне енгiзiлмейдi. 1) екiншi өлшеп көру белгiленген кезде - 5 жұмыс күнi; 2) арнайы шала өнiм дайындау кезінде - 10 жұмыс күнiне дейін; 3) аяғының не қолының екеуi де кесілген немесе екеуi де зақымданған кездегі протездік-ортопедиялық құралдарға көшірме нұсқаларды дайындау уақытын қоса алғанда - 10 жұмыс күнi қосылады. Дайындаудың жалпы мерзімі 45 жұмыс күнiнен аспауға тиiс. 48. Мүгедектерге протездiк-ортопедиялық аяқ киімдi жөндеу олардың өз қаражаты есебiнен кезектілік тәртібімен жүргiзіледi.
8-тарау. Протездеуге барумен байланысты шығыстарды төлеудiң тәртібі
49. Стационарлық протездеудi қажет ететiн мүгедектер жеткiзушiнiң медициналық стационарына жатқызылады. Медициналық стационарға бару мен керi қарай жол жүрудi қоса алғанда, госпитальда жатудың барлық кезеңiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзiмге еңбекке жарамсыздық парағы беріледi. 50. Протездеуге барумен (тапсырыс беру, өлшеп көру, протездердi немесе күрделi ортопедиялық аяқ киімдi алу үшiн) және протездеу уақытындағы оларды баптап күтумен байланысты шығыстарды жеткiзушi мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен төлейдi. 51. Жол жүру темір жолда - қатты плацкарт вагоны тарифi бойынша, су жолдарында - екiншi класс тарифi бойынша, тас немесе топырақты жолдарда - белгіленген тарифтер бойынша төленеді. Жүрдек поезбен жол жүру кезiнде жылдамдығы үшін ақы төленедi. Жеткiзушiге дейiн және керi қарай жол жүру құны ұсынылған билеттiң немесе теміржол вокзалы, автовокзал, кемежай кассасы берген анықтаманың негiзiнде төленедi. 52. Протездеуге жол жүру ақысын төлеу жылына екi реттен аспайтын сапарға (тұрғылықты жерiнен протездеу пунктiне дейiн және керi қарай жүру бір сапарға есептеле отырып) жүргізіледi. Бандажбен қамтамасыз етілу құқығы бар адамдарға жол шығыстары бір сапарға ғана төленедi. 53. Протездеуге баратын және ертіп жүрудi қажет ететiн бірiншi топтағы мүгедектер мен мүгедек-балаларға протездеуге бару сапары кезiнде ертiп жүрушінің жолақы шығындары жылына бір рет барып-келу бағыттарына, ертіп жүрушінің тiкелей өзiне төлқұжатын көрсеткенде төленедi. 54. Мүгедектерге бастапқы протездеу кезiнде және мүгедек-балаларға тұқылдың қалыптасуына қарай протездердің ауыстырылуына байланысты жол ақыларын төлеу жылына екi рет жүргiзіледi.
3-бөлiм. Сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету
9-тарау. Жалпы ережелер
55. Мүгедектердi сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. ҚР Үкіметінің 2008.19.02. № 160 қаулысымен 56-тармақ өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 56. Мүгедектер сурдотехникалық құралдармен өтініштерінің, аумақтық орган әзiрлеген мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасының негiзiнде қамтамасыз етіледi. 57. Сурдотехникалық құралдармен мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен: 1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары; 2) жеңiлдiктер мен кепілдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдар; 3) мүгедек-балалар; 4) бірiншi, екiншi, үшiншi топтағы мүгедектер қамтамасыз етіледi. ҚР Үкіметінің 2008.19.02. № 160 қаулысымен 58-тармақ өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 58. Осы Ереженің 57-тармағында көрсетiлген адамдарға бір есiту аппараты, ал есiту қабілетiн екi жақты симметриялық жоғалту кезiнде аумақтық органның қорытындысы бойынша - осы Ереженің 59-тармағында белгiленген құжаттарды ұсынған кезде екi есiту аппараты беріледi. 59. Осы Ереженің 57-тармағында көрсетiлген адамдар сурдотехникалық құралдарды алу үшiн мынадай құжаттарды: 1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары - төлқұжатын немесе жеке басының куәлiгiн, Ұлы Отан соғысы қатысушысының куәлiгiн және мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын; 2) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi - төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, Ұлы Отан соғысы мүгедегінің куәлiгiн, мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын; 3) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдар - төлқұжатын немесе жеке куәлігін, жеңілдiктерге құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi мен мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын; 4) мүгедек-балалар - төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, кәмелетке толмағандар - туу туралы куәлiгiн, ата-анасының біреуiнiң (қамқоршының, қорғаншының) төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын; 5) бірiншi, екiншi, үшiншi топтағы мүгедектер - төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, зейнеткерлiк куәлiгiн, мүгедекті жеке оңалту бағдарламасын ұсынады.
10-тарау. Есiту протезiнiң ерекшелiктерi
60. Есiту протезi дәрiгер-сурдологтар, оториноларингологтар ауруларды жалпы лортексеру және аудиометриялық тексеру кезiнде белгілеген, әр құлағының есiтуiн орташа жоғалтуы 20 дБ-дан асатын адамдарға қолданылады. 61. Мүгедектерге берілетiн есiту аппараттары медициналық айғақтамаларға және олардың орналасуына қарай құлақ iшіндегі, түтiк iшіндегі, құлақ сыртындағы, қалтадағы, көзiлдiрiк ұясындағы, ауыстырып қондырылатын, ауа және сүйек арқылы дыбысөткiзгіш болуы мүмкiн. Мүгедектердi есiту аппараттарымен, жиынтықты бұйымдармен, қосалқы бөлшектермен, олардың қоректендiру көздерiмен қамтамасыз етудi, сурдологиялық тексерудi, есiтудi протездеу көмегiн, есiту аппараттарын ірiктеудi, олардың техникалық сипаттамаларға сәйкестiгiне қорытынды берудi, сервистiк қызмет көрсетудi, жөндеудi тиiсті материалдық-техникалық базасы мен мамандары бар, қазiргi заманғы есiту аппараттарын iрiктеу және беру арқылы медициналық-әлеуметтiк оңалту мақсатымен есiту протез көмегiн көрсетуге, есiтудiң жай-күйiн қадағалауға, есiту аппараттарына техникалық қызмет көрсетуге маманданған ұйым (бұдан әрi - ұйым) жүргiзедi. 62. Есiту қабілетiн екi жақты симметриялық жоғалтқан кезде күшейтуi бойынша бірдей екi жақты есiту аппараттарын тағайындау жолымен екi жақты (бинауральдық) есiту протезi ұсынылады. 63. Есіту функциясы ассиметриялық түрде бұзылған кезде моноуральдық есiту протезi тағайындалады. 64. Есiтудiң сүйек-тiндік өткiзгіштігі бойынша төмендеуi 20дБ-дан аспаған, ал ауа арқылы өткiзгіштігі бойынша айқын білінетiн сүйек-ауа интервалы кезiнде есiтудi жоғалту 50 дБ-дан астам болған жағдайда, сүйек арқылы дыбыс өткiзгіштігі бар жеке есiту аппараты тағайындалады. 65. Есiту протезi есiту кемiстiгiн электроакустикалық түзету балалардың, ересек адамдардың ерекшелiктерi ескеріле отырып, оларды есiту аппаратына бейiмделуге мiндетті түрде үйрете отырып, сондай-ақ оны қолдану және ұзақ пайдалануға дағды алдыра отырып жүргiзіледі.
11-тарау. Сурдотехникалық құралдарға қажеттіліктi қалыптастыру және мемлекеттік сатып алуды жүргiзу
ҚР Үкіметінің 2008.19.02. № 160 қаулысымен 66-тармақ өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 66. Сурдотехникалық құралдарға мұқтаж адамдар тұрғылықты тұратын жеріндегi қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерiне өтiнiш бередi. Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - уәкiлетті орган), өтiнiштердiң және аумақтық органдар әзiрлеген мүгедектердi жеке оңалту бағдарламаларының негiзiнде, сурдотехникалық құралдарға қажеттілiкті олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып айқындайды. |