Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесін бекіту туралы (2010.26.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 22 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесі бекітілсін. 2. «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген зиянды экономикалық бағалауды белгілеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 486 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 20, 199-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы № 535 қаулысымен бекітілген
Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесі
1. Осы Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау тәртібін айқындайды. 2. Қоршаған ортаға келтірілген зиянды экономикалық бағалауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы лауазымды тұлғалар мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру барысында экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды анықтаған кезде белгілейді. 3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғалары қоршаған ортаға залал келтіру фактісі анықталған күнінен бастап бір ай мерзімде қажетті материалдарды жинауды әрі талдауды жүргізеді және қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалауды айқындайды. 4. Залалды экономикалық бағалау қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жолымен келтірілген залалды толық жою мүмкіндігіне қарай тікелей немесе жанама әдістермен жүзеге асырылады. 5. Залалды экономикалық бағалаудың тікелей әдісі Экологиялық кодекстің 109-бабына сәйкес жүзеге асырылады. 6. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 110-бабына сәйкес залалды экономикалық бағалаудың жанама әдісі атмосфералық ауаның, су ресурстарының ластануы, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын, оның ішінде радиоактивті қалдықтарды белгіленген нормативтерден тыс орналастыру және табиғи ресурстарды нормативтерден тыс алып қою жағдайлары үшін қолданылады. ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 7. Залалды экономикалық бағалаудың жанама әдісі қоршаған ортаға нақты әсер мен ластаушы заттардың барлық түрлері бойынша белгіленген нормативтер арасындағы айырмаға, сондай-ақ айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне, экологиялық қауіптілік пен экологиялық тәуекел деңгейлеріне негізделеді. ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 8. Белгіленген нормативтерден асып түсу құралдық өлшем жолымен не заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін айқындау әдістемесіне сәйкес есептеу жолымен айқындалады. Ластаушы заттың нақты массасын шартты тоннаға ауыстыру оның тоннадағы массасын заттың 1/ШЖБК мәніне тең қауіптілік коэффициентіне (Аі) көбейту жолымен жүзеге асырылады. 9. Экологиялық заңнаманың бұзылуынан туындаған экологиялық қауіптілік, сондай-ақ экологиялық қатер деңгейін осы Ережеге 1, 2-қосымшаларда келтірілген өлшемдердің негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғалары анықтайды. 10. Стационарлық көздерден атмосфералық ауаның ластануынан, су ресурстарының ластануынан, өндіріс және тұтыну қалдықтарын белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау осы Ережеге 3-қосымшада көзделген есептеулерге сәйкес жүзеге асырылады. 11. Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаның белгіленген нормативтерден тыс ластануынан келтірілген залалды экономикалық бағалауды айқындау үшін осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес есептеулер қолданылады. 12. Қоршаған ортада радиоактивті қалдықтарды, иондаушы сәуле шығару көздерін белгіленген нормативтен тыс орналастырудан, сондай-ақ қоршаған ортаға орналастырылған құрылыс материалдарынан, тау-кен өндірісінің атжалдары мен шламдарынан, ағын және кеніш суларынан келтірілген залалды экономикалық бағалау осы Ережеге 5-қосымшада көзделген есептеулерге сәйкес белгіленеді. 13. Егер қоршаған ортанының ластануы, қалдықтарды орналастыру экологиялық рұқсат алусыз орын алған жағдайда осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес есептеулер формулалары қолданылады, мұнда қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтері нөльге тең болып қабылданады. ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 14. Жерасты суларының ластануынан келтірілген залалды экономикалық бағалау оларды тазалау жөніндегі іс-шаралардың құны бойынша тікелей әдіспен не өз бетімен ағын суларды төгудің іс жүзіндегі көлемін ескере отырып, жанама әдіспен айқындалады. 15. Жобалық және жобадан тыс бөгеттердің, бөгендердің, жолдардың бұзылуы салдарынан, сондай-ақ шаруашылық қызметтен болған шұқанақтар мен жыралардың пайда болуы салдарынан топырақтың гидрографиялық желісінің ластануы топырақтың гидрографиялық желісіне тасталған салмағы өлшенген бөлшектердің авариялық шығарындысы ретінде қабылданады. Осындай ластанудың залалын экономикалық бағалау осы Ережеге 3-қосымшаның 2-тармағына сәйкес айқындалады. ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 16. Кең таралған пайдалы қазбаларды (бұдан әрі - КПҚ) өз бетімен өндірудің немесе оларды заңсыз пайдаланудың залалын экономикалық бағалау өндірілген пайдалы қазбаның және/немесе КПҚ-дан алынған тауар өнімінің құнының мөлшерінде айқындалады. Өндірілген КПҚ және алынған тауар өнімінің құны бұзушылық анықталған күннен бастап бір тоқсаннан аспайтын кезең үшін тауар өнімін өткізудің орташа нарықтық бағасы негізге алына отырып айқындалады. Тауар өнімі өткізілмеген жағдайда өндірілген КПҚ-ның құны онда бұзушылық анықталған тоқсан алдындағы тоқсан үшін осы әкімшілік-аумақтық бірлікте осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын табиғатты пайдаланушыларда қалыптасқан орташа нарықтық баға негізге алына отырып айқындалады. Көрсетілген мәліметтер жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органда не жергілікті атқарушы органдарда сұратылады. 17. Егер шаруашылық жүргізуші субъект қалпына келтіру мүмкін емес не арнайы жұмыстар (жерді қалпына келтіру, ағаш отырғызу және басқа да жұмыстар) жүргізуді талап ететін жерлердің ерекше шаруашылық, ландшафтық-рекреациялық және экожүйелік (су реттеуші, топырақты қорғау) құнарынан толық айырылуға әкеп соққан іс-әрекетті жүзеге асырған жағдайда, залалды экономикалық бағалау топырақтың айырылған қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындар құны мөлшерінде тікелей әдіспен не ағын суларды және өзге де сұйық ластаушы заттарды өз бетімен төгудің іс жүзіндегі көлемі не қалдықтарды өз бетімен орналастыру көлемі негізге алына отырып жанама әдіспен осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады. 18. Оларды ауыл шаруашылығын және орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшін ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы алқаптарын алып қоюмен, сондай-ақ жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз аулаумен, дайындаумен, зақымдаумен немесе жоюмен жер және орман ресурстарына тікелей келтірілген залалды экономикалық бағалау жер, орман заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады. Жер, су және өсімдік ресурстарының ластануы, жойылуы немесе зақымдануы арқылы жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне, балық қорларына және гидробиониттерге келтірілген залалды экономикалық бағалау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жиынтық көлемде жер, су және өсімдік ресурстарына келтірілген залалды экономикалық бағалау нәтижелері бойынша айқындалады. 19. Су (теңіз) бетіне төгілген мұнайдың (мұнай өнімдерінің) залалын экологиялық бағалау осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес айқындалады. Мұнайдың (мұнай өнімдерінің) ауданы мен шоғырлануы су бетін зерттеу жөніндегі және Қазақстан Республикасында қолданылатын тиісті нормативтік және әдістемелік құжаттардың негізінде жүргізілген зертханалық талдаулардың деректері негізінде анықталады. Су объектілерін ластаушы мұнайдың (мұнай өнімдерінің) массасы мәні барынша еру жағдайында шекті шоғырлануға сәйкес келетін мұнайдың (мұнай өнімдерінің) суда еріген әрі эмульгирленген массасын және су объектісінің бетінде қабыршақты мұнай (мұнай өнімдерінің) массасын қосумен айқындалады. ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 20-тармақпен толықтырылды (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) 20. Зымыран дайындау және «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде авариялар туындаған жағдайда қоршаған ортаның ластануынан келтірілген залалды экономикалық бағалау осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес айқындалады.
1-қосымша
Экологиялық заңнаманы бұзудан туындаған экологиялық қауіптің деңгейін анықтау өлшемдері
2-қосымша
Экологиялық заңнаманы бұзудан туындаған экологиялық тәуекелдің деңгейін анықтау өлшемдері
ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 3-қосымша жаңа редакцияда (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
3-қосымша Стационарлық көздерден шығарындылармен атмосфералық ауаны ластаудан, су ресурстарын ластаудан, өндіріс және тұтыну қалдықтарын белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалауды анықтау есептемелері
1. і-лік ингредиент бойынша стационарлық көздерден шығарындылармен атмосфералық ауаны белгіленген нормативтерден тыс ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау мынадай формула бойынша анықталады:
Ui = (Сіс жүз.і - Снормі) х 3600/1000000 х Аі х Т х 2,2 АЕК х 10 х К1 х К2
мұндағы: Ui - стационарлық көздерден атмосфералық ауаны і-ингредиентпен ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау, теңге; Сіс жүз.і - мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында айқындалған і-лік ластаушы заттың іс жүзіндегі шығарындысы, г/сек; Снормі- і-лік ластаушы зат шығарындысының нормативі, г/сек; Аі - салыстырмалы қауіптілік коэффициенті, мына формула бойынша анықталады: Аі - 1/ШЖБШот, мұнда ШЖБШот - атмосфералық ауадағы заттың шекті жол берілетін орташа тәуліктік шоғырлануы; Т - мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексерістен кейінгі уақыт ретінде қабылданатын залал келтіру кезеңіндегі жабдықтың жұмыс уақыты (сағатпен); АЕК - тиісті қаржы жылына арналған заңнамалық актілерде белгіленген айлық есептік көрсеткіш; 10 - арттыру коэффиценті; К1 - экологиялық қауіптілік коэффициенті, осы Ережеге 1-қосымша; К2- экологиялық тәуекел коэффициенті, осы Ережеге 2-қосымша. 1.1. і-лік ингредиент бойынша газды алауларда жағудан атмосфералық ауаны белгіленген нормативтерден тыс ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау мынадай формула бойынша анықталады:
Ui = (Сіс жүз.і- Снормі) х 3600/1000000 х А х Т х 52 АЕК х 10 х К1 х К2
мұндағы: Uі — газды алауларда жағудан атмосфералық ауаны і-ингредиентпен ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау, теңге; Сiс жүз.і - мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында айқындалған і-лік ластаушы заттың іс жүзіндегі шығарындысы, г/сек; Снормі - і-лік ластаушы зат шығарындысының нормативі, г/сек; Т - мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексерістен кейінгі уақыт ретінде қабылданатын залал келтіру кезеңіндегі жабдықтың жұмыс уақыты (сағатпен); АЕК - тиісті қаржы жылына арналған заңнамалық актілерде белгіленген айлық есептік көрсеткіш; Аi — салыстырмалы қауіптілік коэффициенті, мына формула бойынша анықталады: Аi = 1/ШЖБШот, мұнда ШЖБШот. - атмосфералық ауадағы ластаушы заттың шекті жол берілетін орташа тәуліктік шоғырлануы; 10 - арттыру коэффиценті; Кі - экологиялық қауіптілік коэффициенті, осы Ережеге 1-қосымша; К2- экологиялық тәуекел коэффициенті, осы Ережеге 2-қосымша. 2. і-лік ингредиент бойынша су ресурстарын белгіленген нормативтерден тыс ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау мына формула бойынша анықталады:
Ui = (Сіс жүз.і - Снормі) х Vіс жүз. х 30 АЕК х Аі х 10 х К1 х К2
мұндағы: Ui - і-лік ингредиентпен су ресурстарын ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау (теңге); Сіс жүз.і - ағынды сулардағы і-лік ластаушы заттың нақты шоғырлануы, мг/л; Снормі - і-лік ластаушы зат төгіндісінің нормативі, мг/л; Vіс жүз - мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексерістен кейін болған уақытта қабылданатын кезеңдегі су ағызу көлемі, млн. текше м; N = 30 - ағынды суларды су объектілеріне тастау үшін; N = 18 - жинақтауыштарға, жер бедеріне және сүзу алқаптарына ағынды суларды тастағаны үшін; АЕК - тиісті қаржы жылына арналған заңнамалық актілерде белгіленген айлық есептік көрсеткіш; Аі - салыстырмалы қауіптілік коэффициенті, мына формула бойынша анықталады: Аі = 1/ШЖБШз, мұнда ШЖБШз - осы түрдегі су объектісіндегі ластаушы заттың шекті жол берілетін шоғырлануы; 10 - арттыру коэффиценті; К1 - экологиялық қауіптілік коэффициенті, осы Ережеге 1-қосымша; К2- экологиялық тәуекел коэффициенті, осы Ережеге 2-қосымша. 3. Өндіріс және тұтыну қалдықтарының і түрін нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау мына формула бойынша анықталады:
Ui = (Ғіс жүз.і — Ғ нормі) х Сқал х 10 X К) X К2
мұндағы: Ui - өндіріс және тұтыну қалдықтарының і түрін орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау, теңге; Ғіс жүз.і - тексеріс жүргізу кезеңінде өндіріс және тұтыну қалдықтарының і түрін орналастырудың іс жүзіндегі көлемі, тонна; Ғнормі - тексеріс жүргізу кезеңінде өндіріс және тұтыну қалдықтарының і түрін орналастырудың нормативтік көлемі, тонна; Сқал - өндіріс және тұтыну қалдықтары і түрінің 1 тоннасын орналастыру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген төлемақы ставкасы, теңге; 10 - арттыру коэффициенті; К1 - экологиялық қауіптілік коэффициенті, осы Ережеге 1-қосымша; К2 - экологиялық тәуекел коэффициенті, осы Ережеге 2-қосымша. 4. Радиоактивті қалдықтар болып табылмайтын, шектеулі пайдаланылатын материалдарға жататын және белгіленген нормативтерден тыс өнеркәсіптік қалдықтарды көму орындарында орналастырылуға тиіс, құрамында жасанды әрі табиғи радионуклидтер санитарлық нормалардан 0,3 кБк/кг-нан асатын, бірақ альфа сәулесін шығаратын радионуклидтер үшін 10 кБк/кг-нан аспайтын радионуклидтер және бета сәулесін шығаратын радионуклидтер үшін 100 кБк/кг-нан аспайтын радионуклидтер бар құрылыс материалдарын, тау-кен өндірісінің атжалдары мен шламдарын, ағын сулар мен кеніштер суларын қоршаған ортада орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау осы қосымшаға сәйкес жасыл индекс бойынша анықталады. 5. Егер құрал-жабдықпен өлшеуді жүзеге асыру мүмкін болмаса, онда і-лік ингредиент бойынша атмосфералық ауаны және су ресурстарын ластаудан залалды экономикалық бағалау мына формула бойынша айқындалады:
Ui=(Сіс жүз.і - Снормі) х N АЕК х Аі x 10 х К1 х К2
мұндағы: Ui - і-лік ингредиент бойынша атмосфералық ауаны және су ресурстарын ластаудан залалды экономикалық бағалау, теңге; Сіс жүз.і — і-лік ластаушы заттың қоршаған ортаға залал келтіру кезеңіндегі іс жүзіндегі шоғырлануы мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында табиғатты пайдаланушылардың есептік деректерді, сондай-ақ электрондық құралдар көрсеткіштерін және басқаларын негізге ала отырып есептеу әдісімен айқындалады, тонна; Снормі - і-лік ластаушы зат шығарындысының не төгіндісінің нормативі, тонна; N = 2,2 - стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындыларымен қоршаған ортаны белгіленген нормативтерден тыс не экологиялық рұқсатсыз ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау үшін; N = 52 - газды алауларда жағудан ластаушы заттардың шығарындыларымен қоршаған ортаны белгіленген нормативтерден тыс не экологиялық рұқсатсыз ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау үшін; N = 30 - су объектілеріне ластаушы заттардың төгінділерімен қоршаған ортаны белгіленген нормативтерден тыс не экологиялық рұқсатсыз ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау үшін; N = 18 — жинақтауыштарға, жер бедеріне және сүзу алқаптарына белгіленген нормативтерден тыс не экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттардың төгінділерімен қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау үшін; АЕК - тиісті қаржы жылына арналған заңнамалық актілерде белгіленген айлық есептік көрсеткіш; Аі- - салыстырмалы қауіптілік коэффициенті, мына формула бойынша анықталады: Аі = 1/ШЖБШ, мұнда ШЖБШ - атмосфералық ауадағы ластаушы заттың шекті жол берілетін орташа тәуліктік шоғырлануы не су ресурстарындағы ластаушы заттың шекті жол берілетін шоғырлануы; 10 - арттыру коэффиценті; К1 - экологиялық қауіптілік коэффициенті, осы Ережеге 1-қосымша; К2 - экологиялық тәуекел коэффициенті, осы Ережеге 2-қосымша.
ҚР Үкіметінің 2010.26.01. № 24 Қаулысымен 4-қосымша өзгертілді (жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
4-қосымша
Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаны белгіленген нормативтерден тыс ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау есептемесі
Автомотор отынының і-түрі бойынша жылжымалы көздерден атмосфералық ауаны белгіленген нормативтерден тыс ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау мына формула бойынша анықталады:
Ui=(Сіс жүз -Снорм )/снормхRіс жүз.іхСшығіх10
мұнда: Ui - автомотор отынының і-түрін жағу кезінде жылжымалы көздердің атмосфералық ауаны ластауынан келтірілген залалды экономикалық бағалау, теңге; Сіс жүз. - мемлекеттік бақылау барысында айқындалған ластаушы заттың іс жүзіндегі шоғырлануы не шығарынды газдардағы түтін шығару көрсеткіші, көлемдік үлесі немесе %; Снорм - ластаушы зат шоғырлануының нормативі не шығарынды газдардағы түтін шығару көрсеткіші, көлемдік үлесі немесе %; Rіс жүз.і - мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден өткен уақыт ретінде қабылданатын залал келтіру кезеңіндегі автомотор отынының і-түрінің шығысы, тонна; Сшығ.і - жылжымалы көздердің автомотор отынының і-түрінің 1 тоннасын жағу кезіндегі атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлем ставкасы, теңге/тонна; 10 - арттыру коэффициенті.
5-қосымша
Қоршаған ортаға радиоактивті қалдықтарды, иондаушы сәуле шығаруы көздерін белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалауды анықтау есептемесі
Қоршаған ортаға радиоактивті қалдықтарды, сондай-ақ иондаушы сәуле шығару көздерін белгіленген нормативтерден тыс орналастыру кезінде келтірілген залалды экономикалық, бағалау радиоактивті қалдықтарды неғұрлым кең таралған радиоактивті уыттылығы жағынан 1 тоннасы радиоактивтіліктің 12 Гигабеккереліне (ГБк) тең радиактивті зат - табиғи уран белсендігі бойынша орналастырғаны үшін төлем нормативі негізге алына отырып белгіленеді. Бұл ретте трансурандық элементтерді қоспағанда, 12 ГБк жиынтықты альфа-сәуле шығару радионуклидтерінің орналастырғаны үшін төлем нормативі қоршаған ортаға Қалдықтардың янтарь тізіміне жататын өнеркәсіптік қалдықтардың 1 тоннасын орналастырғаны үшін төлем нормативіне теңестіріледі. 12 ГБк трансурандық элементтерді орналастырғаны үшін төлем нормативі қоршаған ортаға Қалдықтардың қызыл тізіміне жататын өнеркәсіптік қалдықтардың 1 тоннасын орналастырғаны үшін төлем нормативіне теңестіріледі. Осылайша, 1ГБк трансурандық элементтерді орналастырғаны үшін төлем ставкасы мынаған тең: СРАҚt=Ст1/12; 1 ГБк альфа радиоактивті қалдықтарды орналастырғаны үшін төлем ставкасы мынаған тең: СРАҚa(альфа)=Ст2/12; 1 ГБк бета радиоактивті қалдықтарды орналастырғаны үшін төлем ставкасы мынаған тең: СРБҚb(бета)=Ст2/12х0,1; Ст1, Ст2 - ағымдағы жылға жергілікті өкілді органдар бекіткен тиісінше қызыл немесе янтарь индекстегі өнеркәсіптік қалдықтардың 1 тоннасы үшін төлем ставкасы; 0,1 - альфа-сәуле шығару радионуклидтерінің төменгі елеулі белсенділігімен (ТЕБ) салыстырғанда 10 есе кем бета-сәуле шығару радионуклидтері үшін ТЕБ-ті негізге ала отырып, бета радиоактивті қалдықтар үшін төмендеткіш коэффициент. Радиоактивті қалдықтарды немесе трансурандық элементтерді белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау мынадай формула бойынша анықталады:
U=(Ғіс жүз-Ғнорм)хСРАҚa(альфа),b(бета),tх10хК1хК2
мұнда: U - радиоактивті қалдықтарды белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау (теңге); Ғіс жүз - орналастырылған радиоактивті қалдықтардың іс жүзіндегі радиоактивтілігі, ГБк; Ғнорм - радиоактивті қалдықтарды орналастырудың нормативтік радиоактивтілігі, ГБк; СРАҚ - тиісінше 1ГБк радиоактивті қалдықтарды немесе трансурандық элементтерді орналастырғаны үшін төлем ставкасы, теңге/ГБк; 10 - арттыру коэффициенті; К1 - экологиялық қауіптілік коэффициенті, осы Ережеге 1-қосымша; К2 - экологиялық тәуекелдік коэффициенті, осы Ережеге 2-қосымша.
6-қосымша
Су (теңіз) бетіне төгілген мұнайдан келтірілген залалды экономикалық бағалау есептемесі
1. Су (теңіз) бетіне мұнай төгілген кезде қоршаған ортаға келтірілетін залалдың шамасын айқындайтын негізгі факторлар мыналар болып табылады: 1) су объектісінің ластанған ауданы; 2) төгілген мұнайдың массасы; 3) су объектісінің ластану дәрежесі. 2. Су объектілерінің мұнаймен ластанған ауданын мемлекеттік экологиялық инспекторлар: 1) сараптамалық бағалау әдісімен; 2) құралдық әдіспен; 3) аэрофототүсіру әдісімен анықтай алады. 3. Сараптамалық бағалау әдісін қолдану кезінде масштаб ретінде көлемі белгілі заттар немесе құрылыстар пайдаланылады және жергілікті жердегі фото-бейне түсірулермен расталады, олардың негізінде мұнай дағының ұзындығын, енін немесе радиусын анықтайды. 4. Ластану ауданын құралдық әдіспен анықтау үшін жергілікті жердегі тірек нүктелерді таңдап, олардың арасындағы бұрыштар мен арақашық анықталады. Алынған деректер картаға түсіріледі, содан кейін картаның масштабына сәйкес іздеу ауданын анықтайды. Тірек нүктелері өлшеулер жүргізілген кезде тіркелген және құралдық зерттеулермен расталған төгілу ауданындағы кемелердің координаттары болуы мүмкін. |