Қазақстан Республикасының Президентінің (2013.04.02. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 10 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Президентінің 2009.22.01. № 729 Жарлығымен кіріспе өзгертілді (бұр. ред. қара) «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңның 16-бабының 2) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН: 1. Қоса берiлiп отырған Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi туралы ереже бекітілсiн. 2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын: 1) «Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетi туралы ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 19 сәуірдегі № 2956 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, № 17, 137-құжат); 2) «Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетiнiң мәселелерi» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 3 маусымдағы № 3012 өкімі; 3) Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 21 наурыздағы № 825 «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы № 3038 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы» Жарлығының 1-тармағының 1) тармақшасы. 3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Астана, Ақорда, 2002 жылғы тамыздың 5-і.
№ 917
ҚР Президентінің 2005.04.05. № 1570 Жарлығымен (бұр. ред. қара); ҚР Президентінің 2009.22.01. № 729 Жарлығымен (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 1024 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2011.24.08. № 141 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2012.08.04. № 294 Жарлығымен (бұр.ред.қара) ереже өзгертілді; ҚР Президентінің 2013.04.02. № 495 Жарлығымен ереже жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығымен бекітілген
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп
Осы Ереже Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәртебесін, өкілеттіктерін және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайды.
1. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. 2. Есеп комитеті өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 3. Есеп комитеті мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, өзінің туы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазынашылық органдарында есепшоттары болады. 4. Есеп комитеті азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі. 5. Есеп комитетінің егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар. 6. Есеп комитеті өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, егер мұндай шешімді қабылдау осы Ережемен немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен Есеп комитеті төрағасының құзыретіне жатқызылған болса, Есеп комитеті төрағасының қаулылары немесе бұйрықтары түрінде шешім қабылдайды. 7. Есеп комитетінің құрылымын Есеп комитетінің төрағасы, мүшелер және аппараты құрайды. Есеп комитетінің штат саны лимитін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. 8. Есеп комитетінің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, «Министрліктер үйі». 9. Мемлекеттік органның толық атауы - «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті» мемлекеттік мекемесі. 10. Осы Ереже Есеп комитетінің құрылтай құжаты болып табылады. 11. Есеп комитетінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. 12. Есеп комитетіне кәсіпкерлік субъектілерімен Есеп комитетінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер Есеп комитетіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері,
13. Есеп комитетінің миссиясы Қазақстан Республикасында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қаржы тәртібін нығайту, мемлекеттік қаражатты және мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады. 14. Есеп комитетінің міндеттері: 1) республикалық және төтенше мемлекеттік бюджеттердің атқарылуын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, кепілгерліктердің, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектор активтерінің пайдаланылуын бағалау және бақылау; 2) мемлекеттік қаржылық бақылау саласында әдіснамалық басшылық жасау. 15. Есеп комитетінің функциялары: 1) мыналарды: республикалық бюджеттің, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкес атқарылуын; орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын; бюджеттік инвестициялардың тиімділігін бағалау; 2) мыналарды: өз қызметінің бағыттары бойынша тиімділікті; республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын, салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігін; мемлекеттік төтенше бюджеттің атқарылуын; бақылау объектілерінің есепке алу мен есептілікті жүргізуінің дәйектілігі мен дұрыстығын; республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландыруды, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктерін, активтерін (оның ішінде республикалық мемлекеттік мүлікті) пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін; республикалық бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын; Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражатының пайдаланылуын; Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін; квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатын олардың пайдалануының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігін; акциялары (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың тиімділігін бақылау; 3) Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдарға және бақылау объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуына мониторинг жүргізу; 4) мыналарды: сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізудің тәртібін; мемлекеттік бағдарламаларға, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау жүргізу қағидасын; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы үлгі ережені; мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың қағидасын; Үйлестіру кеңесінің қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыру тәртібін; сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлау және жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесін әзірлеу және бекіту; 5) осы Ереженің 4-тарауында айқындалған тәртіппен есеп қалыптастыру; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органмен бірлесіп, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлеу және олардың сақталуына бақылау жүргізу; 7) мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бақылау актілерін талдау және мемлекеттік қаржылық бақылаудың сапасын арттыру жөнінде ұсынымдар беру; 8) мемлекеттік бюджеттік саясатты іске асыруға қатысу; 9) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын жетілдіру жөнінде, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ұсынымдар енгізу, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және келісу; 10) мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы зерттеулерді талдау және ұйымдастыру, мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы оқу бағдарламаларын іске асыру; 11) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына әдістемелік көмек көрсету; 12) мемлекеттік қаржылық бақылау қызметкерлерін қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру. 16. Есеп комитетінің құқықтары мен міндеттері: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің басқа да жекелеген тапсырмаларын орындайды; 2) Қазақстан Республикасының Президентіне Есеп комитетінің жұмысы туралы ақпаратты тоқсан сайын ұсынып отырады; 3) құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган республикалық бюджеттің атқарылуы бөлігінде жүргізген бақылау нәтижелері бойынша қабылданған актілерді сұратады; 4) мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінің лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілері анықталған жағдайда, бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға береді; 5) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген өкілеттіктер шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырады; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, республикалық деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлау мен жүргізуге, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді дайындауға қатысты мәселелер бойынша, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау саласында зерттеулер жүргізуге қажетті құжаттаманы және ақпаратты сұратады және өздеріне белгіленген мерзімде алады; 7) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылау объектілері лауазымды адамдарының тиісті есептерін тыңдайды; 8) Қазақстан Республикасының Президентіне бақылау объектілерінің лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін сақтамауының анықталған фактілері бойынша, оның ішінде тиімділікті бақылау нәтижелері бойынша ұсынулар, сондай-ақ лауазымды адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы тиісті мемлекеттік органдарға немесе оларды тағайындаған адамдарға ұсыныстар енгізеді; 9) мемлекеттік органдардан және мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінен республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді, сондай-ақ мемлекеттік қаржылық бақылаудың нәтижелері және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларынан бекітілген жұмыс жоспарларына енгізілген өзгерістер туралы ақпаратты өзі белгілеген мерзімде алады; 10) бақылау және талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды жою, сондай-ақ ұсынылған өкілеттіктері шегінде экономикалық қауіпсіздік қатерін анықтау, талдау, бағалау және болжау жөнінде шаралар қабылдайды; 11) Қазақстан Республикасының құжаттандыру және сақтандыру мәселелерін реттейтін заңнамасын сақтай отырып, бақылау объектісінен бақылаудың қорытындысын растайтын тиісті материалдарды (дәлелдемелерді) кедергісіз алады; 12) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының тиісті мамандарын (олармен келісе отырып), сондай-ақ қажет болғанда республикалық бюджеттен олардың көрсететін қызметтеріне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды тартады; 13) шетел мемлекеттерінің қаржылық бақылау органдарымен және олардың халықаралық бірлестіктерімен байланыс жасайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олармен ынтымақтастық туралы шарттар мен келісімдер жасасады және халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді; 14) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарына өзінің қызметі туралы ақпаратты тұрақты ұсынып отырады; 15) өзі қабылдаған актілердің мерзімді жинақтарын, бюллетеньдер, журналдар мен басқа да басылымдар шығарады; 16) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сотқа талап арызбен және арызбен жүгінеді, сондай-ақ сот процестеріне қатысады.
3. Есеп комитетінің қызметін ұйымдастыру және оның лауазымды адамдарының өкілеттіктері
17. Есеп комитетіне басшылықты Есеп комитетінің төрағасы жүзеге асырады, ол Есеп комитетіне жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға, оның ішінде Есеп комитетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасауда дербес жауапты болады. 18. Есеп комитетінің төрағасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды. 19. Есеп комитеті төрағасының өкілеттіктері: 1) Есеп комитетінің жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекітеді; 2) Есеп комитеті мүшелерінің өкілеттіктерін айқындайды, Есеп комитетінің лауазымды адамдарының арасында міндеттерді бөледі, Есеп комитеті мүшелерінің және оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады; 3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, олардың орындалуын тексереді, Есеп комитетінің отырыстарында қабылданған қаулылар мен өзге де актілерге қол қояды; 4) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының қарауына Есеп комитеті мүшелерінің кандидатуралары бойынша оларды қызметке тағайындау және қызметтен босату кезінде ұсыныстар енгізеді; 5) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Есеп комитетінің жалпы штат саны және республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде Есеп комитеті аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді; 6) жұмыс учаскелерін, талдау және бақылау объектілерінің тізбесін бекітеді; 7) Есеп комитетінің жылдық жұмыс жоспары шеңберінде жүзеге асырылатын бақылау іс-шараларының жоспарларын бекітеді, бақылаудың кезеңділігі мен ұзақтығын айқындайды; 8) Есеп комитетінің мүшелеріне бақылау жүргізуге тапсырмалар береді, Есеп комитеті құзыретінің шегінде Есеп комитеті аппаратының бақылау іс-шараларын жүргізуге қатысуға құқылы қызметкерлерінің тобын белгілейді; 9) Есеп комитеті аппараты қызметкерлері қызметінің, олар жүргізген бақылаудың, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес бақылау объектісінде бола отырып жүргізген бақылаудың жекелеген бағыттарының сапасына бақылау жүргізудің қажеттігін айқындайды; 10) Есеп комитетінің тәуекелдерді басқару жүйесін және қызметінің регламентін бекітеді; 11) Есеп комитеті аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 12) республикалық және шетелдік органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара қарым-қатынастарда Есеп комитетінің атынан өкілдік етеді; 13) Есеп комитеті төрағасының жанынан консультативтік-кеңесші және консультативтік-сараптамалық органдар құрады; 14) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары алқасының отырыстарына қатысуға құқылы; 15) құпиялылық режимінің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау мәселелеріне қатысты құжаттамамен кедергісіз танысуға құқылы; 16) бақылау объектілерінен бақылау іс-шараларын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді талап етеді және өзі белгілеген мерзімде алады; 17) заңдарда көзделген жауаптылықта болады; 18) осы Ереженің 27-тармағында көзделген негіздемелер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты немесе Мәжілісі тағайындаған Есеп комитеті мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы, тиісінше, Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне ұсыныс береді; 19) өзі уақытша болмаған жағдайда, Есеп комитеті төрағасының міндетін Есеп комитеті мүшелерінің біріне жүктейді; 20) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 20. Есеп комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 7) тармақшасына және 57-бабының 1) тармақшасына сәйкес бес жыл мерзімге қызметке тағайындалады, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті - Есеп комитетінің екі мүшесін, Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз - Есеп комитетінің үш мүшесін тағайындайды. 21. Есеп комитеті мүшелерінің өкілеттіктері: 1) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерілетін бақылау объектілерінің жұмыс істеуіне кедергі жасамауы және олардың ағымдағы шаруашылық қызметіне араласпауы тиіс; 2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары алқасының отырыстарына қатысуға құқылы; 3) құпиялылық режимінің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау мәселелеріне қатысты құжаттамаға кедергісіз қол жеткізе алады; 4) бақылау объектілерінен бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді талап етеді және өздері белгілеген мерзімдерде алады; 5) өз құзыреті шегінде өздері жетекшілік ететін қызмет бағыттарының мәселелері бойынша өз бетінше шешім қабылдайды; 6) бақылауды тиімді ұйымдастыру үшін қажетті ресурстардың көлемін анықтай отырып, өз құзыреті шегінде бақылау бағдарламаларын бекітеді; 7) Есеп комитеті аппаратының қызметкерлеріне тексерулер жүргізуге тапсырмалар береді; 8) Есеп комитетінің бақылау, сараптамалық-талдамалық қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады; 9) бақылауды кедергісіз жүргізуді қамтамасыз етеді; 10) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 22. Есеп комитетінің төрағасы мен мүшелері өз өкілеттіктерін іске асыру үшін бақылаудың нәтижелері бойынша актілер қабылдайды. 23. Анықталған кемшіліктерді жою, мемлекетке келтірілген залалдың орнын толтыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына жіберілген Есеп комитетінің қаулылары мен ұсынымдары оларда белгілеген мерзімдерде немесе, егер мерзімі көрсетілмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн ішінде қаралуы тиіс. Тиісті мемлекеттік орган және ұйым қаулы мен ұсыным бойынша қабылданған шешім туралы және оны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Есеп комитетін дереу хабардар етеді. 24. Есеп комитетінің төрағасы мен мүшелеріне Қазақстан Республикасының Президенті қол қоятын, белгіленген үлгідегі куәліктер беріледі. 25. Республика Президенті тағайындаған Есеп комитетінің төрағасы мен мүшелерінің өкілеттіктері Республика Президентінің шешімімен тоқтатылады. 26. Есеп комитеті төрағасының немесе мүшесінің орнынан түсу туралы өтініші оның себебі көрсетіле отырып, тиісінше, оны тағайындаған: Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне беріледі. Есеп комитеті мүшесінің орнынан түсу туралы өтініші Есеп комитетінің төрағасын алдын ала хабардар ете отырып беріледі. 27. Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелері: 1) орнынан түсуінің қабылдануы; 2) оларға қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі; 3) белгіленген тәртіппен іс-әрекет қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп танылуы; 4) анттарын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені бұзуы, өздерінің мәртебесімен сыйыспайтын теріс қылықтар жасауы, лауазымдық міндеттерін сақтамауы; 5) қайтыс болуы себепті, сондай-ақ хабарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған жағдайда; 6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы; 7) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі; 8) басқа лауазымға тағайындалуы себепті мерзімінен бұрын қызметінен босатылуы мүмкін. 28. Есеп комитетінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Есеп комитетінің төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын аппарат басшысы басқарады. 29. Аппарат қызметкерлерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметті өткеру шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, осы Ережемен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен айқындалады. 30. Есеп комитетінің қызметі Есеп комитетінің төрағасы бекітетін жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады. Сапаны бақылауды қоспағанда, Есеп комитетінің тек жылдық және тоқсандық жоспарлары ғана бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің және ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі адамдарының тапсырмалары бойынша бақылау Есеп комитетінің тоқсандық жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу негізінде жүргізіледі. 31. Есеп комитетінің төрағасы мерзімін белгілейтін тиімділікті бақылауды қоспағанда, бақылауды жүзеге асыру мерзімі алдағы жұмыстар мен қойылған міндеттердің көлемі ескеріліп, бақылау объектісінің басшысына тапсырма берілген кезден бастап күнтізбелік отыз күнге дейін белгіленеді. 32. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Есеп комитетіне оның міндеттерін орындауда жәрдем көрсетеді, құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтай отырып, өздері жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпаратты заңмен белгіленген тәртіппен оның сұратуы бойынша береді. Есеп комитетінің мемлекеттік қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. 33. Есеп комитеті өзінің бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде бақылау объектісінен тәуелсіз болады. Есеп комитетінің тәуелсіздігі: 1) Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу; 2) өз қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау; 3) Есеп комитетінің қызметін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген шектерде және тәртіппен жеткілікті қаржыландыру арқылы қамтамасыз етіледі. 34. Мемлекеттік органдар Есеп комитетінің қаржылық қызметін бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырады. 35. Есеп комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынылатын ақпарат пен есептердің құрылымы, мазмұны мақұлданады, бақылау іс-шараларының қорытындылары, жоспарлау, әдіснама мәселелері, алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады. |