Нормативтік құқұқтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу ережесін бекіту туралы (2009.14.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2010 жылғы 13 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 1. Қоса беріліп отырған Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу ережесі бекітілсін. 2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 Қаулысымен бекітілген
Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу ережесі (бұдан әрі - Ереже): 1) мемлекеттік тіркеу мерзімдерін, нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеуге ұсыну тәртібін; 2) мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын нормативтік құқықтық кесімдерге қойылатын талаптарды; 3) Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізуді; 4) нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеуден бас тарту және заң сараптамасын жүргізбей кері қайтару тәртібін; 5) тіркелген нормативтік құқықтық кесімдерді қолданысқа енгізуді; 6) тіркелген нормативтік құқықтық кесімдердің қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың тәртібін айқындайды.
2. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу
ҚР Үкіметінің 2007.12.10. № 938 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 2. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге орталық мемлекеттік органдардың, Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрі - орталық органдар), сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің (бұдан әрі - жергілікті органдар) нормативтік құқықтық кесімдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, жалпыға міндетті маңызы бар, оларды қолданылу мерзіміне қарамастан азаматтардың құқықтарына бостандықтары мен міндеттеріне қатысты (тұрақты немесе уақытша) мемлекеттік құпияларды қамтитын кесімдер жатады. ҚР Үкіметінің 2007.12.10. № 938 Қаулысымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 3. Нормативтік құқықтық кесімнің Ереженің 2-тармағында белгіленген өлшемдерге сәйкестігін Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары айқындайды. 4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдарының мемлекеттік тіркеу қажеттілігі туралы мәселені шешу үшін сол немесе өзге кесімді ұсыну туралы сауалдарын орталық және жергілікті органдар мұндай сауал келіп түскен сәттен бастап екі аптаның ішінде орындайды. 5. Орталық органдардың нормативтік құқықтық кесімдерін мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, жергілікті органдар - аумақтық әділет органдары құжаттар ұсынылған сәттен бастап 30 күн ішінде жүзеге асырады. 6. Нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу мыналарды қамтиды: 1) заң сараптамасын: құқық нормасының болуы және мемлекеттік тіркеудің қажеттілігі мәніне; кесімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуіне; 2) орталық органның нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы қорытындысын - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің немесе оның орынбасарының, жергілікті органының - аумақтық әділет органының басшысының бекітуі; 3) нормативтік құқықтық кесімді Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне оған мемлекеттік тіркеу нөмірін бере отырып енгізу; 4) нормативтік құқықтық кесімнің негізгі түрінің бірінші бетінің жоғарғы оң бұрышында және туынды түрінің бірінші бетінің жоғарғы сол бұрышында нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы мөртабан қою, сондай-ақ нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы қорытындының бірінші бетінің жоғарғы оң бұрышында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің немесе оның аумақтық органының елтаңбалық мөрін қою. Нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы қорытындының үлгілік нысаны мен мөртабан нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітеді; 5) тіркелген нормативтік құқықтық кесімдерді жіберу: бір данасы (түпнұсқалары) нормативтік құқықтық кесімді ұсынған органға жіберіледі; екінші және үшінші даналары Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберіледі (осы тәртіп мемлекеттік құпияны қамтитын нормативтік құқықтық кесімдерге қолданылмайды); нормативтік құқықтық кесімнің төртінші данасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде немесе оның аумақтық органдарында қалады. Нормативтік құқықтық кесімнің әрбір жіберілетін данасына нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеу туралы қорытынды қоса беріледі (егер нормативтік құқықтық кесім азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты болса, қорытындыда оны ресми жариялау қажеттілігі көрсетіледі). 7. Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық кесімдерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар осы Ережемен белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.
3. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеуге ұсыну тәртібi
ҚР Үкіметінің 2007.12.10. № 938 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 8. Нормативтік құқықтық кесімдер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына оларды тиісті орталық немесе жергілікті органның бірінші басшысы бекіткен (қол қойған) сәттен бастан екі аптаның ішінде елтаңбалық мөрімен расталған баспа және электрондық түрінде немесе электрондық сандық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі төлнұсқасын (түпнұсқа мәтінін) қоса алғанда төрт данада (мемлекеттік құпияны қамтитын құжаттар мемлекеттік және орыс тілдерінде баспа түрінде екі данада ұсынылады) ұсынылады. Нормативтік құқықтық кесім бірнеше мүдделі мемлекеттік органмен келісілген (қол қойылған) жағдайда, нормативтік құқықтық кесім мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен (қол қойған) күннен бастап екі апта ішінде мемлекеттік тіркеуге ұсынылады. Осы органның бірінші басшысының міндетін атқаратын адамның бекіткен (қолы қойылған) нормативтік құқықтық кесімді ұсынған орталық немесе жергілікті орган оған тиісті міндеттер жүктелгені туралы құжаттың көшірмесін де ұсынуға тиіс. Нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынған жағдайда, ол тиісті орталық немесе жергілікті органның қайта бекітуіне (қайта қол қоюына) жатады және осы тармақта белгіленген тәртіппен және мерзімде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына ұсынылады. Іс қағаздары тек мемлекеттік тілде жүргізілетін орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық кесімдері мемлекеттік тіркеуге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне және оның аумақтық органдарына орыс тіліне аударылмастан ұсынылады. ҚР Үкіметінің 2007.20.03. № 217 ; 2007.12.10. № 938 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен 9-тармақ өзгертілді 9. Нормативтік құқықтық кесімге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша анықтама-негіздеме қоса беріледі және мынадай: 1) нормативтік құқықтық кесімнің тиісті нормасына сілтемемен нормативтік құқықтық кесімді қабылдау негізі (органның құзыреті); 2) нормативтік құқықтық кесімді қабылдау қажеттілігінің негіздемесі (нақты мақсаттар, дәлелдер және неге байланысты кесім қабылданады); 3) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтік құқықтық кесімдер және оларды өзгерту немесе нормативтік құқықтық кесімді қабылдауға байланысты күші жойылды деп тану туралы ұсыныстар дайындау туралы; 4) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтік құқықтық кесімдер, олардан бас тарту туралы кесімдердің деректемелері көрсетіле отырып, мемлекеттік тіркеуден бас тартылуы немесе заңдық сараптама жүргізілмей кері қайтарылуы туралы; 5) республикалық немесе жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайту немесе түсімдерін қысқарту туралы; 6) нормативтік құқықтық кесімді келісу туралы негізгі мәліметтерді қамтуы тиіс. Қоса берілетін анықтама-негіздемеге осы кесімді шығарған органның заң қызметінің басшысы қол қоюы тиіс. Заң қызметінің басшысы болмаған кезде анықтама-негіздемеге осы кесімді шығарған органның бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы адам қол қояды. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық кесімге сараптамалық қорытындының көшірмесі де қоса беріледі. Нормативтік құқықтық кесімді қабылдаған орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда ілеспе хатта сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіздеме келтіруге тиіс. Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жататын нормативтік құқықтық актіге тиісті сараптамалық қорытындының көшірмесі қоса беріледі.
4. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік құқықтық кесімдерге қойылатын талаптар
10. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын нормативтік құқықтық кесім мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс: 1) нормативтік құқықтық кесімді қабылдау рәсімінің сақталуына; алқа (сайланбалы) органы үшін - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігі; орталық және жергілікті орган үшін - бірінші басшының не оның міндетін атқарушы адамның қолының болуы; 2) қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі: Қазақстан Республикасының Конституциясына; Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдарға; Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар жарлықтарына; Қазақстан Республикасының кодекстеріне, заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарына; Қазақстан Республикасы Парламентінің нормативтік қаулыларына; Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік жарлықтарына; Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларына; орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық кесімдеріне; 3) егер келісу қажет болса, нормативтік құқықтық кесімнің келісімінің болуы; 4) нормативтік құқықтық кесімнің деректемелерінің болуы: 5) негізгі нормативтік құқықтық кесімде оның қолданысқа енгізілу мерзімін қамтитын нормалардың болуы; 6) нормативтік құқықтық кесімнің құрылымына қойылатын талаптардың сақталуы; 7) нормативтік құқықтық кесім мәнінің мазмұндалу стиліне қойылатын талаптардың сақталуы; 8) егер нормативтік құқықтық кесімнің мәтінінде оларға сілтеме жасалған жағдайларда қосымшалардың болуы; 9) нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі, соның ішінде қосымшалардағы мәтіндерінің де сәйкес келуі; 10) нормативтік құқықтық кесімнің барлық беттерінде осы кесімді қабылдаған (келіскен) органның заң қызметі басшысы беттер бойынша дәйектендіруінің жүргізілуі. Заң қызметінің басшысы болмаған кезде беттер бойынша дәйектендіру жүргізуді осы кесімді шығарған (келіскен) органның бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы адам жүргізеді. 11. Мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік құқықтық кесімдердің рәсімделуі және келісілуі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. 12. Нормативтік құқықтық кесімдердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес келуін нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеуге ұсынған орталық және жергілікті орган қамтамасыз етеді.
5. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізу
13. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары жүзеге асырады. 14. Тізілімде тіркеу күні, берілген нөмірі, нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеуге ұсынған органның атауы, күні, нормативтік құқықтық кесімнің нөмірі және атауы, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, нормативтік құқықтық кесімнің қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату туралы мәліметтер көрсетіледі. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрі белгілейді.
6. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеуден бас тарту және заң сараптамасын жүргізбей кері қайтару тәртібi
ҚР Үкіметінің 2007.12.10. № 938 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.14.09. № 1370 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 15-тармақ өзгертілді 15. Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеуден, егер мұндай кесім: азаматтардың заңнамада белгіленген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалса; жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық кесімдерге қайшы келсе; оны шығарған орган құзыретінің шегінен шықса; егер келісу қажет болғанда мүдделі органдармен келісілмесе; жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері ұсынған сараптамалық қорытындылар түрінде қосымшалары болмаса; осы Ережеде, сондай-ақ Нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеу және келісу ережесінде белгіленген тәртіп бұза отырып қабылданса, бас тартылуы мүмкін. Бас тарту туралы бас тартудың негіздемесі көрсетіле отырып, нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеуге ұсынған органға жазбаша хабарланады. Мемлекеттік тіркеуден бас тартқан жағдайда нормативтік құқықтық кесімнің бір данасы (көшірмесі) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және оның аумақтық органында қалады. ҚР Үкіметінің 2007.12.10. № 938 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 16. Нормативтік құқықтық кесім осы Ереженің 8, 9-тармақтарында 10-тармағының 4)-10) тармақшаларында көрсетілген талаптар сақталмаған жағдайда оны мемлекеттік тіркеуге ұсынған сәттен бастап жеті күн ішінде заң сараптамасы жүргізілмей кері қайтарылады. 17. Нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеуден бас тартуды алған күннен бастап он бес күн ішінде орталық немесе жергілікті органның басшысы не оның міндеттерін атқаратын адам тіркеуден бас тартылған нормативтік құқықтық кесімді жою туралы тиісті кесімді шығарады және оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына жібереді. Нормативтік құқықтық кесімді заң сараптамасын жүргізбей кері қайтарған жағдайда, орталық немесе жергілікті орган анықталған бұзушылықтарды жояды және оны осы Ереженің 3-тарауында белгіленген тәртіппен кері қайтарылған сәттен бастап отыз күн ішінде мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынады. Осы тәртіп алқалы түрде шешім қабылдайтын орталық және жергілікті органдарға және оны кезекті (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекіткен сәттен бастап осы Ереженің 3-тарауында белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық кесімді мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынатын мәслихатқа қатысты қолданылмайды.
7. Нормативтік құқықтық кесімдерді қолданысқа енгізу
18. Мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркелуге тиіс нормативтік құқықтық кесімдерді қолданысқа енгізу үшін қажетті шарт болып табылады. Тіркелмеген нормативтік құқықтық кесімдердің құқықтық күші болмайды. 19. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркелуге тиісті нормативтік құқықтық кесімдер «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес қолданысқа енгізіледі. Жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық кесімді қолданысқа енгізу мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты қызметті жүзеге асыруға дайындау үшін жеке кәсіпкерлік субъектісіне қажетті мерзімдерден көріне отырып белгіленуге тиіс. Нормативтік құқықтық кесімдерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. 20. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық кесімдерді қолданысқа енгізудің міндетті шарты оларды ресми жариялау болып табылады. 21. Нормативтік құқықтық кесімді ресми жариялау және жіберу кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күнін көрсету міндетті болып табылады. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық кесімдерін ресми жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Тіркелген нормативтік құқықтық кесімдердің қолданылуын тоқтата тұрудың және тоқтатудың тәртібi
22. Нормативтік құқықтық кесімнің күші жойылды деп танылған не оның қолданылуын белгілі бір мерзімге тоқтата тұрған кезде осы кесімді қабылдаған орган немесе осыған уәкілетті орган бір апта мерзімде растайтын кесімнің көшірмесін қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына және ол бұрын жарияланған ресми баспа басылымдарына хабарлайды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе оның аумақтық органдары Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті жазбалар жасайды. Нормативтік құқықтық кесімнің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру жекелеген нормативтік құқықтық кесіммен жүзеге асырылады. 23. Нормативтік құқықтық кесімдерді қабылдаған орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, олардың қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату туралы мәселелерді оның құқықтық мирасқоры немесе жоғары тұрған орган шешеді.
Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысына Қосымша
Қазақстан Республикасы Yкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесi
1. «Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін де, кірмейтін де орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері мен жергілікті өкілді және атқарушы органдарының актілерін мемлекеттік тіркеудің тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 12 желтоқсандағы № 1278 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., № 48, 427-құжат); 2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 12 желтоқсандағы № 1278 және 1999 жылғы 11 наурыздағы № 223 қаулыларына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 14 маусымдағы № 733 қаулысы; 3. «Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1998 жылғы 12 желтоқсандағы № 1278 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 24 қаңтардағы № 122 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 3, 46-құжат); 4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 12 желтоқсандағы № 1278 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 11 наурыздағы № 341 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 10, 113-құжат); 5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 2 қазандағы № 1082 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 33, 355-құжат); 6. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1184 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 44, 484-құжат); 7. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 12 желтоқсандағы № 1278 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 қазандағы № 1017 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 37, 485-құжат); 8. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 ақпандағы № 99 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2006 ж., № 5, 46-құжат).
|